Тәңірберген А.Б.
Ғылыми жетекшісі: Смағұлов Н.Б.
PhD докторы, қауымдастырылған профессор
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті
Қарағанды қаласы
«Қазақ халқының дәуіріндегі, тіпті одан арғы замандардағы көптеген эпостар, тарихи әңгіме, жырлар, жеке ақындардың шығармалары XIX ғасырдағы анахронизмдерсіз, біршама таза әрі мол жеткендігі байқалады. Бірақ, кезінде қағаз бетіне түсірілмегендіктен, олардың көпшілігі біржола құрыды» – дейді М.Мағауин.
Асанқайғы Сәбитұлының творчествасынан басталатын жыраулар поэзиясы, сол дәуірдің әлеуметтік жағдайының саяси сипатын беретін. Өмірінің біраз кезі, Алтын Орда хандарының жанында өткен Ноғайлы дәуірінің жыршысы атанып кеткен, Асан қайғы аз мұра қалдырған жоқ. Ш.Уәлиханов ноғайлы дәуірі жайлы сөз қозғай келе Асанды «көшпелілер философы» деп атайды. Асанның енді, бір толғаулары «Қырында киік жайлаған», «Әй, хан мен айтпасам», «Алты атанға қос артып» деген шығармалары Алтын Орда ханы Жәнібекке арналады. (1341-1357 жж. билік еткен). Асан есімі аңызға айналған, оның желмаясына мініп алып «Жерұйықты» іздеуі халық арасында аңыз болып айтылады.
Жыраулық поэзия — ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақтың халық поэзиясы. Біздің дәуірімізге, негізінен, ауызша жетті. ХҮ ғасырдың орта шенінен бастап қазақ халқының төл мәдениеті өркен жая бастады. Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халкының дербес әдебиеті қалыптасты. Жыраулық поэзия қазіргі Қазақстан жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденді. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз бен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, дүние мен дүние жайлы сан-салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар-жыраулық поэзияның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшақка даңқы жеткен Қодан Тайшы, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтұған жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады. Асан қайғы туралы аңыздар ноғай, қырғыз, карақалпақ халықтарында да сақталган. Асан қайғы — көптеген нақыл сөздердің, философиялық толғаулардың авторы. Ол оз өлең, толғауларында мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды. Сахара эпосын тудырушылардың бірі, ірі эпик ақын, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы әрі нәзік лирик болган Қазтуғанның (ХҮ ғ.) біздің дәуірімізге жеткен жырлары табиғат аясындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем түстерге бай толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады [1, 33 б].
Жырау көне замандардың өзінде, ең алдымен, ақын ретінде танылған сияқты. Махмұд Қашғари жырау сөзін өлең шығарушы, музыкант деп түсіндіреді. Жырау-өз тайпасының рухани тірегі, ақылгөй ақсақалы. Ол тынышсыз көшпенділер арасында күнделікті болып тұратын кикілжің оқиғаларға араласпайды, күйкі өмірдің қамы туғызған от басы, ошақ қасының, қара қазанның жайы да жырау назарынан тысқары жатады.
«Патриарх, ақын, әрі халық мүддесін білдіруші жырау топ алдына өте сирек, аса қажет жағдайларда ғана шығады. Халық қадір тұтқан ақсақал жыраудан жұрт толқыған, халық дағдарған, бүліншілік шыққан немесе ел шетіне жау келген кездерде ғана кеңес сұрайтын адам болған. Мұндай реттерде жырау жұртшылықты абыржымауға шақырып, оларға дем беріп, істің немен тынатыны жайлы болжамдар айтып отырған»,- деп жазады академик Ә.Марғұлан жыраудың қоғамдық рөлі жөнінде. Жыраудың ең сүйікті жанры – толғау. Толғау осы сөздің өзінен де көрінетіндей, толғану, толғаныс деген ұғымды білдіреді. Ел ішіндегі шындықтың беті ашылып, әлеуметтік қайшылықтар да айқындалады. Бұқар, Тәтіқара, Шал, Көтеш, Қобылан, Жанкісілердің шығармаларындағы кейбір кереғар пікірлер осындай әлеуметтік қайшылықтардың көрінісі болатын [2, 45 б].
Жырау әрі ақын, әрі шешен. Ең алдымен, ырғағы бар, ұйқасы бір белгілі өлшемге жататын өлеңді жыраулардың өздері шығаратын болуы шарт. Екіншіден, жыраудың сөздері терең мағыналы, сырты сұлу шешен сөздер, нақыл сөздермен келуі керек. Үшіншіден, әлеуметтік өмірде кейінгілерге үлгі боларлықтай терең ойлы пікір айтуы қажет. Сонда ғана ол — шын мәнісіндегі жырау атағына ие. Жырау ғасырлар бойы халықтың өзі жасап берген ауыз әдебиетінің мол қазынасын бойына сіңірген, бояуын жоғалтпай жыр – толғауына арқау етіп, әрі жалғастырған классик, әдебиетіміздің атасы дерлік тұлға. Жыраулар жыры – салмақты сөз, саналы пікір, арналы ойдың кіндігі.
Жыраулардың шығармаларында кейде оппозициялық ой білдірілді. Ол өздерінің ханға немесе сұлтанға арнаған жырларында билеушінің белгілі бір шешімін не іс-әрекетін мақұлдамайтынын ашық айтып, әміршіні сынап та отырған. Жыраулар өздерінің сынында мемлекет мүдделерін негізге алған және “бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” деген принцип ұсталып, шешендік өнер жоғары құрметтелген (“Өнер алды – қызыл тіл”). Қоғамда олардың беделі жоғары болған [3, 33 б].
Қазақ хандығының қалыптасу кезеңінде ұзақ та қызықты, алайда тартысқа толы қиын ғұмыр сүрген Шалкиіз (Шалгез) Тіленшіұлы (1465-1560) аса көрнекті жырау болды. Ол атақты тектен (Едіге ұрпақтарынан) шыққан, өте жақсы білім алған, Үлкен Ноғай ордасының билеушісі Темір ханзадаға жақын жүріп, оның нөкерлерімен бірге Стамбұл мен Қырымда, Дон мен Солтүстік Кавказда болған, содан соң қуғынға ұшыраған. Өмірінің соңғы жылдарын қазақ хандығында өткізген.
Шалкиіздің біздің заманымызға дейін жеткен туындылары (олар 30-ға жуық) оны ақындық өнердің тамаша шебері және кең ауқымды ақын ретінде сипаттайды. Оның шығармаларында сол кездегі жыраулар поэзиясы толық жинақталып, оның бүкіл мәнін бейнелейді. Онда әміршіге тікелей арнау да, мадақ өлеңдер де, болмыс туралы философиялық толғаныстар да, халық туралы, билеуші туралы және өзі туралы ойлар да, ізгілік пен зұлымдық туралы жақсы мен жаман туралы, достық пен дұшпандық туралы дидактикалық толғаулар да бар. Және осының бәрі көркемдігі жоғары поэзия тілімен, таптырмас теңеулер, жарқын метафоралар, синтаксистік және психологиялық параллелизмдер арқылы баяндалған.
Шалкиіздің Темір ханзадаға екі арнауы мен батыр мұраты туралы бірнеше толғауы оның ең көрнекті туындылары болып табылады. Темірге арнаған бірінші жырында қуғынға ұшыраған жырау әміршіні мадақтай отырып, оған қорлағаны үшін өз ренішін шеберлікпен білдіреді, ал екіншісінде сарайдан қуылған ол енді өзінің жеке басының ренішін емес, халықтың тағдыры туралы айтып, әміршіні Меккеге тәуіп етіп қайтуға үгіттейді. Ал мұның өзін де ол шеберлікпен айтады: Темірді дәріптен, оны мінсіз билеуші деп бейнелейді, сонан соң оған жұрттың бәріне қадірлі сұлтан қажылыққа кетсе, оның елі мен халқына ие болатынын сөз етеді [4, 15-16 бб].
Осы екі арнауда асқан дарынды ақынның асқақ бейнесі мен асыл текті жауынгер-батырдың құдіретті тұлғасы бар болмысымен көрінеді. Шалкиіздің поэтикалық таланты еш жағынан билеушіден кем түспейтін, тіпті данышпандығы мен ізгілігі жағынан одан да асып түсетін жауынгер ақынның тамаша бейнесін сомдап соғып, осы бейне арқылы батылдықтың, ерліктің және жайсаң жандылықтың эталонын көрсеткен. Оның сырттай қарағанда мақтау өлеңдері билеушіні мақтаудан гөрі, жыраудың өз бейнесін ашып көрсетуге арналған. Ол жасырын қарсыласы — әміршіні қаншалықты жоғары қойса, жырау өзін соншалықты іштей асқақтата түседі. “Жырау-билеуші” оппозициясы поэтикалық құралдар мен өте астарлы әрі шеберлікпен берілген. Солай бола тұрса да, Шалкиіз әділ билеушінің аса көрнекті роль атқаратынын теріске шығармайды және оның адамдық қасиеттері өзінің жоғары жағдайына сай келгенін, өзі басқарып отырған мемлекет пен халықтың оған бола зардап шекпегендігін қалайды. Оның адал берілгендік ойлары мен дәріптеулерінің негізінде мінсіз әміршіге деген сенім жатыр.
ХVІ ғасырдағы ең жарқын ақын-жыраулардың бірі — Доспамбет жырау Аймадет (1490-1523). Оның өмір сүрген мезгілі әлі дәл анықталған жоқ. Бір зерттеушілер оны 1490 жылдардың орта шенінде туып, 1523 жылы қаза тапқан деп есептейді, ал екінші біреулері жырауды шамамен 1525-1596 жылдарда өмір сүрген деп топшылайды [5, 52 б].
Доспамбет жырау, оның өз шығармаларынан көрінетіндей, Азов қаласында, ХVІ ғасырда құрылып, Төменгі Дон қаласы мен Азов қаласының төңірегін алып жатқан Кіші Орданың атақты әскербасының отбасында туған. Болашақ жырау өз тегіне лайық тәрбиеленіп, білім алған. Толысқан шағында ол Стамбул мен Қырымда болған, Бақшасарайға және Дешті Қыпшақтың көптеген жерлеріне барып, Ресейге қарсы бірнеше соғыс жорықтарына қатысқан. Түрік билеушілері арасындағы өзара қырқысқан қақтығыстардың бірінде қаза тапқан. Оның “Ер Мамайдың алдында шаһит кештім, өкінбен” деген сөздеріне қарағанда, ол шамамен 1549 жылға дейін қаза тапқан, өйткені билеуші Мамай сол жылы дүниеден өткен еді [5, 55 б].
Өмірден қыршын кеткен Доспамбет өзінің ханның кеңесшісі және хандықтың идеологы болған жыраулардың классикалық үлгісі ретінде көрсетіп үлгермеді. Алайда оның бізге дейін жеткен поэтикалық мұрасының өзі-ақ ол жөнінде өмірінің бүге-шігесіне дейін біліп, өлеңдерінде өз өмірінің негізгі оқиғаларын бейнелей білген талантты жауынгер ақын деуге мүмкіндік береді. Ол да өмір мен өлім жайында жырлағанымен, Доспамбеттің поэзиясында жыраулардың шығармаларына тән дәстүрлі өнеге-өсиет пен философия айтылмайды. Ол салқынқандылықпен пайымдап, ойлайтын және болжам жасайтын, өмірде көпті көрген жыршы ретінде сөйлемейді. Доспамбет жалындап жанады, жырлары күш-жігер мен үмітке толы. Оның жырларында өмірден қыршын кеткеніне өкініш жоқ.. Керісінше, ол лайықты өмір сүргеніне сенімді және ешнәрсеге өкінбейді. Ол Сарыарқа даласындағы кескілескен шайқаста қаза табатын жауынгерді пір тұтады. Доспамбеттің айтуынша:
“ Қоғалы көлдер, қом сулар
Қоныстар қонған өкінбес,
Арыстандай екі бұтын алшайтып,
Арғымақ мінген өкінбес,
Кілең бұздай кілшейтіп,
Көбелер киген өкінбес,
Жұпарын қардай боратып,
Арулар құшқан өкінбес,
Торы төбел ат мініп,
Той тойлаған өкінбес,
Құрама шапшақ көп қымыз
Құйып ішкен өкінбес…”
Ол өз өмірін нақ осындай деп біледі. Мұндай өмір оны толық қанағаттандырады. Ол осындай өмірді дәріптейді, соған сүйсінеді. Доспамбет жырау көп жағдайда бірінші жақтан жырлайды және көбінесе өзі жайында айтады. Ол өзін ең алдымен:
“Қалаға қабылан жаулар тигей ме,
Қабырғадан дұшпан жалдап жүргей ме,
Қатарланып, қарланып,
Қайран ер қарт күреңге мінбей ме!
Қабырғадан қараған
Достым менен дұшпаным:
“Апырым, ер Доспамбет!” дегей ме!…”
дейтін ер жігіт етіп көрсетеді [6, 15 б].
Оның туындылары арасында кейбір дәрежеде өмірбаяндық сипаттағы толғау ерекше көрінеді. Бұл – басқа жыраулардың осындай шығармаларынан ерекшеленетін қоштасу жыры. Онда қайғы-қасірет пен өкініш, күңіреніп, түңілу жоқ.. Толғау-қоштасу жырларында жиі кездесетін күйгелектік пен қайшылықтан ада, онда ақынның тағдыры туралы қысқа болса да, кең көлемде баяндалады. Өлең автор жекеден жалпыға біртіндеп баратындай етіп құрылған: әуелі өзіне сипаттама береді және өзінің қалай жараланғандығын айтады, сонан соң әйелі мен балалары жайында баяндап, содан кейін туған жерімен қоштасады. Осының бәрі параллелизмді қолдана отырып, асқан ақындықпен баяндалады, онда бірде бастан өткен тамаша күндер еске алынып, бірде орындалмаған армандары мен атқарылмаған істері тізіп келтіріледі [7, 28 б].
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Садықов Қ. Ақын-жыраулар. А.,1974ж. -210 б
2 Әуезов М. Қазақ әдебиетінің тарихынан. А., 1948. 1-т; -256 б.
3 Бес ғасыр жырлайды. А., 1984. 1т. -123 б.
4 Дербісалин М. ХҮ-ХҮ111 ғасырлардағы қазақ поэзиясы. Мына кітапта: ХҮ- ХҮ111 ғасырлардағы қазақ поэзиясы . А., 1982 ж. -285 б.
5 Дүйсенов М.Т. Ақын-жыраулар. А.,1979 ж. -112 б.
6 Арынғазиева Б. Ақын-жыраулар шығармашылығы әлеуметтік құндылықтар. // Ізденіс. №3. 2003 ж.
7 Жәнібекова С. Хандық дәуірдегі ақын-жыраулардың тәлімдік ойлары // Ұлт тағылымы. №4. 2004 ж.
