Болашақ педагогтарды даярлауда жасанды интеллект технологияларын қолдану

Аманбай Ақбота Тайтөлеуқызы
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университеті
Ағылшын тілі мұғалімі


Аннотация

Мақалада болашақ педагогтарды даярлау үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың педагогикалық мүмкіндіктері қарастырылады. Зерттеудің мақсаты — жасанды интеллекттің педагогикалық білім беру жүйесіндегі рөлін анықтап, оның ықпалын теориялық және эмпирикалық тұрғыдан негіздеу. Зерттеу барысында жасанды интеллект технологияларының оқу материалын визуализациялау, педагогикалық жағдаяттарды видеомодельдеу, сабақ жоспарлау, шығармашылық жұмыс пен кәсіби рефлексияны дамытудағы әлеуеті талқыланды. Зерттеудің эмпирикалық бөлігі 2024–2025 оқу жылында педагогикалық мамандықта білім алып жатқан студенттер арасында жүргізілген авторлық сауалнама нәтижелері бойынша қаланды. Алынған деректер жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде мақсатты түрде қолдану оқу материалын түсінуді жеңілдететінін, педагогикалық практиканы меңгеруге ықпал ететінін және болашақ педагогтардың әдістемелік ойлауын дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдеді. Мақалада жасанды интеллект педагогты алмастыратын құрал емес, оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтетін тиімді педагогикалық ресурс екені көрсетіледі. Зерттеу нәтижелері педагогикалық жоғары оқу орындарында жасанды интеллектке негізделген оқыту модельдерін жүйелі түрде енгізудің өзектілігін айқындайды және болашақ педагогтарды заманауи білім беру талаптарына сай даярлауға бағытталған ғылыми-практикалық ұсыныстар ұсынады.

 

Түйін сөздер: жасанды интеллект, педагогикалық білім беру, болашақ мұғалімдерді даярлау, цифрлық педагогика, кәсіби құзыреттілік, әдістемелік ойлау, педагогикалық практика, шығармашылық қабілет, кәсіби рефлексия, оқыту модельдері.

 

Қазіргі жаһандану және цифрландыру заманында білім беру жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырап жатыр. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы педагогикалық білім берудің мазмұны мен әдістерін қайта қарастыруды талап етеді. Әсіресе, жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының білім саласына енуі болашақ педагогтарды даярлау үдерісіне жаңа мүмкіндіктер мен талаптар қойып отыр. Бүгінгі таңда педагог тек пәндік білімді меңгерген маман ғана емес, сонымен қатар цифрлық ортада тиімді жұмыс істей алатын, инновациялық технологияларды кәсіби қызметінде қолдана білетін тұлға болуы тиіс.

Жасанды интеллект технологиялары білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып оқытуды ұйымдастыруға, оқу үдерісін автоматтандыруға, білім нәтижелерін талдауға және болжауға мүмкіндік береді. Мынадай мүмкіндіктер болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда ерекшелікке ие. Бірақ, педагогикалық жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдану жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр деп айту қиынға соғады. Көп жағдайда ЖИ құралдары тек қосымша ресурс ретінде пайдаланылып, оның дидактикалық және әдістемелік әлеуеті толық ашылмайды.

Сонымен қатар, жасанды интеллектті оқыту процесіне енгізу педагогтың қызметі мен функцияларын қайта қарастыруды қажет етеді. Болашақ мұғалімдер ЖИ технологияларын тек тұтынушы ретінде емес, оны педагогикалық мақсатта саналы әрі жауапкершілікпен қолдана алатын маман ретінде меңгеруі керек. Бұл өз кезегінде педагогтарды дайындау жүйесінде жасанды интеллектке негізделген оқыту модельдерін, цифрлық платформаларды және инновациялық әдістерді кеңінен қолданудың маңыздылығын арттырады.

Осыған байланысты жасанды интеллект технологияларын қолданудың теориялық негіздерін айқындау, оның білім беру процесіндегі мүмкіндіктері мен шектеулерін талдау, сондай-ақ тиімді қолдану жолдарын қарастыру өзекті ғылыми-практикалық мәселе болып табылады. Бұл мақалада мәселе педагогикалық білім беру контексінде қарастырылып, жасанды интеллект технологияларын қолданудың болашақ педагогтардың кәсіби даярлығына әсері қарастырылады.

Жасанды интеллект педагогикалық даярлықтағы маңызды рөлдердің бірін атқарады, ол оқу материалын тиімді визуализациялау. Болашақ педагогтар ЖИ құралдары арқылы оқу тақырыбына сәйкес бейнематериалдар, анимациялық түсіндірмелер, инфографикалар мен интерактивті контенттер дайындай алады. Мұндай визуалды материалдар күрделі педагогикалық терминдер мен теорияларды жеңіл, әрі түсінікті түрде меңгеруге көмек көрсетеді. Визуализация оқу ақпаратын дұрыс құруға, оның есте сақталуын жақсартуға және студенттердің танымдық белсенділігін күшейтуге ықпал етеді. Осылайша болашақ педагогтар сабақ барысында көрнекілік құралдарын орынды әрі әдістемелік тұрғыдан сауатты қолдану дағдысын қалыптастырады.Жасанды интеллектке негізделген видеомодельдеу технологиялары болашақ педагогтардың практикалық даярлығын арттыруда айрықша рөл атқарады. Бұл технологиялар студенттерге сабақ өткізу үлгілерін, сыныптағы педагогикалық жағдаяттарды, оқушылармен қарым-қатынас орнату және кері байланыс беру әдістерін видеоформатта бақылауға мүмкіншілік береді. ЖИ көмегімен жасалған видеосценарийлер нақты педагогикалық жағдайларды модельдей отырып, болашақ мұғалімдердің оларды талдауына, әдістемелік тұрғыдан негізделген шешімдер ұсынуына жағдай жасайды. Мұндай тәсіл педагогикалық практиканың мазмұнын терең әрі жақсы түсінуге және кәсіби сенімділікті қалыптастыруға ықпал етеді.

ЖИ құралдары сабақ мақсатына сәйкес оқыту әдістерін іріктеуге, оқу нәтижелерін нақтылауға және бағалау критерийлерін жүйелеуге мүмкіндік береді. Ол дайын шешім ұсынбай, педагогтың кәсіби ойлауын бағыттаушы және қолдаушы құрал қызметін атқарады. Сол арқылы болашақ педагогтардың әдістемелік сауаттылығы артып, кәсіби рефлексия мен жауапкершілік дағдылары қалыптасады. Болашақ педагогтардың өзіндік және шығармашылық жұмысын ұйымдастыруда да жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктері кең. Студенттер ЖИ көмегімен өздері тапсырмалар құрастырып, цифрлық оқу материалдарын әзірлеп, әртүрлі оқыту әдістерін салыстырып талдай алады. Бұл педагогтың өнер әлеуетін арттырып, инновациялық ойлау қабілетінің дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай жұмыс түрлері болашақ мұғалімдердің дайын модельдерге тәуелді болмай, өз педагогикалық стилін қалыптастыруына қол ұшын береді. Өткізілген сабақтардың видеожазбасын талдау, өз қызметінің мықты және әлсіз тұстарын анықтау, кәсіби дамуға бағытталған ұсыныстар алу педагогикалық қызметті кәсіби түрде жетілдіруге жағдай жасайды. Бұл болашақ педагогтардың өзін-өзі бағалау дағдыларын қалыптастыруда тиімді құрал болып табылады.

 

Аталған теориялық тұжырымдарды нақтылау мақсатында зерттеудің эмпирикалық бөлігі 2024–2025 оқу жылы бойынша 20 келешек педагогтардың арасында жүргізілді. Зерттеу әдісі ретінде авторлық сауалнама алынды. Сауалнама сұрақтары жасанды интеллект технологияларының оқу материалын түсінуге, практикалық дағдыларды жетілдіруге, сабақ жоспарлау қабілетіне, шығармашылық жұмысқа және кәсіби рефлексияға әсерін анықтауға бағытталды. Зерттеу бойынша студенттердің 85%-ы жасанды интеллект құралдары оқу материалын түсінуді жеңілдететінін атап өтті. Респонденттер пікірінше, ЖИ көмегімен дайындалған визуалды және бейнематериалдар теориялық білімді дұрыс меңгеруге оң әсер еткен. Сонымен қатар, студенттердің 80% ЖИ негізінде әзірленген видеоконтент педагогикалық практиканы меңгеруде тиімді екенін атап өтті. Бұл болашақ педагогтардың практикаға психологиялық және кәсіби тұрғыдан дайын болуына мүмкіндік берген. Сауалнамаға қатысқан студенттердің 70% жасанды интеллект құралдарының сабақ жоспарлау дағдыларын дамытуға оң ықпал еткенін, ал 75% ЖИ технологиялары өзіндік және шығармашылық жұмысты ұйымдастыруда тиімді екенін көрсеткен. Кәсіби рефлексияға қатысты көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен болғанымен, студенттердің 65%-ы жасанды интеллект құралдары өз педагогикалық қызметін талдауға көмектесетінін мойындады.

Зерттеу нәтижелері жасанды интеллект технологиялары оқу материалын түсінуді жеңілдетуге, педагогикалық практиканы меңгеруге, сабақ жоспарлау дағдыларын дамытуға және кәсіби рефлексияны қалыптастыруға оң әсер ететінін дәлелдеді. Студенттердің көбі ЖИ құралдарын оқу процесінде қолданудың тиімділігін атап өтті, бұл олардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.

Қорытындылай келе, жасанды интеллект технологияларын педагогикалық білім беру процесінде мақсатты әрі әдістемелік тұрғыдан негізделген түрде қолдану болашақ педагогтарды заманауи білім беру талаптарына сай даярлауға мүмкіндік береді. Қазіргі ғылым мен технологиялар заманында бұл бағытта педагогтарды дайындау жүйесін жетілдіру және жасанды интеллектке негізделген оқыту модельдерін кеңінен енгізу өзекті әрі қажетті болып табылады.

Пайдаланған дереккөздер

1. UNESCO. Artificial Intelligence in Education: Challenges and Opportunities for Sustainable Development. – Paris: UNESCO Publishing, 2019.

2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі. Цифрлық Қазақстан: білім беруді цифрландыру тұжырымдамасы. – Астана, 2018.

3. Полат Е.С. Современные педагогические и информационные технологии в системе образования. – М.: Академия, 2019.

4. Бидайбеков Е.Ы., Бостанов Б.Г. Цифрлық білім беру ресурстарын педагогикалық практикада қолдану. – Алматы: Қазақ университеті, 2020.

5. Ахметова Д.С. Болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлауда инновациялық технологияларды қолдану // Педагогика және психология. – 2021. – №2.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх