Оқушының шығармашылық іс-әрекетін дамыту

Салпынова Қаным

Білім берудің жаңа бағыттарының басты ерекшелігі – оқытудың нәтижесін алдын-ала болжап, оқушылардың қызығушылығы мен ізденімпаздығы негізінде білімі мен біліктерін жетілдіріп, оны сана «сүзгісінен» терең зерделей отырып, танымдық  қызметін үнемі дамытуға және рухани толысуға ұмтылысын қалыптастыруды бағдар тұтады.

Шығыстың екінші ұстазы атанған, ғалым әл-Фараби өзінің еңбектерінде табиғаттың баға жетпес байлығы жөнінде: біріншіден адамды оқу-білім, тәлім-тәрбие, ізгілік сияқты қасиеттерге баулу үшін алдымен қоршаған дүниені, табиғат құбылыстарын танып-білу керек; екіншіден табиғатты аялау, ізгілікке баулу ұлттық тамырдан нәр алады, ал оның  бүгінгі таным-түсініктермен байытылып жаңғыруы заңды құбылыс; үшіншіден табиғатқа деген адам көзқарасының дұрыс бағытта болуы оның ой-сезіміне әсер етіп, мінез-құлқын жетілдіру арқылы жүзеге асады деген  педагогикалық, философиялық ой-тұжырымдармен байланыстыра көрсеткеніндей, қазақ даласында педагогикалық ой-пікірдің философиялық тұрғыда дамуының қайнар көзі осылайша әл-Фараби мұраларынан бастау алатынын аңғарамыз [1].

Дарынды, білімді жастар ғана егемендігіміздің ертеңін баянды етіп, қоғамның  әлеуметтік – экономикалық  дамуына үлес қоса алады. Сондықтан  орта  мектепте оқушылар мұғалім берген білімді игеріп  қана қоймай, оны әрі қарай өзінің танымдық  іс-әрекетімен сабақтастыруға  тиіс. Осыған  орай, мектеп  оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыруды арнайы ұйымдастыру – орта мектептегі оқу үдерісін жетілдірудің негізгі шарты  болып  табылады. Оны жүзеге асыру оқушылардың танымдық  қызғушылығы  мен ізденімпаздығын қалыптастыруға септігін тигізетін оқу үдерісін  ұйымдастырудың  әдіс-тәсілдері мен  нысандарын  іздестіруде  өзекті  мәселе.

Мектептегі жас ұрпақтың ой-өрісімен, рухани дамуының негізі – жаратылыстану пәндерінің мазмұнына, оқу-тәрбие жұмысының мақсатқа сәйкестігі мен меңгеретін ғылыми білімдер жүйесінің танымдық сипатына байланысты.

Жаратылыстану пәндерін оқыту барысында ғаламдық, ұлттық және өлкелiк ұстанымдардың бiр-бiрiмен ұштастырылуы маңызды рөл атқарады, ол тұлғаның қажеттiлiгi мен қызығушылығын қалыптастырып, оқушының жеке тәжiрибесiн, өзi тұрған аймақтың келелі мәселелерi туралы бiлiмдерiн, практикалық және зерттеу iс-әрекеттерiн қолдану iскерлiктерiн, оқуға деген ынталарын арттырады.

Қазіргі кезеңдегі білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында жеке тұлғаның танымдық қызығушылығын қалыптастыру – оқушының оқу-танымдық іс-әрекеттегі танымдық қызығушылығына тікелей байланысты. Танымдық қызығушылық – тұлғаның ізденімпаздық қабілет сапасын дамытудың негізгі өзегі болып табылады. Сондықтан шығармашылық қызығушылықты жеке тұлғаның дамуына, оның рухани жетілуінде мәні терең, мотивациялық, білімділік  бағдар құндылығы ретінде танылуының маңызы зор.

«Биология» оқушының ғылыми көзқарасын және жаратылыстану тұрғысынан ойлау қабілетін, тірі табиғат тіршілігінің құбылыстары мен үдерістерінің заңдары мен заңдылықтарының мәні туралы түсінігін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған. Бұл пән жануарлар мен өсімдіктер әлемінің эволюциясын түсіну, адам әрекетінің қоршаған ортаға әсерін ұғыну негізінде органикалық әлемнің тұтас бейнесін қалыптастыруға бағытталған. Биологиялық үдерістердің өзара байланысы мен өзара әсерін түсіну, экожүйенің бұзылу проблемаларын талдай білу негізінде оқушылар меңгерген биологиялық білімін күнделікті өмір жағдайларына сай қолдануға дағдыланады [2].

Мектепте биологиядан шығармашылық деңгейде білім беруді жетілдірудің әдістемесінің маңызы өте зор. Қазіргі кезде білім беру саласында болып жатқан өзгерістер түрлі әдістемелік бастамаларға кеңінен жол ашуда. Осыған орай  білім беруді жаңа сапада ұйымдастыру қажеттігі туындауда. Сондықтан да, қазір мұғалімдердің ең негізгі мәселесі – білім беру үрдісін, оқушылардың жеке басының ерекшелігін ескере отырып, сапалы түрде ұйымдастырып, оқушыларды шығармашылыққа баулу және оны жоғары деңгейде дамыту болып отыр.

Биологияны сапалы түрде оқыту, терең  білім беру, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру – биология пәні мұғалімінің міндеті. Биология арнайы білім беру пәні ғана емес, сонымен қатар оқушының логикалық, шығармашылық, интеллектуалдық ойлау қабілеттерін шыңдай түсетін  мықты құрал.

Оқушы өмірінде оқу – іс әрекеттің негізгі  саласы. Оқу – сабақ,  сабақтан  тыс  жұмыстар арқыды  жүргізіледі. Оқыту,  тәрбиелеу,  білім  беру, дамыту,  қалыптастыру – бірге  жүретін  үдерістер. Оқудың  міндеті – оқушыларға  ғылымның  негізгі  ілімін, ақыл-ой  еңбегінің дағдысы  мен  әдісін үйренуден  тұрады.Тәрбиелік  міндеттер оқушылардың  дүниетанымына, ғылыми ілімнің негізіне, табиғат заңдылықтары  дамуының  жүйелік  көзқарасын, өзінің  сендіру  мүмкіндігін  құрайды. Оқу әрекетінің маңызды компоненті болып, оқу міндеті табылатыны анықталған. Оның анықтамасын беру үшін, оны нақты-тәжірибелік міндетпен салыстырмалы түрде қарастыру керек. Мысалы, тәжірибелік тапсырманы шешкен кезде, оқушылар субъект ретінде өздерінің әрекет объектісін өзгертуге қол жеткізеді. Мұндай шешім нәтижесі қандай да бір өзгерген объект болып табылады. Оқу міндетін шешуде де оқушылар өздерінің әрекетінде объект немесе ол туралы пікіріне өзгеріс енгізеді, бірақ оның нәтижесі қызмет етуші субъектінің өзіндегі өзгерістен байқалады [3].

Оқуэксперименті арқылы оқушының шығармашылық іс-әрекетін қалыптастыру, сапалы білім алуын ұйымдастыру, шығармашылық іс-әрекетінің қалыптасуына түрткі тудыру, шығармашылық тапсырмаларды деңгейлеп құрастыру, қолдану, нәтижені дәлелдеуге және мектептегі оқу экспериментін жүргізу үшін оқыту ұстанымдарын пайдалану арқылы, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде шығармашылық іс-әрекетті және сол әрекет арқылы өздігінен алған білімін кеңейтіп, тереңдететін, өзін-өзі дамытатын, саналы ойлайтын, өздігінен тұжырым жасайтын, өмірлік тәжірибелерінде кездесетін проблемаларды өзі шеше алатын шығармашылық іс-әрекет жасай алатын тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік туады[4].

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар.– Алматы: Ғылым,1973.–215 б.
  2. Оқу бағдарламасы.«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ – NIS-Рrogram.2017 ж.
  3. Жақсыбергенова Р. Оқушылардың дүниетанымдық көзқарасын дамыту // Қазақстан  географиясы  және экология  мектепте және  ЖОО-да  оқыту. − 2004. − № 4.2. − 4 Б.
  4. Салпынова Қ. Оқушылардың таным процессін  тиімді  ұйымдастыру  арқылы  оқу    белсенділігін  арттыру // Қазақстан  мектебі. − 2007. − № 5.
 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *