Сөз зергері соққан сан туындылар

Сөз зергері соққан сан туындылар

Жоспар

Кіріспе

                        Ғабит – ұлы суреткер

Негізгі бөлім

1.      Жазушы стилі, қаламгер туындылары

2.      Аналар галереясын сомдаудағы шеберлігі

Қорытынды бөлім

                        Шығармалары тозаң тимеген алмастай жарқырай бермек

 

«Дүнеде адам  баласының ұлы қасиеті екеу – ақ: 

Ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы,

ойландыра алған сұлулық ұлы» 

Ғ.Мүсірепов

 

Ғабит Мүсірепов жай жазушы емес, үлкен суреткер. Ал суреткер дегенің өзін жазушы санайтындарының барлығының маңдайына бұйыра бермейтін ерекше бақыт. Ол жаратқанның, тәңірінің берген ұлы сыйы, ерекше қасиеті.

Ғабит Мүсірепов – қазақ сөз өнерінің майталман шебері, сөзден маржан түзген, қазақ сөзін қақпақылдап ойнатқан, бір сөз екінші сөзіне жарық түсірген сирек талант иесі, қаламынан өнері төгілген сөз зергері. өзіне де сөзіне де аса талғампаз, кірпияз, дегдар, текті қалам иесі. Үлкен талғам, зор талап биігінен қарайтын, сөз өнерінің эстетикасын бойына барынша жинаған эстет, сөздің қадірін де қасиетін де киесін де жан-жүрегімен терең сезінетін әр сөзін аса ыждаһаттылықпен пайдаланатын мәдениетті жазушы. Ғабең, Ғабит Мүсірепов – қазақтың қара сөзінің қаймағын сапырған, ұлттық мәдениеттің мәйегіне бөліп, уызына жарыған, құнарлы топырағынан нәр алған жазушы. әдебиет әлемінің ұңғыл – шұңғыл ын зерттеп, ізденіс баспалдақтары арқылы, шеберліктің биік шыңына шықты. Бізде әңгімемізді жазушы прозасындағы шеберлік мәселесіне, оның суреткерлік бітіміне бұрмақпыз.

Ғабит Мүсіреповтей сөз зергерінің өз шығармашылығына аса талғампаздықпен, жауапкершілікпен қарағандығын академик – сыншы Мұқаметжан Қаратаев былай деп көрсетеді: «Көркем творчествоның міндеті мен шартына Ғ.Мүсірепов әуелден – ақ жеңіл – желпі қараған жазушы емес. Ол әдебиет дүниесіне асықпай, аптықпай, аяқты жай басып келгені сияқты, келген соң да өз ісін үнемі үлкен жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтын байсалды жазушы екенін танытты. Бұл шебер жазушының негізгі принципінің бірі болса керек. Мұны біз Ғабеңнің баяу, бірақ байсалды істейтінін де, шыңдалған стиль шеберлігінен де, жастар творчествосының көркемдік сапасы мен қазақ тілінің тазалығы жөніндегі жанкүйер қамқорлығынан да анық көреміз.» 

      Ал, академик- сыншы Серік Қирабаев Ғ.Мүсіреповтің көркемдік әлемін түйсіне, терең пайымдай отырып, былай деп жазады: «әдетте, жазушыға сипаттама беруден көп қолданылатын кітап аттарымен геройларды атау, олардың тақырыбы мен идеясын айту Ғабиттің жазушылық жолын әңгімелеуге келе бермейді.Оның әдеби мұрасы жалпылай сөйлеуді ешқашан көтерген емес. Өйткені, Ғабиттің әр кітабы – өз алдына эстетикалық мұрат – мақсаты бар көркем қазына. Жалпы адам абласының көркемдік ой –пікірін байытудағы сөз зергерлерінің қызметін ол жақсы түсінеді. Абай айтқан «қиыннан қиыстырар ер данасы» көп болмаса, сол азғана топтың ішінде Ғабиттің де өз орны бар»

            Жиырмасыншы жылдардың аяғы, отызыншы жылдардың бас кезіндегі Ғ.Мүсіреповтің негізгі шығармалары: «Қос шалқар», «Талпақ танау», «Үздіксіз өсу», «Туннель», «Жеңілген Есрафил», « Бір адым кейін, кейін екі адым ілгері» (бұл повесть кейін «Алғашқы адымдар» деген атпен басылған). « Көк үйдегі көршілер», «Өмір ертегісі», және ана туралы әңгімелер циклі.

«Ғабит негізінде шебер әңгімеші. Ол әңгіменің бас – аяғын шашыратпай, нақтылы бір идеяның төңірегінде жинақы оқиғаға құрып, сурет пен бояуды әңгіменің көлеміне лайықтап шым-шымдап, шебер, дәл пайдаланады. Қысқа репликамен, ұжымды сөзбен характерді ашып кетеді.

Жазушы әңгімелер, шағын повестер жазу арқылы өз шеберлігін шыңдап, үлкен жанрға дайындалады. Көп оқиды, көп ізденеді. Оның осы алғашқы әңгімелерінен – ақ драмалық таланттың нышшы сезіледі. Ол ең алдымен диалогке шебер». 

     Ғабит Мүсіреповтің «Жеңілген Есрафил», «Тарландар», «Бірінші фонтан» сияқты әңгімелерінде жазушы еліміздегі еңбек адамдарының қажырлы кейпін жақсы танытып, өз замандастарының үлкен мұрат – сезімін биік шабытпен толғап берді. «Өмір жорығы», «Қыран жыры» әңгімелері терең ойлы сез шеберінің қолынан шыққан бөлек туындылар. Бұлар – барлық адамзат атаулыға ортақ ізгі мақсат – ұрпақтар сабақтастығын түйіндеп берген терең мағыналы символикалық кемел шығармалар.

      Ғабит Мүсіреповтің жазушылық жолы – бірте-бірте сатылап өсу жолы. Проза саласында жазушы ең алдымен шағын жанрларда қалам тербеп, машықтанғаны белгілі. Әңгіме, новелла, очерк, публицистика, повесть жанрларын еркін меңгеріп барып, ол кейінірек романға ауысты.

     Жазушының прозадағы алғашқы қадамы, «Тулаған толқында» повесінен бастау алған.  Әлі ысылмаған, тәжірбиесі аз қаламгердің бұл тырнақ алды туындысында көркемдік тұрғыдан алып қарағанда  оқиға шашырандылығы, образдар жүйесінің босаңдығы секілді композициялық олқылықтар кездеседі. Бірақ осы алғашқы аяқ алысының өзінде болашақ сөз зергерінің көркемдік қарымы, стильдік өрнегі, тіл байлығы, өзіндік юморы байқалады. Шығарма тақырыбында өзі жақсы білетін өмір құбылысы – ел іші, ауыл тұрмысынан алып жазады. Жазушының суреткерлік болмысының алғаш осы туындыдан тамыр тартқан алғышарттарын әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабеков былайша ашып көрсетеді: «Жазушының тұңғыш туындысы- «Тулаған толқында» повесі. Ендеше болашақ ұлы суреткердің жемісті творчествосының төл басы саналатын осынау «ұзақ әңгіме» –  «Тулаған толқында» повесіне тоқталмай оту әсте мүмкін емес. Өйткені, бұл шығарма, біріншіден, әдеби – тарихи елеулі факті – дерек ретінде қызығушылық тудырмай қоймайдыы. Екіншіден, ұлы суреткердің жұртты сүйсінткен дара стиліне тән кесекте кемел сипаттардың әуелі осы туындыда алғаш нышандар танытқанына күмән жоқ»

     Ғабит Мүсірепов стилінің тағы бір ерекшелігі, кейіпкерлерінің характерлерін сомдаудағы суреттеу, мүсіндеу тәсілдері, портрет берудегі шеберлігі айрықша көзге ұрады. Бұл үзінділердегі сатиралық – юморлық, ирониялық – гротескілік әсіреулер, саналуан портреттер, образдар мен характерлер, өмірдің әр түрлі реалистік штирхтары Ғабит Мүсіреповтің суреткерлік стилін айшықтайтын белгілер.

Ғ.Мүсіреповтің прозадағы үлкен көркемдік белесі- «Оянған өлке»романы болып табылады. Романның алғашқы журналдық нұсқасы «әдебиет және исскуство журналының 1952 жылғы 1-5 және 10-12 андарында жарияланып,  1953 жылы «оянған өлке» романы жеке кітап болып шығады. Ал, романның екінші кітабы – «Жат қолында» – романы арада отыз жыл откен соң, 1984 жылы шығып, оқырмандар қолына түсті.» Екі кітаптан тұратын осынау роман – эпопеяда ХІХ ғ.дың ІІ жартысы мен ҰлыОктябрь революциясына дейінгі мерзімдегі қазақ халқының әлеуметтік – экономикалық хал – ахуалы, барша тұрмыс – тіршілігі, қоғамдық жағдайы кеңінен қамтылып, жан – жақты терең суреттеледі».

         Жазушының адамдардың идеялық көзқарас өзгешеліктерін дөп басьп, шебер суреттеген әңгімесі «Талпақ танау» (1934). Бұл әңгімеде де қазақ ауылындағы колхоздастыру кезеңінің шындығы баяндалған.

               Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. Гуманист жазушы М. Горькийдің адам деген ардақты атты жоғары бағалауы, өмірге рух себуші, тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі Ғ. Мүсіреповке үлкен ой салды. Ол М. Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты екі новелласын аударып, өзі де «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы» (1934), «Ер ана» (1942), «Ақлима» (1944) атты әңгімелерін жазды.Ескішілдіктен есіркеп, жаңашылдыққа, прогреске умтылу Ғабит Мүсірепов шығармаларымен шектеліп қана қалған жоқ. Қазіргі таңдағы Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романындағы Назира образы, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мысал бола алады.

Ғ. Мүсіреповтің «Ананың арашасы» (1934) атты әңгімесінде Антоновтың ақ бандыларының қазақ ауылына ат ойнатып, жазықсыз жандарды атыпасуы, Нағиманы «большевик балаңды тауып бер» деп соққыға жығуы, ананың жан азабына шыдап бағып, ақтар армиясының солдаттарының шымбайына батар сөз айтып, солдаттарды өз командиріне қарсы қоюы, ақыры олардың Антоновты өлтіріп, Қызыл Армияға қосылуымен аяқталады.

Эстетикалық өрелікке, сұлулыққа ынтызар қаламгер көкірегінде 40 жыл сақтап жүрген «Ұлпан» романындағы Ұлппан бейнесін «Менің Джокондам», «Менің Моно Лизам» деп әспеттейді. Мұның өзі де жазушының сұлулыққа ынтызар, іңкәр көңілін айғақтайтын биік эстетикалық талғам – таразасын айғақтаса керек.

            «Көрнекті суреткер Тахауи Ахтанов өзінің «Талант мөлдірлігі» атты мақаласында: «Қазақ сөз зергерлерінің ішінде Мүсіреповтің қайталанбас жазушылық қолтаңбас ерекше. Стилінің әсемдігі, дәлдігі, тілінің нәрлілігі, нәзік юморы мен аса байқампаздығы – бүкіл бір ұрпаққа үлгі» – деген пікіріне сүйенсек, суреткер прозасы әрқашан әдебиетіміздің асу-асу белдерін, шоқтығы зор кезеңдерін айқфындап береді. Екен. Расында, уақыт көшінен қарасақ оның бастапқы әңгімелері 20-30 ж.ғы, «Қазақ солдаты» романы 40- ж.ғы, «Оянған өлке» романы 50-ж.ғы, «Кездеспей керкен бір бейне» поэмасы мен новеллары 60-ж.ғы, «Ұлпан» романы 70-ж.ғы, «Жат қолында» романы 80-ж.ғы қазақ прозасының, тұтастай  алғанда, қазақ совет  әдебиетінің мерейін аспандатып тұрған көшелі дүниелер екен.

Жазушы қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының дамуына зор үлес қосты. Оның әдебиет мәселелері жайында жазған еңбектері 20 ғасырдың 20жылдарынан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейін мерзімді баспасөз бетінде қазақ, орыс тілдерінде үздіксіз жарияланып тұрды. Әдеби-сын мақалалары «Суреткер парызы» (1970), «Заман және әдебиет» (1982), «Дәуір дидары» (1986), «Әдебиет – кәсіп емес, өнер» (1987) атты кітаптарында жинақталып, жарық көрді. Мұнда ол әдебиет пен өнердің 20-ғасырдағы даму кезеңіне, сондай-ақ олардың жекелеген елеулі құбылыстарына биік позиция тұрғыдан қарап, ғылыми топшылаулар жасады. Әдебиет тарихына талдау жасап, сөз өнерінің әрбір табысын халықтың рухани қазынасына қосылған құнды дүние ретінде бағалады. Жоғары көркемдік идея мен шығармашылық шеберлікті әдебиет пен өнердің әрбір туындысын талдау үстінде берік, айнымас өлшем ретінде ұстанып, әдеби шығарманың халықтық асыл мұра болып қалуы үшін белсенді түрде үздіксіз күресті.

Ғабит Мүсіреповтың қаламынан шыққан әрбір өміршең еңбегі үнемі оқырман жүрегіне жол тауып, оның асыл бұйымына айналып отырды. Ол – туған Отанының гүлденуіне үлкен еңбек сіңірген халықтың адал азаматы, қадірмен перзенті. Ғабит Мүсірепов – халықтың шын мәніндегі сүйікті жазушысы. Мүсірепов – қазақ әдебиетінде очерк, публицистика жанрларын дамытуға да үлкен үлес қосты. Оның «Уақыт іздері» (1977) атты еңбегі идеялық сонылығымен ерекшеленді. Жазушы очерктерінің басым көпшілігі мазмұн тереңдігімен, шынайы көркемдігімен өзі өмір сүрген заманның талабына толық үндес келіп отырды. Мүсірепов 1970 жылдан күнделік жазуды әдетке айналдырған. Оның архивінде (мұражайындағы) жазушының 300-ден астам қойын кітапшалары сақталған. 1997 ж. Мүсіреповтің «Күнделік» атты кітабы жарық көрді (құраст. Ә.Нарымбетов).

Ғабит Мүсіреповтің сөз шеберлігі – қазақ әдебиетінің тарихында, әдебиеттану ғылымында мойындалған. Көркем әдебиетіміздің тамаша үлгілері ретінде Ғ.Мүсірепов туындыларының қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алғаны халқымыз үшін мақтаныш. Уақыт керуені тоқтамай үздіксіз жылжып жатыр, ал қара сөзбен айшықталған әсем ойлар, көркем көріністер санамызда өшпестей болып нұрланып тұра бермек. Ғабит Мүсіреповтің туындылары ескірмейді, бүгінгі жиырма бірінші ғасырдың оқырмандары үшін де тозаң тимеген алмастай жарқырай береді.

Жусанбаева Макбал

№40 А.Қыраубаева атындағы орта мектеп

Қазақ т мен әдебиеті пәні мұғалімі

Қызылорда облысы

 

Шиелі ауданы

Bilimger.kz Республикалық білім порталы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген. Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *