Ойынның бала өміріндегі маңызы

Төлеубек Ақмарал Маратқызы

Мектепке дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның ролі ерекше. Ойын – жалпы адамзат мәдениетінің бірегей феномені, оның қайнар көзі мен шыңы. Мәдениет феномені ретінде ойын оқытады, дамытады, тәрбиелейді.

Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?»-деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.

Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына игі ықпал ететін жетекші, басты құбылыстың бірі.

Ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады.Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық,белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді.

Адам іс-әрекетінің ерекше бір түрі – ойынның пайда болуын зерттеушілердің біразы өз еңбектерінде өнер және ойын көркемдік іс-әрекеттің алғашқы қадамы деп түсіндіреді. Ойында шындықтың көрінісі, оның бейнелі сәулесі қылаң береді. Жалпы ойынға тән нәрсе өмірдің әртүрлі құбылыстары мен үлкендердің түрлі іс-әрекеттеріне еліктеу екені белгілі. Ойынның шартты түрдегі мақсаттары бар, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттер бала үшін қызықты. Балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі ойында жатыр. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады. Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді.Сондықтан да педагогикада бала ойынына ерекше мән беріледі, өйткені ойын үстінде қалыптасатын балалық шақтың түйсігі мен әсері адамның көңіліне өмірбақи өшпестей із қалдырады. Бала ойын арқылы өзін толқытқан қуанышын немесе ренішін, асқақ арманын, мұрат-мүддесін бейнелесе, күні ертең сол арман қиялын өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Сөйтіп бүгінгі ойын, бейнелі әрекет ертеңгі шындық ақиқатқа айналатын кезі аз емес.

Бала ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырады, қоршаған орта мен құбылыстарды ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды. Былайша айтқанда болашақ қайраткердің тәрбие жолы, тәлімдік өнегесі ойыннан бастап өрбиді.

Ойын мен еңбектің бір-біріне ұқсас сипаттары көп, сондықтан кейбір педагог-ғалымдар «жақсы ойын — жақсы жұмыс сияқты да, жаман ойын- жаман жұмыс сияқты» деп қарап, бұлардың арасында айырма шамалы деген түйін жасайды. Өйткені, әрбір жас кезінде ойын тиісті дәрежеде ақыл мен қажыр-қайрат жұмсауды керек етеді.Белсенді іс-әрекет пен күш-жігер жұмсалмаған ойын, жақсы ойын болып табылмайды. Жақсы ойын да жақсы жұмыс та көңілді қуанышқа толтырып, рахатқа бөлейді. Демек, осы жағынан ойын мен жұмыстың  ұқсастығы байқалады. Баланың ойынында да белгілі дәрежеде тиісті жұмыстағыдай жауапкершілік болуға тиіс. Олардың негізгі айырмашылығы тек мынада: баланың ойыны нақты материалдық рухани байлықты көздемейді, ал жұмыс ондай игілікті  өндірудің негізгі жолы екені айқын.Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсерін ұшқындайды, белсенділігі артады, ерлік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын ұштайды.

Ойын үстінде бала бейне өмірдің өзіндегідей қуаныш, реніш сезіміне бөленеді. Бірақ бала одан ойын екенін білмейді деген түсінік тумайды. Сондықтан шындықтағыдай «сөйтейік, бүйтіп көрейік»-деуі, олардың «ойынды ойын»-деп түсінуінде жатыр.

Ата-аналар  мен  тәрбиешілердің міндеті  бала бойына жас кезінен бастап ізгілік, мейірімділік, инабаттылық, сезімдерін қалыптастыру. Ойын барысында  балалардың айналадағы дүние жайында мағлұматтары кеңейіп, таным белсенділгі артады.Ойын-балалардың, оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал. Ойын технологиясының ерекше қасиеттерінің бірі- сыртқы жағдай әсерінен баланың мінез-құлқында еркіндік,ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне  қызығушылық пайда болады. Көңіл-күйдің көтерілуі оқу әрекетіндегі үрдістердің жеңіл әрі қызықты өтуіне әсер етеді.Баланың психикасы,қабілеті ойын іс-әрекеті арқылы беріледі. Бұнда баланың ішкі көрнекілігі қалыптасады, ойлауы мен физикалық іс-қимылы қатар жүреді. Бала ойлап отырып іс-қимыл жасайды. Бұның бір артықшылығы- бала оқу материалдарын интенсивті түрде қайталап, жаттығып отырады. Ойын кезінде тәрбиеші қатал сарапшы немесе төреші емес, керісінше жақсы қарым-қатынас құратын қайырымды кеңесші болуы керек.

Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық»-деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады.Ұлы педагог В.Сухомлинский «Ойынсыз,музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды»-дейді, демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіруі ойын арқылы байи түспек.

Ойын бала үшін — нағыз өмір. Егер тәрбиеші ойынды ақылмен ұйымдастырса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік алады. А.П.Усова былай деп атап көрсетті: «Балалардың өмірі мен іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру — оларды тәрбиелеу деген сөз. Тәрбиенің тиімді процесі ойын және ойынның өзара қарым-қатынастары формаларында жүзеге асырылатын себебі сол, бала мұнда өмір сүруді үйренбейді, өз өмірімен тіршілік етеді».

Ал, А.С.Макаренко ойынның балалар өмірін ұйымдастырудағы ролін жоғары бағалай келіп, тәрбиешінің ролі туралы былай деп жазды: «Мен де педагог ретінде олармен аздап ойнауға тиіспін. Егер мен тек қана үйретіп, талап етіп, айтқанымды істетіп тұрсам, онда мен, бәлкім, пайдалы, бірақ жақындығы жоқ бөгде күш қана боламын. Мен міндетті түрде аздап ойнауға тиіспін және мен өзімнің барлық әріптестерімнен осыны талап еттім»-дейді.

Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.

Дидактикалық ойын барысында есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері дамып, балалар музыкалық ойыншықтар мен әр түрлі саздық аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігін ажыратуға, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға үйренеді.Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау үшін байқағыштық пен тапқырлық көрсетеді. Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапаларға тәрбиеленеді. Бала өмір құбылыстарына, адамдарға, жануарларға деген ынтасын, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштарлығын ойын арқылы қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың адамгершілік тәрбиесінің дамуында маңызды рөл атқарады.   Еліміздің ертеңі,ұлтымыздың болашағы-бүгінгі ұрпақтың өмірді танып,ой өрісінің өркен жайып рухани жетілуі үшін ойынның бала өміріндегі маңызы  зор.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *