Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі
Сембекова Кызгалдак Жанабаевна
«Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу»
Әл-Фараби
Елбасы Н.Ә Назарбаев жылдар бойы білім және ғылым саласына ұдайы көңіл бөліп келеді. Биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз — білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын оқушылардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет»,-деген жолдар — соның дәлелі.
Білімнің бастауы, қайнар көзі – мектеп болса, келешек ұрпақтың алғашқы баспалдағы–білім беру саласы екені баршамызға аян. Осы тұста Мұхтар Шаханов ағамыздың мына бір сөзі ойға оралады. «Бала жүрегі кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында үнемі сол кілт жүруі керек» дегендей, мұғалім үнемі ізденісте болуы керек. Бүгінгі күні әлемдегі барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесіне ұмтылуда. Осы тұрғыда Мемлекетіміздің білім беру үрдісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама болды.
Аталған білім беру бағдарламасы туралы түсінгенім мен ұғынғаным мол. Кәсіби тұрғыда жаңа сатыға қадам басып, білім жүйесіне енген жаңалықтың қыр–сырын зерттей бастаған сәтімде арнайы курсқа баруым бағдарлама туралы туындаған сұрақтарымның жауабын табуға берілген мүмкіндік болды.
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Жаңартылған оқу бағдарламасының бұрынғы бағдарламалардан ерекшелігі – оқу мақсаттарының дайын берілуі және оның өзгермейтіндігі. Сонымен қатар берілетін білім қарапайымнан сынып жоғарылаған сайын күрделене түсетіндігі. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тіімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді оңтайлы пайдалану.
Қорыта айтқанда, жаңа бағдарламаның мәні, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек.