Балабақша мен отбасының бала тәрбиелеудегі қарым-қатынасы
Аяпова Индира
Балабақша мен отбасының бала
тәрбиелеудегі қарым-қатынасы.
Балаларымыз болашағымыз, бала тәрбиесі еліміздің әлеуметтік дамуының, құрылымының келешегін айқындаушы деп есептейміз. Егемен еліміздің көк туын желбіретер ертеңгі болашақ, яғни бүгінгі бүлдіршіндер тәрбиесі аса ауқымды, назар салатын басты мәселенің бірі.
Біздің мемлекетіміз бүгінгі таңда әлеуметтік, экономикалық және саяси негіздерін жаңа заманға сай жасаушы мемлекет .
Мемлекетіміз келешекте жас ұрпақтың еліміздің азаматы болуы үшін денсаулығына, отбасына, ойынға, білімге деген құқықтарын толығымен қуаттап, қабілеттерін барынша жүзеге асыру және үлкен жетістіктерге жетуде табанды болуын қалайды.
Бала тәрбиесі ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Тәрбиенің ең алғашқы бастамасын отбасында алса, жалғасы балабақшамен байланысады, яғни бала тәрбиелене отырып білім алады.
Отбасы адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Қоғамда отбасы екі қызмет атқарады, оның бірі-дүниеге ұрпақ әкелу, екіншісі-дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамытуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру.
Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты, сондықтан ол қоғам мүддесіне қызмет етуі тиіс. Отбасы ең алғашқы тұлғаны дамытатын әлеуметтік орта. Отбасында баланың тұлғалық қасиетіне ықпал ететін көптеген жағдайлар болады. Мәселен, отбасы мүшелерінің мәдени деңгейі баланың түрлі әлеуметтік құндылықтарды игеруіне игі әсерін тигізеді.
Отбасындағы жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерін қалыптасуына ата-ананың, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасындағы мейірімділік пен махаббат қажет. Толық мәнді отбасы болу үшін ата-ананың және басқа отбасы мүшелерінің береке–бірлікті, түсінікті сақтауы, сонымен қатар әр отбасы мүшесінің құқығы қорғалуы тиіс.
Тек осындай ізгілікті мұраттар отбасында орын алғанда ғана, Отанын, елін-жерін сүйетін, өз ұлтының салт-дәстүрін, сонымен бірге жалпы адамзаттық мәдени құндылықтарды бойына сіңіріп, өзінің кісілік келбетін сақтай алатын тұлға тәрбиелеуге болады. Бала отбасынан жақсыны да, жаманды да бойына сіңіреді. Сондықтан халқымыз «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей бала тәрбиесі оның дүниеге келгенінің алғашқы күнінен басталады. Адамзат ұрпағына отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Балаға ата-ана тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алмайды. Яғни , елдің ер-азамат тәрбиелеу, ең алдымен , отбасына жүктеліп отыр.
Отбасы–адам баласының өсіп-өнер, қазтұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Ол бала үшін бір үлкен әлем,осы әлемде бала алғаш өмір мен қарым –қатынас жасап, өмірді сүюді, қиындыққа көнуді, қуануды, қайғыға ортақ болу керек екенін ұғынып өседі. Баланың отбасындағы тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың бірі–отбасыішілік және отбасынан тысқары атқарылатын еңбек. Отбасындағы күнделікті тұрмыс қажеттілігін қамтамасыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік қатынасқа түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді. Сондай еңбектің барысында баланың жауапкершілігі артып, еңбек ету қажеттілігін түсінетін болады. Отбасы тәрбиесі кешнеді педагогикалық мақсаттылық арқылы іске асады. Сондықтан кез келген педагогикалық тәрбие отбасымен қарым-қатынас жасамай іске аспайды. Сондықтан балабақшадағы оқу-тәрбие ісінде басты мақсаты ата-анамен тығыз байланыста жұмыс жүргізу болып саналады. Бұл барлық педагогтерге түсінікті жайт, дегенмен әлі күнге дейін балабақшамен ата-аналармен жұмыс жүргізу кәзіргі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып тұр деп ойлаймын. Сол себебтен балабақша ұжымы , тәжірибелі педагогтердің жұмысының арқасында бүлдіршіндерге ең жақын адамдардың бізбен бірге бірлесе отырып тәрбие ісіне араласуына ат салысып жұмыс жүргізуіміз керек. Біз бірге болуымыз керек екенін ұғындыру біздің басты міндеттеріміздің бірі екенін естен шығармауымыз керек.
Отбасындағы тәрбиенің тиімді болуы ондағы қарым-қатынас түрлерінің орнығуына байланысты. Отбасында түрлі қарым-қатынастар орын алады:
Ынтымақтастық қарым-қатынас, яғни отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы түсіністік пен көмекке бағытталады.
Ортақ мүддеге негізделген бірыңғай қарым –қатынас жақсы қарым-қатынасты сақтай отырып, өзара жетістікке жетуді көздеген қарым-қатынас бәсекелестік , барлық жағдайда өзінің бәсекеде ұтуын көздеген қарым-қатынас;
түрлі себептермен туындаған отбасындағы қайшылықты қарым-қатынас;
Демек, әр отбасында түрлі қарым-қатынастың орнығуынан баланың жеке тұлғалық қасиеті қалыптасады. Отбасында түрлі қарым-қатынас қалыптары көрініс береді. Кейбір отбасында отбасы мүшелерін бетімен жібереді, мұндай жағдайда ешқандай қарым –қатынас болмайды. Ал, кейбір отбасында бедел орын алған қарым-қатынас орнайды. Оның да өзіндік ерекшеліктері бар, онда біреудің басқаларға басымдылық танытуы, бұйыруы баланың тұлғалық қасиетінің дамуына жағымсыз ықпал етеді. Қазіргі кезде заман ағымына қарай, отбасында демократиялық қарым-қатынасқа ұмтылушылық бар, яғни әр отбасы мүшесі тең құқықты қарым-қатынасты орнатуды көздейді.
Отбасының балаға тәрбие берушілік қызметінің мақсаты-баланың жасын, жеке ерекшелігін, психологиялық процестерін ескере отырып, жарасымды жетілген ұрпақты тәрбиелеу. Көздеген мақсатқа жету үшін отбасындағы тәрбие төмендегі міндеттерді шешеді.
– Отбасында баланың өсуіне, денсаулығына қамқорлық жасау, тазалықты қалыптастыру.
– еңбексүйгіштікке баулу, тұрмыстағы үй шаруасындағы еңбекке құлшынысын арттыру, өзіне-өзі қызмет етуге үйрету.
– Отбасы мүшелерімен тіл табысып, дұрыс қарым-қатынас жасауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үйрету.
– Әдебиетке, мәдениетке, өнерге тәрбиелеу. Бұл міндеттер жүзеге асу үшін бала дүниеге келген күннен бастап отбасында, қоғамдық орындарда, мектепте тәлім-тәрбие беріледі. «Баланы жастан», «Ұяда не көрсең,ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөздердің мағынасы өте терең. Себебі, есейіп кеткен соң баланың теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Осы кезде «Балаңыздың тәрбиесін бастамас бұрын, өзіңіздің мінез-құлқыңызды, өмірге көзқарасыңызды ой елегінен өткізіп, бақыладыңыз ба?» деген сауал туады.
Ұлы педагог А.С.Макаренко: «Балалардың алдында беделді болуды қаламайтын ата-ана жоқ. Бірақ қалай, қай бағытта өнеге беріп, өсіріп келе жатқанын ойламастан, бала санасын рухани өктемдік жасап тәрбиелейтін ата-ана баршылық. Бұл беделді болудың қандай жолы? Мұндай жолмен келген адал баланың санасы жетілгенде өздігінен жойылады» деген. Отбасы тәрбиесіндегі кездесетін сәтсіздіктер ата-аналардың педагогикалық сауатсыздығынан және оларда тәрбие жұмысын жүргізуге
қажетті тәжірибенің жоқтығынан болады. Балаларды тәрбиелеудің дұрыс жолын табу үшін ата-аналарға көмектесу тәрбиешілердің міндеті. «Ұстаз-бағбан, бала-гүл» деген қағида әр тәрбиешінің ұстаздық қстанымы. Осы қағиданы ата-ана мен ұстаз бірігіп пайдалансақ балабақша бала үшін ең сүйікті мекенге айналар еді. Бағбанға гүлдің әйеуір өскенінен, әдемі болып өскені қажет екендігі сияқты, ата-ана ұстазға да баланың әйтеуір ержеткенінен, әдепті болып есейгені қажеттірек. Бағбан өзінің өсірген гүлінің санымен емес, сапасымен мақтанатыны сияқты, ата-ана да баласының әдептілігімен мақтануы тиіс.
Түйіндей келе, отбасында орныққан қарым-қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашанда ата-анадан жүрек жылуын , мейірімділікті қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, үлгі өнеге көрсетуші және ақыл-кеңес айтушы болып танылады.
Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана бала мен рухани үндестік пен үйлесімдікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға көңіл бөлу, халықтың тәлімдік мұрасын бүгінгі күнмен сабақтастыру болып табылады. Осыған орай, отбасында еңбексүйгіштікке , баланың жасына сай еңбек түрлеріне және қоғамдық –пайдалы еңбекке баулуды іске асыру қажет. Ата-ана және әлеуметтік орта, яғни балабақша болашақ азаматтың денсаулығын жастайынан сақтау үшін , оның тәнінің дұрыс түзеліп қалыптасуына , салауатты өмір салтын нығайтуға ерекше мән бергені бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болып саналады.
Әр отбасы ата тегінен келе жатқан кәсібін, өнерін, таңдаған еңбегін құрметтеп, оны кейінгі ұрпаққа үлгі -өнеге еткен, бірлесіп атқарған пайдалы-қоғамдық еңбек барысында адамгершілік қағидаларды қатаң сақтап, дамытып отырған, ұрпағына ақыл –кеңес беріп, ата-кәсібін құрметтеп, қалыптасқан дәстүрді жетілдірген.
Бүгінгі күн заман талабына сай оқу-тәрбие үрдісінде ұйымдастыруда әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, тәрбие ісіне ата-ананы тікелей қатыстырудың оң нәтиже беретінін өмір мен тәжірибе дәлелдеп отыр. Сондықтан көптеген жылдар бойы осы бағытта қажырлы еңбектер жүргізіліп келеді. Біздің балабақшада осы бағытта ата-аналармен талмай еңбек етіп өз алдына мынадай мақсат міндеттерді қойып отыр. «Үздіксіз білім беру мен сауықтандыру, тәрбиелеу жұмысында кеңістік құру сабақтастығын жүзеге асыру» яғни, ата-ана бала тәрбиелеу ісіне белсене ат салысу үшін белгілі бір жүйе құра отырып жұмыс жүргізу. Осы міндеттерді іске асыру барысында «Тәрбиеші-ата-ана» мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырады. Балабақша ұжымы осы мәселерді талдап, талқылай отырып ата-аналармен жұмыс жүргізуді мынадай бөлімдерге бөліп қарадық. «Оқи отырып, тоқи отырайық», «Өз ойыңды басқамен бөліс» , «Біз біргеміз» .
«Оқи отырып, тоқи отырайық» бөлімінде балабақша педагогтары ата-аналармен бірлесе отырып оқу-тәрбие процесінде жұмыс атқарады. Бұл бөлімде ата-аналарға түрлі жарыстар жарнама жасау, семинар кеңестер беру арқылы жұмыс іске асырылады. Сонымен бірге, педагог-тәрбиешілер де тек балалармен, ата-аналармен жұмыс жүргізіп қоймай өз білімдерін жаңаша толықтыруға талпынады. Әр педагог –тәрбиеші жұмыс бағытын іздей отырып жаңа үрдістегі тәрбиеге тап болары сөзсіз деп ойлаймын.