Балабақша сапасын бағалайтын-ECERS-3 шкаласы

Адильханова Гульсим Мусабековна
Тәрбиеші
«Spectrum kindergarten» ЖШС
Астана қаласы


ECERS (Early Childhood Environment Rating Scale) – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын кешенді бағалауға арналған халықаралық шкала. Аталған жүйе әлемнің көптеген елдерінде балабақша ортасының дамытушылық деңгейін, тәрбиелеу мен оқыту сапасын анықтау мақсатында қолданылады. ECERS-баланың қауіпсіз, қолайлы және жан-жақты дамуына бағытталған орта қалыптастырудың маңызды құралы болып саналады.

ECERS жүйесінің басты мақсаты – балабақшадағы білім беру ортасының сапасын халықаралық стандарттар негізінде әділ бағалау. Бұл құрал арқылы тәрбие-білім процесінің ұйымдастырылуы, тәрбиешінің кәсіби іс-әрекеті, балалардың дамуына жасалған жағдайлар жан-жақты сарапталады. ECERS бағалауы тек оқыту мазмұнын ғана емес, сонымен қатар баланың психологиялық, әлеуметтік және физикалық дамуына әсер ететін барлық факторларды қамтиды.

ECERS-3 мектепке дейiнгi бiлiм беру сапасын бағалау шкаласы — бұл 35 кiшi шкала топтастырылған 6 индикаторды бағалайтын Ликер шкаласы бар бақылау парақтары: заттық-кеңiстiктiк орта, балаларды қарау және күтiм жасау, сөйлеу және сауаттылық, белсендi iс-әрекет түрлерi, өзара қарым-қатынас, бағдарламаны құрылымдау. Шкаланың 35 көрсеткiшiнде 468 индикатор бар.

ECERS шкаласы 6 кіші шкаланы қамтиды:

  1. Кеңістік пен жиһаздың ұйымдастырылуы,

— Бөлме ішіндегі кеңістік

— Күтім жасау, ойнау және білім алуға арналған жиһаз

— Бөлменің ойнау және білім алуға жайластырылуы

— Оқшаулануға арналған кеңістік

— Балаларға арналған көрнекі материалдар

— Ірі моторика ойындарына арналған кеңістік

— Ірі моториканы дамытатын жабдықтар

  1. Күтім мен гигиена,

— Тамақтану

—  Дәретхананы қолдану/жөргек ауыстыру

—  Денсаулық сақтау шаралары

—  Қауіпсіздік сақтау шаралары

  1. Сөйлеу және ойлау қабілетін дамыту,

— Балаларға сөз қорын байытуға көмектесу

— Балаларды сөйлеуге ынталандыру

— Қызметкерлердің балалармен бірге кітап қолдануы

— Балаларды кітап қолдануға ынталандыру

— Қаріптермен танысу

  1. Түрлі іс-әрекет түрлері (ойын, сурет салу, құрастыру, музыка, қозғалыс),

— Ұсақ моторика

—  Өнермен айналысу

—  Музыка және қозғалыс

— Текшелер

— Рөлдік-сюжеттік ойындар

—  Табиғат/Ғылым

— Математикалық материалдар мен белсенділіктер

—  Күнделікті өмірдегі математика

—  Сан таңбаларын түсіндіру

—  Әртүрлілікті қабылдауға ынталандыру

—  Техникалық құралдарды дұрыс қолдану

  1. Өзара әрекеттестік (тәрбиеші мен бала, бала мен бала қарым-қатынасы),

— Ірі моториканы дамыту кезіндегі қадағалау

— Дербестендірілген оқыту және білім алу

— Қызметкерлер мен балалардың өзара қарым-қатынасы

—  Балалардың құрдастарымен өзара қарым-қатынасы

— Тәртіп

  1. Бағдарлама құрылымы,

—  Әрекеттер арасындағы ауысу және күту уақыты

—  Еркін ойын

—  Ойнау және білім алуға бағытталған бүкіл топтық белсенділіктер

Ата-ана және қызметкерлермен жұмыс.

Әрбір бағыт бірнеше нақты көрсеткіштер арқылы бағаланады.

ECERS-тің басты артықшылығы – оның жан-жақтылығы мен объективтілігінде. Бағалау сырттай бақылау арқылы жүргізіледі, яғни тек құжатқа емес, нақты оқу-тәрбие процесіне сүйеніп бағаланады. Сонымен қатар бұл жүйе тәрбиешілердің кәсіби өсуіне, әдістемелік жұмыстың жетілдірілуіне үлкен ықпал етеді.

Қазақстанда да мектепке дейінгі ұйымдардың сапасын арттыру мақсатында енгізіліп, кеңінен қолданылып келеді. Бұл балабақшалар арасында сапалы бәсекелестік қалыптастыруға, халықаралық тәжірибені тиімді пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар, ата-аналар үшін де ECERS нәтижелері балабақша таңдауда маңызды көрсеткіштің бірі болып табылады.

Біздің балабақшаның әр тобы ECERS шкаласы бойынша жұмысын атқаруда.

Менің тобым осы жүйеге байланысты жоғарыда айтылған 7 аймаққа бөлінген.

Ұйымдастырылған іс-әрекетке дайындық таңғы жиыннан басталады.

Шеңберге отырып балалардың қатысу санын фотосуреттері арқылы анықтап топ ережелерін еске түсіріп қайталап өтемін. Әрқашан сыпайы және мейірімді болуды бойларына сіңіртемін. Судың пайдасы туралы айтып жиі су ішіп тұруларын ескертіп отырамын. Кітап оқу – баланың тіл байлығын, ойлау қабілетін, қиялын дамытудағы маңызды құрал.

Күннің тақырыбымен таныстырылып, кітап оқылып логопедиялық, ритмикалық жаттығулар жасалады. Тақырыпқа байланысты суреттер ілулі тұрады. Таңғы жиынды аяқтап балалар аймақтарға бөлінеді. Және аймақтар тақырыпқа сай материалдармен қамтылады. Әр аймақта қанша бала ойнайтыны шектеулі сандармен көрсетілген. Балалар фотосуреттерін қалаған аймаққа іліп ойындарын іске асырады. Аймақтан аймаққа ауысар кезінде әр затты орындарына орналастырып келесі аймаққа фотосуретін ала кетеді. Ойын барысында балаға кедергі жасамай сұрақ қою арқылы мақсатына жетуін бақылаймын. Балалардың дәретханаға баруы қатаң қадағаланады. Әр баланың соңынан міндетті түрде гигиеналық тазалық (антисептик) арқылы жүзеге асырылады. Осылайша келесі балаға тазалық орнатамыз.

Асханаға барарда үстелге тамақ қоймас бұрын, үш кезеңнен тұратын тазалық шарасын орындаймыз.

(1-сабынды сумен сүрту, 2- таза сумен сүрту, 3-залалсыздандыру).

Сапқа тұрып асханаға иә серуенге барар кезде балалардың сөйлеуін және есте сақтау қабілетін дамыту аясында өлең шумақтарын жаттаймыз.

Серуен кезінде балалардың 7 дағдысы қалыптастырылады.

  1. Жүгіру
  2. Секіру
  3. Өрмелеу
  4. Тепе-теңдікті сақтау
  5. Лақтыру, қағып алу
  6. Домалау, айналу
  7. Еңкею, созылу

Қорытындылай келе, Бағалау 1-ден 7-ге дейінгі балдық жүйе бойынша жүргізіледі.

1-деңгей – қанағаттанғысыз сапа. Минималды сапа деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді салу қажет. Бұл материалдық-техникалық базаға, қауіпсіздікке, кеңістікті дұрыс ұйымдастыруға, сондай-ақ балалармен және балаларға деген қарым-қатынасқа қатысты.

3-деңгей – минимал сапа. 25 минут бойы материалдардың қолжетімділігін (соның ішінде еркін ойынды), материалдар мен әрекеттер түрлерінің әртүрлілігін қамтиды. Сондай-ақ, тәрбиешілермен жағымсыз қарым-қатынастың болмауын және балалардың даму деңгейіне сәйкес әдістерді қолдануды көздейді.

5-деңгей – жақсы сапа. Кемінде 1 сағат бойы еркін ойынды, қызығушылық орталықтарына жақсы ұйымдастырылған және жоспарланған көптеген әртүрлі материалдарды қамтиды. Балалар үшін мағыналы және қызықты әрекеттермен бірге тәрбиешілермен жылы әрі қолдаушы қарым-қатынасты көздейді.

7-деңгей – өте жақсы сапа. Тәрбиешілердің жоғары кәсібилігі, материалдармен, орта мен балалармен тиімді жұмыс істей білуі. Балалардың дағдылары мен мүмкіндіктерін дамыту ойын оқиғаларын ұйымдастыру, байытылған орта құру және жеке қарқынмен даму мен оқу мүмкіндіктерін ұсыну арқылы жүзеге асырылады.

Бұл жүйе арқылы балабақша жұмысының күшті және әлсіз тұстарын нақты анықтауға мүмкіндік туады.

ECERS – мектепке дейінгі тәрбиенің сапасын арттыруға бағытталған сенімді әрі тиімді құрал. Ол баланың қауіпсіздігін, дамуын, қызығушылығын және жеке ерекшелігін ескеретін қолайлы орта қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан ECERS жүйесі қазіргі заманғы мектепке дейінгі білім берудің ажырамас бөлігі болып саналады.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх