Қазақтың ұлттық ойыны «Ханталапай»
Жамиева Алтынай Оразқызы
Ойынның мақсаты: Қазақтың ұлттық ойындары арқылы балалардың жас ерекшелігіне байланысты логикалық ой жүйесін дамыту, жылдам шешім қабылдауға баулу, ұлттық құндылықтар мен мәдениетті бойына дарыту, салт-дәстүрлерді насихаттау. Қимыл белсенділіктерін дамытып, ептілікке, шапшандыққа үйрету.
Міндеттері: Топта жұмыс істей білуін қалыптастыру, патриоттық сезімдерін және Отанға, туған өлкеге деген сүйіспеншіліктерін ояту.
Методикалық әдіс-тәсілдер: Түсіндіру, сұрақ – жауап, топтастыру, ұлттық ойын, жұмбақ шештіру, мақал-мәтелдер айтқызу.
Қажетті құралдар: Ұлттық нақышта безендірілген ойын бөлмесі (оюлы текемет, көрпе, сандық, кебеже) жалпы саны 50 қой малының асықтары, қоржын, тапсырмалар.
Ережесі:
Ойын жүргізушісі ретінде «Талапай –ау , талапай, табылды ойын алақай» деп балалармен бірге қайталап олардың көңілін өзіме аудара отырып, қоржындағы асықтарды отырған балалардың алдына шашып тастаймын.
Балалар жарыса «Ханталапай» деп дауыстап, асықтарды таласып бөліп алып, жинаған асықтарды санайды. Әрбала қолындағы жинаған асықтарының шетінен ойынға 5 асықтан тігіп, қатысады. Хан асығы қолына тиген бала алғашқы болып ойынды бастап, бір сызықтың бойына қойылған асықтарды атады.Тигізген асықтарын ұтып алады.Тигізе алмай қалған жағдайда берілген тапсырмаларға жауап береді. Ол үшін балалардың жас ерекшелігіне сәйкес тапсырмаларды алдын ала дайындап қоямын. Тапсырмаға дұрыс жауап берген бала асық атуға мүмкіндік алады. Екінші рет тигізе алмаған жағдайда өз кезегін асығы көп келесі балаға береді. Егер бала тапсырмаға жауап бере алмаса басқа балалардың жауап беруіне болады. Бұл жағдайда асықты ату кезегін берілген тапсырмаға дұрыс тауып жауап берген балаға беріледі.
Ойын кезінде асықтарға тигізе алмаған балаларға берілетін тапсырмалар:
Мақал – мәтел айту.
- Оқу – білім бұлағы,
Білім – өмір шырағы.
- Жақсы қыз – жағадағы құндыз,
Жақсы жігіт – көктегі жұлдыз.
- Татулық-табылмас бақыт.
- Ата – балаға сыншы.
- Болат қайнауда шынығады,
Батыр майданда шынығады. - Білген адам тауып айтады,
Білмеген адам қауып айтады.
- Жақсы дос үшін жан пида.
- Тіл тас жарады,
Тас жармаса бас жарады.
Жұмбақ шешу.
Қабат – қабат қаттама,
Ақылың болса аттама.
(Кітап)
Бес ін, бес іннің
Аузы бір ін.
(Қолғап)
Бір түкті кілем,
Бір түксіз кілем.
(Жер, аспан)
Сүрткен киімі тазарып,
Өзі қалды тым арық.
(Сабын)
Құлағын бұрап тартқаным не?
(Домбыра)
Қолыма иіріп атқаным не?
(Асық)
- Жүз мүйізі бар
Үстінде киізі бар.
(Киіз үй)
8.Қалың киім ұнатады
Шешіндірсең жылатады.
(Пияз)
Ойын соңында әр бала ұтқан асықтарын санайды. Асықты көп ұтқан бала жеңімпаз болады.
Нәтижесінде: Балалар ұлттық ойынның мағынасын түсініп, қызығушылық- пен белсенді түрде қатынаса отырып, алға мақсат қоя білді.
Сонымен қатар ұлттық ойындар мен халықтық педагогика үлгілері өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз екендігін түсінді.