Суйеніш Қуаныш Қайырбайұлы
Менеджмент ББ 2-курс магистранты,
М. Өтемісұлы атындағы БҚУ
Аннотация: Бұл мақалада Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мал шаруашылығы саласын тиімді басқарудың қаржылық және басқарушылық тетіктері жан-жақты талданады. Мал шаруашылығы – халықтың негізгі азық-түлік өнімдеріне, оның ішінде ет және сүт өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыратын стратегиялық маңызы бар сала. Қазіргі таңда мал шаруашылығы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 39%-ын құрайды, алайда жыл сайынғы 2-3% өсім саланың толық әлеуетін көрсетпейді. Соңғы жылдары қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен «Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында саланы мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілуде. Мақалада жеңілдікті несиелеу, субсидиялау, инвестициялық тартымдылықты арттыру секілді қаржылық тетіктер, сондай-ақ кооперациялау, цифрландыру, ветеринариялық қауіпсіздік, жер ресурстарын тиімді пайдалану және кадрлық әлеуетті дамыту сияқты басқарушылық тетіктер жүйелі түрде қарастырылады.
Кілт сөздер: мал шаруашылығы, экономикалық даму, экспорт, азық-түлік қауіпсіздігі, мемлекеттік қолдау.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі – азық-түлік қауіпсіздігі. Бұл ұғым елдің ішкі нарығын негізгі азық-түлік түрлерімен тұрақты түрде қамтамасыз ету және сыртқы факторларға тәуелділікті азайтуды білдіреді. Аграрлық сектордың локомотиві саналатын мал шаруашылығы бұл мәселеде шешуші рөл атқарады, себебі халықтың күнделікті рационының негізін құрайтын ет, сүт және олардың өңделген өнімдерін өндіру осы салаға тікелей байланысты.
Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайлары мен кең-байтақ жайылымдық жерлері мал шаруашылығын дамыту үшін ерекше қолайлы мүмкіндіктер береді. Дегенмен, саланың айтарлықтай әлеуетіне қарамастан, оның дамуын тежеп отырған бірқатар жүйелі проблемалар бар. Оларға шаруашылықтардың шашыраңқылығы мен ұсақтығы, материалдық-техникалық базаның тозуы, жемшөп базасының әлсіздігі, ветеринариялық қауіпсіздік талаптарының халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмеуі, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және кадр тапшылығы жатады.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі осы олқылықтарды жою және саланы жаңа деңгейге көтеру үшін тиімді қаржылық және басқарушылық тетіктерді қамтитын «Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын» әзірлеп, бекітті . Бұл мақаланың мақсаты – осы тетіктердің тиімділігін талдау, олардың өзара байланысын айқындау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін кешенді түрде бағалау.
Қазақстанның мал шаруашылығын басқарудың қазіргі жүйесі ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлауға негізделген. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкіметтің тиісті қаулылары негізінде әзірленген «Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары» – осы саладағы басты құжат. Құжатты дайындау үшін арнайы Жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Парламент депутаттары, өңір әкімдерінің орынбасарлары, ғалымдар, қаржы институттарының, салалық қауымдастықтар мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері енгізілген.
Саланың қазіргі жағдайына келетін болсақ, статистикалық деректер біршама қарама-қайшылықты көрініс береді. Бір жағынан, оң динамика байқалады: 2025 жылдың қорытындысы бойынша саланың жалпы өнім көлемі 3,8 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылғы 3,3 трлн теңгеден айтарлықтай жоғары . 2025 жылғы нақты көрсеткіштер төмендегі кестеде толық көрсетілген.
1-кесте. 2025 жылғы негізгі көрсеткіштер
Көрсеткіш
2024 ж.
2025 ж.
Өсім, %
Жалпы өнім көлемі
3,3 трлн теңге
3,8 трлн теңге
+15%
Ірі қара мал
7,977 млн бас
8,167 млн бас
+2,4%
Ұсақ мал
20,224 млн бас
20,551 млн бас
+1,6%
Жылқы
4,36 млн бас
4,6 млн бас
+5,6%
Түйе
280 мың бас
294 мың бас
+4,8%
Құс
45,4 млн бас
48,6 млн бас
+6,9%
Ет өндірісі
1,168 млн тонна
1,2 млн тонна
+2,7%
Сүт өндірісі
3,6 млн тонна
3,8 млн тонна
+5%
Жұмыртқа
4,46 млрд дана
4,6 млрд дана
+2,4%
Ескерту – ҚР Ұлттық статистика бюросы. (2025). «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы» статистикалық есебі негізінде автормен құрастырылды [1]
Екінші жағынан, жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімінің 2-3% деңгейінде сақталуы саланың әлеуетін толық ашпай отырғанын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіштер салада жүйелі өзгерістер қажет екенін дәлелдейді. Осы орайда Кешенді жоспар амбициялық мақсаттарды белгіледі. Төмендегі кестеде негізгі мақсатты индикаторлар мен олардың 2025 жылғы нақты көрсеткіштері салыстырылған.
2-кесте. Негізгі стратегиялық мақсаттар (2026–2030)
№
Көрсеткіш атауы
2025 ж. (нақты)
2030 ж. (жоспар)
Өсім
1
Ірі қара мал басы
8,2 млн бас
12 млн бас
46%
2
Ұсақ мал басы
20,6 млн бас
28 млн бас
36%
3
Ет өндірісі (барлық түрі)
1,2 млн тонна
1,8 млн тонна
50%
4
Сүт өндірісі
3,8 млн тонна
4,2 млн тонна
10,5%
5
Ет экспорты
91,3 мың тонна (11 ай)
165 мың тонна
2 есеге
Ескерту – «Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде автормен құрастырылды [2]
Мал шаруашылығы – капитал сыйымдылығы жоғары және инвестициялардың қайтарымдылық мерзімі ұзақ сала. Асыл тұқымды мал басын қалыптастыру, заманауи фермалар салу, жемшөп базасын нығайту, ветеринариялық қызмет көрсетуді жақсарту үлкен қаржылық салымдарды талап етеді. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің бірнеше маңызды қаржылық тетіктері жұмыс істейді.
Саланы қаржыландырудың негізгі құралы – жеңілдікті несиелер. Кешенді жоспар аясында бекітілген жеңілдікті несиелеу бағдарламалары төмендегі кестеде жүйеленген.
3-кесте. Жеңілдікті несиелеу бағыттары
№
Несиелеу бағыты
Мөлшерлеме
Қаржыландыру көлемі
Негізгі мақсаты
1
Асыл тұқымды мал сатып алу
6%
300 млрд теңге/жыл
Генетикалық әлеуетті арттыру
2
Жайылымдық инфрақұрылым
6%
50 млрд теңге (2026 ж.)
Шалғай жайылымдарды суландыру, мобильді қоныстар
3
Жемшөп жинайтын техника
5%
50 млрд теңге
Жемшөп базасын нығайту
4
Айналым қаражатын толықтыру
5%
225 млрд теңге
Жем-шөп, жанармай, ветпрепараттар
Ескерту – «Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде автормен құрастырылды [2]
Бірінші бағыт – асыл тұқымды мал сатып алуға несие беру. Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен ұзақ мерзімді несие беру бағдарламасы іске қосылады. Бұл шара табынның жаңаруын жеделдетуге және мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді .
Екінші бағыт – жайылымдық инфрақұрылымды дамыту. Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді айналымға тарту мақсатында жылдық 6% мөлшерлемемен бірыңғай кредиттік өнім іске қосылады. Қаражат жайылымдарды суландыруға, инфрақұрылымды дамытуға, мобильді вагончиктер сатып алуға және басқа да қажетті шараларға бағытталады.
Үшінші бағыт – жемшөп жинайтын техника сатып алу. Қосымша 50 млрд теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдікті қаржыландыру қарастырылып отыр.
Төртінші бағыт – айналым қаражатын толықтыру. Мал шаруашылығының барлық бағыттары бойынша шектеусіз айналым қаражатын толықтыруға арналған жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы көзделген. Бұл қаражат жем-шөп, жанар-жағармай материалдары, ветеринариялық препараттар сатып алуға және өзге де ағымдағы қажеттіліктерге бағытталуы мүмкін.
Агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің, әсіресе шағын шаруа қожалықтарының несие алуындағы басты кедергі – жеткілікті кепілзаттың болмауы. Бұл мәселені шешу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несиелерге кепілдік беру тетігі қолданылады. Мемлекет кепілзаттың бір бөлігін өз мойнына алып, банктердің тәуекелін азайтады және шаруалардың қаржыға қол жеткізуін жеңілдетеді. Сондай-ақ, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды белсенді тарту көзделіп отыр.
Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарына микробизнес ашуға және жеке қосалқы шаруашылықтарын дамытуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында несиелер жылдық 2,5% өте төмен мөлшерлемемен беріледі. Мал шаруашылығы жобалары үшін несие мерзімі 7 жылға дейін жетеді, бұл мал өсірудің биологиялық циклін ескеретін өте тиімді шарт.
Мемлекет мал шаруашылығына инвестиция салушыларға шығындарының бір бөлігін өтеп береді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, асылдандыру жұмыстарына, жемшөп шығындарын ішінара өтеуге, сондай-ақ құны қымбат технологиялық жабдықтар мен техника сатып алуға субсидиялар беріледі.
2025 жылдың ортасынан бастап субсидиялаудың жаңа тәсілі енгізілді: енді субсидия алудың басты шарты – өндірілетін өнім көлемін сақтау немесе арттыру. Бұл бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге және «жалған фермерлер» деп аталатын, тек субсидия алу үшін құрылған көлеңкелі құрылымдармен күресуге бағытталған.
Азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі – стратегиялық азықтық қорды құру. Бұл қор нарықтық оператор арқылы басқарылып, жемшөп тапшылығы немесе бағаның күрт өсуі кезеңдерінде (мысалы, қуаңшылық жылдары) іске қосылады. Бұл тетік мал шаруашылығымен айналысушылардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді және ішкі нарықтағы бағаның күрт ауытқуына жол бермейді.
Қаржылық ынталандыру жеткіліксіз, сонымен қатар саланы басқару жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бұл ретте басқарушылық тетіктер басты рөл атқарады, өйткені олар қаржылық ресурстардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді және саланың ұзақмерзімді тұрақты дамуына негіз болады.
Саланың басты құрылымдық проблемасы – өндірістің шашыраңқылығы. Статистикаға сүйенсек, еттің 60%-ы және сүттің 80%-ы шағын жеке және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Бұл шаруашылықтардың заманауи технологияларды енгізуге, сапалы мал басын алуға, өнімді ірі көлемде өңдеуге, сапа стандарттарын сақтауға және тікелей экспорттауға мүмкіндігі шектеулі.
Шешім ретінде фермерлерді жаңа форматтағы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру көзделіп отыр. Қазіргі уақытта кооперативтердің қызметін реттейтін арнайы заң жобасы әзірленуде. Жаңа кооперативтер өнімді жинақтау, сақтау, алғашқы өңдеу және бірлесіп өткізу функцияларын атқарады. Бұл шағуа өндірушілерге ірі сауда желілерімен және экспорттық нарықтармен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын арттыру және қаражаттың жымқырылуына жол бермеу үшін цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Премьер-министр Олжас Бектенов өндіріс пен өнім айналымының барлық кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелерін цифрлық платформаларға біріктіру және оларды бірыңғай есепке алу көзі ретінде пайдалану тапсырылды.
Барлық субсидиялар мен есепке алу мәліметтері Географиялық ақпараттық жүйе (ГИСС) сияқты цифрлық платформаларға көшірілуде. Бұл әрбір алған субсидияның тиімділігін бақылауға, жергілікті жерге байланыстыру арқылы нақты шаруашылықтарды анықтауға, жалған құжаттармен жұмыс істейтін «жалған фермерлерді» анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарыққа шығуының басты шарты – халықаралық ветеринариялық талаптарға сай келу. Экспорттық нарықтарға шығу үшін еліміздің ветеринариялық қызметі мен зертханалары халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс. Төмендегі диаграмма ветеринариялық зертханалардың ағымдағы жағдайын көрсетеді.
1-сурет. Ветеринариялық зертханалардың халықаралық стандарттарға сәйкестігі
Ескерту – «Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде автормен құрастырылды [2]
Қазіргі таңда Қазақстандағы 168 ветеринариялық зертхананың тек 27-сі ғана халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді, қалған 141 зертхана жаңғыртуды қажет етеді. Осыған байланысты мемлекет ветеринариялық қызметті жаңғыртуға, зертханаларды жаңа жабдықтармен қамтамасыз етуге және мамандарды оқытуға ерекше көңіл бөлуде. Сонымен қатар, жалған ветеринариялық сертификаттар беру фактілерімен күрес күшейтілді.
Экспорттық географияны кеңейту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы 16 ветеринариялық сертификат келісіліп, отандық өнімдер Еуропалық одақ, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Парсы шығанағы елдеріне экспорттала бастады. Ет экспортының нақты көрсеткіштері төмендегі кесте мен диаграммада берілген.
4-кесте. Ет түрлері бойынша экспорт (2025 ж., 11 ай)
Ет түрі
2024 (11 ай)
2025 (11 ай)
Өсім, %
Сиыр еті
19,7 мың т
31,3 мың т
+59,1%
Қой еті
15,2 мың т
29,4 мың т
+92,8%
Барлығы
73,1 мың т
91,3 мың т
+24,8%
Ескерту – ҚР Ұлттық статистика бюросы. (2025). «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы» статистикалық есебі негізінде автормен құрастырылды [1]
2-сурет. Ет экспортының өсімі (2025 ж., 11 ай)
Ескерту – ҚР Ұлттық статистика бюросы. (2025). «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы» статистикалық есебі негізінде автормен құрастырылды [1]
Мал шаруашылығын дамытудың негізгі факторы – жайылымдық жерлер. Соңғы жылдары жайылым тапшылығы мәселесі жиі көтерілуде, бұл мал басының өсуі мен жайылымдық жерлердің тиімсіз пайдаланылуына байланысты.
Осы орайда мемлекет пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізуде. Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі жөніндегі тапсырмаларының орындалуы Үкіметтің ерекше бақылауында. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, жердің ұтымды пайдаланылуын тексеру жұмыстары жүргізілуде. Астық егетін үш өңірде 330 шаруашылық жоғары бақылауда. Мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жағдайда учаскелер азаматтарға одан әрі қайта бөлу үшін мемлекеттік қорға қайтарылады.
Кешенді жоспардың маңызды бағыттарының бірі – саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету және мал шаруашылығы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту. Бұл бағытта бірнеше жаңашыл тетіктер енгізілуде.
Біріншіден, малшылар мен шопандардың зейнеткерлік жасын төмендету мәселесі қарастырылуда. Ауылдағы ауыр еңбек пен табиғаттың қатал жағдайларын ескере отырып, аталған мамандықтарды зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін кәсіптер тізбесіне енгізу ұсынылды. Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда, кемінде 7 жыл бойы зейнетақы аударымдары бар азаматтар 55 жасында зейнетке шығу мүмкіндігіне ие болады.
Екіншіден, малшылар мен шопандардың балалары үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мәселесі де күн тәртібіне қойылған. Бұл шара мал шаруашылығымен айналысатын отбасылардың еңбек ресурстарын сақтауға көмектеседі.
Үшіншіден, кадр тапшылығын азайту мақсатында мал шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан жастарға ерекше назар аударылады. Гранттарды бөлу кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, жергілікті атқарушы органдар және жоғары оқу орындары арасындағы үшжақты келісімдер арқылы жеке квота қарастыру көзделіп отыр. Мұндай грант иегерлері оқуын аяқтаған соң, кемінде үш жыл ауылдағы кәсіпорында жұмыс істеуге міндеттеледі.
Төртіншіден, тұрғын үй мәселесін шешу жоспарланған. Ауылдарда, кенттер мен ауылдық округтерде жалдамалы тұрғын үй салған жұмыс берушілерге мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру көзделіп отыр.
Кешенді жоспардың тағы бір маңызды бағыты – тиімді маркетингтік инфрақұрылымды қалыптастыру және өткізу нарықтарын кеңейту. Бұл бағытта экспорттық нарықтарды әртараптандыру, жаңа сауда келісімдерін жасасу және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
«Dala.Camp Forum 2026» халықаралық форумында Қазақстанның ет индустриясын дамыту және саланың ұзақ мерзімді экспорттық стратегиясын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Форумға Қазақстаннан, Орталық Азия елдерінен, АҚШ, Бразилия, Франция, Нидерланд, БАӘ және Түркиядан шамамен 250 делегат қатысты, бұл халықаралық ынтымақтастыққа деген қызығушылықты көрсетеді .
Қаржылық және басқарушылық тетіктер бір-бірімен тығыз байланысты және олардың тиімділігі көбінесе осы байланыстың үйлесімділігіне тәуелді. Төмендегі кестеде осы екі топтағы тетіктердің өзара байланысы мен күтілетін нәтижелер жүйеленген.
5-кесте. Қаржылық және басқарушылық тетіктердің үйлесімі
Қаржылық тетік
Басқарушылық тетік
Күтілетін нәтиже
6% несие (асыл тұқым)
Цифрландыру (ГИСС)
Генетикалық әлеуетті арттыру, бақылау
6% несие (жайылым)
Жерді қайтару, кооперация
Жайылым айналымын ұлғайту
5% несие (айналым)
Ветеринариялық қауіпсіздік
Экспорттық нарықтарға шығу
Әлеуметтік төлемдер (55 жас)
Кадрлық бағдарламалар
Саланың еңбек ресурстарын сақтау
Ескерту – «Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде автормен құрастырылды [2]
Мысалы, жеңілдікті несиелер беру кезінде алушының цифрлық жүйеде тіркелуі, ветеринариялық талаптарды сақтауы және кооперативке мүшелігі сияқты басқарушылық шарттар қойылуы мүмкін. Бұл қаржылық ресурстардың тиімді пайдаланылуын және басқарушылық реформалардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, жер ресурстарын тиімді басқару (мемлекетке қайтарылған жайылымдар) тікелей қаржылық нәтиже береді – жайылымдық жерлердің ұлғаюы жемшөп базасын нығайтады және мал шаруашылығының өзіндік құнын төмендетеді. Кадрлық әлеуетті дамыту (жастарға арналған гранттар, тұрғын үй, зейнет жасын төмендету) ұзақ мерзімді перспективада еңбек ресурстарының сапасын арттырып, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның экспорттық әлеуетін арттыру мал шаруашылығын тиімді басқарудың жаңа жүйесін құруды қажет етеді. Қазіргі уақытта 2026-2030 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында қабылданып жатқан шаралар қаржылық ынталандыру мен құрылымдық реформаларды ұштастыруға бағытталған.
Қаржылық тетіктер саласында жылдық 5-6% мөлшерлемемен жеңілдікті несиелеу бағдарламалары, «Даму» қоры арқылы кепілдік беру, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы, инвестициялық субсидиялар және стратегиялық азықтық қор құру сияқты маңызды құралдар енгізілуде. Бұл тетіктер асыл тұқымды мал басын жаңартуға, жайылымдық инфрақұрылымды дамытуға, жемшөп базасын нығайтуға және айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік береді.
Басқарушылық тетіктер саласында кооперациялау, цифрландыру, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту, жер ресурстарын тиімді басқару және кадрлық әлеуетті дамыту бағыттарында түбегейлі реформалар жүргізілуде. Бұл шаралар саланы қайта құрылымдауға, оның ашықтығын арттыруға, халықаралық стандарттарға сай болуына және білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне негіз болады.
Стратегиялық маңызы бар азықтық қор құру және пайдаланылмайтын жерлерді айналымға қайтару сияқты шаралар дағдарыс тәуекелдерін азайтып, саланың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Малшылар мен шопандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жастарға арналған гранттар мен тұрғын үй бағдарламалары кадр тапшылығын азайтып, ауылдың тартымдылығын арттырады.
Алайда, осы тетіктердің сәтті жүзеге асуы олардың іске асырылу сапасына, бюрократиялық кедергілердің жойылуына, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысына және фермерлердің жаңа жағдайларға бейімделуіне тікелей байланысты. Егер бұл міндеттер дұрыс шешілсе, онда Қазақстан мал шаруашылығы саласында әлемдік нарықтың маңызды ойыншыларының біріне айналып, өз азаматтарының азық-түлік қауіпсіздігін сенімді түрде қамтамасыз ете алады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- ҚР Ұлттық статистика бюросы. (2025). «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы»
- Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары
- Мал саны өсті, алайда саланың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ – Үкімет жиыны. – Казинформ, 2026. – 19 қаңтар
- Алдағы бес жылда мал шаруашылығын жеңілдетілген несиелендіру тетігі арқылы дамыту көзделуде. – Zakon.kz, 2026. – 17 қаңтар
- Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары мақұлданды. – Khabar.kz, 2026. – 19 қаңтар
- СҚО-да мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарын іске асыру талқыланды. – QZ-media, 2026. – 23 қаңтар
- Қазақстанда асыл тұқымды мал сатып алуға 6% пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. – ElDala.kz, 2026. – 8 қаңтар
- Қазақстанның үкіметі 2031 жылға дейін Мал шаруашылығын дамыту