Сауабы мол мамандық

Утегенова Меруерт Жумадиловна

Мен – дефектологпын. Бұл мамандықты таңдағаным дұрыс шешім екендігіне күн санап көзім жетіп келеді. Дефектология ғылымы мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту мен тәрбиелеумен айналысады. Негізгі төрт саласы бар.

Біріншісі – олигофренопедагогика: зияты зақымданған (ақыл-ойы төмен) балалармен, екіншісі – тифлопедагогика: көру қабілеті зақымдалған балалармен, үшіншісі – сурдопедагогика: есту қабілеті зақымдалған балалармен, ал төртіншісі – логопедия: сөйлеу тілі бұзылған балалармен жұмыс істейді.

Дефектология – ғылымда тәй-тәй басып келе жатқан жас салалардың бірі. Дегенмен қарқынды даму үстінде. Тағамның құнарсыздығынан ба екен, әлде ауаның ластығынан, мүмкін жазмыш болар – елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар саны күн санап артпаса, кеміп жатқан жоқ. Санамен саралап көрсек, бей-жай қарайтын жайт емес. Онсыз да тілін дұрыс түсіне бермейтін сәбиінің жан түршігерлік халін көргенде, тоғыз ай толғатқан анасының, бірге доп ойнаймын деп асыға күткен әкесінің жағдайын көз алдыңызға елестетіп көріңізші… Доп теппек түгілі… бір затты алып екінші жерге қоя алмайтын баласына қарап қандай күйде болар екен? Бұрынғылар секілді адам санатына қоспай, өлтіріп тастамасы анық. Тастап кетуге тағы қимайды, не дегенмен іштен шыққан шұбар жылан емес пе? Міне, дефектологтардың өз ісіне адалдығы осы жерде айқын байқалады. Көмек сұрағандардың бетін қақпай, жағдайын түсініп, бар сәбиді өз баласындай көріп, дұрыс тәрбие беруге барынша тырысады. Мұғалімнің мойнына баланы тәрбиелеп, білім беру қандай жауапкершілік артса, дефектолог маманға қойылатын талап одан он есе жоғары. Мемлекетіміздегі арнайы білім беру жүйесі (арнайы мектеп, арнайы сынып, арнайы балабақша және т.б.) барлық мүмкіндігі шектеулі баланы білім берумен толық қамтымайды және де еліміздегі алыс аудандар мен ауылдарда білім алуға мұқтаж мүмкіндігі шектеулі балалар да айтарлықтай аз емес. Сондықтан, елімізде инклюзивті білім беру жүйесін дамыту өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Бүгінгі таңда баланың әлеуметтік ортаға қосылуына ықпалын тигізсін деген мақсатта инклюзивті білім беру бағдарламасы қолға алынып отыр. Инклюзивті оқыту барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту – оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға мүмкіндік береді.

Мүмкiндiгi шектеулi адамдардан бас тартуға, олардың бiлiм алуына және өз талантын дамытуға деген құқығынан айыруға қоғам ешқандай да мүдделi емес. Қазiргi таңда денсаулығында ақауы бар мыңдаған бала бiздiң қолдауымызға зәру. Олар елден оқшау өмiр сүргiсi келмейдi. Елiмiзде мыңдаған мүмкiндiгi шектеулi жандар бар, олардың iшiнде мектеп жасына толмаған балалар көптеп кездеседi.

Әртүрлі дәрежедегі ауытқуы бар балаларға арналған арнайы мекемелер мен кәсіби дефектологтар, яғни оқытып, ортаға бейімдеп және түзету жұмыстарымен айналысатын мамандардың жетіспеушілігіне алаңдаймын. Осы мамандыққа мемлекеттік грант көбірек бөлінсе, жас талапкерлер де осы мамандықты оқып меңгерсе екен…

Дефектология – дүние қуып, байлық жиғандардың араласатын шаруасы емес! Ыстық ықыласпен, мейірімді жүрекпен, асқан кісілікпен атқарылатын сауабы мол іс. Жауапкершілігі өте жоғары, тастан берік төзімділік пен шыдамды талап ететін мамандық. «Баланың психикалық даму деңгейі төмен болған сайын, мұғалімнің білім деңгейі жоғарылай түсуі қажет» деп атақты неміс педагог-дефектологы П.Шуман айтқан екен. Біздің елімізде осы мамандықты даярлайтын санаулы ЖОО болса, соның ішіндегі 70 жылдық тарихы бар қазақ қыздарына білім беретін қара шаңырақ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің алатын орны ерекше. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алуымен, мемлекеттік тілде мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізу біліктілігін меңгерген дербес арнайы кадрларды, дефектолог-мамандарды даярлау қажеттіліктерінің туындауымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 2001 жылы дефектология бөлімі ашылды. Бастапқы кезеңде болашақ мамандарды даярлау «Жалпы психология» кафедрасында жүзеге асырылды. Болашақ білікті дефектолог мамандарды мақсатты түрде бағытталған және жемісті дайындау үшін 2008 жылдан бастап «Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасы құрылды. Әр мүмкіндігі шектеулі баланың келешегі, оның тағдыры, өмірге лайықты етіп тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрлерді бойларына сіңіру – ең алдымен дефектологтың қажырлы еңбегіне байланысты екені сөзсіз. Өз ісімді қанша жақсы көргеніммен, кейде бұл мамандық мүлде жойылып кетсе екен деп тілеймін… Егемен еліміздің заманауи қоғамындағы өзекті мәселелерінің бірі – мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қамқор болу, көмек көрсету, оларды оқыту, тәрбиелеу, әлеуметтік ортаға бейімдеу екендігін естен шығармағанымыз жөн

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *