Мектеп жасындағы балалармен жүргізілетін логопедиялық жұмыстардың маңыздылығы

Алгожина Айман Сайлаубаевна

Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Балалардың  мектепке дейінгі сапалы тәрбие және оқытумен толық қамтылуын, олардың мектепке даярлауға арналған әрқилы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бағдарламаларына теңдей қол жеткізуін және «инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруін » қамтамасыз ету көзделген. «Инклюзивті» деген термин латын тілінен аударғанда енгіземін, қосамын деген мағынаны білдіреді.

Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру. Мәселен, арбамен қозғалатын балалар үшін біздің мектепте арнайы пандус қарастырылған. Бұл индикаторлар 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарда да талап етілген.

Қазіргі уақытта дамуында ақаулары бар балалар саны артып отыр. Оларды оқыту технологиялары жетілдірілуде. Инклюзивті білім беру ерекше балаға білім беру саясатының бір түрі болып табылады. Білім берудің бұл түрінде мүмкіндігі шектеулі баланың өз-өзіне сенімі артады, ол маңайындағылар тарапынан өзіне қолдау бар екенін сезінеді, бұл баланың өзін-өзі бағалай білуіне, қоршаған ортасына сүйіспеншілікпен қарауына, өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуіне жол ашады. Инклюзивті бағыт мұндай балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Оқытудың бұл түрі арқылы мүмкіндігі шектеулі бала өз қабілетіне сай, ата-анасынан алшақтамай, яғни арнайы мектеп-интернаттарда тұрып оқуға мәжбүр болмай, тұрғылықты жерде білім алады. Ата-анасы да баласының дамуы мен тәрбиесіне белсене қатысып, баласының алдында жауапкершіліктері артады.

Инклюзивті оқытудың  негізгі принциптері:

  1. Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктерімен анықталады.
  2. Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.
  3. Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы.
  4. Барлық адам бір-біріне қажет.
  5. Білм шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады.
  6. Барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.
  7. Әрбір оқушы үшін жетістікке жету – өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.
  8. Жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.

Сөйлеу тіліндегі мүкістердің патологиялық дәрежелеріне, белгілі бір мүшелерінің атқаратын қызметтерінің бұзылуына, зақымдануының уақытына, басты кемістіктердің ықпалынан пайда болатын екінші бір ақаулықтардың көрінуіне байланысты олардың бір-бірінен айырмашылықтары да әр алуан болып келеді. Олар әрқайсысының өзіне тән симптоматикалық және динамикалық ерекшеліктеріне қарай әр түрлі салаға бөлінеді. Мұндай салаға дауыстың бірқалыптылығының бұзылуы, сөйлеу тіліндегі дауыс ырғағының бұзылуы, тұтықпа, дислалия, ринолалия, дизартрия, алалия, афазия, жазу тілі мен оқу тілінің бұзылуы жатады.

Тіл бұзылуының себептері органикалық және функциональдық болып бөлінеді.

Органикалық – түрлі зақымдардың нәтижесінде тіл аппараты мен жүйке жүйесінің бөлімдерінің бұзылуы.

Функционалдық – мұнда органикалық зақымдану болмайды, тек сөйлеу механизмдерінің функциясы бұзылады.

Тілдің бұзылуы түрлі жаста, әсіресе жас балаларда көп кездеседі. Сөйлеу кемістігі сөйлеу тілінің жалпы дамымауының І деңгейі – сөйлемейді, сөйлей алмайды, ІІ, ІІІ деңгейі – жай  түрі, сөйлемейтін, ымдау арқылы, саусақпен көрсету арқылы байланысады. Енді сөйлеу тілі мүкістеріне жеке-жеке тоқталып, олардың ерекшеліктерін сипаттайық.

   Дислалия – сөйлеу тілі мүшелерінің анатомиялық кемістіктерінен дыбыстардың бұзылып айтылуын сипаттайды. Дислалия сөйлеу тіліндегі ең көп тараған мүкістіктер.Пайда болу себептеріне  қарай дислалия механикалық және функционалдық болып бөлінеді.

Органикалық дислалияға сөйлеу тілі аппаратының сыртқы сүйек құрылысының және бұлшық ет түзілісінің органикалық кемістігінен дыбыстардың бұзылып айтылуы жатады. Органикалық дислалияның ерекшеліктері: тіл асты желбезегінің тым қысқа болып бітуінен, тілдің ұшы жоғары қарай емін еркін көтеріліп қимылдай алмайды да, таңдай арқылы айтылатын дыбыстар бұзылады. Сонымен қатар тілдің ауыздың ішіне зорға сиып тұратын өте етжеңді үлкен немесе өте кішкентай жіңішке болуы да дыбыстардың  дұрыс айтылуын қиындатады.

Дислалия сөйлеу тіліндегі бұзылған дыбыстардың санына қарай қарапайым және күрделі болып бөлінеді. Егер баланың сөйлеу тілінде мүкістердің саны төрт дыбысқа дейін байқалатын болса – оны қарапайым дислалия деп атайды, ал егер бесеу және одан да көп болса – оны күрделі дислалия деп атайды.

Сөйлеу тіліндегі дыбыстардың мүкістік ерекшеліктеріне қарай бөлінетін дислалияның түрлері:

  1. Сигматизм – ызың дыбыстардың («с», «з», «ц», «ж», «ч», «ш», «щ») айтылуындағы мүкістіктер. Бұлар сөйлеу тіліндегі кемістіктердің ішіндегі ең көп тараған түрі;
  2. Ротацизм – «р» дыбысының айтылуындағы мүкістік;
  3. Ламбдацизм – «л» дыбысының айтылуындағы мүкістік;
  4. Таңдай дыбыстарының айтылуындағы мүкістіктер;
  5. Каппацизм – «к» дыбысы;
  6. Гаммацизм – «г» дыбысы;
  7. Хитизм – «х» дыбысы;
  8. Йотацизм – «й» дыбысы;

Органикалық дислалияға жататын кемістік бұл ринолалия.

Ринолалия – ауыз бен мұрын қуыстарының дұрыс қызмет етпеу нәтижесінде дауыс құбылысының өзгеруі мен сөйлеген уақытта дыбыстың бүлінуі.

Ринолалияның түрлері:

  1. Ашық ринолалия – сөйлеген уақытта  ауа ауыз және мұрын қуысы арқылы өтеді.
  2. Жабық ринолалия – ауа тек ауыз арқылы өтеді, бұл әсіресе «м,н» әріптерін атағанда білінеді.

Ашық ринолалияның себептері: таңдайдың бөлінуі, жұқа таңдайдың қысқалығы, таңдайдың параличі.

Жабық ринолалияның себептері: мұрын қуысының бітелуі, мұрын қуысындағы ісіктер, мұрын қалқасының қисайып қалуы.

Ринолалик балалар өте әлсіз болады. Осының өзі олардың сөйлеуінің дамуына әсер етеді. Туылғаннан кейін олар өте кеш отыра бастайды, сөйлей бастағанда көптеген қиыншылықтарға кездеседі. Олар мектепке барған уақытта түрлі қиыншылықтарға кездеседі. Мұғалімдер оны түсінбеуі мүмкін, айналасындағы балалар да мазақтауы мүмкін. Бұның бәрі оның психикасының дамуына әсерін тигізеді. Кейбір ринолалик балалар өздерінің осындай кемістіктерінен мектепті тастап кетеді де көп сөйлемейтін жұмыс, мамандық іздей бастайды. Міне, сондықтан ринолалик балаларға ерте кезден бастап жәрдем көрсету керек. Бұл жәрдемді хирург пен логопед мамандары көрсете алады. Тұтығу – сөйлеу кемістігінің ішіндегі ауыр түрі. Ол баланың психологиясын жарақаттайды, дұрыс келе жатқан тәрбие процесән қиындатады, сөйлеу қатынасына кедергі жасайды, айналасымен, әсіресе балалар арасындағы қарым-қатынасын қиындатады. Қазіргі кездегі логопедияда тұтығу сөйлеу аппараты еттерінің дірілдеп тырысу салдарынан болған сөйлеу шапшандығының бұзылуымен анықталады.

Оқу мен жазу процесінің бұзылуы, брадилалия – өте жай сөйлейді, тахилалия – тез сөйлейді.

Психикалық дамуы тежелген (ЗПР) – әрдайым шаршап жүреді, сөйлеу тілінің бұзылыстары байқалады, тұлға ретінде ерекшеленіп тұрады. Сипау сезімі нашар дамыған. ПДТ себептері:

  1. Экологиялық фактор;
  2. Тұқымқуалаушылық (маскүнем, нашақор, жұқпалы аурулар) бала ананың ішінде дамыған кездегі алғашқы үш айда баланың миы пайда болады, сол кезде түрлі аурулармен ауру салдарынан;
  3. Дәріні көп уақыт пайдалану салдарынан;
  4. Стресс (қорқыныш, кесерово сечение наркоз қабылдағанда баланың миына зақым келтіреді, босану кезіндегі зақым, менингитпен менингоцефалит ауруларымен ауыру).

Қазіргі таңда көптеген мектептерде даму мүмкіндігі шектелген балаларға, әсіресе психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы түзете-дамыта оқыту сыныптары жұмыс істейді. Түзете-дамыта оқыту сыныбына оқушылар облыстық, аймақтық ПМПК мамандарыныңқорытындысымен, ұсынысымен оқытылады. Психикалық дамуының тежелуі бұл баланың интеллектуалды қабілетінің жасына сәйкес келмеуі. Психикалық дамуының негізгі бұзылыстары интеллектуалды даму деңгейі – зейіні, есте сақтауы, ойлауы, кеңістік бағдарлауы төмен болып келеді. Көбіне балалар мектеп жасына жеткен кезде анықталып жатады: сабаққа белсенділігі байқалмайды, берілген тапсырманы үлкендердің көмегінсіз орындай алмауы, құрбыларымен, сыныптастарымен аз араласады, өз ойын ашық айта алмайды, оқу мен жазу, есептерде көп қателер жібереді, тез шаршағыш, зейіні тұрақсыз болып келеді. Тіл байлығы әдеттегі балалармен салыстырғанда төмен деңгейде болады.

Сондықтан мұндай балаларды тәрбиелеуде ата-аналарға тек педагогтардың ғана емес, арнайы мамандардың да көмегі қажет.Бұндай отбасындағы балалар іштей күйзеліске түседі, ата-аналарының сүйіспеншілігіне, махаббатына лайық емеспіз деп ойлап, көңіл-күйі түсіп, өз-өзіне сенімсіздік пайда болады. Осыдан келіп балалардың тіл дамуында, танымдық қызметінің қалыптасуында, тәрбиесінде әртүрлі кемшіліктер пайда болып, білім деңгейі төмендейді. Өз-өзіне сенімсіз болып өседі.

Білім беру үрдісінде басты әрекет етуші – мұғалім. Мұғалім қазіргі заман талабына сай жаңаша білім беруді, білім берудің жаңа технологияларын үйретіп, соның сабақ барысында жүйелі қолданыс табуын қадағалай білуі маңызды.Бастауыштағы білім – үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы. Мұғалімдер білімді жан-жақты меңгерумен қатар актерлік шеберліктері де шыңдалған болуы қажет. Мұғалім өзінің жеке қасиеттері арқылы әсер етумен қатар, мүмкіндігі шектеулі әр оқушының қызығушылығымен бейім-қабілетіне психологиялық ерекшеліктерін назарда ұстай білуі керек.

Бастауыш мектеп оқушыларының ойын баласы екенін ескерсек, әрбір сабақтағы жаңа білімдерді меңгертуді ойын түрде ұйымдастырса, ой-өрістері дамып, оқуға белсенділіктері артады. Ойын үстінде оқушы ойланады, эмоциялық әсері ұшқындайды, қиял елестері дамиды, баланың шығармашылық қабілеті ұшталады.

Мен логопедиялық сабаққа келетін балаларға логопедиялық жұмыстарын ұйымдастыруда олардың сөздік қорының молаюына баса көңіл бөлемін. Мектептегі логопункта әр баламен жеке жұмыс жасауға үлкен мүмкіндік бар, шағын ортада бала өз ойын айтуға тырысады, ашылады. Арнайы әдістемелермен оқытамын, оқу әрекетінен ойын әрекетіне аударамын. Сабақты тілге арналған артикуляциялық жаттығу жасаудан бастаймын. Тіл – сөйлеу мүшелерінің ең негізгі бұлшық еті. Сондықтан басқа мүшелерге сияқты, тілге де жаттығу жасау өте маңызды. Дыбыс айтуда тіл аса дамыған болуы қажет. Сабақтарымда мен оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдер  мен әдістерін басшылыққа аламын. Оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, ойын өрістетіп, тіл байлығын жетілдіруде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Әрбір ұйымдастырылған сабағым сөйлеу, тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, құрастыра сөйлеуге бағытталады. Сөздік оқу іс-әрекетінде дидактикалық ойындарды қолдану арқылы оқушылардың қиялын  шарықтатып, ойлау қабілетін ұштауға бағытталады.

Қазіргі уақытта балалардың ауызекі сөйлеу тілінің толық дамымауы мен оқуындағы және жазуындағы кемістіктердің арасында тығыз байланыс бар екені көпшілікке мәлім. Сондықтан кемістіктерді жою үшін түзету ықпалының бірыңғай жүйесі қажет. Дисграфия мен дислексия екеуі екі бөлек ақаулық емес, керісінше бірімен-бірі тығыз байланыста болады. Жұмыстың негізгі бағыттары: фонематикалық түйсігін жетілдіру, дыбыстарды айтқызу жұмыстары, дыбыстарды талдауға және жинақтауға дағдылануын жетілдіру, сөздік қорын байыту және оларды ісжүзінде пайдалана білуге жетілдіру, грамматикалық дағдыларын жетілдіру, ауызша қалай болса, жазбаша да солай сөйлеу тілінің байланысын жетілдіру.

Сұхбаттасу арқылы өз ойларын дәлелдеуге тырысады, оқушылардың қандай деңгейде екенін түсінуге көмектеседі. Диалогтік тәсіл оқушылардың ашылуына, ойын жеткізуіне, сөздік қорының молаюына көмектеседі. Ойын «Диалог — әңгіме» арқылы бір оқушы ойдан шығарып, бір әңгімені бастайды. Келесі оқушылар оны жалғастырады. Ойын барысында мен оқушылардың бір-бірімен сөйлесу қабілетін өрбітіп, тапсырманы күрделендіре беремін.

1-сынып оқушыларына «Бауырсақ», «Торғай», «Мақта қыз бен мысық», «Санамақтар», «Үш аю», «Шалқан» сияқты шығармалар арқылы дыбыстарды анық айтуға, байланыстырып сөйлеуге, әңгімелей білуге үйретемін. Сонымен қатар ертегілерді сахналау арқылы балаларды рольдерге бөліп беріп, образға енгізу, әрбір ертегі кейіпкерінің дауыстарын нақышына келтіріп айтуға машықтандырамын.

Дыбыстарды анық, дұрыс айта білуге жаңылтпаштардың да орны ерекше. Бала жаңылтпашты бір рет айтқанда тілі дами қалмайды, оны айтады, қайталайды, түсінеді және соны өздігінен жылдам айтуға дағдыланады.Жаңылтпашпен қатар баланың сөйлеу тілін дамытуда жұмбақ пен мақал-мәтелдердің алатын орны зор. Ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтелдердің, өсиет өлеңдер мен ертегілер, жаңылтпаш пен жұмбақтардың, батырлар жырлары мен шешендік сөздердің тәрбиелік мәні көп. Мақал-мәтелдер арқылы жас ұрпақты жағымсыз мінез-құлыққа, өнерлі болуға, адамгершілікке тәрбиелеймін. Мақал –мәтелдердің мағынасы терең, сөзі ықшамды, есте сақтауға икемді әрі жеңіл болғандықтан, балаларға терең ой салумен бірге, оларды көркем сөйлеуге жаттықтырады, сөз байлығын дамытады. Ал жұмбақтың шешуін табу арқылы тұрмыстық заттардың, жан-жануарлардың,  киім-кешек аттарын есте сақтау қабілеті күшейеді. Қазіргі кезде мектептегі сабаққа пайдаланылатын ойын түрлері, тренинг тәсілдері, ролдік, іскерлік ойын түрлері өте көп. Сөйлеу арқылы тіл жетіледі, дамиды.

Сөйлеу тілін дамыту үшін баланың психологиялық жағдайын ескеру қажет. Бала жақсы сөйлеу үшін оның шабытын оятып, құлшыңдырып сабақты қызықты өткізу қажет. Сөйлемді жақсы құра білсе, сөйлесіп үйреніп қазақ тілін игерсе, онда: сенің қолыңнан бәрі келеді, сен қабілеттісің деп баланы мадақтап қойған жөн. Сонымен бірге «жаз, үйрен» деп сенім білдірген дұрыс. Оқушының кішкентай жетістігі болса да, жоғары бағалап, мадақтап, көтермелеу, оқушылар басылымына, өлең, әңгімелерінің жарық көруіне көмектесу, шығармашылық сәтте оқушыға құптаушылық көзқарас білдіру, сезім күйін бақылау, қамқорлық таныту.

Оқушыларды сөйлеуге үйретуде психологияға сүйенбей болмайды. Сөйлеу тілін дамыту процесінде адамның еркі, есте сақтау қабілеті, ой-өрісінің дамуы, сезімі, қиялдай білу ерекшеліктері негізгі рөл атқарады. Олардың барлығы өзара диалектикалық байланыста. Адамның көру, есту сезімдерінің дамуы, ойлау қабілетінің артуы сыртқы объективтік шындықтық әсерінен болады.

Тапсырмалардың тартымды, қызықты болуын қадағалау қажет, оған қойылатын талаптардың толық сақталуы тапсырманың сапасын арттырып, оқушының сөйлеу тілін дамытуға қолайлы жағдай туғызады.

Оқушының сөйлеу тілі әрқашан тілдік ортада қалыптасады. Баршамызға белгілі қазақ балаларымен ойнаған орыс баласы қазақ тілін ешқандай грамматикалық ережені оқымай – ақ қатысым арқылы үйреніп алады. Сондықтан сөйлеу тілін дамытудың тағы біртиімді жолы – жағдайлық ойындарды ұйымдастыру.Сөйлеу тілін дамыту кезінде сөздік ойын, жаттығулар, оқушыларды өздігінен сөйлеуге мәжбүр етерлік арнайы ұйымдастырылған ситуациялар (жағдаяттар), грамматикалық жаттығулар, әдеби текстер, әңгімелеу, сахналау, әңгіме құрастыру, жұмбақ жасыру, мақал-мәтелдерді пайдаланып оқыту жұмыстары жүргізіледі.

Ойын арқылы оқушылар әрбір сұрақтарға толық әрі нақты жауап бере білуге дағдыланады және өз құрбы-құрдастарымен қатынас жасауға, мәдениетті, байланыстырып сөйлеуге тәрбиеленеді. Бала қоршаған ортаға бейімделіп, өзін еркін ұстауға, басқа балалардан ерекшелігі жоқ екенін сезіп өсу керек.

Қазіргі уақытта білім беруде арнайы білім беру қажеттіліктері бар балалардың тұлғасын қалыптастыру – оқу-тәрбие процесіндегі басты мақсат болып табылады.  Сол себепті жан-жақты дамыған, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан, өмірге араласа алатын, терең ойланып, ойын жүзеге асыра алатын тұлға қалыптастыруға қолайлы жағдай жасау қажет.

Данышпан Абай атамыз айтқандай, ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға.  Баяндамамның соңында айтарым, келешегі кемел еліміз 30 елдің қатарына еніп, тәрбиелеп отырған балаларымызға  бойымыздағы бар асылымызды, күш-қуатымызды беруде шаршамайық.

 

Әдебиет:

  1. В.С.Мухина – Детская психология. Москва 1985г.
  2. Қ.Жұмасова   Психология Астана -2006ж
  3. Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарына арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2010.

4.Республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық-психологиялық журнал «Дефектология» № 4-5 2009ж.

  1. Республикалық әдістемелік журнал «Тілашар. Логопед». №2 2010

6.Республикалық педагогикалық–әдістемелік журнал «Әлеуметтік  педагог» .№4 2010ж

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *