Оқушының білімділігі мен тәрбиелілігі – мектеп пен отбасы ынтымақтастығы

Жанбулова Гулбахыт Жанбурщиевна

Қазіргі кезде еліміздің білім беру ісінде түбірлі өзгерістер болып жатқаны мәлім. Ал бүгінгі таңда мектептің, мұғалімнің ең қасиетті міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған жеке, дарынды тұлғаны қалыптастыру. Рухани байлық ең алдымен әр халықтың ұлттың әдет-салты, мәдениеті, өнері және шыққан түп тамырында жататыны белгілі. Сол ұлттық құндылықтарды бүкіл адамзаттың өз ұрпағын тәрбиелеудегі білім берудегі озық ұстанымдармен байланыстыра отырып, әр баланың қабілетін, талантын ашып, өзіне-өзінің сенімін нығайтып, өзіне жол ашуына түрткі жасауымыз керек.

Еліміздің болашағы – ұрпақ тәрбиесінде, еліміз егемендік алып, өз алдына отау тігіп өзінің ішкі-сыртқы саясатын өзі шешетін болды. Бүгінде баршаның міндеті – әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді жандандырып, ұлттық сана-сезімі жоғары білімді, тәрбиелі ұрпақты өсіру.

Қазақ ағартушысы М.Жұмабаев «… Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатынболғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деген. Жас ұрпаққа саналы тәрбие және сапалы білім беру деңгейі ең алдымен мұғалімнің даярлығына, оның іс-тәжірибесінің қалыптасып шыңдалуына байланысты.

Оқу мен тәрбиелеудің үлкен ортасы – мектеп екені белгілі. Ондағы жоспарлы тақырыптық сабақтармен қатар, сыныптан тыс жұмыстар, тәрбие сағаттар, пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар оқу мен тәрбиенің ең негізгі, ықпалдастығы болып отыр. Бүгінгі таңда ұрпағымыздың азамат болып қалыптасуы барысында, біз оларға жақанданудың теріс ықпалдарына қарсы тұруын ескертуіміз қажет. бұл жағдайда тәрбие жұмысының тиімділігі ата-ана мен мектептің өзара байланысынан көрінеді. Еліміздің тұтастығын, оны сыртқы және ішкі күштерден сақтау міндетінің өзі жастарды отаншылдық пен елжандылыққа, патриоттық рухқа тәрбиелеуді жүктейді.

Балалардың рухани дамуына байланысты ұлттық тәлім-тәрбиелік ой пікірлерді: Қорқыт ата, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Асан қайғы т.б қазақтың ақын-жырауларының мұраларынан, билер мен шешендердің тәлімдік сөздерінен көреміз.

Мәселен, Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білік» дастанының әр бетінен ұрпақ тәрбиесіне байланысты тағылымдарды көруге болады.

Ұл-қызға әдеп үйрет, білім-өнер,

Көп көріп содан пайда кемелденер,

Ұлыңа үйрет білім, барлық амал,

Сонымен ол жияды қазына-мал,- деген ақыл-ойды дәріптейтін тағылымдарды ұрпақ санасына сіңіру-біздің парызымыз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекет тағдыры мен ұрпақ тағдырын қатар қою арқылы мемлекетіміздің бүгінгі стратегиясы өз жерін, елін сүйетін, адамгершілік қуаты мол, ата-бабаның әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін бойына сіңірген парасатты, өз ойын еркін еркін жеткізе алатын дарынды, білімді, салауатты, ғылыми жұмыстарға бейім тұлғаны тәрбиелеу мәселесін алға тартып: «Елімізді 2030 жылыбарысқа айналдыратын күш – мектеп партасында отырған оқушылар мен 15-20 жас аралығындағы жастар », – деген болатын.

Қазіргі жақандану заманында қоғам бізден тек сапалы білім мен жоғары интеллектуалды, жан-жақты, көп тілді меңгерген жастар талап ететін болғандықтан, қоғам талабын баланың өзіне, ата-анасына толыққанды етіп жеткізе білу – әр мұғалімнің парызы. Қай кезде болмасын отбасы мен мектептен өз дәрежесінде жақсы білім, өнегелі тәрбие алған бала – қоғам үшін қажетті де маңызды тұлға. Балаға білім мен тәрбие беруде мектеп, мұғалім, ата-ана осы үшеуі бірлесе араласуы тиіс. Бұлар – бір-бірімен бірлесе жұмыс жасайтын тұтастық. Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы. Тәрбие тағдырын алдымен отбасы мүшелері шешеді. Жас ұрпақты тәрбиелеу жүйелі заман талабына сай қоғамдық өмірде болып жатқан ұлы өзгерістерге байланысты. Әрине, бұл жерде отбасы маңызды орын алады.

Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, «баланың бас ұстазы-ата-анасы». Бұлар балаға отбасылық өмірдің қыры мен сырын, тылсым дүниенің жұмбақтарын танытып, тағлым-талғамға, әдептілікке баулиды. Себебі-отбасы таным бесігі, отбасы-үлгі-өнеге бастауы.

Қорыта келе, жас ұрпақты ұлттық тәлім-тәрбие негізінде дені сау, ар-ожданы мол, парасатты, мәдениетті, рухани ойлау дәрежесі биік, еңбекқор, шығармашылық, іскерлік бәсекелестікке дайын, түрлі мамандықтарды игере алатын, өмірлік мәселелерді шеше алатын икемді етіп тәрбиелеу жолында сіздер мен біздер аянбай еңбек етуіміз керек.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *