Оқушылардың тіл мәдениетін көтерудегі фразеологизмдердің рөлі
Азаматова Сайран Хабибуллиновна
Тіл мәдениетін арттыру – қазіргі қоғам алдында тұрған басты міндеттеріміздің бірі. Бұл туралы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында да баса айтылған. Бағдарламаның басты мақсаттарының бірі – тіл мәдениетін дамыту. Осы қазақ тіліндегі лексикалық қорды жетілдіруде фразеологизмдердің орны ерекше.
Халықтық тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәрбиесі мен ізгі қасиеттерін оқушылардың бойына сіңіру, қоршаған ортадағы қарым-қатынастың, дүние-танымының мәдениетін және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру болып табылады. Тәрбиенің тілден басталатынын, ұлттық сана-сезім мен дүниетанымдық көзқарасты қамтамасыз ететін – тіл екендігі халық тәжірибесінде, ғылымда дәлелденіп келеді. Оқушылардың сана-сезімі мен дүниетанымын ұлғайтуда, тілге деген сүйіспеншілігін арттыруда тілдің және мәдениеттің мүмкіншілігі мол. Ондай тәлім-тәрбие беріп, тілге деген сүйіспеншілікті арттыратын халық қазынасының бірі, ұлттық мұрасы – фразеологизмдер, мақал-мәтелдер. Оқушылардың сөздік қорын байытуда сөз мәйегі болып саналатын фразеологизмдерді меңгертудің орны ерекше.
Оқушыларға тілді меңгерту сапасын арттырудың бір жолы – олардың сөздік қорын фразеологизмдер арқылы жетілдіріп, сөйлесім әрекетінде орынды қолдануға төселдіру. Өйткені фразеологизмдер – тілдік қатынастағы аса маңызды қатысымдық тұлға болып саналады және оқушылардың сөздік қорының фразеологизмдермен толығуы олардың ойлау қабілеті мен сөйлеу мәдениетін жетілдірудің тетігі болмақ. Фразеологиялық сөздіктерді жүйелі пайдалану оқушыларды бейнелі ойлауға, тілдік талғамын қалыптастыруға ықпал ете отырып, олардың көркем тілмен сөйлеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Оқушы сөздік жұмысын дұрыс, жоспарлы, жүйелі жүргізу үшін, алдымен, көркем әдебиеттен, шығармалардан, жаттығулар жинағынан, оқулықтан мағынасы түсініксіз фразеологизмдерді теріп алып, оларды түсіндірудің әдісін алдын-ала жоспарлап, ойластырғаны жөн. Сөздік жұмысын ұйымдастыруда оқушыларды өз бетімен фразеологизмнің мағынасын талдай білуге, оларды қолдануға жаттықтырып отыруы қажет.
Фразеологизмдерді меңгертуде оның лексикалық және грамматикалық мағыналары өзара сабақтастықта зерделенді. Бұл мәтіндерді лексикалық және грамматикалық талдау кезінде, жаттығу жұмыстарында фразеологизмдердің мағынасын сөздік арқылы түсіндіру нәтижесінде жүзеге асады. Мысалы: Ат құйрығын кесіп кету; Айна қатесі жоқ; Айтқанына көндіріп, айдауына жүргізу деген фразеологизмдердің мағыналарын түсіндіру үшін олардың біртұтас лексикалық мағынаға ие екендігі, олардың бір ғана сұраққа жауап беріп, бір сөйлем мүшесі болатыны меңгертіледі. Сөздік қордағы әрбір фразеологизмдерді қатысым әрекетінде қолдану үшін оқушылардың сөйлеу қабілетін дамыту оқушылардың сөздік қорындағы фразеологизмдерді мағыналарына қарай іріктеп, оларды басқа сөздермен орынды байланыстырып, өз ойын дұрыс, толық жеткізе алуына көмектеседі.
Оқушыларға фразеологизмдер арқылы оқыту үдерісінде тәрбие мен білімді ұштастыра беру бес бағытта жүргізілгені дұрыс деп тұжырымдалды: 1) фразеологиялық тіркестің мәнін түсіндіре отырып, оқушының мінез-құлқын тәрбиелеуде оған қоршаған ортасымен қалай қарым-қатынас жасау қажеттілігі, құбыластарды танудың негіздері үйретілуі керек; 2) ақыл-ой тәрбиесін беру үшін фразеологиялық сөздікпен жүргізілетін түрлі оқу тапсырмалары арқылы оқушыларды терең ойлауға, өзіндік шешім қабылдауға, өзінің ісін болжай алуға үйрету қажет; 3) оқушыға ұлттық тәрбие беру үшін халықтың ғасырлар бойы жинаған асыл мұраларының, салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарының озық үлгілерін қамтыған фразеологизмдерді іріктеу оқушының бойына адамгершілікті сіңіру үшін ұтымды құрал болуы қажет; 4) тәрбие беру үдерісінде фразеологизмдердің мағынасын түсіндіру түрлі іс-әрекеттердің адамзатқа жат жақтарынан жиренуге, адами іс-әрекеттерге үйретуге бағытталуы тиіс; 5) тіл арқылы эстетикалық талғам тәрбиелеу үшін оқушыларға түрлі шығармаларды оқыту барысында сөздік қорын байыту арқылы дұрыс сөйлеу, сөйлеу нақыштарын сақтауда, ойын анық жеткізуде фразеологизмдерді меңгертуге басымдылық беру керек.
Фразеологизмдерді оқыту барысында оларды қатысымдық әрекетте қолдану үшін жаттығулармен жұмыс істеу қажет.
I.Тапсырмалар жүйесінде:
1.Ізденімдік тапсырмалар.
- Тіл дамыту тапсырмалары.
- Зерделілік тапсырмалар
II.Жаттығулар жүйесінде:
1.Дайындық жаттығулары.
А.Сөйлем құрастыруға арналған жаттығулар;
Ә. Керекті фразеологизмдерді табуды талап ететін жаттығулар.
2.Шығармашылық жаттығуларда:
А. Фразеологизмдермен диалог құрастыру;
Ә. Фразеологизмдердерді қатыстырып мәтін құрастыру;
Б. Фразеологизмдерді қатыстырып сипаттама жасау.
- Ізденімдік тапсырмаларда оқушыларға құрамында жігер сөзі бар фразеологизмдерді табу тапсырылады. Оқушылар фразеологиялық сөздіктен мынадай фразеологизмдерді тауып жазады:
Жігері жоқ – ынта -талабы, қайрат-қажыры жоқ.
Жігері құм болды – діңкесі құрып, жасып қалды; тауы шағылып, бармағын тістеді, қынжыла күйінді.
Жігерін жасытты, жігерін құм етті [құм қылды] -бетін қайтарды, еңсесін түсірді.
Жігерін жегідей жеді – азаптанды.
Жігері тасыды – қайраттанды, қажырланды.
Бұндағы тапсырманың тиімділігі фразеологиялық сөздікпен жұмыс жасау арқылы оқушылар құрамында жігер сөзі бар фразеологизмдердің мағынасын анықтап, жігер деген сөз – «күш-қуат» деген мағынада пайдаланытынын анықтау арқылы сөздік қоры молайып, оқушының қазақ тілінде қатысым әрекеттері дамып, сөз мәдениеті қалыптасады.
- Шығармашылық жаттығуларда оқушылардың шығармашылық қабілеттерін қалыптастырады. Олар фразеологизмдермен диалог, мәтін құрастыруға, сипаттама жасауға үйренеді.
Тапсырманың тиімділігі: оқушының қазақтың салт-дәстүрлерімен: беташар, шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндетке отырғызу дәстүрлерімен таныса отырып, олардың мағынасын фразеологиялық сөздіктен анықтап, біліп, осы фразеологизмдерді қатыстырып диалог құрастыруға дағдыланады. Осы мәліметтер оқушының ойлау қабілеттерін қалыптастырады.
Фразеологизмдердің мағынасын түсіндіруде шығармаларға сүйену, оны пайдалану жақсы нәтиже беретіні сөзсіз. Бірақ ол барлық жағдайда мүмкін бола бермейді. Сондықтан фразеологизмдерді түсіндіруде оның қолданыстағы нақты мағынасын бір сөзбен түсіндіру қолданылады. Оның өзі түрліше жүзеге асады:
1.Синоним сөзбен түсіндіру; көзді ашып, жұмғанша – тез, жылдам; үріп ауызға салғандай – әдемі. Мұндағы тез, жылдам әдемі сөздері оқушыға бұрыннан таныс;
2.Фразаны сипаттап түсіндіру қолданылады. Түйеден түскендей – дөрекі сөйлеу, қолайсыз, орынсыз, сыйламай сөйлеу; бүйрегі бұру – жақын деп қарау, мәселені жақын адамға бұра шешу т.б.
Фразеологизмдерді үйрету арқылы оқушының сөздік қорын байытумен бірге, оларды белсенді сөздік қорға айналдыру жұмысы жүргізіледі. Фразеологизмдерді түсіндірумен бірге оқушыда оны қолдану дағдысы қалыптастырылады. Оқушыда фразаларды қолдану дағдысы қалыптаспаса, сөздер ұмытылады, оларды білсе де, сөйлеуде қолдана алмайды. Сондықтан да фразаларды қолдану дағдысын қалыптастыру мемлекеттік тілді оқытуда белгілі орын алуға тиісті.
Фразеологизмдерді оқушының қолданыс сөзіне айналдырудың мәні зор. Тұрақты сөз тіркестерін жеткілікті үйрету, оның сөйлеуде қолданылуына дағдылану оқушының сөздік қорын байытумен бірге, оның қазақша сөйлеуіне көркемдік әсерін береді, оның сөзіне әсерлілік туғызады. Оқытушының қазақша сөйлеуі неғұрлым көркем, шебер болса, оқушының қазақша сөйлеуге ынтасы артады. Өйткені оның қазақша шебер сөзі оқушыға күшті әсер етеді де, оқушыны қызықтырады. Сөйлеуші мен оқушының арасында өте жақсы қарым-қатынас туады. Бірін-бірі түсіну, жақсы қабылдау сияқты психологиялық жағымды жағдай орын алады. Бұндай жағымды әсер екі жаққа да өте пайдалы, ол оқушыны қазақша сөйлеуге ынталандырады.
Мақал-мәтелдер де тұрақты сөз тіркесіне жатады, бірақ олардың ерекшеліктері мол, ұқсастықтары да бар. Мақал-мәтелдер құрамы жағынан күрделі, мазмұны жағынан игі қасиеттерге үндеу, тәрбиелеу, жақсылыққа уағыздау мәнінде болатыны белгілі. Ал ол өмір шындығынан қорытылған. Өмір шындығы халыққа көбіне ортақ болғандықтан, мақал-мәтелдердің халықта ортақтығы, ұқсастығы мол. Тұрақты тіркестерді оқыту, түсіндіру жолдары мен тәсілдерінің бірсыпырасы мақал-мәтелдерді оқытуға да ортақ деп қарауға болады.
Оқушының фразеологизмдердің ойды бейнелі берудің аса ұтымды құралы екендігін сезінуі оны көркем сөйлеумен, тіл мәдениетімен, сөз әдебімен сабақтастықта түсінуіне, түпкі нәтижесінде өзінің және өзгелердің сөйлеу тіліне талғаммен қарауына және қатысымдық дағдыларын жетілдіруге септігін тигізеді. Бұл әдістемелік жүйе оқушылардың сөздік қорын байытып, олардың қазақ тілі туралы дүниетанымын кеңейтуде, оны көркем сөйлеуге төселдіруде маңызды рөл атқарады.
Пайдаланылған әдебиет:
А.А.Керімбекова. Қазақ тілін жоғары оқу орны студенттеріне фразеологиялық сөздік арқылы оқыту әдістемесі. Алматы, 2010 жыл