Жақсылық Жания Дарханқызы
«Астана қаласының әкімдігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясы» ШЖҚ МКК математика пәнінің мұғалімі, Астана қ., Қазақстан
АННОТАЦИЯ. Мақалада ұлттық тәрбие жүйесін қазіргі білім мазмұнына кіріктірудің теориялық негіздері және оны математика сабақтарында практикада жүзеге асыру жолдары қарастырылады. Қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсарин ұсынған «білім мен тәрбиенің бірлігі» қағидасы негізінде ұлттық мазмұнды тапсырмаларды қолданудың тиімділігі талданады. Мақалада тұрмыстық және этномәдени контекске негізделген математикалық есептер арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын, логикалық ойлауын және құндылықтық бағдарларын қалыптастыру мүмкіндіктері көрсетіледі. Зерттеу нәтижелері ұлттық мазмұндағы тапсырмаларды қолдану білім беру үдерісінің мазмұнын байытып, оның тәрбиелік әлеуетін арттыратынын дәлелдейді.
Кілттік сөздер: ұлттық педагогикалық мұра, ұлттық тәрбие, білім мазмұны, Ыбырай Алтынсарин, құндылықтық бағдар, ұлттық мазмұн.
КІРІСПЕ
Қазіргі білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтарды сақтау және оларды білім мазмұнымен кіріктіру мәселесі ерекше маңызға ие. Жаһандану жағдайында тұлғаның мәдени сәйкестігін, тарихи санасын және рухани құндылықтарын қалыптастыру білім берудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық тәрбие жүйесін оқу үдерісіне енгізу өзекті педагогикалық міндет болып табылады.
Қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсарин білім мен тәрбиені өзара тығыз байланыста қарастырып, «білім мен тәрбиенің бірлігі» қағидасын негіздеді. Бұл қағида қазіргі білім беру жүйесінде құндылыққа бағытталған оқытудың маңызды негізі болып табылады.
Мақаланың мақсаты – ұлттық тәрбие жүйесін қазіргі білім мазмұнына кіріктірудің тиімді жолдарын айқындау және оны математика сабағында практикада жүзеге асыру мүмкіндіктерін көрсету.
Мақалада ұлттық мазмұнды тапсырмалар арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру тәжірибесі қарастырылады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Ұлттық тәрбие жүйесін қазіргі білім мазмұнына кіріктіру және оны практикада жүзеге асыру. Ұлттық тәрбие жүйесі – қоғамның рухани тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі әлеуметтік институттардың бірі. Ол халықтың тарихи тәжірибесіне, мәдениетіне, дүниетанымына негізделе отырып, тұлғаның құндылықтық бағдарын қалыптастыруды көздейді [4, 87 б.].
Қазіргі білім мазмұны құзыреттілікке бағытталғанымен, оның құндылықтық негізі әлсіреп қалмауы тиіс. Ұлттық құндылықтарды пән мазмұнына енгізу арқылы оқушының тарихи санасы, мәдени сәйкестігі және әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасады.
Ыбырай Алтынсариннің ұстаздық концепциясының негізінде білім мен тәрбиенің ажырамас бірлігі жатыр. Ол тұлғаның дамуын «білім + тәрбие + еңбек + адамгершілік» өзара байланысы арқылы қарастырды. Ағартушы үшін білім – тек ақпарат игеру емес, ол мінез қалыптастыру мен рухани жетілуге бағытталуы тиіс үдеріс болды [1, 145 б.].
Құндылыққа негізделген білім беру моделінде оқу материалы тәрбиелік мақсатпен үйлестіріледі. Математика пәнінің өзінде логикалық ойлау, жауапкершілік, дәлдік, әділдік сияқты қасиеттер қалыптасады. Егер осы қасиеттер ұлттық мазмұнмен ұштасса, тәрбиелік ықпал күшейе түседі.
Ұлттық мазмұнды кіріктіру бірнеше деңгейде жүзеге асады:
Мазмұндық деңгейде – тапсырмалар мен мысалдар арқылы ұлттық контекст енгізу.
Әдістемелік деңгейде – пәнаралық байланыс пен зерттеушілік тәсілді қолдану.
Тәрбиелік деңгейде – сабақтың құндылықтық бағытын айқындау.
Математикалық есептерді тұрмыстық жағдайлармен, ұлттық мерекелердегі сандық шектеулермен немесе тарихи деректермен байланыстыру оқушының пәнді өмірмен байланыстыра қабылдауына мүмкіндік береді. Осы бағытта төмендегідей ұлттық мазмұндағы тапсырмаларды қолдануға болады:
1. Ондық бөлшектерге байланысты есеп (5-сынып): Қымыздың бір литрі 1,5 кг сүттен дайындалады. Егер 3,2 литр қымыз дайындалса, қанша килограмм сүт жұмсалады? Шешуі: 1,5 × 3,2 = 4,8 кг. Тапсырма ұлттық тағам өндірісін сандық модельдеу арқылы оқушының ондық бөлшектерді көбейту дағдысын өмірлік жағдаймен байланыстырады.
2. Пәнаралық байланысқа негізделген есеп: Қазақтың киіз үйінің керегесі 6 қанаттан тұрады. Егер әр қанатта 12 тор көз болса, барлығы неше тор көз болады? Шешуі: 6 × 12 = 72. Бұл есеп математика мен этномәдени элементті біріктіріп, пәнаралық байланысты жүзеге асырады.
3. Процентке байланысты есеп. Наурыз мерекесіне арналған дастарханға 5 кг бауырсақ дайындалды. Оның 40%-ы қонақтарға берілді. Қанша килограмм бауырсақ қалды? Шешуі: 5 × 0,4 = 2 кг (берілді). 5 — 2 = 3 кг (қалды).
Бұл тапсырма пайызды есептеуді ұлттық мерекемен байланыстыра отырып, оқушылардың күнделікті өмірде қолдану дағдысын қалыптастырады.
Сонымен қатар, 6-сыныпта «Теңсіздіктер жүйесі» тақырыбы бойынша тәжірибелік апробация жүргізілді. Апробация барысында ұлттық мазмұндағы карточкалық тапсырмалар сараланып құрастырылып, оқушыларға деңгейіне қарай ұсынылды. Тапсырмаларды орындау кезінде оқушылар теңсіздіктер жүйесін құру, шешу және шешім жиынын сан аралығында көрсету дағдыларын бекітті.
Сабақ барысында олар есеп шартын талдап, математикалық модельді өз бетінше құруға талпынды. Жекелеген оқушылар шешу жолын түсіндіріп, теңсіздік таңбасының қолданылуын негіздей алды. Бұл ұлттық мазмұндағы тапсырмалардың оқушылардың логикалық ойлауын дамытуға және математикалық білімді өмірмен байланыстыра меңгеруіне оң әсер ететінін көрсетті.
Сабақта келесі мазмұндағы тапсырмалар ұсынылды:
Киіз үйдің қанаты әдетте 4 пен 12 аралығында болады. Қанат санын x деп алып, теңсіздікті жазыңдар. Шешуі: 4 ≤ x ≤ 12.
Қазақтың ұлттық асық ойынында ойыншыда 20-дан артық, бірақ 35-тен кем асық бар. Сонымен қатар, асық саны 5-ке бөлінетін болсын. Асық санын x деп алып, теңсіздіктер жүйесін жазыңдар. Шешуі: 20 < x < 35, x – 5-ке бөлінеді.
Ауылдағы жылқы саны 50-ден кем емес, бірақ 80-нен артық емес және жұп сан болсын. Жылқы санын x деп алып, теңсіздіктер жүйесін жазыңдар. Шешуі: 50 ≤ x ≤ 80, x – жұп сан.
Осы тапсырмаларды орындау нәтижесінде оқушылар теңсіздіктер жүйесін құру және шешу дағдыларын бекітумен қатар, киіз үйдің қанат саны белгілі бір аралықта болатынын, асық ойынының ұлттық дәстүрмен байланысты екенін және мал шаруашылығының қазақ тұрмысындағы маңызын түсінді. Тапсырмалар математикалық ұғымдарды ұлттық мазмұнмен байланыстыра отырып меңгеруге мүмкіндік берді.
Осылайша, ұлттық тәрбие жүйесі мен қазіргі білім мазмұнының сабақтастығы тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасайды. Дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі білім беру үдерісін мазмұндық және тәрбиелік тұрғыдан байытады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорытындылай келе, ұлттық тәрбие жүйесін қазіргі білім мазмұнымен кіріктіру білім беру үдерісінің мазмұндық және тәрбиелік әлеуетін арттырудың тиімді жолдарының бірі болып табылады. Ұлттық мазмұндағы тапсырмаларды математика сабақтарында қолдану оқушылардың білімді өмірмен байланыстыра меңгеруіне, логикалық ойлауын дамытуға және функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Зерттеу барысында ұлттық контексте құрылған есептерді қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың мәдени-танымдық көзқарасын кеңейтетіні анықталды. Сонымен қатар, мұндай тапсырмалар білім алушылардың өз бетінше ойлау, талдау және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Ыбырай Алтынсарин негіздеген «білім мен тәрбиенің бірлігі» қағидасы қазіргі білім беру жүйесінде өзектілігін сақтап отыр. Ұлттық мазмұнды пәндік оқытуға жүйелі түрде енгізу оқыту үдерісін тиімді ұйымдастырудың және тұлғаны жан-жақты дамытудың маңызды шарты болып табылады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалар. – Алматы: Ғылым, 1988. – 256 б.
- Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері. – Алматы: Рауан, 1996. – 192 б.
- Қожахметова К. Ұлттық тәрбие теориясы. – Алматы: Мектеп, 2004. – 214 б.
- Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі. Ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар. – Астана, 2024. – 156 б.