Білім мен білікті жаңғыртатын жаңа бағдарлама және критериалды бағалау (баяндама)

Кабиева Айнур Кайраковна

«Мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп, өсетін,

өркендейтін тірі адам (тұлға) болғандықтан, біркелкі әдіске табан тіреп шектеліп қалуға болмайды…»

Ж.Аймауытов

Бүгінгі  таңда  елімізде  білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. Осы бағдарламаны іске асыру барысында 2016 жылдың сәуір айынан бастап елімізде бастауыш сынып мұғалімдеріне кәсіби біліктілігін арттыру курстары  өткізіле бастады. Мен де Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты Атырау «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған  23 мамыр және 10 маусым аралығында  «Жаңартылған бастауыш білім берумазмұны аясында» атты үш апталық курс тыңдаушысы болдым.

Қазақстан 2030 стратегиялық бағдарламасы білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңестігіне кіріктірумен сипатталады. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап осы жүйе, яғни әлемдік тәжірибе еліміздің барлық мектептерінің бірінші сыныптарына енгізілді.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76,79, 89-қадамдарын және Білім мен ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі жаңаша білім мазмұнына кезең-кезеңімен көшу жұмыстарын бастады. Білім беру жүйесіне енгізілетін реформа, ең алдымен, оқушыларға сапалы білім беруді, болашақта олардың әлемдік бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етуді көздейді.

Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.

Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.

Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ –ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары). Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі.

Тәжірибеден өткізу барысында бұл бағдарламаның ерекшелігіне көз жеткізе түскендеймін. Соның бірі коммуникативтік төрт дағдыға баса назар аударылуы. Осыған дейін оқылым мен жазылымға аса мән беріліп келсе, жаңа білім беру мазмұнында ең бірінші тыңдалым және айтылымға мән берілуінің қоғамдық қажеттіліктен туындағандығын тәжірибе барысы дәлелдеді. Себебі, тыңдалым дағдысының 6 жастағы балада емес үлкендер тарапында да жетіспейтіні жалған емес. Тыңдалым болмаған жағдайда қалған үш дағдының өз нәтижесін бермейтіндігі айдан анық жағдай. Сондықтан қазіргі күні оқу процесінде «ең бірінші тыңдаймыз» деп оқушылардың тыңдалымға дағдылануына баса назар аударып отыру оқушыда өз бетімен тыңдауға назар аудару дағдысын қалыптастыруда. Күнделікті сабақ басталмас бұрын бүгінгі сабақтың мақсатын таныстыру оқушыда өз алдына мақсат қоя білуге, сабақ соңында бүгінге мақсатқа қол жеткізгендіктеріне қайта шолу жасау арқылы өз нәтижесіне саралау жасауға мүмкіндік беру бұл да жаңа білім беру мазмұнының жаңа бір қыры деп айта аламын.Әр пәнде үш тілділік саясатының жүзеге асуы және барлық пәнге тән ортақ тақырыптың болуы, сабақтың кіріктіріле өткізуге негізделуі оқушының белгілі бір тақырыпты жан-жақты қырынан зерттеуіне, өз бетімен тұжырым жасауына ықпал етеді.

Ата-ана үшін де бұл бағдарлама бір жағынан қорқыныш тудырса, екінші жағынан қызығушылық та тудырып отыр.Ата-аналар мәжілістерінде әр оқушының қалыптастырушы бағалау нәтижесін есеп беру бетшесі арқылы таныстырудың өзі ата-ана мен мұғалімдердің арасында ынтымақтаса жұмыс жасауға ықпал ететіндігін көрсетуде.Кері байланыс бетшесінде алған мәліметтерін,жазған ұсыныстарына қарай отырып, ата-ананың бағдарлама мақсатын түсінгендігін байқауға болады.

Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериальды бағалау жүйесіне көшті. Критериалдыбағалау- оқушының  оқу жетістігін бағалау. Бұл бүгінгі оқыту жүйесінде өзекті талаптардың бірі  болып отыр. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығы мен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсіл мен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Критериальдыбағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдер де пайдаланылады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылым мен айналысуына ықыласын туғызады.

Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді.Әдістемелік материалдардың толық ресурсы: оқу бағдарламалары, оқулықтар, күнделікті сабақ жоспарлары, мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтар, бағалау жөніндегі ұсынымдардың бәрі де дайын.Әр пән бойынша қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағын сайттарынан пайдаланып отырдық. Жинақ тапсырмалары оқубағдарламасы мен оқу жоспарының негізінде дайындалған. Бағалау критерийлері мен дескрипторлары бар тапсырмалар мұғалімнің ұқсастапсырмаларды құрастыруына, іріктеуіне, білім алушылардың оқу мақсаттарынажету бойынша сындарлы (конструктивті) кері байланыс беруіне көмектесетін үлгілерболып табылады.Жинақта ұсынылатын сипаттама білім алушылардың қажеттіліктері менмүмкіндіктерін есепке ала отырып, тапсырмаларға өзгерістер мен толықтыруларенгізуге, бейімдеуге мүмкіндік береді.Қалыптастырушы бағалау барысында оқушының білім деңгейлерін есепке алу журналы толтырылып отырды. Оқушы орындаған әр тапсырма барысында берілген дескрипторды басшылыққа ала отырып, әр оқушы жұмысына кері байланыс жазылып отырды және оны оқушы портфолиосына салынып, жинақталды. (1-сурет)

 

 

 

 

1-сурет.  Оқушы портфолиосы. Қалыптастырушы бағалау тапсырмалары

 

 

 

Ата – анамен байланыс орнату мақсатында апта сайын оқушының білім деңгейлері туралы хабарлама беріліп отырды. (2-сурет)

 

2-сурет.  Ата – анамен байланыс дәптері

Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және белгілі біроқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Оқушы білімін бағалауға тоқталар болсам, жаңа білім беру мазмұнында бес балдық бағалау емес, критериалды бағалау арқылы бағалануы – оқушылардың оқу жетістіктерін нақты айқындалған, бірге даярланған, оқу үдерісінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі, бастауыш білім берудің мақсаттары мен мазмұнына сай критерийлермен салыстыруға негізделген бағалау үдерісі. Критериалды бағалау оқыту, тәлім-тәрбие беру және бағалаудың өзара байланысына негізделген.

Бөлім / ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалаудың тапсырмалары мұғалімге білім алушылардың тоқсан бойынша жоспарланған оқу мақсаттарына жету деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Әдістемелік ұсыныстарда бөлім / ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалауды өткізуге арналған бағалау критерийлері мен дескрипторлары бар тапсырмалар ұсынылған. Сондай-ақ, жинақта білім алушылардың оқу жетістіктерінің мүмкін деңгейлері (рубрикалар) сипатталған. Дескрипторлары мен балдары бар тапсырмалар ұсыныс түрінде берілген.

Тоқсандық жиынтық бағалауды өткізу үшін спецификация мен балл қою кестесі ұсынылған. Спецификация стандартталған және оны тоқсандық жиынтық бағалауды өткізуде басшылыққа алу міндеттелген.

Бұл бағалау жүйесінің оқушы үшін ерекше екендігін тәжірибе барысында байқадым.М.Сиранов атындағы орта мектептің«Тоқсандық жиынтық бағалауды өткізу туралы»  11.01.2017 ж №36 бұйрықпен  1 – сынып оқушыларының білімін критериалды бағалау жүйесін енгізу үдерісін үйлестіретін жауапты тұлға болып директордың оқу- тәрбие жөніндегі орынбасары Ж.Тұрымбетова тағайындалып, білім алушылардың тоқсандық жиынтық бағалау жұмыстарының нәтижесін талқылау үшін модерация өткізуге төмендегі құрамда комиссия құрылды:

  1. С.Карентаева –қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
  2. А.Молдағалиева – бастауыш сынып мұғалімдері бірлестігінің жетекшісі
  3. Д.Жантлеуова – орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
  4. А.Бектурсинова – бастауыш сынып мұғалімі
  5. А.Кабиева – бастауыш сынып мұғалімі

Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулықты (Оқу-әдістемелік құрал) басшылыққа алып, аудандықбілім бөлімінің ұйымдастыруымен «Критериалды бағалау арқылы оқушы білімін бағалау» атты семинар өткізілді. Ол семинарда –  критериалды бағалау жүйесінің терминдері менанықтамалары, қағидаларымен танысып, білім алушылардың оқу жетістіктерін,қалыптастырушы, жиынтық бағалаудың үдерістерін жоспарлау,ұйымдастыру кезінде мұғалімге көмек болатындай, тәжірибелік ұсыныстармен тоқсандық, жылдық баға қою механизмдері көрсетіліп, түсіндірілді.

 

Қаңтар айының 12 жұлдызында математика пәнінен алғаш рет бөлім бойынша жиынтық бағалау өтілді. Төменде сол жиынтық бағалау жұмыстарының қортындысы: (3-сурет)

 

3-сурет. Математика пәні бойынша жиынтық бағалау тапсырмасы

Оқушылар бұл жұмысқа қызығушылықпен қатынасты. Алдына ала жинақ тапсырмалардан оқушыға тапсырмаларын, бағалау критерийлерін, рубрикасы  шығарылды. Жұмыс уақыты 15 минут болатын. Жұмыс жекелеген оқушыларға қиындық тудырды. Дегенмен, әр оқушы қалыптастырушы бағалау кезінде алған білім деңгейлерін көрсете алды. Ата – аналарға осы жұмысқа байланысты рубрикалар таратылып, таныстырылды. (4-сурет)

 

4-сурет. Рубрика

Әр ата – ана өз баласының жеткен жетістігі мен кемшілігі туралы мәлімет алды. Әр  пән бойынша білім алушының жиынтық бағалау кестесі толтырылды. (5-сурет)

 

5-сурет.  Оқушылардың білімін есепке алу бетшесі мен журналы

Сонымен  критериалды бағалау бізге не береді деген сұраққа тоқталсам:

Мұғалімдерге:

  1. Білім беру сапасын арттыруға;
  2. Оқытудың сапасын жақсартуға;
  3. Әр оқушының жеке ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, жеке оқыту траекториясын құруға;

Оқушыларға:

  1. Өз нәтижелерін болжау арқылы табысқа жету үшін бағалау критерийлерін білуге және түсінуге;
  2. Өзінің және өз құрдастарының жетістіктерін бағалап, рефлексияға қатысуға;
  3. Шынайы міндеттерді шешу үшін өз білімдерін қолдануға, түрлі көзқарастарды білдіруге, сын тұрғысынан ойлауға мүмкіндік береді.

Ата-аналарға:

  1. Өз баласының оқытылу деңгейі туралы объективті дәлелдер алуға;
  2. Баланың оқудағы прогресін қадағалауға;
  3. Оқу үдерісінде оқушыға қолдау көрсетуге;
  4. Мектеп әкімшілігімен, мұғалімдермен кері байланыс орнатуға;
  5. Баласының мектепте және сыныпта жайлы сезінуіне сенімді болуына мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаның мәні, баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек.

Бүгінгі заман талабы – жан-жақты дамыған, өзіндік «мені» қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Оқушы тұлға болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі жағдаяттағы проблеманы анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, сыни ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға, логикалық операцияларды қолдана отырып дәлелдеуге, жалпы алғанда жеке адамның құзыреттіліктері  қалыптасуы қажет.

Қорыта айтқанда, критериалды бағалау жүйесін қолдану арқылы біз оқушының тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттаймыз, тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, тұлғалы нәтижеге, бағытқа жеткіземіз, білім алушылардың дайындық деңгейі мен өсу динамикасын кез келген кезеңде анықтаймыз, әртүрлі жұмыстардан алған бағаларды дифференциалдауға қол жеткіземіз. Бүгінгі оқушының білім сапасын критериалды бағалау жүйесі арқылы жетілдіруге болатынына күнделікті оқу үдерісінде қолдануымыздан  көз жеткізуге болады. Сыныбымда 21 оқушы бар. Математика пәнінен бөлім бойынша жүргізілген жиынтық бағалау барысында оқушылардың пайыздық есебі шығарылды: 100-81% – 4оқушы; 80-51% – 9 оқушы; 20-50% – 8 оқушының білім дәрежесі нақтыланды. Осы пайыздарды сайттарынан алынған электронды журналға тіркегенде әр оқушыға болжам бағалары қойылды: «5» – 4; «4»- 9;«3»- 8

Бағдарламаның ерекшелігін тәнті болғанымызбен әттеген-ай дерлік жағдайлар да кездесіп, мұғалім жұмысына кедергі келтіріп жатқан кездер де аз емес. Ол бағдарлама мен оқулықтың сәйкес келмеуі. Бұл ата-анаға да,оқушыға да,мұғалімге де аз қиындық болмай тұр.Әрине, жаңа бастаманың қашанда қиындығы да қызығы да аз болмайды. Бірақ осы үлкен міндетті абыроймен атқарып,шәкірттерді бәсекеге қабілетті жеке тұлға дәрежесіне жеткізе білу әр ұстаздың міндеті. Сондықтан заман талабына сай болып жатқан өзгерістерден қауіптенбей, мақсатқа сай,нәтиже аламыз деп сенемін.

 

Пайдаланған  әдебиеттер:

  1. Педагогикалық шеберлік орталығы
  2. «Жаңа білім беру технологиясы мен әдіс тәсілдері»
  3. А.А.Жайтапова, Г.А.Рудик, Е.В.Белошниченко, А.С.Сатывалдиева

«ХХІ ғасыр педагогикасы мектеп табалдырығында». Ақпараттық

әдістемелік дайджест. Алматы, 2009 ж.

  1. Көкіжанова Г.К. «Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау білім сапасын басқарудағы негізгі критерий» – Педагогика, 2009 ж.
  2. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. Үшінші (базалық) деңгей. 2013 ж.
 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *