Латын әліпбиіне көшу — тіліміз үшін жасалған игі қадам

Бірмақанов Қорғанбек Сағындықұлы

Елбасы өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің ықпалын нығайту үшін көп жұмыс атқарды»  деп мәлімдеді. Президенттің 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.

Тарихтың өткеніне көз салсақ 1929 жылы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әріпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек.  Бұл келешек ұрпақтың болашағы, ағылшын тілі мен интернет желісін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Біздің қазіргі кирилл әліпбиіндегі қазақ тіліміз – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия жəне т.б. елдерде тұратын қазақтардың ана тілі. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына, соның ішінде қарақалпақ, ноғай, қарашай тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Сонымен қатар қырғыз, татар, башқұрт, қарашай-балқар, қырым, құмық, татар тілдеріне жақын. Қазақ жазуы бірнеше рет өзгеріске ұшырады. жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. 1929 жылға дейін қазақтар араб жазуын пайдаланды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылған. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданып келеді.

Еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды.

Қазақ-кирилл әліпбиін дайындаған тіл ғалымы С.А. Аманжоловтың да орны зор. Сәрсен Аманжолұлы Аманжолов жалпы тіл білімі мен қазақ тіл білімінің теория негізін қалыптастыруда А.Байтұрсынов,Қ.Жұбановбастаған ғылыми жұмысты ілгері жалғастырды. Ол жазған қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламалары ана тілін оқытуды ғылыми жолға қоюға елеулі ықпал етті.  Бүгінгі күнге дейін Тіл саласының білікті мамандары латын әріпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауда қызу талқылауда.

Көтерілген мәселе қақақ қоғамы үшін өте маңызды, сондықтан да алдағы уақытта  мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобалардың жүзеге асуына еш кедергі болмауы тиіс. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады. Мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды бірлесіп жүзеге асырып, сапалы жұмыс жасауына мүмкіндіктері бар. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады.

Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Сондықтан да болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақтар арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз» деген сөзі көңілге көп ой салады. Себебі бұл сөз тілінің болашағын ойлаған тіл мамандары мен тілге жанашыр зиялы қауымның көкейіндегі ойды дөп басқандай. Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмағанын, кеңестік жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ұлтының әлеуметтік өмірі мен мәдениеті, ғылымы мен білімі жолында аянбай адал еңбек еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, қайталанбас зор тұлға. Қазақтың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерінің ішіндегі ең шоқтығы биік қызметінің бірі – араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін (алфавит) құрастыруы. Осы арқылы ғалым қазақ халқының тез сауаттанып хат тануына, оқу білімге деген құштарлықтарының оянуына ерекше ықпал етті. «Қазақтың Ахаңы» жасаған төте жазу орыс ғалымдары арқылы әлемге танылып, жоғары бағасын алды. Ғалымның әліпби мен жазу санасында ашқан осы ғылыми жаңалығы, жазу заңдылықтарымыздың негізгі тірегі болып, басқа әліпбиге, латынға, одан кириллицаға көшкенімізбен де қазіргі күнде де жазуымызға қызмет етіп келеді. Ертең латыншаға өткен кезде Ахмет Байтұрсынов ұстанған қағидаларды басшылыққа алса қоғам үшін игі іс болары сөзсіз.

Әліпби өзгерту мәселесі тек кірме сөздерге ғана қатысты емес, өз тіліміздегі төл сөзімізді де жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектеседі. Осы орайда, тіліміздегі әріптерді қысқартып, компьютерге икемдеу керек. Тілімізде бар дыбыстардың арнайы таңбасы болуы тиіс. Компьютерді тілімізге икемдеуміз керек, тілімізді компьютерге икемдегеніміз дұрыс емес.

Қазақ тіліндегі сөздердің табиғи қалпында айтылуына уақыт талабымен заңдылық қажет.  Себебі тілімізде өзге тіл сөздері көп болғаны бір басқа, ата-баба дәстүрімен жеткен табиғи дыбыстау әуеніміз де өзгере бастады.

Қазақ тілі дыбыс жүйесінде жоқ орыс ё, ю, я, в, ф, х, ч, ц, ь, ъ әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгіздік. Жаһандану заманында экономикалық байланыстар күшейіп, өзге елдердің қолданыс аясындағы термин сөздер көбейіп, бір-бірінің тілінен сөз алу да жиілей түсетіні табиғи жағдай. Ахмет Байтұрсыновтың: «Түбінде тілді оқығандар бүлдіреді» деп оқыған адамдар өзге тілдің ықпалына тез бейімделгіш болатындығын аңғарып ескерткені ойға оралады. Біз қандай әліпби түрін пайдалансақ та, ең бастысы, төл тіліміздің қалпын сақтап, мертебесін биіктете алсақ болғаны.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *