Үштілді оқыту

Үштілділік – көптілді білім алушы тұлғаны қалыптастырудың негізі.

 

        Тіл үйрену үшін қажеттілік не мәжбүрлік емес,

 шынайы қызығушылық болуы маңызды.

                                                                                  А.Б.Августин философ Италия

       «Аяққа кісен салуға болар, қолға кісен салуға болар – тілге кісен салуға болмас»- дегендей ана тілінің құдіреті жайлы қаншама ойшылдарымыз, ақын-жазушыларымыз құнды пікірлер қалдырды. Осынау бабаларымыз сөйлеп, даналарымыз толғап, аналарымыз әлдилеп өскен қазақ тілінің еліміздің болашағының көркеюіне зор ықпал етуде.
         Қазіргі таңда  қанша ұлт, нәсіл болса, солардан бізді даралап тұрған басты бойтұмарымыз ,туған тіліміз – қазақ тілі біздің рухани негізіміз.
Қазіргі жаһанданған, ақпараттың дамыған ғасырында болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің экономика саласына да, білім беру жүйесіне де тың ізденістер мен өзгерістердің енгізілуіне себеп болып отыр.
Бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен»,-деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным еткендей, келшекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр.
Еліміздің тәуелсіздігі нығайып, қоғамдағы демократияның өрісі кеңейген шақта адамның қоғамдық та, тұлғалық та рөлі жаңа сипатқа ие болып отыр. Соған орай рухани құндылықтар жаңарып, адамның зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы білімнің маңыздылығы туралы қағидалар түбегейлі өзгерді. Жалпы білім беретін мектепте оқытылатын әрбір пән оқушы тұлғасын жетілдірумен қатар оның шығармашылық қабілеттерін дамытуды көздейді.

     Бүгінгі технология және жаһандану заманында өскелең ұрпақты көпмәдениеттілікке тәрбиелеу үдерісін іздестіру қарқынды жүргізіліп отырғанын байқауға болады. Қазіргі таңда өзара байланысы мен өзара тәуелділігі басым әлемде жас ұрпақты бәсекелестікке дайындаудың бірден бір жолы көптілділік болып табылады. Қазір көптілді білім беру – мектептегі оқу пәндерін екі немесе одан да көп тілде оқыту, жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін ең басты қажеттілік.

      Көптілді білім беру – көптілді тұлғаны қалыптастырудың негізі. Үштілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. Мектепте көптілді тұлғаның қалыптасуы, оқу процесінің айқын ұйымдастырылуы мазмұн мен оқыту принциптерін арнайы таңдау, оқыту және нәтижені тексеру, сәйкесінше жоспарлауды қадағалайтын арнайы технологияларды қолдану барысында мүмкін болады. «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.
Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар – қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуімен елбасымыз мектеп мұғалімдері мен оқушыларға  үлкен сенім артып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2050 » стратегиясында мұғалімдерге сенім арта отырып, жастарымыздан үміттенеді. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет ауыр»-делінгендей , жастарды сауатты баулысақ болашағымыздың жарқын болатыны белгілі. «Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер»,-деген жолдарда жастарымызға деген үміт пен сенім жатыр. Яғни көптілді білім алушы тұлғаны қалыптастыру үшін біз  қазақ және орыс тілін білуді тереңдетумен қатар ағылшын тілін игеруде де серпіліс жасауымыз керек. Бұл серпілісті мынадай мәселелерді жан-жақты қарастырудан бастау керек деп ойлаймын, ол:

Ø Оқулық

Ø Білікті маман

Ø Мектептегі сағат саны мен сыныптағы оқушы саны

  Сонымен оқушылардың қазіргі кезде орыс тілін және ағылшын тілін білу деңгейіне тоқталар болсақ , әрине бірінші кезекте сынға ұшырайтыны ағылшын тілі. Өз ойым мұның бірнеше себептері бар.

   Біріншіден мектепте оқушы қолына берілетін оқулықтардың сапасы мен жүйелілігі. Ағылшын тілінде сөйлейтін ортаның жоқтығы. Еліміздің барлық мектептері бір баспаның және  нақты бір автордың кітабымен оқымайды.           

          Биыл бірінші сынып оқушылары 1 Smiles Jenny Doоley Verginia Evans

Н. Мухамеджанова жасаған аудармасымен оқып жатыр. Оқулық жылтыр, іші қызыл да жасыл көздің жауын алатын суреттерге толы, жас баланаң қызығушлығын оятатын тапсырмаларға бай, керемет оқулық. Оқулықты, жұмыс дәптерін сонымен қатар жүретін таспаларын бастан аяқ қарап шығып көңілім толды. Екіншіден сыныптағы оқушы саны мен топқа бөлінуі. Ауыл мектептерінде жеңілдеу әрине, ал қала мектептері оқушы сыны 24-ке жетпесе бөлінбейді. Ал аптасына екі қырық беспен сыныптағы 21-23 баланы ағылшын тілінде сөйлетіп көр. 10-11 сыныпқа барғанда бұл балалар ағылшын тілінде физика-математика, химия-биологияны қалай игерер екен, уақыт болса жақындап қалды. Шіркін әр пән мұғалімі тек өз пәнінің шеңберінде ғана жұмыс жасаса…. Қағазбастылық пен мектептің толып жатқан мектепішілік іс-шаралары, әкімшіліктің тапсырмалары, әр мұғалімге бекітілген сынып пен ол сыныптың ата-анасының көңілінен шығып тілін табуды айтсайшы…..    Үшінші ол ұстаздардың біліктілігі мен мұндай үштілді өзгерістерге дайындығы. Біліктілікті арттыру курстарын молынан ұйымдастырып оқушылардан емес дайындықты мұғалімдерден бастау керек.  Сонымен қатар ата-аналар арасында да дұрыс сауатты насихат жүргізу керек. Өйткені үш тілде оқытудың не керегі бар деген кері көзқарастар да жоқ емес. Қандай мәселе болмасын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ортақ шешімге келсе барлық қиындықтардан өтуге болады. Не десекте қазіргі жаһандану заманында бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылу үшін үштілді оқытудың қажет екендігіне көзіміз жетеді. Ең бастысы алға қойылған мақсатқа жету жолындағы қадамдарды нық басып, ыждаһаттылықпен, артылған сенімді ақтау жолында адал еңбек ету.

 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. Жарықбаев Қ. Аталы сөз.– Алматы: Жалын, 1980.

2. Ақиқат. 2013 жыл, №1. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы

3. Ақиқат. 2011жыл, №5. «Қазақ тілін білу – әншейін бір ұран емес», Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮІІ сессиясында сөйлеген сөзі

4. Назарбаев Н.Ә. (Қазақстан халқына жолдауы). Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. – Астана, 2007

 

5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы

Орта мектепте оқыту процесінде көптілділікті

дамыту мәселелері  Әдістемелік құрал   Астана 2013

 

6. Бәйдібек Қарашаұлы қанатты сөздер




 



Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *