Азаттықты аңсаған ұлт көсемі Міржақып Дулатов

Шекеров Асылан Сағадатұлы

ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихының аса бір күрделі кезеңінде ұлттың еркіндігі мен өзін – өзі билеуі үшін күресте қанша қуғын – сүргін көрсе де, өмірлік мұраты еткен теңдік пен азаттық жолынан ешбір таймаған, М.Шоқай сөзімен айтқанда, Түркістан түркілерінің ең көрнекті, ең сыйлы өкілдерінің бірі.

Халықтың шын жанашыр қамқоры болып туған, өте алыс болашақтарды ойлап, мәңгілік маңызы бар істер атқарған ақын-жазушыларымыздың бірі-Міржақып Дулатов. Ол – нағыз ұлтжанды, өз ұлтының шамшырағы секілді біртуар ұлы. Керемет құдіретті сөздердің иесі, Міржақып қазақ даласын жанындай сүйіп, оның келешегін ойлап “Оян, қазақ!” деген атпен өлеңдер жинағын жазғанда ол 25 жаста еді. Жас та болса, бас болып, әу дегеннен ел назарына ілікті.

ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамына жан бітірген, белсенді қимылға бастаған заман болды. Бұл патшалық Ресейдің отаршылдықты күшейтіп, қазақ даласына тізесін одан әрі батырып, озбырлығы өрши түскен кезі еді. Патша пәрмені күшейтіліп, айдың күні аманда әржерлерде құрылған дала соттарының шешімдерімен туған халқына жан – тәнімен берілген кінәсіз, асыл азаматтар сәл қарсылық көрсетсе болды Сібірге айдалып, абақтыға жабылып, атылды. Жергілікті  әкімшілік тарапынан жасалатын әлеуметтік әділетсіздік күнделікті дағдыға айналды. Олар қазақтарды ұрып соғып, мал – мүліктерін тартып алып, ойына не келсе соны істеп, жер аударылған мұжықтар үшін ешнәрседен тайынбады. Сауаты кем бұқара ел ішінен шыққан белсенділердің зорлық – зомбылығынан қажыды.

Осындай жағдайды күн сайын көзбен көріп, жете ұғынған Міржақып Дулатұлы өз кезінің өзекті әлеуметтік мәселелер туралы тамаша тұжырымдар жасады. Ол : «Енді шенеуніктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет – ғұрпымызды, біздің молдаларға ғана тиісті неке мәселесіне де араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды[1,29]. Патшалық Ресейдің отарлау саясатының тақсіретін тартқан қазақ халқын оянуға, бекер өмір сүру үшін күресуге шақырды:

 

Көзіңді аш, оян,қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас – ты.

Жоғарыдағы төрт – ақ жолға сол кездегі қазақтың ащы шындығы тұтас сыйғызылған еді.

1907  жылы «Серке» газетінде шыққан, отаршылдық саясаттың озбырлығын айқын көрсететін «Біздің мақсатымыз» атты тұңғыш мақаласындағы: «Қазағым менің, елім менің! Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық. Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады» – деген алғашқы сөздерінің өзі – ақ М.Дулатұлының өз халқының азаттығы жолындағы күресінің басты мұраты іспеттес. 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысын басқарған, қазақ ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалаған, алашорда үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейхан өзінің соңынан ерген жастарға – егер ұлтыңа пайдалы адам болғыларыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз, сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі – ақ көрсетіп береді деп кеңес беруі осы мәселенің қазақ үшін қаншалықты маңызды болғанын аңғартады.

Міржақып Дулатұлы 1911 жылы жазған «Жер мәселесі» деген мақаласында қазақ үшін аса маңызды нәрсе – елді отаршылдыққа үндейді. Автор: «Ішкі Россиядан бұлттай көшіп келе жатқан мұжық алдағыға көз салуды үйреніс қылмаған қазақ халқын да ойға қалдырды. Бұрынғыдай көшіп жүру керек пе?» – деп сұрақ қоя тұрып, бұл мәселенің оңай емес екенін айтады[1,44]. М.Дулатұлы қауіпті дертке ғалым тәуіптің қаншалықты қажет екенін айта отырып, бұл мәселенің түйінін шешуге де сонша білім керектігін айтып, отырықшылық сол кездегі керектің бірі һәм біріншісі болғандықтан, газет оқушыларының назарына қала болу керек пе немесе көшіп жүру керек пе деген екі түрлі жобаны ұстанды. Содан соң өнер білім заманында оқудан марқұм қалмауға, надан халық білімді халықтың қасында өзінің дінің, құқын саөтай алмайтындықтан, қала болып, саудамен айналысуға, оқу оқып, өнер тауып, алдыңғы қатарлы елдердің ісін істеп, солардың қатарындағы халықтардың бірі болуға үндейді.

Қазақ қоғамындағы аса бір күрделі мәселе – халықтың ауыз бірлігі, бірігіп тірлік ету болғанын бесенеден белгілі. Ел ішінде ақ көңіл, адал ниеттің жетісе бермейтіндігі, «бүгінгі дос – ертеңгі жау», аңдығаны ағайын, айтқаны өтірік, жапқаны жала болғаны, кезінде данышпан Абайдың да жанында жегідей жеген еді. Міржақып Дулатұлының өзге жұрт өрге ұмтылса, қазақ өзді – өзін аңдуды бұрынғыдан да арттырып жібергеніне налиды. Ол өзгенің өнер – білім, кәсіптің жаңа түріне ие болып жатқанда қазақ даудың, бәле – жаланың жаңа түрін тапты дейді. Бұған Ақмола, Семей облыстарында сенімсіз адамдар бес жылға аударылатынын біліп алып, қит етсе астыртын шағынып, бірін – бірі айдату баланың ойынындай болып кеткеніне мысалдар келтіреді. Ол «Қазақты жау мен жұттан құдай сақтар – ау, бірақ бұл мінезін қоймаса,тегінде түбінде дау жетер» – деп қазақ арасын жайлаған өсек – жала, дауға күйінеді[1,236].

Міржақып дулатұлы «Қайтсек жұрт боламыз» атты мақаласында патша үкіметі құлап, ескі тәртіп жойылып, бостандық туғанына жыл жарым болғаны, осындай заманда қазақ сияқты халықтардың ұйымдасып, жұрт қатарына қосылып қалудың лажын іздестірудің қажеттігі туралы жазды. Бұл бағытта сол кездегі буынның алдында тұрған үлкен міндет -–келешекті ойлау еді. М.Дулатұлы Алаш азаматы екі жолдың айырығында тұрғандығын, бірі – құлдық жолы, екіншісі – жұрттық жолы екенін көрсете отырып: «Сөз байлаулы сол, әскеріміз болмаса, қазынамыз болмаса, біз автономия ала алмаймыз. Автономия алмасақ, жұрт бола алмаймыз. Қайтсек жұрт боламыз дегенді ойласақ, жауап біреу – ақ – әскеріміз болсағана жұрт боламыз» – деп кесіп айтады[1,363]. Мақалада содан кейінгі көтерілген үлкен мәселе – халықтың бірлігі.  1918 жылдың 2 қаңтарында «Сарыарқа» газетіне шыққан «Жалпы қазақ – қырғыз съезі» деген мақалада Міржақып Дулатұлы өз алдына автономия – мемлекет болудың оңай еместігін ашық айта отырып, барлық қазақ баласына Алаш туының астына жиналуға шақырады. Ол : «Біз енді өз алдымызға мемлекет боламыз деп тұрмыз. Бірақ «боламыз» бен «болудың» екі арасы жермен көктей. Сондықтан «боламыз» деген соң болуға аянбай қам қылу керек. Боламыз деп бола алмай қалсақ, дүниеде онан артық қорлық жоқ, кез келгеннің қолында кеткеніміз» дейді [1,346 -347].

Туған халқының бостандығы мен ұлт ретінде қалыптасуын армандаған, оның жолына өмірін арнаған, тарихымыздың тағдырлы кезінде «Оян қазақ!» деп ұран тастаған, қарымды қаламымен жарқын болашаққа қызмет ете білген Міржақып Дулатұлының мұрасын оқу, игеру, оның рухани күшін бігінгі құрып жатқан қоғамда пайдалана білу бүгінгі ұрпақтың абыройлы міндеті болмақ.

Бостандық! – деп  аталатын асқақ арман жолында қаншама қан төгілді, қаншама елдің қамын ойлаған батыр азамматтар мерт болды. Бұл арпалыс бір күн, бір жыл, бір мезет емес, талай ғасырларға созылды. Қазақ халқы азаттық үшін талай қиындықты бастан кешірді. Бірақ ешқандай мойымады, күресе білді. Азаттық таңы туатынына кәміл сенді. Тәуелсіздік туы желбіреп аз уақытта еліміз әлемді сүйсіндіріп, сұлулығымен таң қалдырды. Бас аяғы 25 жылдың ішінде Қазақстан бүкіл әлемге танылды.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Дулатұлы М. Бес томдық шығармалар жинағы. Екінші том: Көсемсөз, әдеби – сын және зерттеу мақалалары. / Құраст. Г. Дулатов, С.Иманбаева. – Алматы: «Мектеп баспасы» ЖАҚ, 2003 -392 б.
  2. Алаш қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтік көзқарастары. Оқу құралы. Құраст. Ә.Қ. Бәкір Астана – 2008.
 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *