Ойыншықтар достығы

Домбаева Эльнара

Мақсаты: Ойыншықтар және олардың достығы туралы қысқа сюжеттік әңгіме құрастыруға үйретуді жалғастыру. Өзара татулық сезімдерін дамыту, сөздік қорын молайту, қабылдау , есте сақтау қабілетін жалғастыру.

Сөздік жұмыс : маймыл, көжек.

Билингвальды компонент : маймыл – обезьяна, көжек – зайчик.

Көрнекіліктер : суреттер,  ойыншықтар, геометриялық  пішіндер.

  1. Шаттық шеңбері:

Шеңбер болып тұрайық,

Алақанды ашайық.

Күннен жылу алайық

Жүрекке жылу салайық.

Жиналған жылы шуақты

Бір – бірімізге сыйлайық.

  • Өте жақсы, балалар, орнымызға отырайық. Мен де сендердің бүгінгі күндеріне сәттілік тілеймін!
  1. – Балалар , мен сендерге сұрақ қойғым келіп тұр.
  • Неше жыл мезгілдерін білесіңдер?
  • Қазір қай жыл мезгілі?
  • Күздің қай айы? – Ия, дұрыс айтасыңдар күздің соңғы айы.
  1. Ойын «Ненің суреті жасырылған?»

Шарты : Өздеріңе ұнаған пішіндерді таңдап алып , қай геометриялық пішін екенін, түсі қандай, оны айтып, артында аяқталмаған суреттер бар, сол ненің суреті екенін табыңдар?

 

Жасырылған суреттер:  Пирамида , қуыршақ, ат , көлік .

Балалар, ойыншықтарды резеңкеден , пластмассадан , матадан жасалынған ойыншықтар деп бөлуге болады.

Міне, мына ойыншықтарға қарайық.

  • Парта үстінде тұрған ойыншықтармен таныстыру.
  • Енді балалар , мен сендермен тағы бір ойын ойнағым келіп тұр.

Ойын : «Кім жылдам?»

Балалар, мен сендерге жұмбақ жасырамын, егер жауабы дұрыс  болса, сиқырлы дорбадан сол ойыншық шығады.

  1. Тиіп кетсе жылаған

Даыусы көпке ұнаған.     Домбыра

  1. Кеудесінде жаны жоқ,

Тамырында қаны жоқ.

Май жейді,

Су ішеді ол не?                 Машина

  1. Ұшып – қонып тынбайтын,

Қанша соқса сынбайтын.

Суға салсаң батпайды

Түскен жерде жатпайды.     Доп

  1. Иілсең иіліп,

Түйілсең түйіліп.

Қарайды кісіге –

Ұқыпты ісіне.                       Айна

Ол неден жасалғанын, жұмсақ, қатты екенін ажыратқызу , резңкеден, пластмассадан, темірден.

  • Ал енді біздің балалар ,ойыншықтар туралы өз тақпақтарын айтып берсін :

Саянұр:

Күшік , мысық, балапан,

Қуыршағым балақан.

Кәне , бәрің тұрыңдар,

Ойын сауық құрыңдар.

Кәусар :

Ойыншығым балапан,

Сүп- сүйкімді сап-сары.

Шіренгені болмаса,

Ұстағанда жұп –жұмсақ.

Асылзат:

Ойыншықтарым көп менің,

Бәрін жақсы көремін.

Кешке дейін жалықпай,

Бірге ойнап жүремін.

Айғаным :

Дос болайық бәріміз,

Жарасып тұр әніміз.

Тыныштықты сақтаймыз

Атсын күліп таңымыз.

Кайср:

Іші толған бөлменің ,

Ойыншығым мол менің.

Босқа тізіп қоймаймыз,

Келе ғой достар ойнайық.

Ералы :

Үлкенмін ғой міне мен

Ойыншықтарды жинаймын.

Машинаға мінер ем

Кабинаға сыймаймын.

Іңкәр:

Ойыншығым қуыршақ,

Не берсем де жемейді.

Еркелігі соншама

Көтермесем жүрмейді.

Нұркен :

Біз ұқыпты баламыз ,

Айтқан тілді аламыз.

Ойыншықтарды жинаймыз

Үлкендерді сыйлаймыз.

  • Балалар, сендердің достарың бар ма ?

Сендер достар, достық деген сөздерді қалай түсінесіңдер?

  • Дұрыс , балалар, достар бір – біріне әрдайым көмекке келіп, қолындағысымен бөлісетін , тату , бір –бірін сыйлайтын жандарды достар дейміз.

Ғажайып сәт:

  • Балалар, бізге қонаққа ойыншықтар келіпті. Қазір мен сендерге осы ойыншықтар туралы әңгіме айтып берейін. Әңгіменің аты : «Ойыншықтар достығы».

«Ойыншықтар достығы»

Ертеде бір сұлу, әдемі қуыршақ болыпты. Ол өзінің әдемілігіне мақтанып, басқа ойыншықтармен ойнамапты. Достары аюдың баласы – қонжық, қоянның баласы – көжек , маймыл ойнауға шақырса бармапты. Бір күні қуыршақ өзінің сұлулығына сүйсіне қарап отырыпты. Аяқ астынан қатты жел соғып , қуыршақ еденге ұқлапты. Оның әдемі көйлегі жыртылып , ол қатты жылапты. Оны байқаған ойыншық достары қуыршақты аяп кетіпті. Маймыл қуыршақтың жыртылған көйлегін тігіпті, көжек басынан сипап жұбатыпты. Ал қонжық болса, қуыршақты жерден көтеріп , орындыққа отырғызыпты.Содан соң қуыршақ менмендігін ұмытып , достарымен бірге тату – тәтті өмір сүріпті.Қуыршақ доссыз өмір қызықсыз екенін ұғыныпты. Ол  өзінің қонжық , маймыл , көжек сияқты достары бар екеніне қуаныпты.

  • Балалар , сендерге әңгіме ұнадыма ?

Сұрақ – жауап әңгіме бойынша :

  • Маймыл не істейді ? /көйлегінің жыртығын тігіпті/
  • Көжек қалай көмектесті ? /басынан сипап жұбатыпты/
  • Ал қонжық ше ?/қуыршақты жерден көтеріп , орындыққа отырғызыпты/
  • Қуыршақ нені түсінді ? /доссыз өмірдің жаманын/

 

 

Сергіту сәті : Шапалақ

Қолымызды біз созамыз

Шапалақты біз соғамыз

Ля-ля- ля- ля

Шапалақты соғамыз!

Дөңгелене билейміз

Шыр көбелек айнала

Аяқты бір басамыз

Топ- топ –топ- топ

Аяқты бір басамыз!

Дөңгелене билейміз

Шыр көбелек айнала

Басымызды иеміз

Көзімізді жұмамыз

Ия –ия –ия-ия

Көзімізді жұмамыз.!

Балалар сендер достарыңа сыйлық жасаңдар.

Сыйлық ретінде ойыншықтардың суретін жапсырып береміз .

Ойын : «Достық неден басталады ?»

Шарты : балалар , мен сендерге достықтың неден басталатыны туралы сөздер айтамын сендер  «ия» , «жоқ» деп жауап бересіңдер.

  • Татулықтан (ия)
  • Сыйластықтан (ия)
  • Көмектесуден (ия)
  • Сыпайы болудан (ия)
  • Төбелескеннен (жоқ)
  • Өтірік айтқаннан (жоқ)
  • Достықты сатуға болама (жоқ)
  • Сендер бір бірлерінмен татусындарма (ия)

Қорытындылау:

Балалар , біз бүгінгі оқу іс – әрекетімізде «дос», «достық» деген ұғымдармен таныстық.

  • Достар әрқашан қандай болуы керек?
  • Достар бір – бірлерімен қалай ойнаулары керек?
  • Қандай жағдайда бір – бірлеріне көмектесулері керек?

Өте жақсы балалар, достар әрқашан бір –біріне қолдау жасап, қамқорлық көрсетіп , көмектесіп , ойыншытармен бөлісіп ойнайды. Бір – бірлеріңді ренжітпей , тату достар болыңдар! Сендерге үлкен рахмет айтамын сабаққа өте жақсы қатыстыңдар. Сендерге бүгінгі сабақ ұнады ма ? Олай болса мына смайликтен өздеріңе ұнағанын таратып берейін.

Күтілетін нәтиже:

Білуі керек : ойыншықтардың түрлерін , әрі неден жасалатынын , әңгімені тыңдауды.

Нені игерді : әңгіме бойынша өз түсініктерін айтуды.

Нені үйренді : дос, достық туралы ұғымдарды.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *