«Мен бақытты балдырған»
Хасенова Рахат Сериковна
Біз бейбіт өмірде өмір сүреміз, соның өзі бақыттың нағыз кілті болып табылады. Ата-анамыз қасымызда, Отанымыз аман, мемлекеттік тілімізде сөйлейміз, өзіміздің құқымыз мен балаларды қорғау Заңы бар.
Қазір балалардың тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек. Көп ата-аналар «жұмыстан қол тимейді» деп, бала тәрбиесіне көп зейін бөлмей жүргені анық. Өткен ғасырда да ата-аналар жұмыс жасады, бірақ ол кезде бүгінгі таңдағыдай болған жоқ. Мысалы: теледидардан санаулы ғана мультфильмдер көрсететін, атыс-шабыс киноларды сирек көрсететін, компьютер, неше түрлі ойын-жабдықтары,т.б жоқ болатын. Ал, қазір соның барлығы кез-келген үйден табылады. Бала сабақтан келе сала теледидар алдына немесе компьютер алдында отырады. Оның өзі қаншалықты зиян екенін біле тұра солай. Әрине, заман талабына сай білуі керек, бірақ шектеулі түрде болғаны дұрыс.
Жұмыстан келген соң балаға екі сағаттай көңіл бөліп, егжей-тегжейіне дейін түсіндіріп, дос ретінде сөйлескені жөн. «Қазіргі заманның балаларына қатты дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды» десек те болады. Олар көп ашуланшақ және жүрекпен қабылдайды. Бірақ, тіпті, ұрыспай еркелетіп жіберуге де болмайды. Кейде әкесінен я анасынан аяқ тартатындай етіп тәрбиелеу керек.
Тәрбие қайдан шықты? Тәрбие ауылдан шықты деуге болады. Жазғы демалыста балаларды ата-әжесіне ауылға жіберіп тұрған да жөн. Ата-әже тәрбиесі өз алдына бөлек. Сонымен қатар, әке-шешесі де демалыс күндері балаларды арнайы ойын-сауық орындарына немесе жай қыдыртып, уақытты бірге өткізгеннің өзі көп әсерін тигізеді. Сол сияқты сабақтан тыс уақытта теледидар алдында мағынасыз киноларды көргенннен, компьютерде ойнағаннан гөрі, әлде қайда пайдалы, баланың қабілеті мен қызығушылығына қарай түрлі үйірмелерге баратын болса, әрі ақылды және уақыты да тиімді өтер еді.
Әр отбасында, әсіресе, әке-шешесі өтірік айтпай, өзара жақсы қарым -қатынаста болатын болса, ол да баланың психикасына әсер етеді. Күнде дау-дамай, бір-бірлеріне өтірік айтар болса, бала да соны дұрыс екен деп қабылдауы да мүмкін. Балаға уәде еткен соң сол уәдені орындау керек. Сонда ғана баланың ата-анасына деген сенімділігі пайда болады. Ал егер сіз әрдайым уәде етіп, оны орындамасаңыз, онда өз балаңыз сізге сенуден қалады. Сізге сенген соң өзіңіз де балаңыздан өтірік айтпауға талап ете аласыз. Сондықтан әке-шеше, алдымен, өз балаларына үлгілі, мақтан тұтатындай азамат болулары шарт. Бұл туралы Абай атамыздың еңбектерінде де айтылған. Демек, ата-ананың балаларына үлгі көрсетуі қазақ халқындағы бала тәрбиесі тақырыбындағы ең маңызды мәселелердің бірі болып келеді.
Балаңызды жақсы көріңіз және соны көрсете біліңіз. Балаңыз қандай да қателік жіберсе, ұрсып ала жөнелмей қателіктерін түзетуге көмектесіп, қолдаңыз және балаңызға сенімділікпен қарасаңыз, ол да өз күшіне сене алады. Қазақта жақсы сөз бар «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген, сондықтан жақсы сөздер айтып, оның ойымен де бөлісіп, ой-санасын дамыту керек. Бала деп елемей қоймай, баланы да сыйлай білу керек.
Мен- тәуелсіз Қазақстанның ұрпағымын. Мен өте бақыттымын. Себебі әрқашан менің жанымда атам мен апам , анам мен әкем, сіңлім мен інім бар. Біз тату отбасымыз. Әсіресе бірге отырып кешкі тамақ ішкен уақыт маған өте ұнайды. Сол кезде әрқайсымыз күні бойы атқарған істерімізді ортаға саламыз. Мен 1 «А» сыныбында оқимын. Сабағым өте жақсы, еш қиналмай, қызығып оқимын. Өзімнің мұғалімім Хасенова Рахат Сериковнаны сыйлаймын және жақсы көремін. Сабақтан тыс уақытта мұғалімдердің тапсырмаларын орындау үшін мектеп кітапханасына барамын. Сыныптастарымызбен бірге жиналып, кітаптармен журналдарды ашып жұмбақтар іздейміз, биге қатысамын. Апайымыз бізге әр ұлттың халық биін үйретеді, епті, шымыр болсын деп жаттығулармен жаттықтырады. Арманым – мектепті жақсы оқып, ата-анамның мақтанышы болғым келеді.
Бейбіт өмір сүріп жатқанымыз қандай бақыт! Осы жайлы мен анама айтып, кейде армандап кетемін. Кейде мен әнші болғанымды, кейде мұғалім болып балаларға білгенімді үйреткім келеді. Сонда анам маған: «Сен-Тәуелсіз елдің баласысын. Сенің алдында есіктің бәрі ашық. Қалаған арманың орындалады. Тек жақсы оқып, тәртіпті болсаң болғаны. Және де, балам, туған еліңді, жеріңді сүй, ата-анаңды қадірле, ұстаздарыңды құрметте, бейбіт өмірдің қадірін біл»- дейді.
Бақытты балдырған шағымыз ешқашан бітпесе екен. Барлық балалар бақытты болып, өмірден еш қиыншылық көрмесе екен. Ата-аналары ешқашан тастап кетпесе екен. Міне, бала бақыты деген осы. Әр бала өмірден артық ештеңе сұрамайды. Балалардың жүзінен мәңгілік күлкі кетпесін.