ХХІ ғасыр ұстазы қандай болмақ? /эссе/
Изенбаева Қырмызай Ермекбаевна
Қай кезеңде болмасын, бала-шәкірт бойына білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін басты тұлға ұстаз болмақ. Қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса да қажеттігін жоймайтын маңызды мәселе – жас ұрпақ тәрбиелеу. Әр адам, әр шәкірт өзінше бір әлем, жеке тұлға. Уақыт озған сайын, ұстаз иығындағы жүк те ауырлай түсуде. Бұл-уақыт заңдылығы, заман талабы.
Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Мемлекетіміздің жарқын болашағымен гүлденуі үшін қазіргі мектеп жағдайында мұғалім қандай болу керек? – деген заңды сұрақ туары сөзсіз.
Бүгінгі ұстаздардың басты борышы- ғасырлар бой қалыптасқан рухани құндылықтарымызды жас ұрпақ бойына сіңіру, білім беру саласында жасалып жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру. Бұл- кезек күттірмес іс. Себебі, ғылымның дамуы, білім мазмұнының өзгеруі, өмір талабы,оқушы талабы күннен күнге өсуде.
Қазіргі заман мұғалімі қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлеуметтік парызына жауап беруді көздейтін, жаңалыққа сергек, өз ісіне гуманистік сезіммен қарайтын, педагогикалық күрделі үрдістердің барысын адамгершілік тұрғысынан шеше алатын, жаңаша ойлау дағдысын меңгерген,балалардың талапкерлігі мен қабілетін, өздігінен еркін дамуын ұйымдастыра алатын әрі шығармашылықпен еңбек ете алатын маман болуға тиіс. Ол шәкірт жүрегіне жол табарлық, пәнін қызықтырарлық жол іздейді. Сөйтіп, өмір талабынан артта қалмаған, үнемі шығармашылық іздену үстіндегі ұстаз ғана шәкірт сый-құрметіне бөленбек.
Ұстаз болуы,шәкірт тәрбиелеу-ұлы міндет. Адам баласын қараңғылықтан құтқарушы, айналасына адамгершілік, ізгілік нұрын шашушы ізгі жан, қоғам қайраты ұстаздың бар қуаты қасиетінде. Сонда ғана ұстаз еңбегі шын мәнісінде бағаланбақ.
Заманның заңғар жазушысы Мағжан айтпақшы, «Мұғалімнің орны әруақытта төрде болуы керек» дегендей мұғалімнің мәртебесі әруақытта биік болуы керек.