Шетел тілін оқытуда оқушылардың өзін-өзі бағалау жүйесін дамыту және тілдік қателіктердің рөлі

Сағындық Зере Жанатқызы
«Академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ»
КеАҚ шетел тілдері факультетінің 3-курс студенті


Аннотация

Мақалада шетел тілін меңгеруде оқушылардың өзін-өзі бағалау жүйесі мен тілдік қателіктерге конструктивті көзқарас қалыптастыру мәселелері қарастырылады. Өзін-өзі бағалаудың мотивациялық рөлі мен тіл үйрену барысында жіберілетін қателіктерді қабылдаудың коммуникативтік белсенділікке әсері талданады. Педагогикалық әдістердің тиімділігі бағаланып, тілдік құзыреттілікті жетілдіруге арналған практикалық ұсыныстар ұсынылады. Зерттеу шетел тілін оқыту әдістемесін жетілдіруге және білім алушының өзін-өзі дамытуына ықпал етеді.

Түйін сөздер: өзін-өзі бағалау, тілдік қателіктер, шетел тілі, коммуникативтік белсенділік, тіл үйрену, оқыту үдерісі, рефлексия, оқу мотивациясы.

Кіріспе

Халықаралық интеграцияның жедел дамуы білім беру жүйесіне тілдік даярлықты жаңа қырынан қарастыруды талап етеді. Қазіргі жаһандану жағдайында қоғамның әлеуметтік құрылымы, мәдени коммуникациясы және білім беру кеңістігінің қарқыны үнемі өзгерісте. Шетел тілін меңгеру білім беру бағдарламасының тек бір бөлігін құраумен ғана шектелмей, тұлғаның өзін-өзі тануы мен өз ойын еркін жеткізуіне, сондай-ақ жаңа әлеуметтік және мәдени ортада сенімді әрі нәтижелі әрекет етуіне бағытталған маңызды педагогикалық құрал ретінде қарастырылады. Сондықтан мектеп қабырғасындағы шетел тілін оқыту үдерісі оқушылардың тек теориялық білімін арттыруға ғана емес, олардың жан-жақты тұлғалық дамуына, өзіндік қабілеттерін жетілдіруіне және мәдениаралық коммуникация ортасында еркін әрекет ете алатын тұлға болып қалыптасуына бағытталады. Шетел тілін оқытудың мақсаты – тілдік білім берудің мазмұны мен әдістерін анықтайтын негізгі педагогикалық бағдар. Психологияда мақсат іс-әрекеттің саналы түрде күтілетін нәтижесі деп түсіндірілсе, шетел тілін оқытуда ол – тіл мен мәдениетті меңгеруіне бағытталған, алдын ала жоспарланған нәтижесі.

Бұл мақсат қоғамның әлеуметтік сұранысымен, жаһандану жағдайында туындайтын коммуникативтік қажеттіліктермен және білім беру жүйесінің жалпы бағыттарымен айқындалады. Сонымен қатар, лингводидактикалық және әдістемелік талаптар оның мазмұнын нақтылайды. Аталған факторлардың өзара байланысы шетел тілін оқытудың кешенді және көпқырлы мақсатын анықтайды . Осы тұрғыдан алғанда, оқушының өзін-өзі бағалауы мен рефлексиясын дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет, өйткені олар тілдік қабілеттердің дамуы мен оқу мотивациясының негізгі тірегі болып табылады.

Негізгі бөлім

  1. Өзін-өзі бағалау мен рефлексияның оқу үдерісіндегі рөлі

Өзін-өзі бағалау – білім алушының өзінің оқу қызметіндегі қабілеттері, деңгейі және жетістіктерін саналы түрде талдау және субъективті интерпретациялау кезеңі. Психологиялық зерттеулерге сүйенсек, өзін-өзі бағалау тұлғаның мотивациялық құрылымының өзегін құрайды, өйткені дұрыс дамыған өзін-өзі бағалау белсенділік пен табандылықты арттырып, қиындықтарды жеңуге ынталандырады. Шетел тілін оқыту барысында оқушы жиі жаңа тілдік материалды игеруде қиындықтарға тап болады. Мысалы, ол қателесуі, сөйлеуде өз ойын жеткізе алмауы немесе тілдік тосқауылдарға ұшырауы мүмкін.  Мұндай жағдайда педагогтың рөлі айрықша мәнге ие, ол оқушының әрбір қадамын қолдап, сәтсіздіктерді кемшілік ретінде емес, өсу мен кәсіби даму мүмкіндігі ретінде қабылдауға бағыттауы қажет. Бұл тәсіл олардың өзін-өзі бағалау жүйесін нығайтып, тілдік материалды меңгеруге деген сенімін және ынтасын арттыруға ықпал етеді . Осыған байланысты рефлексия мен өзін-өзі бағалау тілдік құзыреттілікті қалыптастырудың ажырамас құрамдас бөліктері ретінде қарастырылады. Рефлексия білім алу әрекетінің нәтижелерін, мазмұнын және қиындықтарын саналы түрде саралауға мүмкіндік беріп, белсенді әрі жауапты қатысуына жағдай жасайды. Ал өзін-өзі бағалау оқу жетістіктерін, тілдік прогресті және жеке дамуды қамти отырып, ішкі мотивацияны күшейтеді. Осы екі функцияның өзара байланысы метапәндік қабілеттердің дамуына негіз болып, оқудағы іс-әрекетті саналы түрде жоспарлап, реттеп және бақылап отыруына мүмкіндік береді .

  1. Тілдік қателіктердің психологиялық әсері және оларды жеңу жолдары

Шетел тілін үйрену барысында көбінде қате сөйлеу феномені психологиялық кедергі ретінде көрініс табады. Көптеген оқушылар қате сөйлеудің олардың тілдік қабілеттерінің жеткіліксіздігі немесе білім деңгейінің төмендігі ретінде бағаланатынын ойлап, сөйлеу кезінде сақтық танытады. Бұл үрей олардың сөйлеу белсенділігін төмендетіп, тілдік қарым-қатынасқа деген сенімділігін жояды. Осындай теріс ұстаным тілдік тәжірибеге белсенді түрде араласуға кедергі жасайды. Нәтижесінде, тіл дағдыларының динамикасы баяулап, тілдік дағдыларының дамуына кері әсер етеді. Осы орайда, педагогикалық ықпал қателіктерді тіл меңгерудің табиғи және қажетті кезеңі ретінде түсіндіруге бағытталуы қажет .

Осы мақсатта Қарағанды облысы, Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушылары арасында жүргізілген зерттеу өзекті мәліметтер ұсынады. Зерттеу қорытындылары бойынша, сауалнамаға қатысқан 43 оқушының 58,1%-ы сөйлеу қабілетін жақсартуда қиындықтарды мойындады. Дегенмен, осы сыныпта көбі тілдік қателіктерді тіл үйренудің қалыпты әрі дамуды қамтамасыз ететін құралы ретінде қабылдайтыны анықталды. Бұл көрсеткіш олардың тілдік дағдыларын жетілдіру барысында өзін-өзі бағалауының өсу үстінде екенін және қателіктерге конструктивті көзқарастың орнап жатқанын көрсетеді. Мұндай көзқарас әр баланың мотивациясын күшейтіп, тілдік ортаға белсенді араласуына жағымды ықпал етеді. Сондықтан шетел тілін оқыту әдістемесінде бұл табысты тәжірибені қолдап, жәрдемдесу маңызды педагогикалық міндет болып есептеледі. Д. А. Коломыцеваның зерттеулерінде тіл үйрену барысында қателіктердің туындауы қалыпты әрі табиғи құбылыс ретінде сипатталады. Ол қателіктерді жоюға бағытталған педагогикалық шаралардың оқушының сөйлеу белсенділігін төмендетпеуі керек екенін ерекше атап өтеді. Себебі, артық түзету тілдік кедергілердің пайда болуына, сөйлеу қорқынышына әкеліп, коммуникациялық түсіністікті бұзуы ықтимал. Сонымен қатар, автор қателікті білім алу жолындағы даму сатысы ретінде қарастырып, оны жаңа материалды игерудің қажетті құрамдас бөлігі деп есептейді. Шетел тілін оқытуда тілдік қателіктерді дұрыс түсініп, оларды сауатты түзету — құнды педагогикалық міндеттердің бірі болып саналады. Осыған байланысты, Д. А. Коломыцева, Дж. Эдж, С. Г. Меркулова, С. Н. Цейтлин сияқты ғалымдардың зерттеулері тілдік қателіктердің түрлері мен оларды жіктеу, сондай-ақ түзету әдістерін жан-жақты қарастырады. Аталған зерттеулер педагогикалық тәжірибені ғылыми тұрғыдан ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, тілдік дамуды мақсатты түрде қамтамасыз етуге жағдай жасайды. .

  1. Әдістемелік тәсілдерді кешенді қолдану арқылы оқыту сапасын жақсарту

Білім алушылардың тілдік қателіктерге конструктивті көзқарасты тәрбиелеу педагогиканың негізгі құрамдас бөлігі. Бұл жұмысты сапалы ұйымдастыру үшін мұғалімдер жүйелі және ғылыми негізделген әдістерді кешенді түрде қолдануы қажет. Біріншіден, қателіктерді түзету барысында оларға психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған ауызша бағалау әдістерін пайдалану ерекше маңызға ие. «Бағалау – белгі емес» қағидатына сүйене отырып, мұғалім әрекетті сын ретінде емес, оқу жетістігін арттыруға мүмкіндік беретін даму көзі ретінде түсіндіреді. Бұл ретте мадақтау сөздері, интонациялық қолдау, мимика және вербалды емес белгілердің үйлесімді қолданылуы («Керемет жауап!», «Жақсы сұрақ!», «Сіз бүгін өте жақсы жұмыс жасадыңыз!») баланың эмоционалды ахуалына оң әсер етеді және қателікке деген үрейін төмендетеді. Екіншіден, оқушылардың оқу материалын меңгеру деңгейін қадағалап, өз әрекеттеріне рефлексия жасауына мүмкіндік беретін таңбалы жазбаша әдістерді енгізу орынды. Е. А. Фокина ұсынған түсті тректер технологиясы осы бағытта кеңінен қолданылады. Бұл технологияда тапсырмаларды орындау барысында өзінің жағдайын үш түспен белгілейді. Қызыл – «бұл маған қиын, орындау мүмкін емес»; сары – «жартылай түсінбедім, бірақ күмәнім бар»; жасыл – «барлығы түсінікті, орындауға дайынмын». Мұғалім осы ақпарат негізінде нақты оқу қиындықтарын дер кезінде анықтап, жекелендірілген педагогикалық қолдау ұйымдастырады. Үшіншіден, оқу нәтижелерін сатылы түрде бағалауға мүмкіндік беретін диагностикалық бағалау құралдарының, атап айтқанда Г. А. Цукерманның «сәтті баспалдақ» әдісінің қолданылуы айтарлықтай педагогикалық нәтиже береді. Бұл әдіс бойынша оқушы өзін төрт деңгейлік өлшем арқылы бағалайды. Бірінші қадам – жаңа білімді толық түсінбеуі. Екінші, үшінші қадамдар – материалды үйрену барысындағы қателіктер мен сұрақтардың болуы. Төртінші қадам – білімнің толық меңгерілуі және оны өз бетінше қолдана алу. Мұндай сатылы өзін-өзі бағалау метатанымдық дағдыны дамытады және оқу жүрісін саналы бақылауға ықпал етеді. Төртіншіден, білім алу жетістіктерін жүйелі түрде тіркеп, салыстыруға мүмкіндік беретін жетістіктер парағы білім алушылардың өзін-өзі бағалау дағдыларын дамытуда орасан зор рөл атқарады. Н. Г. Лусканованың «біз біргеміз» бағалау парағы орындалған тапсырманы мұғалімнің бағалауымен салыстыруына мүмкіндік береді. Оқушы мен мұғалім бағаларының сәйкес келмеуі рефлексия жүргізуді қажеттеп, бұл өз кезегінде оқу мотивациясын күшейтіп, нәтижені жақсартады .

Тілдік қателіктерді конструктивті көзқараспен қарастыруда мұғалімнің қолдауы мен жағымды кері байланысы оқушылардың психологиялық жайлы жағдайын қамтамасыз етіп, тілдік ортаға белсенді араласуына мүмкіндік туғызады. Аталған әдістемелік тәсілдердің үйлесімді қолданылуы тіл үйренудің жүйелі әрі мақсатты жүзеге асуына ықпал етіп, олардың өзін-өзі бағалау қабілеттерін жетілдіреді.

Қорытынды

Қорытындылай келе, шетел тілін меңгеру барысында оқушылардың тілдік қателіктерге деген конструктивті көзқарасын нығайту – педагогика мен әдістеме саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қателіктерді тіл үйренудің табиғи кезеңі ретінде қабылдау баланың өзін-өзі бағалау дағдыларын жетілдіруге, мотивациялық деңгейін көтеруге және коммуникативтік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл олардың тіл меңгеруге деген жағымды психологиялық қатынасын орнатады. Нәтижесінде, оқу нәтижелері сапалы түрде жақсарып, оқушылардың өздігінен білім алу және өзін-өзі жетілдіру қабілеті нығаяды. Осы бағыттағы зерттеулер мен педагогикалық тәжірибелер әдістемелік жаңалықтар енгізіп, оқыту үрдісін жетілдіріп, оқу мотивациясын тұрақты түрде қолдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шетел тілін үйренудегі қиындықтарды жеңуге және тілдік құзыреттілікті сапалы құруға септігін тигізеді.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Гальскова Н.Д., Гез Н.И. Теория обучения иностранным языкам. Лингводидактика и методика. Учебное пособие. – 3-е изд., испр. — 2006 г.
  2. ⁠Саранина И.И. Роль самооценки учащихся в обучении иностранному языку. – 2011
  3. Керничная И.Г. Рефлексия и самооценка учащихся на уроках иностранного языка: методические приёмы и инструменты. – 2025
  4. ⁠Швецова О.А. Ошибки и их роль при изучении иностранного языка. – 2023
  5. ⁠Коломыцева Д.А. Стратегии и способы коррекции ошибок при обучении говорению на средней ступени изучения иностранного языка в общеобразовательной школе. – 2021
  6. ⁠Мучинская М.Н. Самоконтроль и самооценка в обучении учащихся английскому языку. – 2021

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх