Кәсіптік білімдегі дуальдық оқыту жүйесі – заман талабы
Есжанов Бакитбек Сансызбаевич
Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңартылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Дуальды кәсіптік білім беруді дамытудың маңызы зор. Бұқаралық маман кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін заманауи қолданбалы біліктілік орталықтары қажет» — деп, бұл оқыту жүйесінің техникалық салада алар орнынын айқындап берген болатын. Сондай-ақ, колледждерде дуальды оқыту әдісін енгізу туралы нақты тапсырма да жүктеген. Осыған байланысты елімізде кәсіптік-техникалық білім беру саласында жаңа жүйе жасалына бастады.
Дуальды жүйенің негізі — болашақ жас маманды оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Сонымен қатар, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін жоғарылату. Дуальды жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды. Өйткені теория мен тәжірибені ұштастыру нәтижесінде, студент оқу бағдарламасын жақсы меңгеріп қана қоймай нағыз дайын маман болып, жұмыс берушілердің сұраныстарына, талаптарына сай кәсіптік-техникалық кадрлар даярлайтын болады және дуальды оқыту әдісінің тағы бір ерекшелігі — еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, сонымен қатар жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігін арттырады.
Дуальды оқыту жүйесі барысында студент, өз мамандығын жетік меңгереді, практикалық білімін ертерек жетілдіреді, сонымен қатар қоғаммен тез тіл табысуға үйренеді, өз ортасында беделі жоғары болады және жауапкершілікке тәрбиеленеді. Жұмыс үрдісінде студент өз мамандығына жаңаша көзқараспен қарайды және өз мамандығын жаңылмай дұрыс таңдағанын түсінеді. Осылардан басқа болашақ маман өндірісте жұмыс істей жүріп, жұмыс өтілін жинайды, қосымша табыс табады және оқу орнын бітіргеннен кейін, жаңа заман талабына сай шарттарға байланысты яғни, еш қиындықсыз қызметке орналасады. Дуальды оқыту жүйесінің өндірістік мекемелер үшін тиімділігі қандай?-деген сұраққа тоқталар болсақ: дуалды оқыту жүйесі өндірістік мекемелер үшін таптырмас мүмкіншілік болып табылады. Себебі, мекемелер өздері үшін мамандандырылған кадрлар дайындайды, жұмысшылар іздеу үшін және жұмысшылар таңдауда уақыт үнемдейді және шығынға ұшырамайды. Өндірістегілер жаңа мамандарды үйретуге, алғашқы бейімдеушілік жұмыстарына да уақыт үнемдейді. Мамандар өндірісте жұмыс жасағанда кейбір мәселелер туындамас үшін, жұмыс беруші оқу процесінің барлық уақытын тиімділікпен мұқияттылықпен өткізеді. Оқу орындарымен бірлесе отырып жұмыс жасау өндірістік мекемелер үшін де өте тиімді, себебі өзіне қажетті кадрларды ерте бастан дайындап, болашаққа білікті маман дайындайды .
Білім жүйесін жаңғырту аясында дуальды кәсіби білім беруді дамыту, жұмысшы кадрларының зәрулігін еңсеру үшін қолданбалы мамандықтардың заманауи орталықтарын құру міндеттері қойылды. Дуальды жүйенің негізі оқу орны мен өндірісте қатар оқыту болып табылады. Бұл кәсіптік-техникалық білім берудегі басты проблема – оқу орнындағы теория мен заманауи өндіріс практикасы арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді. Дуальды оқытуда теория мен практиканың өзара байланысы принципі жүзеге асырылады, мұның өзі болашақ маманға кәсіпорында жұмыс істеу кезінде қажетті біліктілікке ие болуға көмектеседі. Мұндай оқыту өндірістің нақты сұраныстарына барынша жақындатады да, жұмыс берушілер дайын мамандарға ие болады. Бүгінгі таңда еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы орын алуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себепшісі білім беру үрдісін ұйымдастыру, яғни, жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлардан теориялық білім берудің алшақтап кетуі болып табылады. Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасында алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді, себебі білікті мамандармен қамтамасыз ету бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі.
Дуальды оқыту жүйесінің колледж немесе арнаулы оқу орындары үшін де тиімділігі жоғары екендігін атап өткен жөн. Олар: колледж өндірістік мекемелермен келісім шарт бойынша іскерлік қарым-қатынас орнатады, колледжді бітірген түлектерге деген қызығушылығы болады. Өндірістік процесстердегі өзгерістермен оқу орындары оперативті түрде ақпараттандырылып отырылады, мамандарға деген сұраныстарды (өндірісте қандай мамандар тапшы) біліп, сондай мамандықтар енгізуге бейімделеді. Оқу мекемесінің тартымдылық беделі артады, студенттер контингенті жоғарылайды.
Жастардың табысты еңбек етуі төмендегі факторлармен тығыз байланысты: біріншіден, бүгін білім алу көзі кеңейіп, өз бетімен оқимын деушілерге мол мүмкіндік туып отыр; екіншіден, білім әлемінде өз жолын тауып, өздігінен білім алуға ұмтылыс жасау; үшіншіден, адамның өзіндік қы-зығушылығы, түрлі мотивтері болуы; төртіншіден, жұмыс істейтін орында оның үнемі даму үстінде болуына жағдай жасалуы.
Техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау елдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ететін орта буынды кәсіби мамандар даярлау үшін негіз қалайды. Еліміздің индустриялық-инновациялық даму міндеттері ауқымының жедел қаркынымен өсуіне байланысты техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлауда сапалы ұмтылыстың қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты елімізде заман талабына сай білімді, озық технологияларды жетік меңгерген, кәсіби білікті жұмысшы мамандар даярлауда техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында үлкен міндеттер мен талаптар жүктелеліп отырғаны белгілі.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда кәсіптік салада жан-жақты білімді, білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау олардың әлеуметтік, кәсіптік, өзіндік жұмыс жасай алу қабілеттерін дамытумен белгіленеді.
Дуальды оқыту жүйесі дегеніміз – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Ол алғаш Германияда пайда болып, негізі қаланды. Дуальды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген. Дуальды оқыту жүйесі қазіргі дүние жүзілік тәжірибеде бар дүние. Оның жарқын мысалдарының бірі – Германиядағы кәсіптік-техникалық білім берудегі даярлаудың дуалдық жүйесі. Мұнда оқушылар уақытының үштен екі бөлігінде еңбек ете жүріп өндірістен қол үзбей оқиды, тек уақытының үшінші бөлігін теориялық оқуға, білімді ұйымдастыруға арнайды.
Дуальды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – техникалық – кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандар даярлау.
Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуальды жүйесі-техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылады. Нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды дайындау қазіргі кезде білім берудің дуалды жүйесі деген атпен белгілі.
Бүгінгі таңда еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы ерекше орын алуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себепшісі білім беру үрдісін ұйымдастыру және жүйедегі мәселелер, яғни жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлардан теориялық білім берудің алшақтап кетуі болып табылады. Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді, себебі білікті мамандармен қамтамасыз ету – бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі. Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, тәжірибеден өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды.
Бүгінгі күннің болмысы кәсіби білім жүйесі алдында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау, өз мамандықтарын жетік меңгерген, өз мамандығы бойынша тиімді жұмыс жасауға қабілетті, тұрақты кәсіби өсуге дайын, әлеуметтік және оңтайлы кадрларды даярлауды талап етеді. Осыған байланысты қойылған басты міндет – мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіру, жұмыс берушілер мен оқу орындарын облыстық кәсіпорындар мен өнеркәсіптерді білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесінде жұмылдыру.
Әлеуметтік серіктестік аясында Орал «Сервис» технологиялық колледжі негізінен қызмет көрсету саласына білікті жас кадрларды даярлау үшін 15 – тен астам өндірістік мекемелермен әлеуметтік серіктестікпен, соның ішінде «Аспазшы» мамандығы бойынша «Қымызхана» кафесі, «Галактика» мейрамханасы, «Камелот» мейрамханасы, «Звезда» мейрамханасы, «Тігінші» мамандығы бойынша «Шторы» ательесі, «Золушка» ательесі, «Дева» ЖК, «Айя – WEPPING» ЖШС, «Швейник» ЖШС, «М.Б.Енсепов» ЖК, «Шаштараз» мамандығы бойынша «Хеопс» сұлулық салоны, «Диналия» ЖК келісім шартқа отырды. Бұл кәсіпорындардың жетекші мамандары әрбір жартыжылдықта өткізілетін аттестацияларға, диплом қорғауға қатысып, бітіруші түлектерді жұмысқа шақырады.
Әлемдік тәжірибеге қарағанда, білім берудің дуалды жүйесі мамандардың кәсіби дайындығын жоғарылатуға ықпал етеді. Еңбек өнімділігі артады, халықтың көшіп – қонуы азаяды, әлеуметтік шиеленіске жол берілмейді.
Оқу үрдісіне дуалды білім беру жүйесін сәтті енгізу келесі мәселелерді шешуге мүмкіншілік береді:
– талапкерлердің кәсіби өзін өзі билеуі;
– оқу мекемесінің тартымдылық беделінің артуы, студенттер контингетінің жоғарылауы;
– оқушылардың қызығушылығы мен сұранысына қарай бағдарламалар, элективті (икемді) курстар бағдарламаларын әзірлеу;
– мамандықты тереңірек ойланып таңдауға, социализация, тапқырлық пен шығармашылыққа бейімдейтін біліктіліктің дамуы;
– дуалды жүйе бойынша оқытылатын тұлғаның қажетті біліктілік пен еңбек дағдыларына, кәсіби білімге ие болып еңбек нарығында сұраныс деңгейінің жоғарылуы;
– бітірушілерді дайындау деңгейінің жоғарылауы;
– бітірушілерді одан әрі жұмысқа орналастыру, жұмыссыздықтың қысқаруы;
– бітірушілердің әлеуметтік бейімделуі;
– білім беру мекемелерінің жобаларды жүзеге асыру кезеңдерінде қосу арқылы кәсіпорындармен өзара әрекеттесу аясын кеңейту;
– білім беру мекемелерінің бәсекелесуге қабілеттілігін жоғарылату.
Бұл мақсатқа жетудің негізгі сапалы білім беріп, дұрыс жолға бағыттаушы, оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайларды жасаушы – өз пәнін жетік білетін, кәсіби дағдылары, педагогикалық дарыны бар, жаңашылдыққа ұмтылатын, өзіне сын көзбен қарай алатын оқытушылар мен оқу өндірістік шеберлері.
Еңбек нарығы шарттарының өзгеруін ескере отырып, білікті мамандар дайындау жүйесін құрудағы әлеуметтік серіктестіктердің құрылымын белсенді пайдалану қажет. Кәсіптік білім беру саласында әлеуметтік серіктестіктің байланысы арқылы білім алушылардың таңдаған мамандық туралы түсініктерін қалыптасады, оқу поцесінде алған теориялық білімдерін тәжірибеде пайдалану дағдыларын тереңдетеді, өндірістік жағдайда шешім қабылдау іскерлігі қалыптасады.
Ынтымақтастық төмендегі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
– кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын қолдану арқылы оқушылардың тәжірибелік оқуын ұйымдастыру (құралдар мен арнайы жабдықтарды қолдану мүмкіндігі беріледі).
– ары қарай жұмысқа орналасумен өндірістік тәжірибеден өтуге үшжақты шарттар жасау.
– өндірістік тәжірибе бойынша жұмыс бағдарламаларын бірлесе әзірлеу.
– бірлескен конференциялар мен семинарлар өткізу.
– оқу бітірушілердің қорытынды аттестациясы кезеңінде кәсіпорын өкілдерінің мамандар даярлау сапасын бағалауы. Кәсіпорын өкілдері мемлекеттік біліктілік комиссиясына басшылық етеді, диплом жобаларының жетекшілері болып табылады.
– кәсіпорындарда арнайы пәндер оқытушыларының сынақ өтулерін ұйымдастыру.
Колледж түлектерін дайындауда білімді тәуелсіз бағалау сапасы үрдісінде жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестер белсенді түрде қатысып отырады.
Жұмыс беруші мекеме өкілдері жыл сайын колледж бітірушілерін қорытынды аттестаттау жұмыстарына қатысып, біліктілік, білімділік деңгейлерін сарапқа салады, бағалайды.
Қамқоршылар кеңесі құрамынан да табылған жергілікті мекемелер өндіріс талаптарын ескере отырып, колледжге материалдық-техникалық базасын пайдалануға рұқсат етіп, көмектесіп келеді, сондай-ақ оқытушылар мен білім алушылардың өндіріс орындарында теориялық білім мен практиканы ұштастыруларына да жағдай жасауда. Ал өз кезегінде тағылымдамалар оқытушылардың оқу үдерісін жоғары деңгейде ұйымдастыруына мүмкіндік береді және білім беру мен өндірістік үдерістерді барынша жақындатуға көмектеседі.
Күні бүгінге дейін осы әріптестігіміз іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің – өзара байланысын, өзара әсерін, өзара кірігуін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығы сөзсіз.
Президент Н.Ә. Назарбаев: «Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді. Бүгін мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер.Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда кӛрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш» деп жастарға зор үміт артады. Сондықтан, қазіргі таңдағы білім алудағы басты мақсат мақсат қандай дегенге тоқталар болсақ: жастардың өз елінің нағыз патриоты бола отырып, өз елінің дамып, әлемдік аренада өз орнын айқындайтындай мемлекетке айналуына септілігін тигізетін, жаңа технология меңгерген, қоғамға адал қызмет ететін тұлға болып қалыптасу.
Міне дуальды оқыту жүйесі теориямен қоса практиканы пайдалану деген сөз. Түлектер теориялық жағынан емес, практикалық жағынан да сауатты болмақ. Диплом алысымен олар мекемеге орналаса алмасада, өздері жеке істерін ашып, бизнеспен айналыса алады деген сенімде.
Біздің оқу ордамыз білім беру кеңістігің әлемдік сахнасына шығуы үшін мамандарды даярлауда сапаға ерекше мән береді.
Дегенмен білікті де, білімді де білімді инженер педагогтардан құралған ұжым мүшелері алдағы тапсырмалар мен міндеттерді өз дәрежесінде орындап шығатындығына сенемін.
Дуальды жүйемен оқытудың жетістігі көп.
Біріншіден, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады, себебі оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған оқушы жұмыс берушінің барлық талаптарын игеріп, меңгерген жұмысшы маман болады.
Екіншіден, жақсы білімді, болашақ жұмысшы маман психологиялық жағынан жаңа ортаға бейімделген дайын маман болып шығады. Өндірісте өздігінен шешім қабылдай алады. Теория мен тәжірибені меңгеріп, бекітілген жұмысқа деген жауапкершілік сезімі жоғарылайды. Өндірісте болғандықтан ұжыммен жұмыс жүргізеді және өндірістегі жұмыстарға бейімделеді.
Үшіншіден, «тәжірибеден теорияға» принципімен жұмыс жүреді, оқушы теориялық, яғни текстпен айтудан гөрі, өндірістегі жағдаяттарға сәйкес жұмыс жүргізеді. Теориядағы қиындық келетін терминдер мен есептерді тәжірибе жүзінде шешеді.
Төртіншіден, жұмыс берушінің оқушыға берген бағасы дайындалған маманның біліктілігімен байқалады. Алғашқы күннен бастап ұзақ уақыт өндірісте жұмысшы болған оқушы, өзінің білім мен ынтасын көрсетеді.
Бесінші, оқытушы тек қана теорияны ғана меңгермей, өндірістегі соңғы жаңалықтарды біліп, заманауи талаптарды меңгереді.
Алтыншы, бюджеттік шығын азаяды, себебі оқуға кеткен шығынның біраз бөлігі өндірісте болғандықтан оқушы оны күнделікті көріп, игереді.
Жоғарыда аталған мәселелердің барлығы дуальды оқыту технологиясы енгізіліп, жүзеге асқан кезде қол жеткізетін нәтижелер.
Еліміздегі кәсіби-техникалық білім беру жүйесі ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Өйткені, экономиканың қарқынды дамуымен кәсіби-техникалық маман иелеріне сұраныс та күн санап артуда. Соған орай, теориядан гөрі тәжірибеге басымдық берілетін дуальдық жүйені енгізу халықты жұмыспен қамту проблемасын шешудің бірден-бір тиімді жолы екендігі анық.
Қолданылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы;
- Қазақстан республикасының «Білім туралы» Заңы;
- «Дуалды оқыту жүйесі: кәсіби біліктілікті арттырудың жаңа мүмкіндігі»;
- «ТжКБ жүйесіне халықаралық тәжірибелерге негізделген оқытудың дуалды жүйесін енгізу перспективасы».
Есжанов Бақытбек
Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі
Арнаулы пән оқытушысы