Мұғалімнің сөйлеу мәдениеті

Омарова Нұрбану Тұрсынғалиқызы

 

 Сөз құдыреті ғажап: алтынды мыс, мысты алтын етіп көрсете алады.
Тас жүректі қорғасындай балқытып, балқыған қорғасынды тастай ете алады.
Кірлі көңілді тазартып, кірсіз көңілді кірлете алады.

 Ғабиден Мұстафин

Біз күнделікті өмірде жазғаннан гөрі, ауызша көп сөйлейміз. Соның ішінде мұғалімнің сөйлеу тілінің сапасына сөздердің дұрыс айтылуы мен дұрыс жазылуы кіреді. Дүние есігін ашқан жас бала сөз сөйлеуді, тыңдауды үлкендерден үйренеді. Балаға, оқушыға сөйлеп үйренуде қоршаған орта, яғни мұғалімдер, қоғамдық орындар, мектеп, балабақша, т.б. тікелей әсер етеді.

Ауызша сөйлеудегі дағдыланудың ең қажет сатысы – сөз. Сөйлеу тілі арқылы мұғалім оқушыға білім нәрін құйып немесе түрлі сөздермен оқушылардың санасын қалыптастыруға, таным деңгейін арттыруға, тіл арқылы бір-бірімен қарым-қатынас жасауға үйретеді.

Сөйлеу тілінсіз мұғалім – мұғалім емес. Сондықтан да мұғалімдер үшін сөйлеу тілінің ерекшеліктері, маңызы өте зор болып саналады. Адамға ауа қандай қажет болса, мұғалімдер үшін де сөйлеу тілі сондай қажет. Дей тұрғанмен, әр мұғалімнің өзіндік тіл ерекшеліктері, дауыс ырғағы, тәжірибесі, мимикалық іс-әрекеті де әртүрлі.

Мұғалімнің сөйлеу тілінің негіздері – ауызша сөйлеу мен жазбаша тіл. Сонымен қатар дауыс ырғағы, үні, дауыс күші, интонация, сөздердің дұрыс байланысып, сөйлемнің дұрыс құрастырылуы, анық естілуі, дұрыс сөйлеу, тіл тазалығы, сөз дәлдігі, сөз әсерлігі, ой тиянақтылығы жатады. Бұлардың қатарына мұғалімнің дикциясын, яғни дұрыс дыбыстап айтуын да жатқызамыз. Мұның барлығы да сөйлеу тілінің негізгі элементтері әрі сабақтың сапасын арттырушы қасиеттері болып табылады.

Кез-келген мұғалімнің сөйлеу тілінің деңгейі жоғары болуы үшін алдымен педагогтік әдеп пен ұстаздық шеберлік қажет. Болған немесе болатын оқиға, пікір-талас, ой қорытындысына байланысты мұғалімнің сөйлеу тілі де біркелкі, біржақты емес, әр қырлы болып отырады. Болашақ мұғалім оқу орнында жүргенде-ақ өзінің бойында ұстазға тән қасиеттерді қалыптастыра бастау керек.

Оқушылар қазіргі жаһандану заманында ғылым мен техника, қоғамның үздіксіз дамуын назардан тыс қалдырмайды, ал әрбір жаңалыққа құштар мұғалім сыныптағы ахуалға, тосын жағдайларға тез арада бейімделіп, шешімін тауып, әділ бағалап отыруы тиіс.

Дикциясы жақсы мұғалімді оқушылар да асқан қызығушылықпен тыңдайды. Мұндай сабақ қызықты өтеді. Сондай-ақ сабақты қызықты өткізіп қана қоймай, мұғалім мен оқушы арасындағы тығыз байланыстың орнауына да үлкен септігін тигізеді, яғни дикция – мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты тығыз орнатудың сатысы. Дикцияның түрлері өте көп. Өте жақсы дикция деп үні жағымды, орфоэпиялық заңдылықты білетін, сөзі анық, интонация, екпін, т.б. кідірістерде мәнерлеп оқып, байыпты, қалыпты сөйлеуді айтамыз. Мысалы, сабақ барысында да бір сөзді 25 балаға айтқызсақ, сол сөздің 25 түрлі айтылғанын естиміз. Сонымен қатар бір адам бір сөйлемді әртүрлі естіп, дауысын, үнін, интонациясын, т.б. өзгертіп, сан құбылтып айта алады. Мұғалім сабақ түсіндіргенде, ойын жеткізгенде, әртіс сияқты мың құбылып, шамасы келгенше, оқушының зердесіне құюға тырысады.

Мұғалім үшін тағы бірден-бір қажет нәрсе – интонация. Өйткені әр жағдаятқа келгенде, бірқалыпты сөйлей бермей, оқу, оқыту, жағдайында құбылта, келтіре, ұқсата сөйлеу керек. Ешбір заңдылықты сақтамай, бірқалыпты сөйлеп өткізген сабақ оқушының қызығушылығын төмендетеді, сабақты толық түсінуіне де кедергі келтіреді.

Мұғалім аузыекі сөйлеп қана қоймай, дауыс ырғағы мен дикциясы арқылы оқушы санасына әсер етіп, «тағы қандай қызықты дүниелер айтады екен» деген ой туғызып, сабақты одан әрі жандандыра түсуге ықпал етуі тиіс.

Сухомлинский «Тәрбие өнері дегеніміз – ең алдымен, сөйлей білу, адам жүрегіне жол таба білу өнері. Мұғалім сөзі – шәкірт жүрегіне жол табуда теңдесі жоқ құрал» деген. Бұл сөзде расында да үлкен шындық бар. Өйткені сабақ мұғалімнің сәлемдесуімен басталып, қоштасуымен аяқталады. Демек, сыныптағы негізгі тұлға – мұғалім. Сондықтан да сыныпта оқушының сөйлеу тілін қадағалаумен бірге, мұғалім өзінің тіліне де ерекше мән беруі керек.

 

Дұрыс сөйлеген мұғалім әрқашан да оқушыларына үлгі болады. Әр оқушы тәрбиені, тәртіпті, үлгіні өз ұстазынан алуға ұмтылады, соған ұқсағысы келеді.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *