Өзіңді танығың келсе, жеті атаңды біл
Альмагамбетова Бакшагуль Галимовна
Мақсаты:
-балалардың өзінің кім екенін,ағайын-тумаларының қайдан шыққанын білгізу,ұрпаққа шежіре үйрету;
-балалардың отбасын,жеті атасын,қазақ халқының салтын,дәстүрін білуге баулу;
-ата-текті құрметтеу,отбасы құндылығы мен тектілік туралы ұғымды түсіне білуге тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: суреттер,слайдтар,нақыл сөздер.
Жылулық шеңбері
Мына сұлу әлемде,-
Адам өмір сүреді.
Үлкен менен кішіге,
Күн сәулесін төгеді.
Тәрбиеші: Құрметті балалар! Ата-тегін біліп,тілін,дәстүрін,салтын құрметтеп сақтайтын балалар, еліміздің болашағы,сендерсіңдер.
Ұсақ болма,ірі бол
Өз ортаңның гүлі бол!
Ата-ана көзінің
Сөнбейтұғын нұры бол!
Кім болсаң да әйтеуір
Азаматтың бірі бол!
Туған елдің ұлы бол,
Ойға тоқы,парқын сез,
Ата сөзі алтын – демекші бүгінгі сабағымыз қазақ халқының салтын-дәстүрін,тегімізді білуге арналады. Ендігі кезек сендерге беріледі.
1-бала
Бұтағы бабасының,
Ұрпағы-атасының
Шуағы –әжесінің,
Тұяғы әкесінің,
Тілегі-анасының,
Тірегі-ағасының,
Түлегі-даласының,
Дарытқан бар асылын
Мен қазақ баласымын!
2-бала
Бабамнан басталар
Өз жұртым мыналар.
Ең жақын адамдар
Әкем мен анам бар.
Әкемнің әкесі
Ақ басты атам бар
Әкемнің шешесі
Ақ шашты әжем бар.
Әкеге мен бала
Атаға-немере
Немере баласы
Болады шөбере.
Тәрбиеші: жарайсыңдар,балалар.
Келесі тақырып мақал-мәтелді қалай түсінеміз?
Ақжібек: мақалды сөзімізге қосып айтсақ,сөзіміз дәмді болады.
Тәрбиеші: Олай болса балалар мақал-мәтел айтып жарыссақ кайтеді?
Тектілік туралы мақал-мәтелдер.
1-бала
Тілі жоқтың тегі жоқ.
Тегі жоқтың елі жоқ.
2-бала
Тектен нәр алған тозбайды
Көргені жақсы көш бастар.
3-бала
Дөңгелектің шегі жоқ
Көргенсіздің тегі жоқ.
4-бала
Тексізді төрге шығарма.
Тәрбиеші: Бұл мақалдарда ата-бабаларымыз тектілік ұлы адамдық қасиет екенін өз перзенттеріне жан-жақты ұғындырып,басқа бақ қонса таситын,бақ тайса жаситын тексіз адам болмауды ерекше ескертіп отырған.
Тәрбиеші: Балалар,дүниеде ең жақынымыз кім?
Еркежан: «Дүниеде ең жақының кім?» деген сұраққа ата-бабадан қалған ескірмейтін есті сөзімен жауап берейін:
Тату болса-ағайын жақын,
Ақылшы болса-апайың жақын.
Бауырмал болса-інің жақын.
Алдыңа тартқан адал асын
Қимас жақын қарындасың!
Тәрбиеші: Жарайсыңдар,балалар! Қазақ отбасында балаға тілі шығып,анық сөйлей бастағанда, ағайын-туысын, нағашы –жұртын,ата-тегін, руын, ел-жұртын тани білуге ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу-заң»болған.Ата-бабаларымыз өз тегінің шығу тарихын білуді әр азаматқа парыз деп ұққан. «Жеті атасын білмеген ер жетім», «Жеті атасын білген ұл,жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан калса керек. Кім маған жеті атаға кімдер жататынын айтып береді?
Әліби: ата,әке, бала,немере,шөбере,шөпшек, немене.
Тәрбиеші: балалар ендігі тақырып «Менің әулетімнің шежіресі». Сендер «шежіре ағаш» туралы білесіңдер. Олай болса ата-аналарыңмен бірлесіп жасаған өз отбасы,ата-тегі туралы шежіре ағашы туралы әңгімелеп беріңдер. (ағашқа өз отбасының суреттерін жапсырып,сол сурет бойынша ата-тегін әңгімелеп береді). Суреттерін көрмеге қояды.
Тәрбиеші: Бүгінгі сабағымызды аяқтай отырып,өмірлерің сырлы,күндерің нұрлы болсын дей отырып,ежелден келе жатқан ата дәстүрі «Ата сөзі-бата» демекші үлкен кісіден бата сұрайық.Халқымыз батаны киелі деп жоғары бағалаған.
Бата:
Әмин десең пенделер,
Алладан ісің жөнделер,
Ата-анаңды сыйласаң,
Тасың өрге дөңгелер.
Тәрбиеші: жарайсыңдар,балалар!
Жайнатар кең өлкені,
Болашақтың ертеңі,
Біз бақытты балдырған-
Ата-ананың өркені -деп бүгінгі салт-дәстүр,ата -тек туралы сабағымызды келген қонақтармен қоштаса отырып, аяқтайық.
Ал,балалар тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық.
Кездескенше күн жақсы,
Сау,саламат болайық. Сау болыңыздар!