Талап Бақытжан
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ақпараттық жүйелер кафедрасының 4 курс студенті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) – тек білім беретін орын ғана емес, сонымен қатар студенттік өмірдің маңызды орталығы болып табылады. Университетке қабылданған әрбір студент өзін кең қауымдастықтың бір мүшесі ретінде сезінеді. ҚазҰУ кампусы Алматы қаласының көрікті жерлерінің бірінде ретінде саналатын мекен. Таңертең жатақханадан сабаққа асыққан студенттер, кешкілік алаңдарда серуендеп жүрген жастар, факультеттер тарапынан ұйымдастырылатын шаралар – мұның бәрі университеттің ерекше атмосферасын қалыптастырады.
Университет аумағында жатақханалармен қатар кітапхана, спорт кешендері және демалыс орындары бар. Сол себепті студенттердің бос уақыты да тиімді әрі қызықты өтеді. Бірі спорттық іс-шараларға қатысса, бірі ғылыми жобаларды жүзеге асырады, ал енді бірі шығармашылық үйірмелерге араласады. ҚазҰУ-да студент болу тек академиялық сабақтарға қатысу емес, сонымен қатар жаңа орта құру, достар табу және жан-жақты өзін-өзі дамыту мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Университеттегі студенттік өмірдің маңызды аспектілерінің бірі – белсенділік. ҚазҰУ-да студенттік ұйымдар жақсы дамыған және әр студент өз қабілетіне сай әртүрлі ұйымдарға мүше бола алады. Мысалы, «Студенттік сенат» – студенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын, университет өміріндегі маңызды шешімдерге қатысатын ұйым. Сенат құрамына белсенді және жауапкершілігі жоғары студенттер сайланады, олар әртүрлі бастамаларды қолға алып, шаралар ұйымдастырады. Сонымен қатар, «Сұңқар» студенттік ұйымы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, тәртіп пен жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.
Әр факультетте түрлі клубтар мен еріктілер қозғалыстары қызмет етеді. Бірі қайырымдылық шараларын ұйымдастырса, бірі мәдени кештер өткізеді, ал енді бірі ғылыми конференциялар мен дебат турнирлеріне қатысады. Осындай белсенділік студенттердің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және болашақта үлкен жауапкершілікке дайын болуына ықпал етеді.
ҚазҰУ студенттік өмірінің басты ерекшелігі – оның шынайылығы мен еркіндігінде. Мұнда әркім өз қызығушылығына сәйкес орнын таба алады. Бірі ғылымға, екіншісі өнерге немесе спортқа бейімделген. Университет қабырғасында өткізілген жылдар тек біліммен емес, сонымен қатар есте қаларлық естеліктермен де байытылады. Көптеген түлектер студенттік кезеңді өмірінің ең жарқын уақыттары ретінде еске алады, өйткені осы жерде олар тек мамандық иесі ғана емес, тұлға ретінде қалыптасады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – армандарға жол ашатын, белсенді жастарды қолдайтын және әр студентке мүмкіндік беретін орта. Осы себепті университеттегі студенттік өмір тек қызықты ғана емес, ол – болашаққа жасалған маңызды қадам болып табылады.
