Жас ұрпаққа білім беру саласындағы ұлттық және рухани құндылықтардың алатын орны
Смайлов Қайрат Құлыбекұлы
«Біз өзіміздің тілімізді, дінімізді, жеке бас ерекшелігімізбен сақтай
аламыз және біз осы рухпен біздің жастарды тәрбиелеуіміз тиіс».
Н.Ә. Назарбаев
«Қазақстан – 2050»-қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыты» Стратегиясында рухани тұтастану мен ұрпақтар жалғастығы, ұлттық сана-сезім мен жаңа қазақстандық патриотизмнің белгіленген бағдарға орай қалыптасуы мәселелерімен сабақтас сауалдардың маңыздылығына тоқтала отырып, Президент жарқын болашақта аса қуатты да күшті Қазақстан мемлекетін өркениетті жолмен құруға барлық жағдай жасалғандығына айрықша назар аударды.
«Қазақстан – 2050» жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыру бойынша ерекше жауапкершілікті мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ халқына жүктей отырып, Президент ұлттың мәдени коды (тілі, руханияты, дәстүрлері) сақталғанда ғана уақыт үніне ілесе алатынымызға көңіл бөлген болатын. «Ұлт өзінің мәдени кодын жоғалтатын болса, ұлттың өзі де жоғалады». [1]
Бүгінгі Қазақстан жастарының белгілі бір бөлігінің ұлттық сана-сезімі мен ділінің, азаматтығы мен патриотизм деңгейінің құлдырауы осындай тұжырым жасауымызға негіз болып отыр. Әсіресе бұл өзінің туған тілін ғана емес, өз халқының тарихын, салт-дәстүрлерін білмейтін қазақ жастарына қатысты. Сол арқылы халықты жою үшін оны толық физикалық құртудың қажеті жоқ, тек оның ақылын, ойын және сөзін тартып алу керек, сонда халықтың жаны өледі деген қарапайым шындықты елемейді. Тарихи тәжірибе көрсетіп отырғандай, өз халқының мәдениетін, оның өткені мен бүгінін білмеу жалпы адамның және халықтың дамуына орны толмас шығын әкелетін жағдайлар кездеседі. Олар:
- ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен уақыт байланысының бұзылуына әкеледі;
- жастар арасында сан алуан діни көзқарастардың белең алуы;
- кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында қылмыстың өсуі; маскүнемдік, шылым шегу, нашақорлық;
- өзіне қол жұмсау жағдайларының, жезөкшеліктің, қатігездік пен зұлымдықтың көбеюі;
- әскери борыш пен әскери кәсіпке деген жағымсыз қатынас және дене дайындығының әлсіреуі арқылы сипат алатын жас ұландарымыздың өз Отанын қорғауға дайын еместігі.
Қазіргі кезеңде жастарды ұлттық тәрбиемен тәрбиелеу үшін қандай шаралардан бастаған жөн? Қазіргі қоғамда жастардың бейнесі қандай, оларды тәрбиелеуде қандай шаралар қарастыруға болады?
Шындыққа келсек, қазіргі жастарымыздың басым көпшілігі рухани жүдеу, бойынан ұлттық патриотизмді байқау қиын. Жастарымыздың әдеби кітап, газет-журнал оқуы керек. Жеңіл ой, әзіл сөздерге бейім болып бара жатыр. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, адамгершілік, қыз балалар бойындағы ибалық жоғалып бара жатқандай. Педагог ретіндегі ойым – тәрбие негізін отбасынан, балабақша, мектеп, жоғарғы оқу орындарында сатылай негізде тәрбиелеу керек.
Ең бірінші, бала дүниеге келген кезден бастап оны ата-ана ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, яғни ана тілінде сөйлеу, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды санасына құйып, қазақы тәлім-тәрбиеғ беруден бастау керек.
Екіншіден, баланы қазақша тәрбиеленетін балабақшаға беру керек, оларға батырлар жыры мен ертегі, жыр-дастандар айтып беру, сапалы мультфильмдер көрсету керек. Бұл бала кезінде қазақылыққа бой алатын кез. Осыдан кейінгі кезеңде баланы басқа елдерде оқыту, түрлі үйірмелерге берсе де ол жат қылықтарға, дүниетанымға бой алдырмайды.
Үшіншіден, бала қандай тілдегі мектеп, гимназияда оқыса да бұл жерде педагогиканың міндеті зор. Оқу бағдарламасында балаға қазақ әдебиетін, тарихын, мәдениетін оқытуға баса көңіл аудару және салт-дәстүр, ұлттық ойындарды, басқа да ұлттық ерекшеліктерді ұғындырып, бойында Отанға, елге, жерге деген патриоттық сезімді ояту болып табылады.
Төртіншіден, кеше ғана мектеп бітіріп келген түлекті жоғары оқу орынында тек жай маман ретінде ғана оқытып қоймай, сонымен қатар оны кәсіби маман, ұлтқа, елге адал қызмет ететін, қоғамға пайдалы азамат ретінде қалыптастыру керек.
Тәрбиенің басымды міндеттері қатарына, сонымен қатар, жастарды өзіндік үлкен өмірге дайындау кіреді. Сондықтан бүгінгі күні мектеп, жоғарғы оқу орны мен отбасының күші эмоционалды және әлеуметтік танымдық есейіп, пісіп-жетілуге бағытталуы тиіс, нәтижесінде жастар қоғамда өзін-өзі жүзеге асыруына көмектесетін біліктіліктерінің қалыптасуына қол жеткізеді. Бұл жағдайда білім беру ұйымдары жастарға экономикалық және кәсіби сала туралы мәлімет беруі тиіс. Қазіргі заманғы жастар ақпарат қайнар көздерімен қалай жұмыс жасау керектігін біліп, еңбек нарығындағы жағдайды бағалап және оның дамуы туралы болжамдар жасай білуі тиіс.
Отбасы – тәрбиенің алтын діңгегі, бастау көзі. Тәрбиенің бастапқы әліппесін бала отбасында алып, ізгіліктің, адамгершілік тәрбиесінің негізі қаланады. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын дәстүрлер мен ізгі мұраттар да тек отбасында ғана дамып, байытыла түседі. Адамды өзара түсіністікке алып келетін шынайы да тұрақты сүйіспеншіліктің дәстүрлері де тек салауатты отбасында қалыптасады. Жеке тұлғаның өсіп жетілуіне ықпалы ерекше болғандықтан, отбасы тәрбиесіне әлеуметтанушылық, психологиялық және педагогикалық зерттеулерде ерекше көңіл бөлініп, «отбасы» ұғымына анықтамалар берілген. Отбасы баланың өмір жолын бастайтын және қоршаған шындық, орта туралы тиянақты да терең әсер алатын ұжымы, соның негізінде онда білім, әдет, мінез-құлық пен өмірге деген көзқарас қалыптасады.
Қазақ халқы отбасы тәрбиесінде қашан да баланың жас және дара ерекшеліктерін ескере білген. Бұған «Бес жасқа дейін баланды патшаңдай күт, бестен он үшке дейін құлыңдай жұмса, ал он үштен кейін құрдасыңдай сырлас» деген халық даналығы дәлел болады. Себебі, он үш жастан кейін «балаларды он үште отау иесі» деп санап, физиологиялық жағынан балалардың ересектерден айырмашылығы онша алшақ болмайды деп санаған, олардың пікірімен санасып, ересектік өмірге баулып отырған. Мұнан қазақ отбасы тәрбиесiнде балалардың жас ерекшелiктерiн ескеру қағидаларының басшылыққа алынғанын айқын көреміз. Ал жас ерекшелік кезеңдерді ескере отырып қазақта беске толмаған балалардың еркелік қылықтарын «ақылы кірген соң өзі қояды» деп үлкен түсіністікпен қараған. Отбасы тәрбиесінде кішкентай балаларға деген қатынас қашанда бірдей, мейірімді, жылы болып келді. Балаларды ұруға, тән ауыртпалылығына соқтыратын жазалау әдістерін қолдануға деген көзқарас қашан да теріс болды. [2]
Сонымен, ұлттық тәрбие бастауларынан нәр алған мәдениетті, парасатты жастар оқу-білімді өзінің өмірлік мұратына айналдырып, жан-жақты ізденетін, ғылым-біліммен шұғылданатыны сөзсіз. Білім мен ғылым, шындығында, аса зор өндіргіш күш, үлкен байлық. Сондықтан да әлемнің жаңа идеология білім күшіне сүйенеді. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің міндеті – қазіргі жастарымыздың білім алып қана қоймай, тәрбиелі, әдепті, ұлтжанды, бір сөзбен айтқанда, интеллектуалды болуын қамтамасыз ету.
Сөз соңында, қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың мына бір сөзімен қорытындылап, әрбір азаматқа ой тастағым келеді: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қасиеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды».
Әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан
жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы. – Астана, 2013.
- Ақпанбек Ғ.Ә. Халық дәстүрлерінде ғылыми негіз бар ма? // «Ақ желкен».
− 1995. −No1. –14-15 б.