Матай Жанкелді Медетұлы
3 курс студенті
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті
Тарих факультеті
Аннотация
Бұл мақалада Қазақ хандығы тарихындағы астаналар мен саяси орталықтар мәселесі кешенді түрде қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуы жағдайында астана ұғымының мазмұнын ашу, хандық тарихында әр кезеңде саяси орталық қызметін атқарған қалалардың орны мен маңызын талдау. Мақалада көшпелі және жартылай көшпелі мемлекеттік жүйедегі астананың классикалық отырықшы мемлекеттердегі тұрақты әкімшілік орталықтан өзгеше сипаты көрсетіледі. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ хандығы тарихында астана ұғымы бір ғана қаламен шектелмей, әскери-саяси жағдайға, сыртқы саясатқа, сауда жолдарына, этникалық аумақтың бірігуіне және биліктің шоғырлану деңгейіне байланысты ауысып отырған саяси орталықтар жүйесі ретінде сараланады.
Сығанақ, Созақ, Түркістан, Сарайшық қалаларының әрқайсысы хандықтың белгілі бір кезеңіндегі геосаяси, әскери-стратегиялық, экономикалық және рухани сұраныстарына жауап берген орталықтар ретінде талданады. Сонымен бірге тақырыптың тарихнамалық қырлары да қарастырылып, зерттеушілердің Қазақ хандығы астаналары жөніндегі көзқарастары салыстырылады. Зерттеу нәтижесінде Қазақ хандығы астаналарының тарихы қазақ мемлекеттілігінің кеңістікпен, қала мәдениетімен және саяси тұтастықпен сабақтас дамығанын дәлелдейтіні айқындалады.
Кілт сөздер
Қазақ хандығы, астана, саяси орталық, Сығанақ, Созақ, Түркістан, Сарайшық, Сырдария бойы, қазақ мемлекеттілігі, тарихи география.
Кіріспе
Қазақ хандығы тарихындағы астаналар мәселесі – мемлекеттіліктің кеңістік құрылымын, билік ұйымдасуының сипатын, этникалық аумақтың бірігу үдерісін және дала мен қала арақатынасын түсіндіретін өзекті тақырыптардың бірі. Бұл мәселенің маңызы тек жекелеген қалалардың мәртебесін анықтаумен шектелмейді. Ол арқылы хандықтың саяси эволюциясы, сыртқы саяси бағдарлары, шаруашылық-экономикалық тіректері және рухани-идеологиялық негіздері айқындалады. Сондықтан Қазақ хандығының астаналарын зерттеу мемлекеттіліктің ішкі логикасын ашатын, тарихнамалық тұрғыдан да, қазіргі ұлттық тарихи сана тұрғысынан да құнды бағыт болып табылады.
Қазақ хандығы XV ғасырдың екінші жартысында қалыптасқанымен, оның астана жүйесі бірден тұрақты сипат алған жоқ. Мұның өзі көшпелі және жартылай көшпелі өмір салты басым ортадағы саяси биліктің кеңістікте икемді ұйымдастырылуымен байланысты еді. Хандық билік бір жағынан далалық өңірлердегі ру-тайпалық құрылымдарға сүйенсе, екінші жағынан Сыр бойы мен Жайық маңындағы қалалық орталықтарды иелену арқылы өзінің әкімшілік, дипломатиялық және экономикалық мүмкіндіктерін күшейтті. Сол себепті Қазақ хандығы тарихындағы астаналар туралы мәселені тек «қай қала қашан астана болды?» деген тар шеңберде емес, «қай кезеңде қай қала қандай функция атқарды?» деген кең ғылыми тұрғыдан қарастыру қажет.
Зерттеудің мақсаты – Қазақ хандығы астаналарының тарихи эволюциясын, олардың саяси, географиялық, әскери, экономикалық және мәдени қызметін талдау арқылы хандықтың мемлекеттік дамуындағы орнын анықтау. Осы мақсатқа жету үшін бірнеше міндет қойылады: біріншіден, Қазақ хандығының құрылуы жағдайындағы алғашқы саяси орталықтардың қалыптасуын қарастыру; екіншіден, көшпелі және жартылай көшпелі мемлекеттілік жағдайындағы астана ұғымының ерекшелігін түсіндіру; үшіншіден, Сығанақ, Созақ, Түркістан, Сарайшық сияқты қалалардың хандық тарихындағы орнын салыстыра талдау; төртіншіден, астаналардың ауысу себептерін және олардың мемлекеттік тұтастыққа әсерін бағалау.
Зерттеу нысаны – Қазақ хандығы тарихындағы қалалық саяси орталықтар. Зерттеу пәні – осы орталықтардың астана және саяси-әкімшілік тірек ретіндегі функциялары, олардың тарихи рөлі мен өзгеру себептері. Тақырыптың ғылыми-практикалық мәні мынада: Қазақ хандығы астаналарын саралау арқылы қазақ мемлекеттілігінің тек көшпелі дәстүрге ғана емес, қалалық өркениетке де сүйеніп дамығанын көрсетуге болады. Бұл қазіргі Қазақстанның тарихи сабақтастық мәселесін түсіндіруде де маңызды.
Тақырыпқа қатысты әдебиеттерде біржақты тұжырым жоқ. Кейбір зерттеулер Сығанақты Қазақ хандығының алғашқы әрі негізгі саяси орталығы ретінде қарастырса, енді бір еңбектер Түркістанды ғана толық мағынадағы астана деп тануға бейім. Ал Сарайшық көбіне Қасым хан дәуіріндегі батыс өңірлік саяси орталық ретінде сипатталады. Демек, мәселенің тарихнамалық күрделілігі де оны қайта саралауды қажет етеді. Қазақ хандығының астана жүйесін көпорталықты, тарихи жағдаятқа тәуелді құрылым ретінде қарастырғанда ғана тақырыптың мазмұны толық ашылады [1, 44–46-б.; 7, 86–88-б.; 8, 11-б.].
1-тарау. Қазақ хандығы астаналарының тарихи негіздері
1.1. Қазақ хандығының құрылуы және алғашқы саяси орталықтарының қалыптасуы
Қазақ хандығының құрылуы XV ғасырдың екінші жартысындағы Дешті Қыпшақ кеңістігіндегі саяси дағдарыс, Әбілхайыр хандығындағы ішкі қайшылықтар және этникалық топтасу үдерісімен тығыз байланысты болды. Керей мен Жәнібек бастаған қазақ сұлтандарының бөлініп шығуы жаңа мемлекеттің саяси негізін қалады. Алайда жаңа хандықтың өміршең болуы үшін тек әулеттік легитимация жеткіліксіз еді. Оған жайылымдық кеңістікті, көші-қон жолдарын, әскери тірек нүктелерін және ең бастысы – сауда мен билікті қамтамасыз ететін қалалық орталықтарды бақылауға алу қажет болды. Дәл осы қажеттілік Қазақ хандығы астаналары мәселесінің түпкі тарихи негізін құрады.
Көшпелі билік құрылымы үшін далалық өңірлердегі ықпал маңызды болғанымен, мемлекеттің тұрақты саяси қуаты Сырдария бойындағы қалалармен тікелей байланысты еді. Қаражан редакциясымен шыққан лекциялар курсында Қазақ хандығы алдында тұрған басты тарихи міндеттердің бірі ретінде Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса секілді қалаларды хандыққа қарату қажеттігі көрсетіледі. Бұл қалалар бұған дейін Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары болғандықтан, оларды иелену Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты саналған [1, 44-б.]. Бұл тұжырым Қазақ хандығының алғашқы саяси орталықтары кездейсоқ таңдалмағанын, олардың бұрыннан қалыптасқан мемлекеттік-аумақтық маңызға ие болғанын аңғартады.
XV ғасырдың 1470-жылдарындағы оқиғалар осы үдерісті айқын көрсетеді. 1470 жылы қыста Керей ханның Түркістан аймағына жорығы барысында Махмұд сұлтан Созақты, Еренжі сұлтан Сауранды иемденгені, ал көп ұзамай Сығанақ үшін күрестің жалғасқаны белгілі. Кейін Бұрындық сұлтан Сығанақты қайтарып алды [1, 45-б.]. Бұл деректерден Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде биліктің бірден бір қалаға орнықпағанын, бірақ Созақ пен Сығанақ секілді қалалардың хандықтың саяси тірек нүктелері ретінде маңызы күрт артқанын көруге болады. Яғни алғашқы саяси орталықтар әскери қақтығыстар аймағында қалыптасып, хандықтың өмір сүру кеңістігін бекіту құралына айналды.
Осы тұста астана ұғымын XV ғасырдың қазақ қоғамына механикалық түрде көшіру дұрыс емес. Себебі жаңа хандықтың билік құрылымы жылжымалы сипатта болды. Хан ордасы маусымдық көші-қонмен бірге қозғалды, саяси ықпал аймақтар бойынша таралды, ал қала орталықтары белгілі бір функцияларды атқарды. Сондықтан алғашқы кезеңде «астана» ұғымынан гөрі «саяси орталық», «әскери тірек», «әкімшілік-экономикалық база» ұғымдары анағұрлым дәл. Қазақ хандығының құрылу дәуірінде Жетісу оның бастапқы саяси тірегі болса, Сырдария бойындағы қалалар хандықтың кеңеюі мен орнығуының негізгі арқауына айналды.
Сыр бойындағы қалалар үшін күрестің астарында тек аумақтық мүдде жатқан жоқ. Бұл – көшпелі және отырықшы әлем түйіскен кеңістікті бақылау үшін болған күрес еді. Сырдарияның орта ағысы бойындағы өңір мал шаруашылығына да, егіншілікке де, халықаралық және аймақаралық саудаға да қолайлы болды. Қасым хан дәуіріне қатысты зерттеулерде Түркістан аймағының XVI ғасырдың бірінші ширегінің соңына қарай Дешті Қыпшақпен бірге біртұтас саяси, экономикалық, этникалық және мәдени кеңістік құрағаны атап көрсетіледі [7, 86-б.]. Демек, алғашқы саяси орталықтардың қалыптасуы қазақ мемлекеттілігінің тек әскери жеңістерінің нәтижесі емес, этникалық аумақты тұтастандыру үдерісінің де көрінісі болды
Осы тұрғыдан алғанда, Сығанақ Қазақ хандығының ерте кезеңіндегі ең ықпалды орталықтардың бірі болды. Археологиялық және тарихи зерттеулер Сығанақтың XIV–XV ғасырларда Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының және Қазақ хандығының астанасы болғанын көрсетеді [4, 316-б.; 5, 26-б.]. Бұл дерек қаланың саяси сабақтастықтағы орнын айқындайды: Қазақ хандығы жаңа кеңістікте мүлде тың астана құрған жоқ, қайта бұрынғы билік дәстүрін жалғастыра отырып, дайын саяси-инфрақұрылымдық орталықтарды өзіне бейімдеді. Осы арқылы жаңа хандық бұрынғы Жошы ұлысы мен Ақ Орда мұрасының заңды жалғасы екенін де танытты.
Созақтың рөлі де осы кезеңде ерекше болды. Ол ұзақ уақыт бойы жалғыз әрі тұрақты астана дәрежесіне көтерілмегенімен, Қазақ хандығының алғашқы орнығу кезеңінде шешуші әскери-саяси плацдарм қызметін атқарды. Созақтың иеленілуі Қаратау мен Сыр бойы арасындағы өткелдерді бақылауға, әрі қарай Сауран мен Сығанаққа қысым жасауға мүмкіндік берді. Сондықтан оны Қазақ хандығының ерте дәуіріндегі уақытша, бірақ стратегиялық маңызы зор орталық ретінде бағалау орынды.
Сонымен, Қазақ хандығының құрылуы мен алғашқы саяси орталықтарының қалыптасуы бір мезетте жүрген үдерістер болды. Жаңа хандықтың саяси тұрақтылығы далалық өңірдегі көшпелі күштерге ғана емес, Сыр бойындағы қалаларды иеленуге де тәуелді болды. Бұл кезеңде астана ұғымы тұрақты бір орталықпен шектелмеді; ол әскери-саяси күрестің барысына, биліктің шоғырлану дәрежесіне және қалалардың нақты функциясына қарай өзгеріп отырды. Кейінгі кезеңде Түркістанның тұрақты астанаға айналуы дәл осы ерте кезеңде қалыптасқан саяси-географиялық негіздің нәтижесі еді.
1.2. Хандық астаналарының тарихи-географиялық және саяси маңызы
Қазақ хандығы жағдайындағы астана ұғымын түсіну үшін оның көшпелі және жартылай көшпелі мемлекеттілік үлгісіндегі ерекшелігін ескеру қажет. Ғылыми әдебиетте таза көшпелі қоғамның болмағаны, дала кеңістігіндегі мемлекеттік құрылымдардың шын мәнінде жартылай көшпелі және жартылай отырықшы сипатта дамығаны атап көрсетіледі [8, 11-б.]. Бұл пікір астана мәселесін де жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Яғни хандық орталық тек хан отырған орын емес, көшпелі дала мен қалалық өңірді жалғастыратын, биліктің әртүрлі ресурстарын біріктіретін түйін болуы тиіс еді.
Отырықшы империялардағы астана көбіне бір жерде ұзақ орныққан әкімшілік орталық ретінде көрінсе, Қазақ хандығында бұл функция бірнеше деңгейде жүзеге асты. Біріншіден, хан ордасының маусымдық қозғалысы болды. Екіншіден, қалалар сауда, елшілік, салық, діни бедел және әскери бақылау орталықтары қызметін атқарды. Үшіншіден, хандықтың әр кезеңіндегі сыртқы қауіп-қатер мен саяси басымдық қай қаланың алдыңғы орынға шығатынын анықтап отырды. Сондықтан Қазақ хандығы тарихындағы астана – статикалық емес, функционалдық ұғым.
Тарихи-географиялық тұрғыдан алғанда, хандық астаналарының негізгі бөлігі ірі көлік-коммуникациялық артериялар бойында орналасты. Сырдария бойындағы Сығанақ, Созақ, Ясы-Түркістан қалалары Орта Азия, Дешті Қыпшақ және Жетісу арасындағы кеңістікті байланыстыратын маңызды белдеуде жатты. Бұл қалаларды иелену тек экономикалық пайда түсіру үшін ғана емес, ұлан-ғайыр дала кеңістігіндегі саяси ықпалды нақты аймаққа орнықтыру үшін қажет болды. Қаражан еңбегінде Сыр бойындағы қалаларды экономикалық және әскери тірекке айналдыру Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты екені арнайы көрсетіледі [1, 44-б.]. Демек, тарихи география мен саяси билік мұнда бір-бірінен бөлінбейтін ұғымдар болды.
Хандық астаналарының саяси маңызын бірнеше деңгейде бағалауға болады. Ең алдымен, олар билікті заңдастыру қызметін атқарды. Бұрынғы Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы немесе Жошы ұлысы дәуірінде маңызды рөл атқарған қалаларды иелену Қазақ хандығының өзін сол мемлекеттілік дәстүрінің мұрагері ретінде көрсетуіне мүмкіндік берді. Әсіресе Сығанақтың мұндай рәміздік салмағы жоғары болды. Екіншіден, қалалар салық жинау мен әкімшілік басқару жүйесін күшейтті. Түркістанның Есім хан тұсында астана ретінде бекітіліп, мұнда ақша соғу мен салық жинау ісінің жолға қойылуы осыны дәлелдейді [3, 95-б.]. Бұл қала мәртебесінің енді тек әскери тірек емес, толыққанды мемлекеттік орталыққа айналғанын аңғартады.
Үшіншіден, астана қызметін атқарған қалалар сыртқы саясаттың басты арналары болды. XVII ғасырдағы қазақ-орыс байланыстары туралы деректе орыс елшілерінің Түркістанға келіп, Тәуке ханмен кездесуге тиіс болғаны және тапсырмаларын орындағаннан кейін «Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласынан» аттанғаны нақты айтылады [2, 28-б.]. Бұл мәлімет Түркістанның халықаралық дипломатиядағы мәртебесін айқын көрсетеді. Яғни қаланың астаналық рөлі тек ішкі саяси құрылымнан емес, сыртқы державалар тарапынан да танылған.
Тарихи география тұрғысынан Сарайшықтың орны да бөлек. Ол Сыр бойындағы орталықтар секілді Қазақ хандығының оңтүстік белдеудегі тірегі болмаса да, Жайық бойы мен Еділге қарай шығатын қақпа рөлін атқарды. Қасым хан кезеңінде хандықтың батыс бағыттағы саясаты табысты жүріп, Еділ–Жайық аралығы қазақ тайпаларының көші-қон аймағына айналды, ал осы кеңістіктегі саяси орталық ретінде Сарайшықтың маңызы артты [7, 86–88-б.]. Бұл қаланың астаналық сипаты бүкіл хандыққа бірдей ұзақ уақыт таралмағанымен, белгілі тарихи кезеңде Қазақ хандығының батыс өңірлік саяси өзегіне айналғаны анық.
Осылайша, Қазақ хандығы астаналарының тарихи-географиялық маңызы олардың орналасқан жерімен ғана емес, кеңістікті игеру функциясымен де өлшенді. Олар көшпелі мал шаруашылығы аймақтарын, қалалы-егіншілікті өңірлерді, халықаралық керуен жолдарын және шекаралық әскери белдеулерді тоғыстырды. Саяси мағынада бұл қалалар биліктің нақты мекені, хандықтың әкімшілік және дипломатиялық жүгі шоғырланған орын, ал тарихи тұрғыдан қазақ мемлекеттілігінің кеңістікке орнығу нүктелері болды.
2-тарау. Қазақ хандығы астаналарының мемлекет дамуындағы рөлі
2.1. Сығанақ, Созақ, Түркістан, Сарайшық сияқты қалалардың хандық тарихындағы орнын салыстырмалы талдау
Қазақ хандығы астаналары туралы мәселені шешуде аталған қалалардың әрқайсысын бір үлгімен бағалау дұрыс болмайды. Өйткені олардың хандық тарихындағы қызметі мен мәртебесі бірдей емес. Бірі ерте кезеңдегі күрес орталығы болды, бірі тұрақты әкімшілік астанаға айналды, енді бірі аймақтық геосаяси орталық ретінде алға шықты. Сондықтан салыстырмалы талдау бұл қалалардың өзара айырмашылығы мен сабақтастығын қатар ашуға мүмкіндік береді.
Сығанақ – Қазақ хандығы тарихындағы ең көне әрі саяси дәстүрі терең орталықтардың бірі. Оның ерекшелігі – бұл қала Қазақ хандығына дейін-ақ ірі мемлекеттік бірлестіктердің астанасы болған. Археологиялық зерттеулер мен жазба деректер Сығанақтың Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі саяси, сауда және қолөнер орталығы болғанын, XIV–XV ғасырларда Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының және Қазақ хандығының астанасы қызметін атқарғанын көрсетеді [4, 316-б.]. Сонымен қатар Сығанақ «кесенелі қала» ретінде белгілі болып, Сырдарияның орта ағысындағы ірі саяси, рухани және сауда орталығы саналған [5, 26-б.]. Бұл екі дерек қаланың мәртебесін тек әкімшілік тұрғыдан ғана емес, идеологиялық және өркениеттік тұрғыдан да айқындайды.
Сығанақтың геосаяси артықшылығы – оның Сыр бойындағы жолдарға, егіншілік өңірлерге және дала кеңістігіне бірдей ашық орналасуында. Сондықтан бұл қала кімнің қолында болса, сол күш Дешті Қыпшаққа ықпал ету мүмкіндігіне ие болды. Қазақ хандығының ерте кезеңінде Сығанақ үшін болған күрес жаңа мемлекеттің өміршеңдігі үшін шешуші болды. Ол хандықтың бұрынғы саяси дәстүрлермен сабақтастығын да нығайтты. Осы тұрғыдан Сығанақты Қазақ хандығының алғашқы және ең беделді саяси орталықтарының бірі деуге толық негіз бар.
Созақтың орны Сығанақпен салыстырғанда өзгеше. Созақтың маңызы оның ұзақ мерзімді жалпыхандық астана болуында емес, Қазақ хандығының алғашқы орнығу дәуіріндегі әскери-саяси тірек қызметінде. 1470 жылғы оқиғаларда дәл осы қала Махмұд сұлтанның қолына өтіп, Қазақ хандығы құрамына енген алғашқы ірі орталықтардың бірі болды [1, 45-б.]. Созақ арқылы хандық Қаратау сілемдері мен Сыр бойына өтетін жолдарды бақылауға мүмкіндік алды. Яғни ол – стратегиялық өткел қаласы. Оның осындай функциясы Қазақ хандығының алғашқы шептік орталықтарының бірі болғанын көрсетеді. Созақтың астаналық мәртебесі Сығанақ немесе Түркістан тәрізді берік қалыптаспаса да, хандықтың құрылу кезеңіндегі саяси-әскери табыстарында оның рөлі айрықша.
Түркістанның орны мүлде бөлек. Егер Сығанақ пен Созақ Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіндегі саяси күрес орталықтары болса, Түркістан хандықтың институционалдық тұрғыдан кемелденген дәуірінің астанасы болды. Алдабергеннің мақаласында Әбілғазы дерегіне сүйене отырып, Есім ханның Түркістанды Қазақ хандығының астанасы етіп бекіткені, мұнда ақша соқтырып, жан басы және жер салығын жинауды қолға алғаны айтылады [3, 95-б.]. Бұл дерек аса маңызды, өйткені ол Түркістанның символдық емес, нақты мемлекеттік басқару орталығы болғанын дәлелдейді. Кейін бұл қала XVII–XIX ғасырлар аралығында экономикалық және ресми әкімшілік орын ретінде қызмет атқарғаны да көрсетіледі [3, 96-б.].
Түркістанның тұрақты астанаға айналуының бірнеше себебі болды. Біріншіден, ол Сыр бойындағы ең беделді діни-рухани орталыққа айналды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі хан билігін сакралдандыруда ерекше рөл атқарды. Екіншіден, ол сауда жолдарының торабында жатты. Үшіншіден, сыртқы елшіліктер қабылданатын және халықаралық қатынастар жүргізілетін орынға айналды. Жаппасов келтіретін дерек бойынша, орыс елшілері Түркістанға келіп, осы қаладан әрі қарай сапар шеккен, ал құжатта ол «Қазақ хандығының астанасы» деп аталған [2, 28-б.]. Бұл Түркістанның халықаралық дәрежеде танылған астана болғанын аңғартады.
Сарайшықтың орны салыстырмалы талдауда ерекше сақтықпен бағалануы тиіс. Ол Түркістан сияқты бірнеше ғасырлық тұрақты жалпыхандық астана болған жоқ. Бірақ Қасым хан дәуірінде бұл қала Қазақ хандығының батысқа бағытталған саясатының негізгі саяси орталығына айналды. Кәрібаевтың зерттеуінде XVI ғасырдың 20-жылдарына қарай Қазақ хандығының батыс бағытта да нәтижелі сыртқы саясат жүргізгені, Еділдің сол жағалауына дейінгі өңірлерге ықпалын таратқаны көрсетіледі [7, 86-б.]. Осы тарихи жағдайда Сарайшық Қасым хан билігінің батыс қақпасы әрі саяси тірегі болды. Оның маңызы Жайық арқылы Ноғайлы әлеміне, Еділ бойына, Қырым мен Астрахан бағыттарына шығуда айқын көрінді.
Сарайшықтың астаналық сипат алуына оның сауда-экономикалық әлеуеті де әсер етті. Жумабаевтың мақаласында Сарайшықтың Орта Азияны Оңтүстік Ресей даласымен байланыстыратын керуен жолы бойында орналасқаны, негізгі өткізу пункттерінің бірі болғаны, бұл жерде Жайық арқылы өтетін көпір мен көлік ауыстыру жүйесінің болғаны айтылады [9, 46-б.]. Мұндай орналасу қаланы тек өңірлік сауда орталығы емес, үлкен геосаяси дәнекерге айналдырды. Сондықтан Қасым хан тұсында Сарайшықтың маңызы әскери ғана емес, дипломатиялық және экономикалық тұрғыдан да өсті.
Аталған қалаларды салыстырғанда мынадай қорытынды шығаруға болады. Сығанақ – Қазақ хандығының ерте кезеңіндегі тарихи сабақтастық пен саяси мұрагерліктің орталығы; Созақ – хандықтың құрылуындағы бастапқы әскери-саяси тірек; Түркістан – биліктің орныққан, толыққанды әкімшілік және рухани астанасы; Сарайшық – хандықтың батыс өңірдегі геосаяси ықпалын қамтамасыз еткен саяси орталық. Осы төрт қаланың қызметін бір-біріне қарсы қоюдан гөрі, оларды Қазақ хандығының әр кезеңдегі қажеттіліктеріне жауап берген көпсатылы астана жүйесінің буындары ретінде қарастырған жөн.
Тарихнамалық тұрғыдан да осы ұстаным қисынды. Қалатану және археологиялық еңбектер Сығанақтың ерте кезеңдегі астаналық рөлін баса көрсетеді [4, 316-б.; 5, 26-б.]. Саяси тарихқа арналған зерттеулер Түркістанды Есім, Тәуке дәуірінен бастап Қазақ хандығының толыққанды астанасы ретінде қарастырады [3, 95–96-б.; 2, 28-б.]. Ал Қасым хан дәуірін арнайы зерттеген әдебиет Сарайшықтың батыс саяси орталық ретіндегі маңызын айқындайды [7, 86–88-б.]. Демек, ғылыми пікірлердің айырмашылығы көбіне зерттеу нысанының өзіне байланысты: біреуі ерте саяси дәстүрді, екіншісі орныққан әкімшілік орталықты, үшіншісі аймақтық геосаясатты алдыңғы қатарға шығарады.
2.2. Астаналардың мәдени, рухани, экономикалық және стратегиялық маңызы
Қазақ хандығы астаналарының рөлін тек саяси билік аясында шектеу тақырыпты тарылтып жібереді. Бұл қалалар хандықтың мәдени жадысын қалыптастырды, рухани беделін көтерді, сыртқы саудасын жандандырды және әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Яғни астаналық қызмет – көпқырлы құбылыс.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, астана болған қалалар сауда мен айырбас жүйесінің тораптары болды. Сырдария бойындағы қалалар Шығыс пен Батысты жалғаған керуен жолдарының бойында орналасты. Сондықтан оларды иелену Қазақ хандығына мал өнімдерін өткізуге, егіншілік өңірмен тұрақты байланыс орнатуға, қолөнер бұйымдарын өндіру мен таратуға мүмкіндік берді. Қаражан еңбегінде Сыр бойындағы қалалардың бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің сауда-экономикалық орталықтары болғаны және оларды экономикалық тірекке айналдырудың далаға билік жүргізудің басты шарты екені анық айтылады [1, 44-б.]. Қасым хан дәуіріне қатысты деректер де Түркістан аймағы мен Дешті Қыпшақтың біртұтас экономикалық кеңістік құрағанын көрсетеді [7, 86-б.].
Сарайшықтың экономикалық рөлі әсіресе айқын. Ол Орта Азия, Хорезм, Үргеніш, Отырар бағыттарын Еділ бойы және Оңтүстік Ресей даласымен жалғаған басты транзиттік нүктелердің бірі болды [9, 46-б.]. Жайық бойындағы бұл қала арқылы тауар ғана емес, технология, мәдени ықпал, адамдар мен идеялар да қозғалды. Сондықтан Сарайшықты жай өңірлік қала емес, Еуразия кеңістігіндегі алмасу желісінің құрамдас бөлігі ретінде бағалау керек. Қазақ хандығы құрамындағы оның саяси маңызы дәл осы экономикалық-географиялық артықшылықпен ұштасып жатты.
Рухани және мәдени мағынада Түркістан мен Сығанақтың орны ерекше. Сығанақтың «кесенелі қала» атануы онда жергілікті билеушілердің, дін өкілдерінің және беделді тұлғалардың жерленуімен байланысты [5, 26-б.]. Бұл қаланың тек әкімшілік орталық емес, естелік кеңістік, саяси элитаның сакралды мекені болғанын көрсетеді. Ал Түркістанның қазақ хандары үшін маңызы одан да терең еді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бұл қаланы түркі-мұсылман дүниесінің беделді рухани орталығына айналдырды. Түркістанда билік құру – тек қала иелену емес, рухани беделге ие болу деген сөз болды. Осы себепті Түркістанның астаналық мәртебесі оның географиялық қолайлылығынан ғана емес, идеологиялық салмағынан да туындады.
Стратегиялық тұрғыдан алғанда, астаналардың ауысуы хандықтың ішкі және сыртқы саясатына тікелей тәуелді болды. Ерте кезеңде Созақ пен Сығанақ алдыңғы шепке шықса, бұл – хандықтың ең алдымен Сыр бойындағы тіректі бекітуге мүдделі болғанын білдіреді. Қасым хан тұсында Сарайшықтың рөлі күшеюі – батыс бағыттағы ықпалдың өскенін көрсетеді. Есім ханнан бастап Түркістанның тұрақты астанаға айналуы – биліктің институционалданғанын, яғни уақытша әскери орталықтан орнықты мемлекеттік орталыққа өткенін байқатады. Астаналардың ауысу себептері осылайша кездейсоқ емес, мемлекеттің даму логикасынан туындады.
Осы өзгерістердің ішінде сыртқы саясат факторы ерекше көрінеді. Түркістанның ресми дипломатиялық орталық ретіндегі орны XVII ғасырдағы қазақ-орыс елшіліктері материалдарынан анық байқалады [2, 28-б.]. Бұл қалада халықаралық келіссөздер жүргізілуі оның тек ішкі билік ордасы емес, сыртқы әлеммен байланыс нүктесі болғанын дәлелдейді. Сол сияқты Сарайшықтың маңызы Қасым хан дәуірінде ноғайлармен, Еділ бойындағы күштермен және Мәскеумен арадағы қатынастар аясында артты [7, 88-б.]. Яғни хандық астаналары мемлекеттің сыртқы бағытын кеңістікте бейнелеп отырды.
Астаналардың мәдени-өркениеттік маңызы тағы бір қырдан көрінеді: олар дала мемлекеттілігінің қала мәдениетін қабылдап қана қоймай, оны өзінше дамытқанын дәлелдейді. Қазақ хандығы тарихын тек көшпелі өркениет аясында қарастыру жеткіліксіз. Сығанақтағы сәулеттік қыш қаптамалар, кесенелер, Сарайшықтағы қыш өндірісі мен транзиттік сауда іздері, Түркістандағы әкімшілік және діни инфрақұрылым қазақ мемлекеттілігінің урбанистік негіздері де болғанын көрсетеді [4, 316–317-б.; 9, 46–47-б.]. Бұл қалаларда материалдық мәдениет пен саяси билік өзара ұштасып жатты.
Сондықтан Қазақ хандығы астаналары – жай ғана билік орындары емес, мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз еткен өркениеттік өзектер. Оларсыз хандықтың этникалық аумақты біріктіруі, халықаралық саудаға араласуы, көрші елдермен дипломатиялық қатынас орнатуы және рухани бедел қалыптастыруы әлдеқайда әлсіз болар еді. Бұл тұрғыдан астана тарихы – мемлекеттілік тарихының өзегі.
Қорытынды
Қазақ хандығы астаналарының тарихы қазақ мемлекеттілігінің кеңістікте қалай орныққанын, биліктің қандай тетіктер арқылы бекігенін және дала мен қала арасындағы тарихи сабақтастықтың қаншалықты маңызды болғанын айқын көрсетеді. Бұл тақырыпты зерттеу нәтижесінде Қазақ хандығында астана ұғымы бір ғана тұрақты орталықпен шектелмегені анықталды. Хандықтың алғашқы дәуірінде саяси орталықтар әскери күрес барысына, көші-қон кеңістігіне және Сыр бойындағы қалаларды иелену қажеттілігіне қарай қалыптасты. Кейін биліктің тұрақтануы мен сыртқы қатынастардың күрделенуі нәтижесінде Түркістан секілді қала толыққанды әкімшілік астана дәрежесіне көтерілді.
Сығанақ Қазақ хандығының ерте кезеңіндегі тарихи-саяси сабақтастықтың тірегі болды. Созақ хандықтың құрылу дәуірінде стратегиялық плацдарм қызметін атқарды. Түркістан Қазақ хандығының орныққан мемлекеттік орталығы, рухани және дипломатиялық астанасы ретінде ерекшеленді. Сарайшық болса, әсіресе Қасым хан тұсында хандықтың батысқа бағытталған геосаяси қуатын танытқан саяси орталыққа айналды. Осы қалалардың бәрі әртүрлі кезеңде әртүрлі салмақпен астаналық немесе саяси орталықтық қызмет атқарды.
Тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақ хандығы астаналарының ауысуы мемлекеттің әлсіздігін емес, қайта оның кеңістікке бейімделген икемділігін көрсетеді. Бұл – көшпелі және жартылай көшпелі мемлекеттіліктің табиғатына сай құбылыс. Сонымен бірге бұл тарих қазіргі қазақ мемлекеттілігі үшін де маңызды сабақ береді: қазақтың мемлекеттік дәстүрі тек далалық еркіндікке ғана емес, қалалық өркениетке, сауда жолдарына, рухани орталықтарға және күрделі саяси басқару тәжірибесіне де сүйеніп дамыған. Сондықтан Қазақ хандығы астаналарының тарихы – ұлттық мемлекеттіліктің терең тарихи тамырын дәлелдейтін маңызды ғылыми мәселе.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Қазақстан тарихы: лекциялар курсы / Қ.С. Қаражан және т.б.; жауапты ред. Қ.С. Қаражан. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 216 б.
- Жаппасов Ж.Е. XVI–XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихы. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 147 б.
- Алдаберген М.Н. Түркістанның түркі тарихы мен мәдениетінен алатын орны // Түркістан және түркология: халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарының жинағы. – Түркістан, 2017. – 93–96-б.
- Гурсой М., Амантуров М., Бахтыбаев М. Сығанақтың сәулеттік қыш қаптамалары // Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы. Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар сериясы. – 2022. – №2(73). – 316–328-б.
- Бахтыбаев М., Мургабаев С., Сиздиков Б., Арынов Қ. Ортағасырлық Сығанақ қаласының кесенелері // Turkic Studies Journal. – 2025. – Т. 7. – №2. – 26–43-б.
- Қасым хан және Сарайшық: Қазақ мемлекеттілігі тарихында: республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары / жалпы ред. Ә.Қ. Мұқтар. – Атырау–Сарайшық, 2021. – 202 б.
- Кәрібаев Б.Б. Қасым ханның қазақ тарихындағы рөлі // Қасым хан және Сарайшық: Қазақ мемлекеттілігі тарихында: республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Атырау–Сарайшық, 2021. – 78–89-б.
- Арыстанбаева Г.Б. Тәуекел хан // Қасым хан және Сарайшық: Қазақ мемлекеттілігі тарихында: республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Атырау–Сарайшық, 2021. – 11–14-б.
- Жумабаев А. Е.И. Агеева – ортағасырлық Сарайшық қыш бұйымдарын зерттеушісі // Қасым хан және Сарайшық: Қазақ мемлекеттілігі тарихында: республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Атырау–Сарайшық, 2021. – 41–47-б.
- Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін): бес томдық. 3-том. – Алматы: Атамұра, 2002. – 768 б.