Ұлытау өңіріндегі алаша хан, домбауыл, жошы хан кесенелері
Куанбекова Р.Н.
«…Әрине, Ұлытаудың өзінің орны бөлек. Дегенмен, сол қазақ халқының ханы мен үш дана биі ортақ жауға қарсы тұру үшін елдің басын жинап, бас сардарды сайлап, жауға қарсы қойып, қантөгіс қырғында еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалды. Ал оның басы осы Ұлытауда басталған болатын.
Ата – бабадан қалған деректер, ең бірінші қазақтың басы қосылған жері – осы жер. Мұның өзінің тарихи мағынасы бар. Ұлытаудың басына ылғал жиналып, төңірегі көгерген кезде бүкіл қазақ жайлауға келеді екен. Шақыртып жатудың қажеті жоқ. Өздері жиналады. Осы жерде сол халықтың, әр рудың, әр тайпаның, әр елдің әкімдері жиналып, өздерінің басшыларын сайлаған. Сондықтан сайлаудың ең басы ХІ ғасырдың басында осында болған дейді. Халық жиналып өзінің ханын сайлап, киізге салып, көтерген жері осы екен. Сондықтан біз солай деп есептеуіміз керек. Қазақтың басы қосылып, ел болып отырғаны мың жыл бұрын десек, ешқандай қиянаттық болмайды.
Едігені хан сайлаған – Ұлытау. Тоқтамыс ханды сайлаған да Ұлытау. Абылайды хан етіп киізге көтерген де Ұлытау. Бабаларымыздың ойлаған ойы мен арманына әр уақыт табынамыз. Алар белесіміздің бәрі алда, бәрімізді аруақ қолдасын»
Н.Ә.Назарбаев
Атамыз қазақтан қалған: «Ұлытауға шықтың ба? Ұлар етін жедің бе?» сынды кең таралған мақал бар. Осы бір аталы сөз сан ғасыр, талай тарғалаңды артқа тастап, біздің заманымызға жетіп отыр. Бұл көбінеки келелі іс бастағалы жатқан ел ағаларына, қажылық сапарға ниет еткен ауқатты азаматтарға қарата айтылған. Демек, өз заманында ұлы, сауапты іс атқаратын тұлғалар үшін әуелі Ұлытауды зияраттап қайту қажетті шарттардың бірі болған. Яғни халқымыз Ұлытауды атам заманнан бері кие тұтып, оны ұлықтап келген.Тарихи мәдени мұраларды оқушыларға таныстыру, өскелең ұрпақты өз аймағымыздың тарихын білуге үндеу, олардың бойында ескерткіштерге деген құрмет сезімін ояту, тарихи мұраларымызды қорғау және насихаттау мақсатында мектеп оқушыларымен Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени орындарына, ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылатын Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл батыр кесенелеріне барып қайттық.
Саяхатқа мектеп директоры Ш.С.Адамьянова, тәрбие ісінің орынбасары Р.Н.Куанбекова,қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Д.Алпысова және 30 оқушы барды.
«Алаш алаш болғалы, Алаша хан болғалы» деген қазақта мақал бар. Саяхатымыз біздің халқымыз үшін үлкен еңбек сіңірген ұлы тұлға, артында қалған қалың елінің шынайы махаббатына бөленген жан- Алаша хан кесенесінен басталды.[1:86]Мазар халық шеберлерінің қолымен ХІ-ХІІ ғасырларда Алаша ханның құрметіне салынған, оның есімі қазақтың үш жүзінің пайда болуымен тікелей байланысты. Кесене Қаракеңгір өзенінің аңғарында, Сарыкеңгір өзенінің құярлық саласында биік жотаның үстінде тұр. Ғалымдар күмбезді Қарахан әулетіне, оғыз-қыпшақ заманындағы Х-ХІІІ ғасырлардағы сәулет өнерінің қатарына қосады. Алаша хан күмбезі порталды –күмбезді сәулет өнері үлгісіне жатқызады.
Әрі қарай саяхатымызды Домбауыл кесенесіне қарай жалғастырдық.
Ел ішінде Жошы, Алаша хан туралы айтылған, айтылып жүрген әңгімелердің қай-қайсысы болса да Домбауыл батырға бір тірелмей өтпейді. [1:88]Тарихта Домбауыл батыр Шыңғысханның оң жақ тізесінен орын алған ықпалды адам ретінде айтылады. Домбауылдың қадіріне жетіп, оның қасиетін ұққан Шыңғысхан оны үлкен ұлы Жошының қасына ақылшы етіп қосады. Бұл қалай дегенде де тарихи шындыққа келеді. Себеп – Жошының мазары жанында Домбауыл кесенесінің тұруы, тіріде қорғаны болуы көп жайттан хабар бергендей. Қазақтың «өлсек моламыз бір төбенің басында болсын» дейтін сөзі барын да еске алайық. Шындығына келгенде де, Жошыдай баһадүрдің қасына белгісіз адамның мазары салынбасы әбден түсінікті. Айтқаны әділ, көздегені қате кетпейтін Домбауыл батырға қатысты айтылатын әңгімелердегі деректер дала төсінде де сайрап жатыр. Сонау Жошы мазары мен Домбауыл кешені тұрған далада көсіліп Кеңгір ағып жатыр. Ұлытауға қарай шығар беткейде Ақсай өзегі тұр. Осы Ақсайдың басы «Дабыл қорасы» аталады. Бұл Жошының құланға дабыл қаққан жері деп айтылады. Осы жазықтың енді бір беткейінде «Топырақ суырған» деп аталатын ойпаң бар. Бұл ойпаң Жошы денесін құлан таптағаннан кейін барып «Топырақ суырған» деп аталса керек. Осыған қоса, құлан мен Домбауылға қатысты әңгімелерге өзек болатын жер аттары да жетерлік. Мәселен, Тарбағатайдан Іле өзеніне дейін қазылған құлан өтпес ордың сорабы бар. Басын сонау Ұлытаудан алып жатқан, солтүстікке қарай ұмсына созылған «Құлан өтпес», «Терісаққан» өзендерін көргенде аңыздың шындыққа айналғанына көзіміз жеткендей болады. Қолдағы деректерге зер салсақ, Жошы хан Бетпақдалада құлан аулап, саятқа шығып жүрген кезінде қазаға ұшыраған. Домбауыл Қыпшақ даласының Ұлығ биі, аталық жырау Кет-Бұқаның туған әкесі. Әкелі-балалы Домбауыл мен Кет-Бұқа Жошы хан қайғылы қазаға ұшырағанша оны қызғыштай қорыған, сенімді кеңесшілері, арқа сүйер тірегі болыпты. Домбауыл өлгенде артында қалған қалың ел оған биік кесене соқтырған.
Иә, Жошы мазары қасында Домбауыл кешені тұрғаны рас. Кеңгір өзенін бойлап Жезқазған қаласының солтүстігіне қарай жүргенде 50 шақырым жер. Жошы мазарымен екеуінің арасында дауыс жетеді. Іргетасы төртбұрышты. Биіктей келе күмбезденіп, бітім тұлғасы аса қарапайымдылығымен, беріктігімен ерекшеленеді.
Келесі саяхатымызды Жошы хан кесенесіне жалғастырдық. [1:87]Күмбез Кеңгір жағасында орналасқан. Соның ішінде тарихи тағдырымен, сәулеттік – көркемдік бітімімен айрықша көз тартатындардың бірі – Жошы хан күмбезі. Күмбез Жезқазған қаласының солтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде, Кеңгір өзенінің жағасына орналасқан. Күмбез Алтын Орданың негізін салушы, қазақ хандарының арғы атасы – Жошы ханға арнап салынған. Ертедегі қазақ аңыздарының бірінде Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы құлан аулап жүріп, нөкерлерінен алысқа ұзап кетеді. Осы кезде құландар үйірінің бір ақсақ құланы Жошыға тап береді. Ақсақ құлан шабуылының тегеурінді болғаны сондай, Жошы хан атынан құлап, қаза табады. Жошы хан күмбезіне жүргізілген қазба жұмыстары кезінде күмбездегі екі қабірдің біреуіндегі адам сүйегінің оң қолы жоқ екендігі анықталған. Бұл: «Жошыны аң аулап жүргенде құланның айғыры жайнап өлтірді» немесе «Жошыны жерлегенде бір қолы жоқ болған» деген халық аңызына сәйкес келеді.
Арқа төсіндегі, Кеңгір жағасындағы Жошыхан мазары бізге – бүгінгілерге өткенімізді көңіл терезесінен өткізудің, тарих беттерін парақтаудың қаншалықты қажеттігін қайта-қайта еске салып тұрғандай болды. Әрине, әлемге билігі жүрген Шыңғыс ханның атының тұяғы тиген бұл жазықта ел тарихына қатысты талай оқиғалар болғаны анық. Бұл жайлы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әфсана-аңыз әңгімелерде айтылады. Халқымызда «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Шынында да, ел арасындағы ауызекі әңгімелердің түп-төркіні шындыққа жол тартары рас.
Елбасымыз Ұлытау өңірін киелі жер деп атаған болатын. Тарихтың куәгері-Ұлытау тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр.Керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса,ол дауылға шыдап тұра алмасы ақиқат.
Ұлытау неге киелі?
Біріншіден, Ұлытау ежелгі түрік бабаларымыздың қасиетті қорымдары орналасқан, ұлы дүбірлі науқандары өткен ерекше тарихи және рухани құндылыққа ие өлке.
Екіншіден,ол Шыңғыс ханның Қайдау ханға дейінгі аталарына қоныс, ұлысқа рухани тірек болған киелі жер.
Үшіншіден, Алашаханның – Шыңғыс ханның және оның баласы Жошы ханның күмбездері тұрған қасиетті өлке.
Төртіншіден, Кенесарыға дейінгі қазақ хандары ақ кигізге отырғызылып хан көтерілген, мемлекеттілігіміздің құты қалған орасан зор тарихи маңызы, идеологиялық құны бар ардақты аймақ. Сондықтан да Ұлытау алты Алаштың арқауы, үш жүздің өзегі, қазақ елдігінің рухани тірегі болған аса қасиетті, ерек киелі мекен. Ол бүгінгі азат Қазақстан елі үшін де, болашақтағы «Мәңгілік ел» үшін де бәз-баяғысындай қасиетті, киелі болып тұра бермек.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Қ.Ахметов «Ұлытау» Астана- 2006 , «Фолиант» баспасы [1:86]; [1:87]; [1:88].
- Қ.Ахметов «Егемен Қазақстан» газеті, 2001 жыл
- Əбдірахманов А. Қазақстан этнотопонимикасы (зерттелу тарихынан). — Алматы: Ғылым, — 3-б.
- Ж.Ибаділдин. «Жер кіндігі Жезқазған» Астана-2004