Жақсы тілек
Кадырова Еркежан Уахыткызы
Білім беру саласы: «Әлеумет»
Тақырыбы: «Жақсы тілек»
Құндылық: Сүйіспеншілік
Қасиеттер: Мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық
Мақсаты: Бір – біріне жақсы тілектер айту арқылы балалардың өзара сүйіспеншілік құндылығын дамыту.
Білімдік: Сүйіспеншілік құндылығы негізінде мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық қасиеттері туралы мағлұмат бере отырып, жақсы тілектің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру.
Дамытушылық:Қайырымды қарым–қатынас жасау іскерліктерін дамыту.
Тәрбиелік: Сүйіспеншілік құндылығы арқылы мейірімділікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу.
Ресурстар: үнтаспа, жүрекше, суреттер
Мотивациялық қозғаушылық
Ұйымдастыру кезеңi
- Талап
- Тәртіп
- Тазалық
- Тыныштық
- Татулық
Тыныштық сәті:
- Балалар, денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады.
Сұрақтар:
- Балалар, сендер қандай күйде болдыңдар?
- Көңіл күйлерін қандай?
Қорытынды:
- Балалар, әрдайым осындай жақсы көңіл-күйде болыңдар.
Ұйымдастырушылық- ізденушілік
Әңгiмелеу
Н. Қадырбаевтың «Туған күн» әңгімесінен үзінді айтып беру.
Бүгін Нұрланның туған күні. Үй іші туған күнге айрықша әзірленді. Дастарқанға керекті тәтті, бауырсақ, құрт, ірімщіктер, сусындар алдын ала әкелінді.
Туған күнімен Нұрланды ең алдымен атасы құттықтады.
- Бүгін біздің үйде үлкен мереке. Бұл күн біздің отбасы үшін асыға күтетін зор мейрам,-деді.
Нұрлан атасының ықыласына қуанды. Мерейі тасыды.
- Рақмет, ата- деп атасын құшақтап бетіне бетін тосты.
Нұрланның туған күні қызықты өтті. Бәрінен де үй ішін әсем әуен тербетіп, сыңғырлаған күміс күлкіге отырғаның айтсаңшы?
Бұл күн үй ішін түгел қуантқан, бәрінің басын қосқан, мерейлерін тасытқан жақсы күн болды.
Терезе сыртында, бақ ішінде ақ, сары көбелектер жеміс ағаштарының гүлдеріне бірі мамыражай қонып, бірі көлбей ұшып жатты.
Сұрақтар:
- Әңгіме не туралы?
- Кімнің туған күні болды?
- Атасы Нұрланды қалай қуантты?
- Нұрланның көңіл күйі қандай болды?
Қорытынды:Атасының жылы жүрегінен шыққан жақсы тілектерден Нұрлан қуанды, мерейі тасыды. Жылы жүректен шыққан жақсы сөз, жақсы тілек біздің көңілімізді өсіріп, көңілдендіреді, қуанышқа бөлейді.
Дәйек сөз
«Жақсы сөз-жарым ырыс» (нақыл сөз)
Сұрақтар:
- Осы нақыл сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?
Түсіндіру: Жақсы сөздерді әрдайым айтып жүрсек, сол сөздеріміз біздің жақсы болуымызға әсер етеді. Адамгаршілік қасиеттеріміз дамиды.
Қорытынды:
- Жақсы сөз, жылы лебіз, жақсы тілек біздің көңілімізді өсіріп, көңілдендіреді, қуанышқа бөлей отырып, сүйіспеншілікке жетелейді.Қолдан келгенше жақсы сөздер айтып жүріңдер. Сонда ғана араларында бір – біріне деген сүйіспеншілік қалыптасады.
«Ойтолғаныс»
Видео көрсету
«Алтын балық» ертегісінен үзінді көріп, талқылау.
Сұрақтар:
- Ата теңізден не аулап алды?
- Алтын балық не деді?
- Ата қандай тілектерін орындауын сұрады?
Қорытынды:
- Сендер де тілек тілегенде абай болыңдар. Жақсы тілектер ғана тілеңдер. Жақсы сөз, жылы лебіз ғана адамды жақсы істер істеуге жетелейді.
- Сендер әрбір сөз тапқан сайын, мен сендерді мадақтап отырдым. Мадақтаған сайын сендер сөз ойлап, бір-біріне көмектесіп, қолдап отырыңдар. Көрдіңдер ме, жақсы сөздер, тілектер адамды ізгілікке, қамқорлыққа жетелейді.
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрамыз,
Қолды белге қоямыз.
Біз мейірімді баламыз!
Біздер тату боламыз!
Шығармашылық жұмыс
Балаларды 2 топқа бөліп алып, әр топ басшысы суретті таңдап алады да, әр топ өздері тілек айта отырып үлкен жүрекшенін ішін ұсақ гүлдермен безендіреді.
1-топ «Досына» тілек айтады.
2-топ «Ата-анасына» тілек айтады.
Сұрақтар:
- Ата-аналарына әрдайым жақсы тілектер айтып жүресіңдер ме?
- Анаңа жақсы тілек айтсаңдар, сендерге не дейді?
- Жағымсыз сөз айтсаңдар ата-аналарың қандай күйде болады?
Қорытынды:
- Балалар, байқадыңдар ма, жақсы тілек айтса ғана адамдар мейірімді, ізгілікті, қайырымды болады.Жақсы сөз, жылы тілек әр адамның көңілін көтеріп, олардың жүрегіне жылу береді, көңіліне қуаныш сыйлайды.
Ойын
«Ғажайып сандықша»
Әдәмі сандықшада достарының суреттері салынған. Балалар көзін жұмып, сандықшаның ішінен бір суретті алып, суреттегі бейнеге өз жылы лебіздерін, жақсы тілектерін айтады.
Сұрақтар:
- Балалар,сендер әрдайым жақсы сөздер, тілектер айтасыңдар ма?
- Достарыңа жағымсыз сөздер айтып көрдіңдер ме?
- Достарың қандай күйде болды?
Қорытынды:
Жылы жүректен шыққан сөздер ғана біздерді сүйіспеншілікке бөлейді. Сүйіспеншілік бар жерде адамдар бір-біріне мейірімді, ізгілікті, қайырымды болады.
Рефлексивті- түзетушілік
Топпен ән айту
М. Жаманбаливтың «Бөбек жыры»
Ғажайып сөздер
Жақсы адам елдің ырысы,
Жақсысөз жанның тынысы.
Сұрақтар:
- Жақсы тілектерден адамдар қандай болады?
Қорытынды:
«Жақсы сөз-жарым ырыс», дегендей әрдайым бір-бірлеріне, туған-туыстарына, жақын адамдарына жақсы тілек тілеп жүрсеңдер, адамдар арасында әрдайым сүйспеншілік болады.Сүйіспешілік бар жерде мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық қасиеттер қалыптасады.
Соңғы тыныштық сәтi
Тыныштық, тыныштық, тыныштық,
Тыныштық бар жерде,
Тыныштық, тыныштық, тыныштық,
Тыныштық бүкіл әлемде.
Қорытынды:
- Балалар, әрдайым мейірімді, ізгілікті, қайырымды болыңдар,сонда жүрегімізде әрдайым сүйіспеншілік болады.
Күтілетін нәтиже:
Біледі:Сүйіспеншілік құндылығын.
Игереді:Сүйіспеншілік құндылығы негізінде мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық қасиеттерін.
Қолданады:Алған білімдерін күнделікті өмірде қолданады.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718