Т.Тұрлығұл – Қазақстан тарихын оқыту әдістемесінің өзекті мәселелерін және оқытудың қазіргі технологияларын зерттеуші.
Ілиас Райкүл Өмірзаққызы
Т.Тұрлығұл – Қазақстан тарихын оқыту әдістемесінің өзекті мәселелерін және оқытудың қазіргі технологияларын зерттеуші.
Қазақстан тарихы- қазір мектептерде оқытылып жатқан пәндердің ішіндегі маңыздысының бірі.Сондықтан да оның келешегі зор. Себебі халықтық сананы тәрбелейтін де, ұлтты өркениет жолына бастайтын да, мемлекетіміздің идеологиясын қалыптастыратын да тарих пәні.
Өткенге аздап көз жүгіртсек «Қазақстан тарихы» оқу орындарына өте кеш кірді. Қазақ Ұлттық Университетінде 1943 жылы ғана тарихшы мамандығына студенттер қабылданды.Қазақстан тарихы кафедрасы тек 1958 жылы профессор Ермұхан Бекмаханов айдаудан кейін құрылды. 1959 жылы 8 қазанда КОКП Орталық комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі «Мектептерде тарихты оқытудағы кейбір өзгерістер туралы»1 қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес орта мектептерде 1958-1959 оқу жылынан бастап Қазақстан тарихы оқытыла бастады. Елеулі өзгерістер 60-жылдардың ортасында болды.1980 жылдардың аяқ кезінде мектеп бағдарламасы жетілдірілген түрге көшкен болатын.1990 жылы жалпы білім беретін мектеп бағдарламасына сәйкес 1990-1991 оқу жылынан бастап Қазақстан тарихы дербес пән ретінде оқытылады. Осы жылдарда Қазақстан тарихынан оқулықтар жазуда ғалым біртуар азамат Е.Бекмаханов, Х.Әділгереев,С.К.Ибрагимовтар,90- жылдары академиктер М.Қозыбаев, К. Нұрпейісов, профессор Ж.Қасымбаев, тарих ғылымының докторы, академик К. Байпақов, Д.Бабаевтардың үлесі зор. Ал жазып отырған баяндаманың негізгі кейіпкері «Қазақстан тарихының» есіктегі басын төрге сүйреген,Ермұхан Бекмахановтың шәкірті, 44 жыл бұрын оқулық жазған,ұлағатты ұстаз,ғалым,әдіскер, Қазақстанда тарихты оқытудың теориясы мен әдістемесінің негізін салушы,педагогика ғылымы саласын дамытуға айшықты үлес қосқан, ТМД елдеріндегі тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы,халқына қызмет етіп жүрген адал азамат Тұрлығұл Тотай Тәжіұлы болмақ.
Тотай Тәжіұлы Тұрлығұл 1930 жылы 23 желтоқсанда Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы 1929 жылы құрылған «Казрис» колхозында (қазіргі Досан ауылында) дүниеге келген. Әкесі Тәжі күрішші, кейін ұжымшарда төраға болған. Содан бастап әжесі Айманның тәрбиесінде болған. «Егер мен алға қойған мақсатымды орындауда,әсіресе жастарды оқытып тәрбиелеуде белгілі бір істерді тындырдым десем, бұл алдымен отбасында алған тәрбиемнен деп ойлаймын»4.
1946 жылы «Қызыл Ту» орта мектебін бітіреді. Т.Тұрлығұл уақыттың қиындығына, білімдерінің орта дәрежелеріне қарамастан оқытып тәрбиелеген ұстаздарын үлкен ілтипатпен еске алады. Мектепті бітірісімен Қызылорда пединститутының тарих факултетіне оқуға түседі. Оны бітіргеннен кейін Қызылорда қалалық, облыстық комсомол комитеттерінде жұмыс істейді.
1953-54 оқу жылынан бастап Сырдария ауданындағы №43 орта мектепте тарих,география пәндерінен сабақ беріп,осы жерде оқу ісінің меңгерушісі болады.1959 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакциясына жұмысқа ауысады. Осы жерде жүріп үнемі ғылыми әдістемелік мақала жазуы болашақ ғалымның қаламын ұштап,ғылыми еңбектерінің негізін қалаған еді.
1962 жылы Қазақстан тарихы кафедрасы бойынша Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсіп,ұстазы Е. Бекмахановтың ұсынуымен «КСРО тарихы құрамында Қазақстан тарихын оқыту мәселелері» тақырыбын зерттеуді бастады. 1965 жылы осы тақырып бойынша педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесінде дисертация қорғады. Тарихты оқыту теориясы мен әдістемесінен ғылыми дәреже беретін ғылыми кеңес болмағандықтан Т.Тұрлығұл «Қазақстан тарихы мектеп курсы мен оқыту әдістемесі қалыптасуының ғылыми – әдістемелік негіздері» тақырыбында педагогика ғылымының доктырлығына дисертациясын 1998 жылы қорғады. Ол қазақ елінің тарихы, оны мектепте оқыту теориясы мен зерттеуге,саралауға 44 жыл уақтын арнаған.
Т.Тұрлығұлдың зерттеген тақырыбының маңызды жағы – Қазақстан тарихы мектептерде оқытыла бастағалы бері жарық көрген оның бағдарламалары, оқулықтар,басқа да қосымша құралдары5 ғылыми – әдістемелік тұрғыда сарапталды. Ол өз еңбегінде Ы. Алтынсариннің «Хрестоматиясына», Ж. Аймауытовтың педагогикалық «Тәрбие жетекшісі» кітапшасында 4 кластан тарих оқыту ұсынысына,1934 жылы С.Ж.Асфендияров құрастырған «Қазақ тарихы програмына»,1940,1958,1962 жылдардағы оқытылу жайына, 80-90 жылдардағы өзгерістерге тоқталған6. Тарихшы ғалым өз зерттеулерін дәуір дауысымен,заман талабымен байланыстырды. Қазақстанда тарихты оқытудың теориясы мен әдістемесінің негізін салушы ретінде Т.Тұрлығұл кеңес мектебіндегі тарих сабақтарын жетілдірудің жолдарын зерттеп талдады.
Т.Тұрлығұлдың 1979 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихын оқыту методикасы»деп аталатын әдістемелік құралы мен 1984 жылы шыққан «Тарих сабағын жетілдіру жолдары» деген еңбегі ғалымның сол кезеңдегі тарих пәні мұғалімдері үшін маңызды құрал болды. Автор осы кітабында7 тарих пәні сабақтарының мектептерде қолданылатын типтері мен құрылымына тоқталған. «Сабақтың типі мен құрылымын анықтап алғаннан кейін жауапты жұмыс оқыту әдістерін таңдау»8дей келіп, оның классификациясын жасады.Т.Тұрлығұлдың тоқталған маңызды мәселелерінің бірі тарих сабағында оқу процесін оптималандыру. Бұл- оқытылатын материалдың мазмұнын,оның білімділік,тәрбиелік, дамытушылық міндеттерін анықтау, оқытудың формасы мен әдісін белгілеу және оның класс ерекшелігі мен мүмкіндігіне сай келуін ескертті.9
90 жылдардың аяғында Т.Тұрлығұлдың 160 тан астам ғылыми- әдістемелік еңбегі жарияланды. Оның 130 – дан астам мектепте Қазақстан тарихын оқытуға арналған. Жеке ғылыми – әдістемелік мақалалары Ресей, Чехия, Словакия, Молдавада жарияланды. Ғалымның авторлар құрамында жазған «Ортақ түркі тарихы» оқулығы Түркияда бірнеше тілде басылды.
Тынымсыз еңбектің арқасында педагог ғалым 5 моногрфия, 7 оқулық, 9 бағдарлама, 35 – тен аса оқу – әдістемелік құрал10 дайындады. Ол зерттеулерінде қазіргі мектептерде дербес пән ретінде оқытылатын Қазақстан тарихының әдіснамалық проблемалары мен ғылыми теориялық әдістемелеріне кең орын берген, яғни оқушыларға алдымен бүкіладамзаттың жинаған құндылықтарын оқып үйрету және уақыттың жаңа талабына сай байытып отыруды көздейді.
1959 жылы 8 қазанда «Мектептерде тарихты оқытудағы кейбір өзгерістер туралы» қаулыға сәйкес 1960 жылдан бастап қазақ мектептерінде 4 класқа арналған «Қазақ ССР тарихынан әңгімелер» оқытыла бастады. Бұл оқу құралының авторы Т. Тұрлығұл болатын.
Т. Тұрлығұл халықаралық ғылыми конференцияларға, Одақтық, республикалық «Педагогикалық оқуларға», әртүрлі форумдарға үнемі қатысып отыратын беделді ғалым. 1977 жылы Чехословакияда өткен Соцалистік елдердің тарихшы педагогтарының конференциясында жасаған баяндамасы жоғары бағаланды.
1991 жылдан бері Т. Тұрлығұл мектепте қоғамдық пәндерді оқыту тұжырымдамаларын,11,12 білім стандарттарын,13 бағдарламаларын, әдістемелерін14,15, жаңа буын оқулықтарын, оқу – әдістемелік кешендерін16 жасауға басшылық етті. Қазақстан тарихының мазмұнына қатысты проблемаларды шешуде, тарихи құбылыстар мен оқиғаларды жаңа тұрғыдан талдауда, тарихи қайраткерлердің қызметтеріне дұрыс баға беруде Т. Тәжіұлының еңбегі зор.
Ғалым – педагог өзі ұстанған ғылымның сара жолын жалғастырып келеді. Осы тынымсыз еңбектің нәтижесінде «Мектепте Қазақстан тарихын оқытудың теориясы мен әдістемесі» атты монографиясы 2003 жылы жарияланды.
Т. Тұрлығұл ғылым мен халық ағарту саласында жемісті еңбегі үшін «Еңбек ардагері», «Алтынсарин», «Ұлы Отан соғысы 50 жыл» медальдарымен, «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі», «КСРО ағарту ісінің үздігі» белгілерімен марапатталған.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Орта білім берудің мақсаты – терең білім,кәсіби дағдылар негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін- өзі іске асыруға, өзін- өзі дамыту және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан шешім қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру»17 деп көрсетілген. Бүгінде осы мақсатты іске асыру жолында білімнің аса маңызды саласы тарих ғылым және пән ретінде өз ұстанымдарын анықтады. Білім мен ғылым қызыметкерлерінің ІІІ сьезінде сөйлеген сөзінде Н.Ә. Назарбаев елдегі білім берудің дамуын сипаттай келіп, «Білім беру мен ғылымның дамуы бұл – саяси әрі жалпыұлттық міндет.» Қазір елде саяси міндет болып табылатын өз оқулықтарымызды жасадық. «Тарих оқулықтарын оқып отырғанда авторлардың «негізсіз» аңыздарды тарихи фактіге қалай айналдырғанына қатты таңданасың. Мұндай жалғандықты оқушыларды өз тарихын мақтан ететін елдің патриоттары ете алмайсың»18 деп тарихшы ғалымдар мен педагогтардың алдына үлкен міндет қойды. Қазір мектептерді тарихты оқытуда маңызды өзгерістер болып жатыр. Пәннің Мемлекеттік Білім стандарты, жетілдірілген оқу бағдарламалары, жаңа буын оқулықтары мен оқу – әдістемелік кешендері республиканың барлық мектептеріне жаппай ендіріле бастады. Мектептегі тарих сабағын ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай жұмыс атқарылды. Осы істердің ұйытқысы, ұйымдастырушысы, жанашыры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясының қоғамдық – мәдениет тану пәндерін оқыту лабараториясының меңгерушісі, академик Т.Тұрлығұл болды. Ол Қазақстан тарихыноқыту әдістемесіндегі бірегей тұлға. Ғалым – зерттеуші мектептердегі тарих пәнін оқытудың сапасын жақсартудың бірден-бір жолы әдіснамалық тұрғыда аса маңызды мәселелерін дұрыс, шындық жағдайында оқыту деп көрсетеді. Ол үшін тарихшы мұғалімдер қазіргі уақытта жарияланып отырған мақалалар мен еңбектердегі негізгі ұстанымдарды басшылыққа алу керек және соңғы зерттеулердің нәтижелерін үнемі назарда ұстап отыру керек деп ескертеді. Ал мұның қажеттігін Т. Тұрлығұл: «Көп уақыт бойы Қазақстандағы отаршылдыққа қарсы қозғалыс ХҮІІІ ғасырдың 70 – 80 жылдарында басталды делініп келді. Ал, шынында да ол ХҮ ғасырдың 80 – 90 жылдарынан Ермактың Сібір хандығының жеріне шабуыл жасауынан басталған… Тағы бір мысал: Кеңес өкіметінің Қазақстандағы ұлт мәселесін бұрмалаушылығына қарсы күрес 1929 – 31 жылдардағы шаруалар көтерілісімен аяқталған жоқ. 1940 жылдың бас кезінде Батыс Қазақстанда жастардың «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» қызмет етті, 1959 жылы Теміртау қаласындағы оқиғалар, 1970 – 80 жылдардағы түрлі наразылықтар»19 деп көрсетеді. Әрі қарай ол пікірін бұл мәселелердің қазақ мектептеріндегі оқулықтарда түгел көрсетілмегенін, тіпті оны былай қойғанда орыс тілінде оқытатын мектептердегі тарих Ресей оқулықтарымен жүргізілетінін қынжыла айтты.
Ғалым педагогтың өзі ұйытқысы болып абыроймен жасаған жұмысының бір тұсы оқулық және оның әдістемесін жазу жоғарыда айтып кеткендей, Т. Тұрлығұлдың алғашқы оқулығы 1962 жылы жарық көрді. 4 класқа арналған «Қазақ ССР тарихын оқыту методикасы» деген әдістемелік құралы жарияланды. Еліміз тәуелсіздік алып, тәуелсіз тарихымызды бастағалы бері бірқатар жұмыстар атқарды. Бұл орайда республика тарихшы ғалымдардың алдына Президент Н. Ә. Назарбаев «Өте ұғынықты жазылған шыншыл, баланың отаншылдығын оятатын оқулықтарға қоса Қазақ елінің тарихы туралы әсерлі әңгімелер кітаптарын да жазу керек…»20 деген міндет қойды.
1997- 98 оқу жылынан бастап Қазақстанның мектептері жаңа буын оқулықтарымен оқуға көшті. Ал 2001 – 2002 оқу жылынан жалпы білім беретін мектептердің 5-9 сыныптары жаңа бағдарламамен жаңа буын оқулықтары енгізілді. Бұл жерде Т. Тұрлығұл 5 – сыныптың «Ежелгі Қазақстан тарихы»21 оқулығы мен маңызды және көлемі жөнінен оқулықтардан кейінгі орында тұратын 5 – сыныпта «Ежелгі Қазақстан тарихын оқыту»22 деп аталатын әдістемелік құралдың авторларының бірі.
Тарих пәнінің оқулық, әдістемелік құрал, дидактикалық материал, жұмыс дәптері, хрестоматия, көрнекіліктер, сөздік сияқты құрамнан тұратын оқу – әдістемелік кешендерін басып шығаруда және осы жұмыстарды ұйымдастыруда еңбегі ұшан – теңіз. Үнемі баспасөз бетінде оқыту мен оқу құралдарының мәселелері туралы мақалалар жариялап, мұғалімдер қауымын жаңалықтармен таныстырып отыру, зерделеп, талдап әдістемелік қолдау көрсетіп отыруды ғалым – педагог менің кәсіби парызым деп санайды.
Әдіскер – ғалым Т. Тұрлығұл оқу үрдісінде оқушылардың таным, ойлау қызметін барынша дамытуда жеткілікті тәжрибе жинады. Кеңестік дидактикада 50 жылдардың аяқ кезінен бастап жүзеге асырыла бастаған оқушының ойлау қызметін дамыту теориясын бүгінгі талап дәрежесіне сай жетілдіруде еңбек сіңіріп келеді. Қазір сабақтың дәстүрлі емес түрлерінің пайда болуына байланысты пікірлесу, баға беру, қортынды жасау, итерактивті, т.б әдістер пайда болды. Оқыту формасы мен сабақ типін таңдағанда алдымен сол сабақтың мазмұны, оқушылардың дайындық дәрежесі және тарих кабинетінің оқу – материалдық базасының мүмкіндігі ескерілетіндігіне тоқтала келе жоғарғы сыныптардағы тарих сабақтарында «мұғалімнің арынды ауызша баяндау әдістері, тарихи құжаттарды, көркем әдебиетті, мерзімді баспасөзді, оқулық пен хрестоматияны пайдалану және оқытуды қоршаған ортамен, қазіргі кезеңмен байланыстыру әдістері»23 негізінен қолданылатынын айтады.
Т. Тұрлығұл өз еңбектерінде жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану туралы мәселелер терең зерттелген. Ол педагогикалық технология ұғымына «оқушыларға білімді меңгертудің жаңаша жолы, оқыту формалары мен әдіс-тәсілдерін жаңаша қолдану, педагогикалық қызметтің жан-жақты ойластырылған моделі, оқытуда түпкі нәтижеге жетудің жазбаша үлгісі» деп ортақ ойды түйіндейді. Ғалымның пікірінше, жаңаша сабақ берем деген мұғалім өзіне – өзі сын көзімен қарауы тиіс деп кеңес береді. Ақпараттық технологияларды тарих пәнінде кеңінен қолдануды қолға алу керек дейді. Оқушыларды материалды оқып үйренуге ынталандыру жолдарын көрсетеді. Мұғалім жаңа тақырыптың мәнін ашатындай сұрақ қойып, не тебіреністі, қызықты материал айтып бастауға болады.
Академик Т. Тұрлығұл тарих пәнін оқыту әдістемесінде оқытылатын тақырыптың және сабақтың мақсаты мен міндеттерін анықтауға ерекше назар аударып отырады. Ол «сабақтың түпкі мақсаты – нәтижесі…. Бұл жаңа педагогикалық технологияларды қолданудың өзіндік ерекшеліктерінің бірі… Мұғалім нәтижеге жеткендігін анықтау үшін сабақ соңында оқушылармен қысқаша жазба жұмысын жүргізеді. Ал тақырыпты оқыту мақсатының орындалу нәтижесін анықтау үшін арнайы қорытып – қайталау сабағын ұйымдастырған дұрыс »26 деп жазды. Бұл айтылған тұжырым курстың, тақырыптың, сабақтың мақсаты мен міндеттерін анықтауға, нәтижені алдын ала белгілеуге және оған жету жолын ойластыруға мүмкіндік береді.
Өз зерттеулерінде Т. Тұрлығұл тарих пәнін сапалы оқытуда сабақтастықты, пән, курсаралық байланыстарды жүзеге асыру жолдарын көрсетеді. Мұғалім бұрын өтілген негізгі мәселеге оқушылардың назарын аудара отырып жаңа тақырыпта қарастырылатын мәселеге тоқталады. Яғни екі тақырып арасындағы сабақтастық жүзеге асады деген сөз. Әсіресе жоғарғы класс оқушылары үшін пәнаралық, курсаралық, курсішілік байланыстар өте қолайлы әрі қажет. Сондықтан тарихшы мұғалім бір тектес болып келетін Қазақстан тарихы, жалпы тарих, қоғам тану, география, құқық, әдебиет пәндерінің бағдарламаларымен алдын ала танысып тақырыпқа сай оларды байланыстыру жолдарын қарастыру керек. «Бұлардың бәрінің екі жақты пайдасы бар. Біріншеде, бұрын өткен оқу материалы қайта еске түсіріліп, білім тиянақтала түседі, екіншіден, мұндай байланыстар оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыруға үлес қосады.»27 деп жазды Т. Тұрлығұл.
Қазір мектептегі тарих пәнін оқытудың мақсаты, міндеті өзгеруіне байланысты білім мазмұнын іріктеуде де маңызды өзгерістер болып жатыр. Осыған байланысты Т. Тұрлығұл оқыту әдістемесіне тарихи материалдың құрылымын жүйелеу тәсілін қолдануға баса назар аударып отыр. Тарих пәнін оқытуда жүйелілік – құрылымдық тәсілді тарихи оқиғаның ерекше тұсын баяндағанда, оған оқушылардың ерекше қызығушылық туғанда, оқиғаның алғышартын, себебін, даму барысын, тарихи маңызын, салдарынанықтағанда, әр тарихи құбылысты танып білу, зерделеу және заңдылық ерекшеліктерін, даму тенденциясын ашып көрсеткенде28 қолдануға болатындығын және күнделікті оқытылатын материалды жүйелілік тұрғыда белгілі бір құрылымға келтіру әдісін пайдалану арқылы оқушылардың оқу, танымдық қызметінде жүйелілік, проблемалық, зерттеушілікті қалай жүзеге асыруға болатындығын29 талдап көрсетеді.
Педагог – ғалым ретінде Т. Тұрлығұл тарих пәнінің тәрбиелеушілік мүмкіндігінің зор екендігіне ерекше тоқталады. Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде келешегі кемел, дамуы қарқынды ел, гүлденген өркениетті 30 елдің қатарына қосылуға ұмтылуда. Мұны жүзеге асыратын біздің ертеңгі болашағымыз – қазіргі мектеп оқушылары. Сондықтан қоғамдық пән ретінде тарихтың алатын орны ерекше. «Тарих сабағында оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасы қалыптастырылады, адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке тәрбиеленеді, отаншылдыққа, халықтарды құрметтеуге, сыйлауға, яғни халықтар достығына тәрбиеленеді, еңбекке, діннің қызметін дұрыс бағалауға, бейбітшілікті сақтауға үлес қосуға тәрбиеленеді, эстетикалық, экологиялық, экономикалық тәрбие алады»30 деп жазды Т. Тұрлығұл әрі қарай өз еңбегінде осы тәрбиенің салаларына жеке – жеке тоқталады31 және Қазақстан тарихының тәрбиелік мүмкіндігін жүзеге асырудың әдістемелік жақтарын ашып көрсетеді. Ең негізгі жұмыс сабақ жоспарын жасағанда, сабақты ұйымдастырып өткізгенде жүзеге асады… Тарих сабағында оқушыларды тәрбиелеудің арнайы немесе ерекше әдісі жоқ. Негізінен, бұрыннан белгілі әдіс – тәсілдері қолданылады. Тарихи материалды тәрбиелік мақсатқа тиімді пайдалансақ жұмыс нәтижелі болмақ.32
Т. Тұрлығұл оқыту әдістерін жүзеге асырушы мұғалімнің бейнесі қандай болу керек екенінде назардан тыс қалдырмады. Ол өз жұмысына адал берілгендігін, шәкірті білуін, шәкіртіне қамқор, ақыл-кеңес бере алатын, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, әр оқушының ерекшелігін анықтайтын, сол ерекшеліктерін біліп, түсініп, ескеріп жұмыс істейтін, оқушымен құрметтеушілік, ынтымақтастық орната алатынмұғалім өз ісінің шебері бола алады33 деп ой түйіндейді, ақыл – кеңес береді. Тотай Тәжіұлы Тұрлығұл еліміздің мектептерінде тарих пәнін оқытуды жақсартуға бағытталған оқыту теориясы мен әдістемесіндегі бірегей тұлға, маңызды іс – шаралардың ұйымдастырушысы,зерттеуші – ғалым,әдіскер – ұстаз.
Тотай Тәжіұлы Тұрлығұл – мектепте тарих пәнін оқыту теориясы мен әдістемесін зерттеуші бірегей ғалым, Қазақстан тарихын оқытуда зор еңбек сіңірген тарлан тарихшы, Ермахан Бекмахановтың шынайы шәкірті, қазақ елінің тарихы жөніндегі бірнеше оқулықтардың авторы, ТМД елдерінде жеке қазақтан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы. Ол мектепте тарих пәнінің жеке пән ретінде оқытылуының 80 жылдық шежіресін қажымай, талмай үздіксіз зерттеді. Оны 1920 жылдардың ортасынан күні бүгінге дейін республика мектептерінде Қазақстан тарихын оқыту проблемаларын зерттеп талдаған әдіскер деп білеміз.
«Қанына тартпайтын қазақ болмайды». Н. Ә. Назарбаев сипаттап бергендей, «Бұл жердің Сырдариясы бар, бұл елдің жырдариясы бар… Бүкіл түркі әлемінің ұлы ойшылы Қорқыт баба жатқан топырақтан…»шыққан, «Алаштың анасы – Сыр» өңірінің түлегі абзал азамат Т. Тұрлығұл бүкіл қазақ елінің мақтанышы.
Сүгір жырау:
«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң баурайында күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды»34 – деп жырлағандай, таудай биік Тотай Тәжіұлы Тұрлығұлдай тұлғаларымыздың өмірін өнеге, ұстаздығын үлгі етейік.
Пайдаланған әдебиеттер:
1,5,6 Тұрлығұл Т. Қазақстан тарихы мектепте қашаннан оқытылады?
Қазақ тарихы, 1994. № 6
- Жалпы білім беретін орта мектептің 5, 8-11 кластарына арналған Қазақстан тарихының бағдарламасы. Алматы, 1990
- Тұрлығұлов Т. Қазақ ССР тарихынан әңгімелер. 4- класс. Алматы, 1962.
- Әбішқызы С. Өнегелі өмір. Қазақ тарихы, 2000, №4
7,8,9 Тұрлығұлов Т. Тарих сабағын жетілдіру жолдары . Алматы, 1984.
- Жүгешов Қ, Жусанбаева Т. Ұлағатты ұстаз, ғалым, әдіскер. Қазақстан тарихы, 2005, №12
- Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерде «Қазақстан тарихын» оқыту тұжырымдамасы. 1992. 23. 04. Қазақ тарихы, 1994, №1
- Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерде гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы, 1995.30.08
- Қазақстан Республикасының жалпыға бірдей білім беру стандарты, 2002.09.01
- Адырбеков Б, Тұрлығұл, Көпбай Ә. «Ежелгі Қазақстан тарихын» оқыту әдістемесі. 5- сынып, Алматы, «Атамұра», 2001
- Тұрлығұл Т, Құнапина Қ, Мәженова М. «Ежелгі Қазақстан тарихын» оқыту әдістемесі. 6 – сынып, Алматы, «Атамұра», 2002
- Қазақстан тарихы, 2004, №4
- Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.
Егемен Қазақстан, 2003, 28.12
- Білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ сьезі. Н.Ә. Назарбаев. Еркін елдің ертеңі – кемел білім мен кенен ғылымда. Егемен Қазақстан, 2004,13.10
- 23,26, 27, 33. Тұрлығұл Т.Т. Мектепте Қазақстан тарихн оқытудың өзекті мәселелері. Қазақстан тарихы, 2003, №1
- Назарбаев Н. Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы,
Қазақстан тарихы, 1998, №3
- Тұрлығұл Т, Таймағанбетов Ж, Адырбек Б. Ежелгі Қазақстан тарихы,
5 – сынып, Алматы, 2000
- Тұрлығұл Т, Адырбек Б, Көпбай Ә. 5 – сыныпта Ежелгі Қазақстан тарихы,
Алматы, 2000
24, 25 Тұрлығұл Т. Мектепте Қазақстан тарихын оқытудың теориясы мен әдістемесі.
Алматы,
28,29. Тұрлығұл Т, Веронянская О. Жүйелілік – құрылымдық тәсіл қалай қолданылады?
Қазақ тарихы, 2001.
30, 31, 32. Тұрлығұл Т.Т. Тарихи таным және тәрбие. Қазақ тарихы, 2002, №1,№3, 2003, №1
- Егемен Қазақстан 2004. 07. 09