География пәнін ағылшын тілінде оқытуда CLIL әдісін қолданудың тиімділігі мен артықшылықтары
Баймуханова К.Д.
Қай кезеңде болмасын, көп тілді меңгерген халықтар мен ұлттар алдыңғы қатарлы елдің қатарына кіріп, өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырғаны тарихтан белгілі. Мәселен, ежелгі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған көрінеді. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз.
Елбасымыз үштілді білім беру жүйесін енгізе отырып қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде ал әлемдік экономикаға үйлесімді тіл ретінде ағылшын тілін меңгерту мақсатын көздеп отыр. Осы мақсатта тіл емес пәндерді ағылшын тілінде оқыту арқылы ел болашағын дамытуды көздейтініміз сөзсіз.Тіл емес пәндерді басқа тілде оқыту әлімнің бірнеше мемлекеттерінде ұтымды жүзеге асырылып келеді.Мектептерде ағылшын тілдерінен басқа да қытай, жапон, француз, орыс тілдерін үйретіп жоғары жетістіктер көрсетіп отырған Еуропалық елдер елдер де бар.
Тіл емес пәндерді ағылшын тілінде оқытуда тиімді әдістердің бірі “Content and Language Integrated Learning” деп аталады. Аталған әдісті алғашқылардың бірі болып тәжірибеге енгізген Дэвид Марш атты лингвист, еуропалық профессор.Бұл әдістің ерекшелігі CLIL – физика, математика, биология, география, информатика сияқты пәндерге қолдану арқылы тілді үйретуде өте тиімді болып келеді. CLIL әдісін қолданудың барысында мақсаты пәнді басқа тіл арқылы оқу. Ғалымдар әдістің ерекшелігі тілді жай екінші тіл ретінде мақсатсыз оқудан гөрі белгілі материалды игеру мақсатында оқу айтарлықтай нәтиже беретіндігін дәлелдеген. Бұл үйренушіге мақсаттылық және мотивация, материалды игеруге қызығушылық береді. Кейбір тіл үйренушілер граммматиканы оқудан жалығады,әсіресе оқушылар грамматиканы есте сақтауды жақсы көрмейді,сондай жағдайларда CLIL әдісі оқушының ағылшын тілін меңгеруіне көмектесе алады.CLIL әдісін пайдалану ұстаздан тіл және контентті игерту мақсатында алдын ала дайындықты талап етеді. Осы орайда CLIL арқылы сабақ өткізетін ұстаз қандай болу керек деген сұрақ туындайды. Сабақ өткізу тілін игерген,яғни ағылшын тілінде өткізетін болса, ағылшын тілін кем дегенде интермедиат деңгейде білетін, сол тілде еркін сөйлеп оқушылармен қарым-қатынас жасай алатын кәсиби маман.Ұстаз барлығын идеалды түрде білуге, басқа тілдің қыр- сырын ана тілімен тең деңгейде білуге міндетті болып есептелмейді. Өз тәжірибемде көргендей, оқушыға түсінікті қиын емес сөйлемдер мен сөз тіркестерін ұтымды пайдаланып пәнді оқыту маңызды. CLIL әдісін сабақта пайдалануда ұстаз үшін де, оқушылар үшін де бірқатар кедергілер кездеседі.
Олар: Ағылшын тілінде сөйлеудегі барьердің пайда болуы;
Ағылшын тілін тыңдаудағы барьердің болуы;
Оқушылардың ағылшын тілін білу деңгейлерінің әр түрлілігі;
Ойын жеткізуде толық сөйлемдерді қолдана алмауы;
Жоғарыдағы кедергілерді жеңу үшін сыныпта қолайлы атмосфера жасай білу қажет, конфликтті немес өте қатал жағдайда тілдік барьер тереңдей береді. Сондықтан ұстаздың оқушылармен бірге білім алушы ролі мен бағыттаушы ролін қатар меңгеруі маңызды.Тыңдау және түсіну барьерін жеңу оқушылар мен ұстаздан ұзақ уақытты талап етеді.Кейбір оқушыларда түсіну мен сөйлеу процестері қатар жүрмейді, оқушы сөйлей алуы мүмкін де тыңдаған кезде ештеңе түсінбейді, немесе керісінше үрдіс жүреді. Бұл кедергілерді жеңу үшін мұғалім мәтінді аудиоларды тыңдатуына болады.Бұл үрдістер оқушылардың индивидуалдық ерекшеліктеріне, қабілеттеріне байланысты болғанмен ұстаздың көмегінсіз кедергілерді жою қиынға түседі. Ойын толық жеткізе алмайтын оқушылардың сөздік қорын толықтыру мен аудитория алдында сөйлеу қорқыныш сезімдері болуы мүмкін, оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу еркіндігі біртіндеп байқалады Бұл заңды құбылыс болып табылады және ұзақ шыдамдылықты қажет етеді.
Тәжирибе жүзінде оқушылардың жас ерекшелігі мен жеке қызығушылықтарына мән беру оқушының мотивациясысна әсер етеді. Мысалы, 6-сынып оқушылары ұзақ, қиын сөздері көп мәтіндерді көргенде тез шаршап оқуға қызығушылығы жоғалады. Сондықтан оларды оқытуда анимациялық фильмдер тыңдату, қысқа мәтіндер оқытудан бастаған жөн. CLIL әдісін пайдалануда оң нәтижеге жету үшін ағылшын тілін аз мөлшерде пайдаланудан бастау оқушылардың психологиялық дайындығын арттырады.Ұстаз бірден сабақ бойы ағылшын тілінде сөйлеп, барлық сабақ материалдарын ағылшын тілінде ұсынатын болса оқушылардың қабылдау қабілетіне теріс әсерін тигізеді. Алғашында 5-10 минут қана кейін сабақ уақытын ұзарту тиімді нәтиже береді. Оқушылар 5-6 сыныптарда өзге тілді жақсы қабылдайды, неғұрлым есейіп 15-16 жасқа толған оқушылардың қабылдаудағы кедергілерін жою қиындай береді.Индивидуалдық ерекшеліктеріне байланысты көру арқылы қабылдап есте сақтап оқитын, жазу арқылы немесе дыбысты тыңдау арқылы есте сақтайтын оқушылардың ерекшеліктері болады. Көбінесе есту арқылы есте сақтауға бейім балалар ағылшын тілінде тез сөйлейді де айтылымда қатесін аз жібереді,мұндай оқушылар ән айтуға музыкалық қабілеттері бар балаларды жатқызуға болады. Жазу арқылы және көру арқылы есте сақтайтын визуалдарды словарь және дәптерді кеңінен пайдалануға бағыттау қажет.Олар мұғалім сөйлеу барысында тақтаға жазып экраннан көрсетіп отыруды қажет етеді. Күнделікті сабақта қолданылатын сөйлемдерді оқушы есту арқылы есте сақтайды, оқушыға “сыныпқа кір”, “басқа сыныпқа барамыз”, “қандай қиындықтар бар” т.б ескертулерді ағылшын тілінде айту олардың есту арқылы есте сақтауын дамытады. Әдісті пайдалануда қатып қалған қағида жоқ, өйткені оқушылар әр түрлі дамиды, мұғалім бір немесе үш ай аралығында сабақты толық ағылшын тілінде өткізуге ауыса алады. Алғашқы сабақтарды бастамас бұрын оқушыларды психологиялық дайындықтан өткізудің қажеттілігі бар, мінезі байсалды емес оқушылар әр түрлі себептерді айтып мұғалімнің тапсырмаларына селсоқ қарауы мүмкін, ол үшін алдымен сынып жетекші және ата-анасына қажеттіліктерді түсіндіріп айтудың маңызы бар.Оқуда дислексиясы бар, ерекше назарды қажет ететін оқушылары бар сыныптарда ата-анасына ескерту мен қосымша жұмыстар жасау қажет етіледі. Демек, оқушылардың ерекше қабілеттерін пайдалана білудің маңызы бар.
CLIL-әдісін қолданып сабақ өткізу кезінде аударма сөздік,”translator”, сөздіктер қолдануға рұқсат етіледі. Оқушының мәтінді аударуына электронды нұсқадағы сөздіктерді қолдануына болады. Мысалы, Алғашқы сабақтарда 5-7 минутқа сиятын, тақырыпқа сай ағылшын тіліндегі видео материалдарды тыңдатудан бастаған тиімді, өйткені оқушы тыңдау және көру арқылы өтетін сабақтардан кейін стреске түсу мүмкіндігі азаяды. Бірнеше сабақтардан кейін оқушыларға қазақ және ағылшын тілдегі нұсқаларда сұарақтар қойып бейнелерде қандай құбылыстарды көргендерін сұрауға болады. Оқушыларға ілестірме сұрақтарды қою арқылы диалог дамытуға болады, сыныптағы барлық оқушылар толық жауап бере алмаса да, жай сөйлемдермен ғана жауап бере алатын оқушылардың жауабын әрі қарай дамытуға болады. Үй тапсырмасына тақырыпқа сай жаңа сөздер жазып келуге тапсырылса келесі сабақта жаңа сөздерді пайдалануға тапсырмалар беріледі.
CLIL әдісін қолдануда қарапайым диалог құрастыру, қысқа мәтінді эсселер жазғызу, суретті әңгімелеу, ойындар ойнату, подкасттар тыңдату тиімді нәтиже береді. Күнделікті сабақта айтылатын сынып тілі ағылшын тіліне толығымен ауыстырылғаны да маңызды. Сабақтың құрылымы бастапқыда қайталанбалы болса оқушы тәртіпке үйренеді, әдістерді де өте қарапайымнан күрделіге қарай ауыстыруға болады.Өйткені белгілі бір қайталанбалы сабақты оқушы меңгергенге дейін сол сабақта қолданылатын қарапайым сөз тіркестері мен сөйлемдерге құлақтары үйренеді.
Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ, сабақта белгілі дәрежеде қиындықтардың да болуы мүмкін. Сонымен қатар контентті игеруге уақыттың жетіспей қалуы, мұғалімнің жоспарының толыққанды жүзеге аспауы мүмкіндіктері болуы CLIL сабақтары барысында қалыпты деп есептеледі. Оқушыларда барлық тіл үйренушілерге қатысты қателіктер кездеседі, жазу мен сөйлем мүшелерінің орындарының ауысуы, айту кезіндегі қателіктер, орфографиялық, пунктуациялық қателер көпжіберіледі. Бастапқыда сөйлеу кедергісі бар оқушылар сабақта белсенділік таныта бастаған кезде олардың қателіктерін сөзін бөлмей сабақтың соңына қарай барып түсіндірген жөн, өйткені ең бастысы сөйлеу кедергілерін жою мақсатында жұмыс жасау деңгейінде бұл қателіктергі аса назар аудармаған жөн.
Өз тәжірибемде байқағандай Фин балалары мен қазақ оқушыларының ағылшын тілін меңгеруге деген қызығушылығында айтарлықтай айырмашылықтар жоқ, оқушылар барлық тапсырманы да қызығушылықпен орындайды, сынып ішінде өте белсенді білім алушылармен қатар белсенді емес оқушылар да кездеседі. Бірақ Фин балаларының ағылшын тіліне қолжетімділігі жоғары, тіл тасымалдаушылармен сөйлесуге, субтитрлермен бейнефильмдер, жаңалықтарды оңайлықпен пайдалануға жағдайы бар. Ағылшын тілін үйрену кезінде оқушыларды бірнеше топтарда жұмыс жасауға үйретудің маңызы бар. Олар бір-біріне көмектесу арқылы оқуына жағдай жасау мұғалімге көмек бола алады. География пәнін ағылшын тілінде оқытуда тақырыпқа сай терминдерді видеолар мен мультфильмдер, оңай кинолар арқылы есте сақтауға үйретуге, мәтіндік тапсырмалар, түртіп алу әдістерін пайдалану арқылы оқытуға болады.
Ағылшын тілі – әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу – біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде.Сондықтан тиімді әдіс тәсілдерді қолдану арқылы оқыту нәтижеге жеткізеді.