Қиял-ғажайып ертегілердегі әйелдер бейнесі

Нуржигитова Аяжан Қанатқызы
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 3-курс студенті
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, Қазақстан
Республикасы, Қарағанды қаласы
Ғылыми жетекші: Рахимов Берік, ф.ғ.к., профессор


Андатпа. Бұл мақалада қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйелдер образының көркемдік және мазмұндық ерекшеліктері қарастырылған. Зерттеу нысаны ретінде «Ер Төстік», «Түсін іздеген жігіт» және «Ай астындағы Айбарша сұлу» ертегілеріндегі әйел кейіпкерлердің мифологиялық табиғаты, олардың ұлттық дүниетаныммен байланысы және халықтық тәрбиелік жүйедегі қызметі талданды. Аталмыш ертегілердегі әйел образдары ана, дана кеңесші, көмекші, батыр әрі дербес тұлға сипаттала отырып, халықтың рухани құндылықтары мен мәдени санасының көркемдік көрінісі ретінде сараланды.

Зерттеу барысында қиял-ғажайып ертегілердегі қазақ әйелдерінің бейнесі — әлемдік фольклор үлгілерімен, атап айтқанда «Күлше қыз» (Cinderella), «Ақшақар» (Snow White) және «Ұйқыдағы ару» (Sleeping Beauty) ертегілеріндегі әйел кейіпкерлермен салыстыра жазылды. Олардың өзара типологиялық ұқсастықтары мен негізгі айырмашылықтары анықталды. Сонымен қатар әртүрлі мәдениеттердегі әйелдер бейнесі арқылы сол халықтардың дүниетанымы, моральдық ұстанымдары және гендерлік түсініктерінің көрінісі айқындалды.

Кілт сөздер: қиял-ғажайып ертегі, әйел бейнесі, қазақ фольклоры, әлемдік ертегілер, салыстырмалы талдау, мифологиялық образ, архетип.

  1. Кіріспе

Қазақ фольклоры-ұлттың дүниетанымы мен рухани мәдениетін сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан көркем мұраның маңызды саласы. Фольклор тарихи жадыны, өмірді, наным-сенімдерді және халықтың эстетикалық талғамын бейнелейтін синкретикалық рухани құбылыс ретінде адамзат мәдениетінің ежелгі қабаттарының бірі болып саналады. Ол көркем шығармашылықтың үлгісі ретінде ғана емес, сонымен бірге әлемді, әлеуметтік тәжірибе мен халықтың адамгершілік принциптерін білу тәсілін жалпылайтын мәдени жүйе ретінде де ерекшеленеді. Орыс халқының ұлы сыншысы В.Г. Белинский «Әдебиет деген сөздің жалпы мағынасы» туралы еңбегінде ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің табиғатын салыстыра отырып, халық шығармашылығын адамзаттың ерте замандағы ой-санасының жемісі ретінде бағалайды [1]. Белгілі фольклортанушы В.Я. Пропп фольклорды халықтың дүниетанымы мен мифологиялық санасының көркемдік көрінісі ретінде қарастырып, оның тарихи даму барысында қалыптасқан тұрақты сюжеттік және образдық жүйеге негізделетінін атап көрсетеді [2]. Шынында, қай халықтың әдебиетін алып қарасақ та, оның бастау көзі  сол фольклорлық мұрамен тығыз байланысты. Демек, адамзат тарихында фольклорлық дәстүрсіз бірден жазба әдебиеті қалыптасқан халық мүлдем кездеспейді. Сондықтан фольклор ұлттық мәдениеттің негізгі іргетасы әрі рухани дамудың алғашқы көркемдік формасы деуге болады.

Соның ішінде қиял-ғажайып ертегілер халықтың мифологиялық түсініктерін, оның әлем туралы танымын және адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік туралы көзқарасын бейнелейтін ерекше жанр ретінде дамыды. Бұл ертегілерде халықтың арман-тілегі, моральдық ұстанымдары мен тәрбиелік қағидалары ұлттық сананың көркемдік моделін құра отырып, символдық бейнелер арқылы көрінеді. Қиял-ғажайып ертегілердің кейіпкерлер жүйесі халықтың өмірлік тәжірибесі мен рухани құндылықтарын жинақтай отырып, әлеуметтік және мәдени идеалдарды танытады. Зерттеушілер бұл жанрда кейіпкерді сынау, сиқырлы көмекшілердің пайда болуы, фантастикалық кеңістік пен уақыттың жіктелуі сияқты тұрақты мотивтер жиі кездесетінін көрсетеді, бұл оның мифологиялық негізінің берік екендігін дәлелдейді.

Қиял-ғажайып ертегілердің өзге ертегілерден айырмашылығы — оларда көнелік сипат басым. Архаикалық қоғамда жеке адамның тағдырын қоғаммен байланыстыруда өтпелі ғұрыптардың рөлі зор болғаны белгілі. Сондықтан бұл жанрда қарабайыр қоғамдық санаға тән идеологиялық ұғымдар, мифологиялық түсініктер мен әлеуметтік қатынастардың көріністері мол сақталған. С.Қасқабасов: «Қиял-ғажайып ертегі – қазақ халық әдебиетіндегі ең көне жанрлардың бірі. Оның шығу мезгілі – алғашқы қауымдық қоғам дәуірі. Сондықтан ертегінің бұл түрінде адамзаттың ертедегі өмірінің көптеген белгілері сақталған. Мысалы, матриархат заманына тән аналық ру мен көптеген әдет-ғұрыптардың көріністері (дуальдық ұйым, аналық мекен, аналық неке, кувада, авункулат т.т.) – ерте заманғы анимизм, тотемизм, магия сияқты діни нанымдар мен сенімдер. Бірақ көне дәуірдің бұл көріністерін кейінгі заманда халық тек қиял ғана деп түсінген. Сол себепті де ертекшілер әңгімесін «ерте уақытта болған» деп ескертеді» [3], – деп тұжырымдайды. Бұл дәлелдер қиял-ғажайып ертегілердің терең тарихи тамыры бар екенін және олардың құрылымында ежелгі наным-сенімдер мен рәсімдер жүйесінің іздері сақталғанын көрсетеді.

Бұл ерекшеліктің дүниежүзі халықтарының ертегілеріне ортақ құбылыс екендігін А.И. Никифоров ертегілердің тарихи тегін мифологиялық сенімдермен, халық тұрмысының көріністерімен және халықаралық сюжеттермен байланыстыра қарастыруы арқылы дәлелдейді [4]. Яғни, көркем фольклор бастапқыда мифтер мен салт-жоралар негізінде қалыптасты, олардың бастапқы мағынасы жасырылды, бірақ кейіпкерлердің мотивтері мен жүйелері сақталып, соңында көркемдік әдіске айналды. Тарих пен мәдениеттің бұл сабақтастығы қиял-ғажайып ертегілердің әмбебап және ұлттық ерекшеліктерінің қатар өмір сүруіне негіз болды.

Бұл тұрғыда қиял-ғажайып ертегідегі әйел бейнесі ежелгі мифтердің санасымен тығыз байланысты. Ертегілердегі көптеген әйел кейіпкерлері архетиптік қасиеттерді көрсетеді, мысалы, аналық бастау, табиғат күштері және қорғаушы күш, ал шетелдік әдебиеттерде зұлым күш иесі немесе сиқыршы ретінде бейнеленген. Мұндай жан-жақты бейнелер халықтың әйел табиғаты туралы дүниетанымын ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы әлеуметтік рөлдер жүйесін де анықтайды. Сонымен қатар, қиял-ғажайып ертегілердегі әйел кейіпкерлері оқиға желісін дамытуда, кейіпкер болу жолында, адамгершілік құндылықтардың көрінісінде маңызды көркемдік рөл атқарады. Бұл тұрғыда қазақ ертегілеріндегі әйел бейнесін әдеби категория ретінде ғана емес, тарихи-мәдени құбылыс ретінде де қарастырған жөн.

Сондықтан фантастикалық ертегілердегі әйелдер бейнесін зерттеу олардың мифологиялық негізін, көркемдік ерекшеліктерін және Ұлттық дүниетаныммен байланысын жан-жақты қарастыруды талап етеді. Осы бағыттағы талдау қазақ фольклорындағы әйел образдарының типологиялық ерекшеліктерін анықтауға және оларды әлемдік ертегілер жүйесімен салыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай зерттеулер фольклордағы гендерлік модельдердің тарихи қалыптасу жолдарын түсінуге және олардың қазіргі мәдени санадағы орнын анықтауға негіз болады.

  1. Зерттеу деректері мен әдістері

Зерттеу көздері қазақхалқының және әлем халықтарының қиял-ғажайып ертегілері, сондай-ақ фольклортану ғылымындағы ертегі жанрының поэтикасы, мифологиялық негіздері мен кейіпкерлер жүйесін қарастырған ғылыми еңбектер болды. Атап айтар болсақ, қазақ фольклорындағы қиял-ғажайып ертегілердің шығу тегі, тарихи сипаты мен көркемдік ерекшеліктерін зерттеген С.Қасқабасов, М.Ғабдуллин, Е.Тұрсынов еңбектері, сондай-ақ әлемдік фольклортану ғылымындағы В.Я. Пропп, А.Н. Веселовский зерттеулері пайдаланылды. Бұл зерттеулер ертегілердің сюжеттік құрылымын, архетиптік жүйелерін, кейіпкерлер типологиясын, олардың мәдени және танымдық функцияларын егжей-тегжейлі қарастырады.

Зерттеу барысында мазмұндық-идеологиялық, салыстырмалы-типологиялық және әдеби-теориялық талдау әдістері қолданылды. Нәтижесінде қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел бейнесінің мифологиялық негіздері, көркемдік қызметі, тәрбиелік мәні мен ұлттық дүниетаныммен байланысы анықталып, олардың әлемдік ертегілер жүйесіндегі орны ғылыми тұрғыда сараланды.

  1. Нәтижелер мен талқылау

Қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел образын талдау осы жанрдағы кейіпкерлер жүйесінде әйел кейіпкерлердің ерекше көркемдік рөл атқаратынын көрсетті. Атап айтқанда, қазақ ертегілерінде әйел образы болмашы кейіпкер деңгейінде ғана емес, оқиғаның дамуына тікелей үлес қосатын белсенді тұлға ретінде де көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, зерттеу нысаны ретінде алынған «Ер Төстік» ертегісіндегі Кенжекей бейнесі қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел фигурасының типологиялық ерекшеліктерін ашуға мүмкіндік береді. Ұлттық дүниетанымдағы әйелдердің әлеуметтік және рухани рөлі осы кейіпкердің мінез-құлқы, іс-әрекет жүйесі арқылы айқын көрінеді.

«Ер Төстік» ертегісіндегі Кенжекей ақылды, батыл әрі көреген кейіпкер ретінде суреттеліп, көп жағдайда басты қаһарманға бағыт-бағдар беруші тұлға ретінде көрінеді. Ертегі мәтінінде Кенжекейдің тұлғалық сипаты ең алдымен оның тәрбиесі мен ақыл-парасаты арқылы ашылады:

«Менің қызым өте тәрбиелі. Бір жан тұла бойынан да, ақыл парасатынан да титімдей де мін тауып көрген емес. Сондықтан да Кенжекейім бір төбе болып ерекше тұруға лайық» [5], — деді бәйбіше.

Бұл интерпретация Кенжекей бейнесінің халықтық дүниетанымдағы идеал әйел моделіне негізделіп жасалғанын көрсетеді. Оның дербестігі мен көрегендігі өз тағдырын өзі айқындауға ұмтылуынан да байқалады. Әкесіне жолдаған сәлемінде Кенжекей тұрмыстық молшылықтан гөрі мақсатты, саналы таңдауға мән береді:

«Маған осыншама мал, мол дүние керек емес. Әкемнің алақанында айналып, ерке өскен сүйікті қызы едім. Менің еншімді өзім таңдауыма рұқсат берсін. Бір еркелігімді көтерсін. Мына мыңғырған малды өзіне қалдырып маған жылқыдан Шалқұйрықты, жасаудан Ақсырмалды сауытты, түйеден Құба інгенді берсін» [5], — дейді.

Бұл тұста Кенжекейдің таңдауы ерінің батырлық сапарына қажетті негізгі құндылықтарды саналы түрде айқындағанын көрсетеді. Оның өз талабын түсіндіре айтқан уәжі де ерекше мәнге ие:

«Әкем босқа ренжімесін. Шалқұйрықты сұрағаным, ерге лайық тұлпар еді, Төстік енді оның ұлы болды, сондықтан жас, жігерлі ер мінсін деп едім: Құба інгенді сұрағаным, ер қосын артсын деп едім: Ақсырмалды сауытты сұрағаным, Ер Төстік ел қорғайтын батыр еді, денесіне жара түспесін, сол ер кісін деп едім. Төстікті өзімнің балам деп сезініп, өзгенен теппес деп ойлаймын» [5], — депті.

Эпизод Кенжекейдің өз еріне жанашыр ғана емес, сонымен бірге жоғары стратегиялық ақыл-ойы бар, қаһармандық жолдың табиғатын терең түсінетін және болашақ оқиғалардың салдарын болжай алатын адам екендігін дәлелдейді. Көш үстінде ол әкесіне арнайы кісі жіберіп:

«Атам сөзімді тыңдаса бұл құдыққа қонбасын. Әкем айтып еді, “жын-шайтандар жайлаған, ырымы жаман жер, қонбандар” деп» [5], — дейді.

Алайда бұл кеңес алғашында ескерілмейді:

«Келінім келмей жатып, менің қонысымды билейін дегені ме? Өз жөнін білсін» [5], — деп, Ерназар болмастан әлгі жерге қонады.

Дегенмен кейін Кенжекейдің ақылының дұрыстығы дәлелденіп, мәтінде:

Көш қонғанымен, Кенжекей басқа келіндерінен үйді бұрын тігіп жібереді де, қазанын отқа қойып, дастарқанын жасап атасын қонаққа шақырады. Кенжекейдің аяулы да мейірбанды жан екенін Ерназар сол арада түсініп: «Келінім ақылды екен, тілін бекер алмаған екем», — деп өкініпті [5].

Жоғарыда көрсетілген эпизодтар Кенжекей бейнесі қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел кейіпкерінің көркемдік үлгісін анықтайтынын көрсетеді. Оның бойында даналық, шыдамдылық, батылдық, көрегендік, әлеуметтік жауапкершілік сияқты қасиеттер тоғысып, әйелге тек отбасылық ортада ғана емес, қоғамдастық деңгейінде де әсер ететін мінез қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, Кенжекей бейнесі қазақ фольклорында әйелдің рухани қуатын, интеллектуалдық әлеуетін және әлеуметтік беделін көрсететін типтік архетип ретінде бағаланады.

Қазақтың қиял-ғажайып ертегілеріндегі белсенді және зиялы әйел бейнесін сипаттайтын тағы бір маңызды мысал – «Түсін іздеген жігіт» ертегісіндегі қыз бейнесі. Бұл ертегіде әйел кейіпкері оқиғаның қатысушысы ғана емес, сонымен бірге оқиғаның қозғаушы күшіне айнала отырып, басты кейіпкерді маңызды кезеңге бағыттайды. Ертегінің мазмұны оның тәуелсіздігін, ақылдылығын және еркін таңдауға деген ұмтылысын айқын көрсетеді.

Ертегі мәтінінде қыздың тұлғалық сипаты ең алдымен оның әлеуметтік жағдайына қарамастан өз тағдырын өзі шешуге ұмтылуынан көрінеді. Әкесі оны малға қызығып шалға бермек болғанда, қыз бұған қарсы шығып, «не де болса өзім теңдес жаспен бірге болайын» [6] деп шешім қабылдайды. Бұл әрекет оның еркін табиғатын және өзіндік позициялық сипатын ашады. Сонымен бірге ол болашақ жарын бірден таңдамай, оны сынау арқылы дана шешімдер қабылдайды. Жол үстінде жігіттің кәсібін анықтау мақсатында табиғатты меңзеп: «Мынау тоғайға түйе бағар ма еді», «Мынау сиырға қолайлы жер екен», «Мынау жазыққа жылқы бағар ма еді» [6] деп сынай сөйлейді. Ал жігіт тек қойға қатысты айтылғанда ғана жауап бергенде, қыз оның тәжірибесін бірден аңғарып, ой түйеді. Бұл эпизодтар әйел бейнесінің тек эмоциямен емес, бақылау мен талдау арқылы әрекет ететін рационалды тұлға ретінде көрінетінін дәлелдейді.

Қыздың ақылдылығы әсіресе жігітке тапсырма берген тұста айқын байқалады. Ол: «Жігітім, сен базарға барып, екеумізге үй сатып ал. Үйге басымыз сиса, аяғымыз симайтын, аяғымыз сиса басымыз симайтын болсын…» [6] деп астарлы тапсырма береді. Жігіт бұл сөздердің мәнін ұғып орындағанда, қыз оның ақылын мойындап, екеуі қосылады. Осы тұста әйел бейнесі сынаушы әрі бағалаушы тұлға ретінде ашылады.

Ертегіде қыздың көрегендігі мен даналығы кейінгі эпизодтарда да айқын көрінеді. Хан жігітті өлтіру үшін түрлі айла қолдана бастағанда, оның бәрінен құтқаратын жолды оның әйелі айтып отырады. Мәселен, жолбарыстың сүтін әкелуге жібергенде, ол: «Ханның мақсаты сені бұл дүниеден жоғалтып, мені өзі алу ғой… Айыр таудың ар жағында бір жыныс тоғай бар… оның табанындағы сиданы алып тастасаң, ол саған жақсылық істейді» [6] деп нақты нұсқау береді. Бұл кеңес арқылы әйел бейнесі тек қамқор жар ғана емес, болашақты болжай алатын көреген тұлға ретінде де танылады.

Сонымен бірге әйел кейіпкердің ерекше даналығы ханның қастандығынан құтқарған өзге эпизодтарда да байқалады. Жігітті орға түсіру, өртеп өлтіру сияқты қауіптердің бәрінде ол алдын ала сақтандырып, күйеуіне нақты әрекет жолдарын көрсетіп отырады. Бұл тұрғыдан алғанда, ертегіде әйел образы қаһарманның тағдырын айқындаушы, сюжеттік дамудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қызмет атқарады.

«Түсін іздеген жігіт» ертегісіндегі қыз бейнесі қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел тұлғасының дербестігін, парасаттылығын және белсенді әрекетшілдігін айқын көрсетеді. Бұл кейіпкердің мінездік болмысы мен сюжеттік қызметі арқылы әйел образының тек тұрмыстық шеңберде ғана  емес, қоғамдық және рухани кеңістікте де ықпал етуші күш ретінде танылатыны байқалады. Ертегіде әйел кейіпкер шешуші сәттерде бағыт беруші, қауіптен сақтандырушы және қаһарман әрекетінің нәтижелілігін қамтамасыз етуші тұлға қызметін атқарады. Мұндай сипаттар қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел бейнесінің көркемдік табиғатын айқындап, оның ұлттық дүниетанымдағы ақылгөй, серік әрі ұйымдастырушы архетип ретінде қалыптасқанын дәлелдейді. Сондықтан аталған ертегі үлгісі қазақ фольклорындағы әйел образдарының көркемдік және мазмұндық ерекшеліктерін танытатын маңызды дерек ретінде қарастырылады.

Кенжекей бейнесінен кейін қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі батыр, рухты, әрекетшіл әйел типін айқындай түсетін және бір маңызды кейіпкер – «Ай астындағы Айбарша сұлу» ертегісіндегі Айбарша образы. Бұл ертегіде әйел бейнесі тек «сұлу» сипатында ғана емес, ерекше білім иесі, өз еркіндігін сақтай алатын, мақсат қоя алатын, әрі сюжеттің шешуші түйіндеріне ықпал ете алатын тұлға ретінде көрінеді.

Ертегінің алғашқы бөліктерінде Айбаршаның тегі мен болмысы ерекше сипатталады: Қыран қарақшы киіктің сырын ашып, оның жай ғана аң емес екенін: «ол Құддыс ханның қызы екен ғой. О да пері оқуын оқыған адам» [7] деп таныстырады. Бұл үзінді Айбарша бейнесінің қиял-ғажайып кеңістіктегі мәртебесін анықтап, оның перілік (мифологиялық) тегі мен білімділігін көрсетеді. Демек, мұнда әйел бейнесі халық қиялында «күш иесі», «құдірет иесі» деңгейінде сомдалады.

Айбарша – ертегі кеңістігінде қолға түсуі қиын, ерлердің ерлігіне сынақ болатын бейне. Оған жетудің өзі қауіпті, себебі Қыран қарақшы оның сарайына апарар жолды сипаттай келіп: «қыздың үйі тоғыз есік, әрбір есігінде күзетші бар. Ең түпкі үйдің есігінде бір мыстан жатады» [7] дейді. Бұл тұс Айбаршаны қоршаған әлемнің қауіпті, шектелген әрі тылсым екенін көрсетеді; ал әйел бейнесі осындай «қорғанысы мықты» кеңістіктің ортасында орналасып, оның символдық салмағын арттырады.

Айбарша образын «рухты әйел» деңгейіне көтеретін негізгі белгі – оның ерікке бағынбайтын, тәуелсіз табиғаты. Ертегіде хан баласы ұйықтап қалғанда Айбаршаның жоғалып кетуі бірнеше рет қайталанады: «көзін ашса, қасында Айбарша сұлу түгіл сайтан да жоқ», кейін тағы да «Айбарша тағы да жоқ болды» [7] деп беріледі. Бұл эпизодтарда әйелдің «бағынушы» емес, керісінше өз кеңістігі мен еркіндігін өзі билейтін тұлға екені танылады. Яғни Айбарша – сыртқы күшке толық тәуелді емес, шешім қабылдайтын кейіпкер.

Айбаршаның батыл да айқын мінезі оның талап қоюынан да байқалады. Ол өз еркіндігін нақты шарт арқылы бекітеді: «Мен енді сенікі болдым, бірақ бір тілегім бар, соны орындасаң тиемін» [7] дейді. Бұл үзінді әйел образын «тағдырға көніп кететін» типтен бөліп шығарып, оны шарт қоя алатын, келісімге өз талабымен келетін дербес тұлға ретінде көрсетеді. Демек, Айбарша — пассив ханшайым емес, өз тағдырын өзі реттейтін бейне.

Осылайша «Ай астындағы Айбарша сұлу» ертегісіндегі Айбарша бейнесі қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел типологиясын толықтырып, әйелдің ерекше күш иесі, тағдырын өзі шешетін дербес тұлға, шарт қоя білетін субъект, әрі қоғамдық-моральдық жауапкершілігі бар кейіпкер ретінде көрінуін дәлелдейді. Бұл образ Кенжекей секілді әйел бейнесімен үндесе отырып, қазақ ертегілеріндегі әйелдің рухани қуаты мен әрекетшілдігін айқындай түседі.

Қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі Кенжекей, Айбарша бейнелерін талдағаннан кейін, әйел образдарының типологиялық ерекшеліктерін толық түсіну үшін оларды әлемдік қиял-ғажайып ертегілердегі әйел кейіпкерлерімен салыстыра қарастыру қажет деп ойлаймыз. Әлемдік ертегілерде де әйел бейнесі маңызды орын алғанымен, олардың көркемдік қызметі мен мінездік сипаты көп жағдайда қазақ ертегілерінен өзгеше қалыптасқан.

Мысалы, шетелдік «Күлше қыз» ертегісінде басты кейіпкер көбіне тағдырға мойынсұнған, сабырлы әрі шыдамды қыз ретінде көрінеді. Ертегіде оның ауыр тұрмыста өмір сүретіні анық суреттеледі: өгей шешесі мен қыздары оған үйдің барлық жұмысын істетіп, көбіне ошақтың басында күлдің ішінде қалдырады. Соған қарамастан, Күлше қыз ашық қарсылық көрсетпей, бәріне төзіммен қарайды. Оның ішкі күйі көбіне үміт пен сабыр арқылы байқалады. Мысалы, балға бара алмай қалған кезде жылағанымен, жағдайды өзгертуге өзі әрекет жасамайды. Кейін оның өмірі сыртқы көмектің арқасында өзгереді: сиқыршы кемпір келіп, асқабақты күймеге айналдырады. Бұл оның бақытқа өз күшімен емес, басқа бір күштің көмегімен жеткенін көрсетеді. Сондықтан Күлше қыз белсенді күрескер емес, төзімділігі мен тазалығы арқылы жеңіске жететін бейне ретінде танылады.

Ұқсас сипат «Ақшақар» ертегісінде де байқалады. Ақшақар нәзік әрі пәк қыз ретінде көрінгенімен, оқиға барысында өздігінен шешім қабылдамайды. Мысалы, өгей шешесінен қашқан кезде оның өмірін аңшы сақтап қалады. Кейін ол гномдардың үйінде тұрып, солардың қамқорлығында өмір сүреді. Бұл эпизодтар оның тағдырындағы негізгі өзгерістер сыртқы адамдардың әрекеті арқылы жүзеге асатынын көрсетеді. Тіпті шешуші сәт — оның қайта тірілуі — де өз еркімен емес, ханзаданың әрекетімен байланысты беріледі. Осы арқылы Ақшақар образы пассив кейіпкер ретінде сипатталады.

Сол сияқты «Ұйқыдағы ару» ертегісінде де әйел бейнесі толықтай әрекетсіз күйде көрінеді. Ханшайым тағдырға тәуелді тұлға ретінде суреттеледі: ұршыққа қолын шаншығаннан кейін ол терең ұйқыға кетеді. Одан кейінгі оқиғалардың бәрі басқа кейіпкерлердің әрекетімен дамиды. Сарай тұрғындарының ұйықтап қалуы, орманның қалыңдап кетуі, ханзаданың келуі — бәрі ханшайымның қатысуынсыз өтеді. Ол тек ханзада сүйген кезде ғана оянады. Бұл да оның символдық әрі пассив бейне екенін көрсетеді.

Жалпы алғанда, әлемдік қиял-ғажайып ертегілерде әйел кейіпкерлер көбіне моральдық-символдық сипатта бейнеленіп, оқиғаға белсенді араласушыдан гөрі сыртқы ықпалға тәуелді болып келеді. Мұндай образдарға тән белгілер — тағдырға мойынсұну, төзімділік таныту және шешуші сәтте басқа күштің көмегіне сүйену. Ал қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі Кенжекей, Айбарша сияқты кейіпкерлер керісінше, оқиға дамуына тікелей әсер ететін, өз бетінше шешім қабылдайтын және рухани тұрғыдан мықты тұлғалар ретінде көрінеді. Бұл айырмашылықтар әр халықтың дүниетанымы мен әлеуметтік тәжірибесіне байланысты қалыптасқанын аңғартады. Сонымен бірге қазақ ертегілерінде әйел бейнесінің қоғамдық маңызы кеңірек ашылып, оның белсенді рөлі айқын көрінеді. Осы тұрғыдан қазақ және әлем ертегілеріндегі әйел образдарын салыстырып зерттеуге толық негіз бар.

Кесте 1. Қазақ және әлемдік қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел бейнесінің салыстырмалы типологиясы

Өлшемдер Қазақ қиял-ғажайып ертегілері («Ер Төстік», «Ай астындағы Айбарша сұлу», «Түсін іздеген жігіт») Әлемдік қиялғажайып ертегілер (Cinderella, Snow White, Sleeping Beauty)
Кейіпкерлердің көркемдік қызметі Сюжетті дамытушы тұлға, оқиға желісін бағыттаушы, шешуші әрекет иесі Сюжеттік желіге тәуелді, көбіне символдық тұлға
Негізгі типі Кенжекей, Айбарша, жігіт түсіндегі қыз Күлше қыз, Ақшақар, Ұйқыдағы ару
Кейіпкерлер әрекеті Белсенді, дербес шешім қабылдай алатын, бастамашы Көбінесе пассив, сыртқы ықпалға тәуелді
Сюжеттік функциясы Ақылшы, сенімді серік, құтқарушы, ұйымдастырушы Қорғалушы, күтуші, оқиға объектісі
Мінез-құлқы Батыл, рухты, табанды, ақылды, көреген Сабырлы, көнбіс, нәзік, тағдырға мойынсұнушы
Интеллектуалдық қызметі Стратегиялық ойлау, болжау, сынау, шешім қабылдау көбіне моральдық тазалық белгісі байқалады
Қиындықты жеңу тәсілдері Өз ақылы мен ерік-жігері арқылы жеңе біледі Сиқырлы көмек немесе сыртқы күшке тәуеллді
Әлеуметтік ортадағы рөлі Қоғамдық кеңістікке ықпал етуші тұлға Көбіне тұрмыстық кеңістікпен шектеледі
Архетиптік бейнесі Дана әйел, серік әйел, еркін тұлға Пәк қыз, ханшайым
Гендерлік модель Ер мен әйел тең дәрежеде көрінеді Әйел көбіне тәуелді тұлға ретінде беріледі
Идеялық мазмұны Әйелдің дербестігі мен рухани қуатын танытады Әйелдің төзімділігі мен бағыныштылығын көрсетеді

Жоғарыдағы кестедегі салыстырмалы мәліметтер қазақ және әлемдік қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел бейнесінің көркемдік қызметі мен типінде елеулі айырмашылық бар екенін көрсетеді. Мысалы, «Ер Төстік», «Ай астындағы Айбарша сұлу» және «Түсін іздеген жігіт» ертегілеріндегі Кенжекей, Айбарша және түс жорыған қыз образдары оқиғаның дамуына тікелей әсер ететін белсенді кейіпкерлер ретінде көрінеді. Олар өз бетінше шешім қабылдап қана қоймай, басты кейіпкердің мақсатына жетуіне де нақты ықпал етеді. Бұл образдардың қызметі кеңесші, серік, құтқарушы әрі ұйымдастырушы сипатымен ерекшеленеді, яғни олардың рөлі тек тұрмыстық шеңбермен шектелмейді.

Кестедегі деректерге қарағанда, қазақ ертегілеріндегі әйел кейіпкерлердің бойынан батылдық, көрегендік, табандылық және ақылдылық сияқты қасиеттер жиі байқалады. Бұл олардың қиын жағдайда өз ақылы мен ерік-жігеріне сүйеніп әрекет ететінін көрсетеді. Ал әлемдік қиял-ғажайып ертегілердегі Күлше қыз, Ақшақар және Ұйқыдағы ару бейнелері көбіне әрекетсіздеу болып, маңызды сәттерде сыртқы көмектің ықпалына тәуелді келеді. Мұндай айырмашылық әр халықтың тарихи тәжірибесі мен дүниетаным ерекшеліктерімен байланысты екені байқалады.

Сонымен бірге кестелік талдау қазақ ертегілерінде әйел бейнесінің әлеуметтік әрі мәдени мағынасы кеңірек ашылатынын көрсетеді. Қазақ ертегілерінде әйел тұлғасы тек отбасы аясындағы кейіпкер ретінде емес, қоғам өміріне ықпал ететін, моральдық бағыт беретін және қауымдық қатынастарда маңызды рөл атқаратын тұлға ретінде суреттеледі. Ал әлемдік ертегілерде әйел образы көбіне тұрмыстық немесе сарай кеңістігімен шектеліп, символдық сипатта беріледі.

Жалпы алғанда, салыстырмалы талдау қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел бейнесі дербестікке, рухани күшке және әлеуметтік белсенділікке негізделгенін көрсетеді. Бұл ерекшелік қазақ дүниетанымында әйел мәртебесінің жоғары бағаланғанын аңғартып, фольклордағы әйел образдарының мазмұнын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

  1. Қорытынды

Жүргізілген зерттеу қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел бейнесінің көркемдік және мазмұндық ерекшеліктері ұлттық дүниетаныммен, тарихи тәжірибемен және фольклорлық ойлау жүйесімен тығыз байланысты қалыптасқанын көрсетті. Талдау барысында «Ер Төстік», «Ай астындағы Айбарша сұлу» және «Түсін іздеген жігіт» ертегілеріндегі әйел кейіпкерлер тек қосалқы тұлға емес, оқиғаның дамуына тікелей ықпал ететін белсенді бейнелер екені анықталды. Олар өз бетінше шешім қабылдап, қаһарманның мақсатына жетуіне нақты әсер етеді. Осы ертегілердегі Кенжекей, Айбарша және түс жорыған қыз образдары арқылы қазақ фольклорында әйелдің ақылгөй, серік, ұйымдастырушы әрі рухани тірек ретіндегі типтік бейнесі қалыптасқаны байқалады.

Салыстырмалы талдау нәтижелері қазақ және әлемдік қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел бейнесінің қызметі мен мінездік сипатында айқын айырмашылық бар екенін көрсетті. Қазақ ертегілерінде әйел кейіпкерлер батыл, көреген әрі дербес әрекет ететін тұлғалар ретінде берілсе, әлемдік ертегілерде әйел образы көбіне әрекетсіздеу, сыртқы күшке тәуелді кейіпкер ретінде көрінеді. Бұл айырмашылық әр халықтың тарихи тәжірибесі мен мәдени құндылықтарының ерекшелігін аңғартады.

Қазақ фольклорындағы әйел бейнесі халық санасында әйел мәртебесінің жоғары болғанын және оның қоғам өміріндегі белсенді рөлін көрсетеді. Ертегілерде әйел тұлғасы тек отбасы шеңберімен шектелмей, қауымдық деңгейде ықпал ететін, моральдық бағыт беретін және рухани тұрақтылықтың белгісі ретінде сипатталады. Осы тұрғыдан алғанда, қиял-ғажайып ертегілер қазақ мәдениетінде әйелдің шынайы бейнесін танытатын маңызды көркемдік жүйе ретінде бағаланады.

Сонымен қатар бұл жанрды зерттеу қазақ фольклорындағы гендерлік модельдердің тарихи қалыптасуын түсінуге мүмкіндік береді. Қиял-ғажайып ертегілердегі әйел бейнесін жүйелі түрде талдау қазіргі қоғамдағы әйел рөлі туралы көзқарасты қайта қарауға және ұлттық мәдениеттегі әйел мәртебесін бағалауға негіз бола алады. Сондықтан қазақ қиял-ғажайып ертегілеріндегі әйел образдарын зерттеу фольклортану ғылымында алдағы уақытта да өзекті бағыттардың бірі болып қала береді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Белинский В.Г., Добролюбов Н.А., Писарев Д.И.: Статьи критиков о русской литературе – М.: Педагогика, 1974. – Т. 1. – С. 75-76.
  2. Пропп В.Я. Исторические корни волшебной сказки / В.Я. Пропп. – Изд. 4-е. – М.: Лабиринт, 2000. – 336 с
  3. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 272 б.
  4. Никифоров А.Н. Русская волшебная сказка. – М., 1987. – 282 с
  5. Байбеков М., Байбеков О. «Ер төстік». Қазақтың көне ертегісі. (Жаңартылған нұсқа). Тараз, 2019 ж.
  6. https://bilim-all.kz/article/9555-Tusin-izdegen-zhigit
  7. https://bilim-all.kz/article/265-Ai-astyndagy-Aibarsha-sulu

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх