Ғылыми зерттеу жұмысы және деңгейлері, негізгі компоненттері, ғылым логикасы
Керімбекова Қарлығаш Өмірзаққызы
Пәні: Ғылыми-педагогикалық зерттеулер әдістемесі
Сабақтың тақырыбы: Ғылыми зерттеу жұмысы және деңгейлері, негізгі компоненттері, ғылым логикасы
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Ғылыми зерттеу жұмысы туралы білімдерін кеңейту, ғылыми зерттеу жұмысының деңгейлері, негізгі бағыттары, компоненттері, ғылым логикасы туралы түсінік беру
Дамытушылық: Білім алушыларды ғылыми ізденіске жетелеу, өз ойын ғылыми тілде жеткізе білуге дағдыландыру, ғылыми терминдерді жаттату арқылы сөздік қорын байыту
Тәрбиелік: мәдениеттілікке, шыдамдылыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың әдіс-тәсілдері: түсіндіру, көрнекілік, эссе
Сабақтың көрнекі-құралдар: компьютер, интерактивті тақта, слайдтар
Сабақ барысы
І. Ұйымдастыру.
а) Білім алушылармен амандасу
ә) Керекті құрал-жабдықтарын дайындау
б) Сабаққа назар аударту
ІІ. Өткенді пысықтау.
- Әдіс, әдістеме, әдіснама терминдеріне берілген анықтамалар. Осы ұғымдардың бір–бірінен айырмашылығы неде?
- Реферат. Методологияның педагогика ғылымының дамуына әсері
- Зерттеу жұмысын жүргізушінің әдіснамалық мәдениеті (эссе)
ІІІ. Жаңа сабақ.
Жоспар:
1.Ғылыми зерттеу жұмысы және деңгейлері, негізгі бағыттары
2.Ғылыми зерттеудің негізгі компоненттері
3.Ғылым логикасы және методология проблемалары
Педагогика әдіснамасы – педагогикалық теория, педагогикалық құбылыстарды қарау принциптері, зерттеу әдістері туралы білімдер жүйесі, алынған білімді тәрбиелеу, оқыту, білім беру тәжірибесіне енгізу жолдарының жиынтығы туралы педагогика ғылымының бір бөлігі.
Әдіснаманың теориялық жағы – педагогикалық заңдылықтарды, педагогикалық зерттеудің қандай идеялардан (философиялық, биологиялық, психологиялық) анықтап, қорытынды шығарады.
Әдіснаманың нормативтік жағы – педагогикалық нысананы(объектілерді) қараудың жалпы принциптерін, ғылым мен педагогикалық зерттеудің жалпы және жеке әдістерінің жүйесін зерттейді. Ғылыми педагогикалық зерттеу жаңа педагогикалық білімді қалыптастыратын танымдық әрекет түрі және оқыту, тәрбиелеу және тұлға дамуының объективті заңдылықтарын ашуға бағытталған үдеріс болғандықтан, объективтілігі, нақтылығы, дәлелділігі жағынан сипатталады.
Педагогикалық ғылыми зерттеудің деңгейлері:
1.Эмпирикалық (практикалық) – жаңа ғылыми фактілер анықталып, эмпирикалық заңдылықтар тұжырымдалады. Жинау, талдау және жалпылау, практикалық зерттеуден алынған педагогикалық фактілер сандық, сапалық талдаудан өтеді.
2.Теориялық: негізгі, жалпы педагогикалық заңдылықтар құрылады, бұрын зерттеліп ашылған фактілерді анықтап, болашақтағы фактілерді, жағдайларды алдын-ала болжай және көре білуге мүмкіндік туғызады.
3.Әдіснамалық: эмпирикалық және теориялық зерттеу нәтижесінде педагогикалық құбылыстың жалпы принциптері мен әдістері мен теориясы құрылады. Зерттеудің бұл деңгейі іргелі деп аталады.
Педагогикалық зерттеу бағыттары:
1.Тарихи-педагогикалық зерттеулер
2.Дидактикалық зерттеулер
3.Әдістемелік тұрғыдан жасалған зерттеулер
4.Әлеуметтік-педагогикалық зерттеулер
5.Салыстырмалы-педагогикалық зерттеулер
6.Әдіснамалық зерттеулер
7.Тәрбие саласына қатысты зерттеулер
Педагогикалық зерттеулер өз бағыттылығына қарай ізденістік, іргелі, қолданбалы, болып бөлінеді.
Ізденістік зерттеулер ғылыми жаңалықтарды ашу мақсатымен зерттеудің принциптік жаңа бағыттарын табу үшін жүргізіледі. Олар белгілі бір теория мен идеяларға сүйенеді, ізденістердің барысында әрбір теорияларға, тұжырымдарға сын көзбен қайта қаралып, елеулі өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Нәтижелері оңтайлы болған жағдайда ізденістік жұмыстардың қорытындылары тәжірибелерде шығармашылықта пайдаланылады.
Іргелі (фундаментальды) зерттеулер – табиғаттың жаңа заңдарын ашуға, табиғи құбылыстар арасындағы байланысты анықтауға және құбылыстарды, процестерді, айғақтарды түсіндіруге бағытталады. Іргелі зерттеулердің нәтижесі прогностикалық негізде жасалған педагогикалық негізде жасалған педагогикалық жүйелердің даму нобайы (моделі) немесе теориялық және тәжірибе арқылы өзінен бұрынғы зерттеушінің алынған жетістіктерін қорытындылайтын тұжырымдамалар болып табылады. Үлкен жаңалық ашатын зерттеулер – іргелі зерттеулер.
Қолданбалы зерттеулер – педагогикалық тәжірибенің заңдылықтарын ашуға, педагогикалық үдерістің жекелеген қырларын тереңірек зерттеуге бағытталады. Бұндай зерттеулер нақты ғылыми-практикалық ұсыныстар береді.
Ғылыми-педагогикалық зерттеудің әдіснамалық принциптері:
- Педагогикалық құбылыстардың себептерін, факторын, шарттарын анықтаудың объективтілігі мен шарттылығы;
- Құбылыстардың байланысын және басқа құбылыстармен өзара байланысын зерттеу;
- Құбылыстардың және оның дамуын зерттеу.
Педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық ұстанымдары:
Зерттеу жұмысының әдіснамалық ұстанымдары мен амалдары зерттеудің кешенділігін, жан-жақтылығын қамтамасыз етеді. Зерттеуші өз тақырыбы бойынша қарастырылатын мәселенің ұстанымдары мен амалдарын дұрыс таңдай білген жөн.
1.Біртұтастылық (целлостность) – білім мен тәрбиенің бір-бірімен бөліп қарауға болмайтын тұтастығы. Білім бере отырып тәрбиелейміз, тәрбиелей отырып білім береміз.
2.Тұлғалық (личность) – зерттеу жұмысының тұлғаға бағытталуы, оның дамуының түп-тамыры өзін-өзі дамытумен байланысты екенін назарда ұстау, оның еркіндігін: адами интеллектуалдық еркіндігін мойындау, яғни зерттеу жұмысымыз адамның жеке қасиеттеріне әсер етпейтіндей жүргізілуі керек. Гуманистік ізгіліктік қасиеттер қатар жүруі керек.
3.Әрекеттік (деятельностный) ұстаным – әдіснаманың басты ұстанымының бірі болып табылады. Оның нәтижесінде адамның қоршаған ортаны өзгертуі орын алады. Әрбір әрекеттің төмендегідей құрылымы бар:
– қажеттілік (танымдық, рухани, әлеуметтік)
– мотив
– іс-қимыл
– шарттары
– құралдары
– нәтижесі
– рефлексия
- Диалогтық ұстаным – оқытушымен, ұжыммен, кітаппен қарым-қатынас. М.М.Бахтин «Тек қарым-қатынаста өзара әрекетте «Адамдағы адам оянады, ашылады». Диалог адамды қалыптастыруқұралы ғана емес, сол адам болудың өзі» дейді.
- Мәдениеттанымдық ұстаным – әдіснаманың негізгі ұстанымдарының бірі. Мәдениеттің үлгілері адам жанын өңдейді, құнарландырады, нәрлендіреді.
- Аксиологиялық (құндылық) ұстаным. Аксиологиялық зерттеудің басты құндылығы – адам.
- Синергетикалық ұстаным. «Синергия» – өзін-өзі ұйымдастыру деген мағынаны білдіреді. Бірлесе жұмыс жасау, сол бірлескен әрекетте өзінің орнын табу; осы екі ұйғарымда дұрыс шешім қабылдауды жүзеге асырады.
8.Акмеологиялық (биіктік, шың) ұстаным – адамның белгілі бір биіктерді бағындыруы.
- Антропологиялық
- Этнопедагогикалық
Сергіту сәті. Аудиториядағы заттар.
Студенттер аудиториядан қандай да болмасын бір затты таңдап, бір минут ішінде оны өзіне немесе өзінің көңіл-күйіне ұқсастығын ойластырып, топ ішінде бір-біріне айтып беруі керек. Мысалы, ”Мына төбедегі шам маған ұқсас екен: менің де көңілім қазір жарқырап тұр!”
Қалауы бойынша кейбір студенттердің әңгімесін (немесе әр топтан бір студенттің) бүкіл аудиторияға да жариялауды сұрау керек.
Ғылыми зерттеудің негізгі компоненттері:
Кез келген педагогикалық зерттеу жұмысының ғылыми аппараты болады. Оны әдіснамалық аппарат деп те атайды. Жұмыстың бұл бөлімі кіріспеде қарастырылады.
Ғылыми зерттеудің негізгі компоненттері: зерттеудің өзектілігі және мәселесі, тақырыбы, объектісі, пәні, мақсаты, міндеттері, болжамы, зерттеу әдістері, теориялық маңыздылығы, практикалық мәні болып табылады.
Зерттеудің өзектілігі, көкейтестілігі – жауабын іздейтін ғылымдағы сұрақ немесе зерттеліп отырған құбылыстың белгісіз жағын құру. Дәл осы мәселені дәл осы уақытта зерттеу не үшін қажет деген сұраққа жауап береді.
Зерттеу тақырыбы – зерттеу мәселесі мен аспектілерінің анық, қысқа берілуі. Тақырып сол қоғамның объективті талаптарына, сұраныстарына жауап бере алатындай болуы керек. Нені зерттеумен айналысамыз деген сұраққа жауап береді.
Зерттеу объектісі – іздену аймағы. Оған педагогикалық жүйе, құбылыс, үдеріс (тәрбиелеу, білім беру, даму, жеке тұлғаны қалыптастыру, ұжым жатады). Бұл зерттеуде не нәрсе қарастырылады, ғылыми таным үрдісі неге бағытталған деген сұраққа жауап береді.
Зерттеу пәні – объектінің ішін ізденудегі аспектісі, зерттеліп отырған құбылыстың таралу үдерісі, элементі, байланысы, қатынастарының жиынтығы. Тақырыппен сәйкес келіп, тұжырымдау бойынша соған ұқсас болып келеді.
Зерттеудің мақсаты – зерттеліп отырған мәселенің себеп-салдар байланыстарын және және заңдылықтарын айқындау, теориясы мен әдістемесін ұсыну. Қандай нәтижеге жетуді көздеймін, қорытынды не болады деген сұрақтар төңірегінде құрылады.
Зерттеу міндеттері – зерттеу мақсатының бөлшектенуі, зерттеу, анықтау, айқындау, қорытындылау, нақтылау, ұсыну, тәжірибелік жұмыста тексеру тұрғысында құрылады. Мақсатқа жету үшін не істеу керек деген сұраққа жауап береді.
Зерттеудің болжамы – педагогика ғылымындағы өзекті мәселенің теориялық және практикалық жағын талдау негізінде шешімін алдын ала болжау. Зерттеуші болжамында жаңаны алдын ала көре алатындай болуы керек. Зерттеу болжамы егер…, онда…, өйткені… деген ұғымдармен байланысып құрылады.
Жоғарыда аталған ғылыми жұмыстың компоненттері бір-бірімен тығыз байланыста болуы қажет. Зерттеу аппараты дұрыс құрылмаған жағдайда, дұрыс ғылыми нәтиже алынбайды.
Зерттеу логикасы:
Ғылым дамуының заңдылықтарына, сипатына қарай ғылым логикасының
өзіндік ерекшеліктері бар. Ғылым логикасы – ғылыми танымның логикалық заңдылықтарын зерттейтін философиялық ғылымның бір саласы. Әрбір ғылымның өзіндік логикасы бар. Әрбір ғылымды логикалық тұрғыдан талдау мәселесі заңды болып табылады.
- Тақырыпты, өзекті мәселені, мақсатын, объектіні, пәнді, зерттеу міндеттерін анықтау.
- Зерттеу жоспарын құру және жоспардың бірінші нұсқасы бойынша орындау.
- Зерттеу проблемасы бойынша әдебиеттердің тізімін құру.
- Зерттеудің жалпы әдістемесін және әдістерін, базасын белгілеу.
- Теориясын және тарихын зерттеу, негізгі ғылыми ұғымдарды талдау.
- Осы проблеманың практикалық жүзеге асырылуын зерттеу.
- Белгілі көрсеткіштер бойынша диагностикалау әдістемесін құру.
- Алынған нәтижелерді талдау, жинақтау және болжам негізінде құру.
- Болжамды тексеру әдістемесін ұсыну.
- Тәжірибелік-эксперименттің жұмыстар жүргізу (анықтау және қалыптастыру, бақылау эксперименті, тәжірибелік жұмыстар)
- Бақылау срездерін жүргізу.
- Алынған нәтижелерді талдау және қорытындылау, зерттеліп отырған проблеманы теориялық тұжырымдау.
- Практикалық нұсқауды ұсыну.
- Жұмысты безендіру және зерттеу жұмысының мәтінін редакциялау.
Тапсырма:
Курстық жұмыстың тақырыбы бойынша қай әдіснамалық ұстанымдар негіз болатынын ғылыми түрде негіздеп жазу.
Сабақты қорытындылау.
- Зерттеу жұмысының қандай бағыттары бар?
- Ғылыми зерттеу деңгейлерінің арақатынасы қандай?
- Ғылыми зерттеудің негізгі компоненттері мен ғылым логикасы нені қарастырады?
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Жексенбаева Ү.Б.Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру. А.,2005.
- Педагогика. Педагогические теории, системы, технологии. Под. ред.С.А.Смирнова. 3-еизд. – М.: «Академия», 1999.
- Қоянбаев Р.М., Қыяқбаев Ұ.Қ. Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесінен диплом жұмысы. – А., 2004.
Үйге тапсырма:
1.Кандидаттық, магистрлік диссертация авторефераттарынан ғылыми аппараттарды талдау және екі авторефератты салыстыру.
2.Таңдаған тақырыбының ғылыми аппаратын құрып келу
Бағалау.