Баяндама «Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жоғарлату жолдары»
Гизеева Гульмира Олжабаевна
Бәрімізді бүгінгі таңда алаңдататын мәселе -сол ұрпақтың сапалы білімді игеруі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Білімді, сауатты адамдар-бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші» деуінің өзі-үлкен көргендіктің белгісі.
Осыған орай мемлекеттік білім беру саясатының бағытында мектеп баланың дамуын жүзеге асырып, тұлғаның қабілеттілігін ескеріп, бір қалыпта қалыптасуын қамтамасыз етуі керек.
Ісмер ағаштан бір затты қырнап жасаудан бұрын оны жоңғылап алатыны сияқты, мұғалім де оқушыға өзінің тәлімдерін үйретуден бұрын оның бойындағы білім алуға деген талпынысты оятып алуы қажет.Ұлтты жаңа интеллектуалды белеске көтеру туралы Ел президенті қабылдаған үндеуге сәйкес жүргізіліп жатқан білім беру жүйесіндегі деңгей биік болуы үшін мұғалім әрбір сабағын өзіндік ойы, шиеленісуі мен шешімі бар өнер шығармасындай ойластырып, дайындауы қажет.
Әлемдік білім кеңістігіндегі озық тәжірибеге негізделген 12 жылдық білім беруге көшудегі негізгі нысана-адамзат тарихында уақыт озған сайын өзектілігі арта түсетін білімді де білікті, тәжірибелі де текті ұрпақ қалыптастыру. Ұлтымызды дәріптейтін, рухымызды биіктетіп, ұлттық сенімімізді жігерлендіретін ұрпақтың болашағы – бізге, яғни ұстаздарға үлкен міндет. Ол үшін мұғалім кәсіби біліктілігін жаңа бағытта арттырып, білім мазмұнын жаңартып, тиісті әдіс-тәсілдерді қолданып, әдістемелік негіздерді қалыптастыруы керек. Өйткені білім әр адамға өмір бойы қажет екенін өмір тәжірибесі дәлелдеп отыр.
«Мұғалім өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алғанда ғана шын мәніндегі мұғалім болмақ» деген екен бір ғалым.
Сондықтан әр педогог әрбір баланың ойынан шығып, қажеттілігін қанағаттандыра білуге дайын болуы тиіс.Оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын ұстаз ғана бүгінгі қоғамның мүддесінен шыға алады. Ойы жүйрік, саналы,бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастыра алады. Өйткені жақсы мұғалім жақсы оқушыларды жасайды.
Сындарлы ойлайтын, өз мүмкіндіктеріне сенімді; әр түрлі әлеуметтік және өндірістік проблемаларды өз бетінше шешуге қабілетті тұлғаны дайындау үшін оқытудың сапасын жетілдіру аса маңызды мәселе болып табылады. Осы мақсатта білім негіздерін өз еркімен үйренетін, іс-әрекет мақсатын, міндетін, түрін,тәсілін,жағдайын өзінше түсініп, алған білімін өмірде қолдана алатындай жағдайға оқушыны жеткізуіміз керек. Оқытудың ұтымды технологиясын пайдалану арқылы шәкірттің тұлғалық болмысын дамытуға мүмкіндік туады.
Бүгінгі күні білім сапасы үлкен мәселе болып тұрғаны шындық. Білім сапасы – мұғалімдер жұмысының көрсеткіші және мұның бәрі пәндік олимпиададан, ғылыми жоба жарыстарынан көрініс табады. Осы жерде ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педогогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім.Екінші, керек құралдар, құралсыз іс істелмейді» деген сөзі ойға оралады. Бұл өткен ғасырдың басында айтылғанымен, жүз жыл өтсе де бағыт – бағдар болып тұр.
Мұғалім қызметінде өз кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып жетістікке жетудің алғы шарттары:
* сырт кескін – келбеті
* пәндерді сабақтан тыс ақпараттармен қамтамасыз ету
* мінез – құлқы
* пайымдау мүмкіндіктері
* оқу процесінде қарым – қатынас мәдениетін сақтай білуі
* әзіл – қалжыңға мән бере білуі
* оқушылардың жеткен жетістіктерін мақұлдай, қолдай білуі
* шыдамдылық пен төзімділік
* басқалардың пікірін сыйлай білу
* еркіндік, икемділік
* кез –келген жағдаятты оңтайлы бағытта шешуге арналған әдіс – тәсілдерді тиімді пайдалана алу балалардың қызығушылығына қарай әрекет ете білу дағдысы.
Мұғалімнің кәсіби даярлығын жетілдіруде екі негізгі міндетті орындау қажет:
Бірінші мәселе – ұстаз қызметінде тәрбие беру мәселесі.
Екінші мәселе – дидактикалық даярлығын арттыру.
Қазіргі білім берудегі басты мақсат жас ұрпақтың білім деңгейін көтеру және жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру. Осы мақсатқа жету үшін өзімнің ұстаздық іс-тәжірбиемде сабақ беру үрдісінде мынадай негізгі факторларды басшылыққа аламын:
– оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу тиімділігін арттыру;
– жекелей, жұппен, топпен жұмыс жүргізу;
– ойлау қабілетін дамытатын әр түрлі тапсырмалар;
– қабілетіне қарай деңгейлік тапсырмалар беру;
– шығармашылық жұмыстар беру;
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушының білім, білік дағдыларын меңгертумен қатар, көбіне оқушыны шығармашылық жұмыстарға баулу, ойын еркін жеткізе білу, тіл байлығын дамытуға басты назар аудару қажет. Қызықты сабақ болса, оқушының сол пәнге қызығуы артып қана қоймай, мұғалім жаңалығы, ізденісі, қолданған әдісі арқылы ерекшеленіп, оқушы жүрегінен жол табады. Енді осы пікірімнің дәлелі ретінде өткізген сабақтарыма тоқтала кетейін.
Сабақтың «қызығушылығын ояту» кезеңі – жаңа сабаққа деген оқушы қызығуын, белсенділігін арттырудың ең бір маңызды кезеңі. Бұл кезеңде оқушыны жаңа сабақты бастамас бұрын түрлі әдістер арқылы ойландыратын сауалдар бере отырып, оқушының «нені білетінін», «не қызықтыратынын» аңғаруға болады.
Мысалы: 6 – сыныпта А Байтұрсыновтың«Аққу, шортан һәм шаян» мысалын өткен кезде алдымен оқушыдан ақын туралы не білетіндігі сұралады.
Ахмет Байтұрсынов туралы не білеміз?
Бұл жерде Білемін. Білгім келеді. Үйрендім әдісін пайдаландым.
Балалар 5 – сыныптан естерінде қалғандарын жаза бастайды, ал «білгім келеді» бөлігіне түрліше жазады. өмірі, шығармашылығы туралы бейнесюжет пен слайдтар арқылы түсіндіріп өткен соң, «Аққу, шортан һәм шаян» мысалын оқулықтан өздеріне оқыта отырып, тақырыбы мен идеясын ашу үшін екі жақты түсіндірме күнделігін беремін.
Жаңа сабақты қорытындылау кезінде «Үйрендім» бөлігін толтырады.
Жалпы сабақта балалардың өзіндік жұмысын ұйымдастырудың маңызы өте зор. өйткені сол арқылы балалардың іс-әрекетінің дербестігі артады, бала білімді болады.
Балалардың өзіндік жұмысына мұғалімнің тапсырмасы бойынша өздері жоспар жасап істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалап орындайтын жұмыстары жатады.
Мен сабақ барысында оқушылардың қабілетіне, білім деңгейіне, ынтасына қарай топқа бөліп, өз бетімен еңбектенуге, ізденуге, шығармашылыққа баулып, қорытынды жасауға машықтандырамын, оқушының ақыл-ойын дамытып, өзіндік дүниетанымын қалыптастырып, сабаққа ынтасын арттырып, тапсырманы орындау барысында жіберілген қателер мен кемшіліктерді уақытында анықтап түзетуге мүмкіндік беремін. Сабақты ұйымдастыру барысында, оларды баурап алу үшін, қазақ халқының бай мұраларынан сыр сандық жасап, «Ақ сандығым ашылды, ішінен шашу шашылды» немесе ситуациялық сұрақтар тудыру арқылы оқушылардың қызығушылықтарын, танымдық құзіреттіліктерін, қиялдарын дамытамын.
Үй тапсырмаларын тексеру кезінде пәнге деген қызығушылықтарын арттыру үшін сұрақ-жауап ретінде, миға шабуыл, кім жылдам, біліміңді байқап көр, биік шың, т.б. ойын элементтерін қолданып, белсенділіктерін арттырамын. Тірек сызба, семантикалық карта толтыру, әр түрлі сұрақтар тудыру арқылы, оқушылардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамытамын. Тақырыпты қайталау, қорытындылау кезінде «қайталау – оқу анасы» деген нақыл сөздерді қолданып, тақырыпқа байланысты сөздік қорларын молайтып, өткен тақырыптың мазмұнын толық ашу үшін, сабақты бекітемін.
Кез-келген білім бағдарламасының табысты орындалуы мұғалімге байланысты. Оның кәсіби шеберлігі нысаналы бағадарламаны да, оқу жоспарын да биік деңгейде жүзеге асыруға ықпал ете алады, ал кәсіби дәрменсіздігі істі құлдыратады..» делінген ҚР-сы орта білім беру жүйесі дамуының мемлекеттік тұжырымдамасында. Орынды айтылған пікір жеке тұлғаны тәбиелейтін адам – мұғалім, мұғалімге сенім білдірмесе, оқу игі жеміс бере алмайды, сондықтан қоғамымыз мұғалімге үлкен сенім артып отыр.
Психологтер де, педагогтер де адамның рухани интеллектуалдық, кәсіби шығармашылықпен өзін-өзі дамытуы өмірінің әр кезеңінде әр қалай деп көрсетеді.Мысалы, ұлы педагогтер А.Дистерверг ,К.Ушинский А.Макаренко ,В.Сухомлинский ,т.б мұғалімдік еңбекті адамтану ғылымы , адамның жан дүниесі , рухани әлеміне бойлай алу өнері дей отырып, педагогикалық шеберліктің дамуына зор үлес қосқан. Осы тұрғыдан алып қарағанда педагогикалық шеберлік- кәсіби әрекетті жоғары деңгейге көтеретін мұғалімнің жеке қасиеттерінің , оның білімі мен білігінің жүйесі. Осы мәселені терең зерттеген А.Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған.
1.Объективті критерийлерге: мұғалімнің өз мамандығына сәйкестігі, сан және сападағы жоғарғы еңбек көрсеткіші
2.Субъективті критерийлерге: адамның мамандығы қаншалықты оның табиғатына, қабілеттері мен қызығушылықтарына сәйкес
3.Нәтижелі критерийлер: мұғалім өз ісінде қоғам талап етіп отырған нәтижелерге қол жеткізіп отыр ма деген мәселе тұрғысынан қарастырылады.
4.Шығармашылықтың критерийлеріне: мұғалімнің өз кәсібінің шекарасынан шыға алу, сол арқылы өз тәжірибесін, еңбегіне өзгерте алуы жатады
Білім – адамның сапаларының өзгеруін басқаратын үрдіс болғандықтан, біздің жағдайымызда, ол – педагогикалық мамандықтың кәсіби біліктілік қабілеттерін дамытуға бағытталады. Сол себепті біз «адамды» оның өмір сүру барысында өзгере алатын, оған өзінің әлеуеті жететін ашық жүйе ретінде қарастырамыз. Ал ол белгілі бір саладағы маман болғандықтан, «адамды» – маман тұрғысынан қарау «біліктілік» ұғымына шығарады. Біліктілік – бұл білімді меңгерудегі, тәжірибедегі білімділікті, құндылықты бейнелейтін жалпы қабілеттілік.
Білім сапасы – мұғалімдер қызметінің сапасы. Оқушыларға нені үйрету керек екенін мемлекеттік стандарттар, бағдармалар белгілейді. Ал, «қалай оқыту керек?» деген сұраққа жауапты тек мұғалімнің кәсіби даярлығынан, өз ісін жоспарлай, өзінің нақты мақсаттарын болжап, көре алуынан, баланың әрекетін ұйымдастыра алатын шеберлігінен іздеу керек. Қазіргі заманда әлемдік оқу үрдісінің өзегі инновациялық технологиялар екені мәлім. Әлемнің бірнеше елінен сынақтан өткізілген жаңаша оқытудың модульдік, дамыта оқыту, сын тұрғысынан ойлау, деңгейлі саралап оқыту және т.б. технологиялардың стратегияларын мұғалім өз шығармашылығы, ізденісі арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне орай іріктеп қолдануды талап етеді. Ақпараттық, оқытудың инновациялық технологиялары арқылы барлық балалар мен жастарға бірдей білім беруге және ол әрбір жеке тұлғаның ерекшеліктерін, өзін-өзі дамытуға қабілеттілігін ескеруге мүмкіндіктерін береді.
Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі методика саласындағы ғылыми жаңалықтар мен озық алдыңғы қатарлы тәжірибені жетік игеру. Демек сапалы, тиімді, нәтижелі ізденіс ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы болса керек. Оқу тәрбие үрдісінің дұрыс жүргізілуіне сабақта мұғалімнің әр алуан оқыту әдіс-тәсілдерінің тиімдісін оқушылардың мүмкіндіктеріне және жағдайларына қарай таңдап алуы да ізденістен жүзеге асатын шара болмақ.
Әрине, ізденіс нәтижесінде жүзеге асатын тиімді оқыту әдісі оқушыларды алғырлыққа, байқампаздыққа, шығармашылыққа, еңбекқорлыққа, ең бастысы, ғылыми негізде ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Оқушыларға саналы білім, сапалы тәрбие беруді жүзеге асыру үшін ұжымның әрбір мүшесі мектептің жаны болып саналатын ұстаздар қауымы үнемі шығармашылық ізденісте, жаңа педагогикалық технологиялардың жетістіктерін пайдалана отырып, өздерінің кәсіби шеберлігін дамытуды кезек күттірмес мақсатым деп есептеуі керек.
Білім беру сапасының критерийлері:
- мұғалімнің кәсіби шеберлігі
- мұғалімнің білімділігі
- мұғалімнің тәжірбиесі
- мұғалімнің бәсекеге қабілеттілігі
- білім беру сапалылығы
- еңбектің тиімділігі
- әдістемелік жұмыстағы шеберлігі
Нарық жағдайының қалыптасуына қарай әрбір мұғалім кәсіби шеберлігін жетілдіруде өзінің стратегиясын құра білуі қажет.
Біліктілікті арттыру – өз қызметін нәтижелі атқару үшін және кәсібилік пен құзырлылық деңгейін көтеру мақсатында арнайы білімдік бағдармалар арқылы оқыту, кәсіби дамыту, іс-шараларына қатыстыру және оның өз білімін көтеруі болып табылады.
Мектепте оқу мен тәрбие сапасын жетілдіру- тікелей мұғалімнің даярлық деңгейіне байланысты. Кәсіби білімін көтеру- бұл кез-келген кәсіпте жұмыс істейтін адамның шығармашылық, жауапкершілігі, адамның қажеттілігі. Қоғам алдында моральдық жауапкершілігі жоғары мұғалімдерге әсіресе, ерекше қажет. «Адамнан алатын тәрбие өз мақсатына жетті, адам соншалықты жетілгенде еркі мен күші арқылы өзінің білімін келешекте жетілдірудің жолы мен тәсілдерін, жеке өзі жүзеге асыра алады…» (А.Дистервег)
Қоғам әрқашан да мұғалімге жоғары талап қояды. Біреуді үйрету үшін, өзің де одан да көп білуің керек. Жаңа тұрпатты мұғалім тек өз пәнін білумен ғана шектелмейді, әдістемені, жақын ғылымдарды, қоғам өмірін, саясатты, экономиканы білуі керек, себебі оның алдындағы оқушылар өзгереді, уақыт өзгереді, оқушының қоғам, қоршаған орта туралы көзқарастары тереңдейді. Мұғалімнің кәсіби білімін көтеруі қажеттілігін туғызып отырған мотивтер:
*Күнделікті ақпаратпен жұмыс;( күнделікті толассыз ақпарат көзін меңгеру)
*Шығармашылық талпыныс;
*Қазіргі заманғы ғылымның дамуы
*Қоғам өміріндегі өзгерістер;
*Бәсекелестік;
*Материалдық стимул;
*Қызығушылық
Жеке тұлғаны қалыптастыруда әрбір ұстаз шәкіртпен ынтымақтастықты орнатып, шығармашылық негізде әрекет ету керек және мына мәселелерге назар аударған жөн:
1.Тұлғаның қалыптасып, өз бейнесін табуы, даралық, руханилық болмысын танытуы;
2.Оқушы тұлғасына қолдау көрсету және өзін-өзі қорғауға ұмтылдыру;
3.Тұлғаны түсіну, салауатты өмір мен өзіндік қатынастың негізін қалау;
4.Жаңа ақпаратты талдай отырып, терең меңгеруге, маңызын анықтай алуға мүмкіндік жасау;
5.Өзіне қарама-қарсы идеяларды жоққа шығаруға емес, түсінуге ұмтылуды нұсқау.
Осы жайттарды ескере отырып, оқушының жеке тұлға ретінде дербес өзіндік әлеміне бойлату арқылы өзін-өзі дамытуға, өз мүмкіндіктерін таныттырып, оны жүзеге асыруға, өз жан дүниесінің мәнділігін сезіндіруге бағыттайтын әрбір ұстаз өз қызметін үлкен сеніммен атқарғаны жөн. Себебі мұғалім ең жауапты міндетті орындайды – ол адамды қалыптастырады. Мұғалімі қандай болса, шәкірті де сондай сенім жүгін көтереді.
Ұлы Абай айтқандай: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ой иірімі ұрандарыңызға айналып, адамзат құндылығы-білім екенін көрсету жолында еш аянбанбайық. Біліктілік пен шеберліктеріңізді ұштастырып, «ұлы болу оңай емес, ал ұлылардың ұрпағы болып қалыптасу одан да қиын» деген қағиданы іске асырып, өсіп келе жатқан жас ұрпақты әлемді мойындататын рухани биікке көтеру-сіздер мен біздердің міндетіміз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- Тұрғынбаева Б.А. Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту Алматы – 2005
- Педагогика мәселелері. Ғылыми–теориялық журнал. 1-2/2006
- «Жеке тұлғаның шығармашылық дарындылығын дамыту жолдары»
Е.Т.Акитбаев., 2006 ж.
- Г.Әтежанова «Психологиялық-педагогикалық құзырлықты
қалыптастырудағы жаңа формация мұғалімінің ролі» Қазақ тілі, № 4 2008ж.
- «Қазақ тілі және әдебиеті» журналы. 2008ж. №11
6. «Бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу» Қ.Жүнісханов. 2008 ж.