Аманбай Ботагөз
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Дүйсенбай Жамиля Ахмет-Алиқызы
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
( Алматы қ, Қазақстан )
Кіріспе.
Қазіргі жаһандану кезеңінде білім беру жүйесіне қойылатын талаптар айтарлықтай өзгерді. Бүгінгі күні мектеп тек білім беретін мекеме ғана емес, сонымен қатар баланың тұлғалық, эмоционалдық және шығармашылық дамуын қамтамасыз ететін орта болып табылады. Осыған байланысты баланың шығармашылық қабілетін ерте жастан қалыптастыру мәселесі педагогика мен психология ғылымдарының негізгі бағыттарының біріне айналды.
XXI ғасыр адамы стандартты ойлайтын емес, керісінше шығармашылық тұрғыдан шешім қабылдай алатын, жаңа идея ұсынуға қабілетті, икемді тұлға болуы тиіс. Бұл қасиеттердің барлығы баланың бойында бірден пайда болмайды, олар жүйелі тәрбие мен арнайы ұйымдастырылған оқу-тәрбие үдерісі арқылы қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, 6–10 жас аралығы – баланың шығармашылық әлеуетін дамытудың ең қолайлы кезеңдерінің бірі.
Бастауыш мектеп жасындағы бала үшін қиял, бейнелі ойлау және эмоциялық қабылдау аса маңызды рөл атқарады. Бұл кезеңде бала дүниені логикалық схемалар арқылы емес, елестету, ойын және образ арқылы таниды. Сондықтан шығармашылықты дамытуға бағытталған әдістер дәл осы жас ерекшелігіне сәйкестендірілуі қажет. Егер баланың шығармашылық қабілеттері бұл кезеңде қолдау таппаса, оның ойлау белсенділігі төмендеп, бастамашылдық қасиеті әлсіреуі мүмкін.
Көп жағдайда ата-аналар баланың шығармашылық дамуын сыртқы әрекеттермен ғана байланыстырады. Түрлі үйірмелер мен курстарға қатыстыру арқылы баланың қабілеті автоматты түрде дамиды деген жаңсақ түсінік кең таралған. Алайда ғылыми зерттеулер мен педагогикалық тәжірибе көрсеткендей, шығармашылық тек дайын әрекетті орындау арқылы емес, баланың ішкі қызығушылығы, еркін ойлау кеңістігі мен эмоционалды қауіпсіз орта арқылы қалыптасады [1, 17–19].
Шығармашылық қабілет – бұл тек сурет салу немесе өлең жазумен шектелетін ұғым емес. Ол кез келген оқу әрекетінде, мәселе шешуде, қарым-қатынаста, ойын барысында көрініс табады. Сондықтан бастауыш мектеп жасындағы балалардың шығармашылық дамуын қамтамасыз ету үшін оқу мен мәдени-тынығу іс-әрекеттерін біртұтас жүйе ретінде қарастыру қажет.
Осы мақаланың мақсаты – 6–10 жас аралығындағы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың теориялық негіздерін жүйелеу және оларды практикалық тұрғыда қолданудың тиімді жолдарын көрсету.
Зерттеудің ғылыми негізі
Зерттеу барысында педагогика, психология және мәдениеттану саласындағы классикалық еңбектер басшылыққа алынады. Әсіресе, Л.С. Выготскийдің «Воображение и творчество в детском возрасте», Д.Б. Элькониннің «Психология игры», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші» және Сағындық Әбенбаевтың «Тәрбие теориясы мен әдістемесі» атты еңбектері негізгі теориялық тірек болып табылады. Бұл еңбектердің барлығы баланың шығармашылық дамуының табиғи жолдарын, педагогикалық ықпал мен мәдени әсердің бірлігін көрсетеді. ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДІҢ МӘНІ 6–10 жас – бастауыш мектеп кезеңі, бұл уақытта балада жүйелі ойлау, жоспарлау және өзіндік бағалау қалыптаса бастайды. Осы кезеңде шығармашылық қабілеттерді дамыту үшін педагогикалық әдістердің тиімді үйлесімі қажет. Шығармашылық тек қиялмен шектелмейді, ол — баланың эмоциялық қабылдауы, танымдық белсенділігі және өзіндік көзқарасының үйлесімі. Сондықтан бұл жаста қолданылатын әдіс-тәсілдер баланың белсенділігін, қызығушылығын және өзін-өзі көрсетуін қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Шығармашылықты дамытудың негізгі тәсілдеріне:


Жалпы сауалнама нәтижелері бойынша, жастар мен студенттердің көпшілігі 6–10 жас аралығындағы балалардың шығармашылық қабілетін дамытуда ең тиімді тәсілдер ретінде ойын технологияларын және қиялды дамыту жаттығуларын атап өтті. Берілген жауаптардың шамамен 65 пайызы ойын арқылы үйренудің балаларға тез әрі жеңіл әсер ететінін көрсетсе, 55 пайызы қиялды дамытуға арналған жаттығулардың бала психологиясына жақсы әсер ететінін қолдады.
Респонденттердің 48 пайызы балалардың шығармашылығын кеңейтуде көркемдік-эстетикалық тапсырмалардың, ал 42 пайызы театрландырылған іс-әрекеттердің маңызын атап өтті. Бұл жасөспірімдер мен студенттердің балалардың сахналық, вербалды және эмоциялық дамуын жоғары бағалайтынын білдіреді.
Ертегі терапиясы мен бейнелеу-әңгімелеу әдістері де назардан тыс қалмады. Сауалнамаға қатысқандардың 38 пайызы ертегі терапиясының бала ішкі әлемін жұмсақ түрде ашатынын көрсетсе, 46 пайызы әңгімелеу мен сурет салудың шығармашылық ойлауды тереңдететінін атап өтті.
Жалпы нәтижелерге қарағанда, жастар шығармашылықты дамытудың барлық тәсілдері маңызды деп есептейді, бірақ олардың ішінде ең қолжетімдісі, әрі ең әсерлісі ойын, қиял, және көркемдік тапсырмалар екені айқын көрінді.
Сауалнама нәтижелері балалар шығармашылығын дамытудың негізгі әдістері бір-бірін толықтыратын көпқырлы процесс екенін көрсетті. Ойын технологиялары мен қиялды дамыту жаттығулары балалардың қызығушылығын оятып, оқу процесін табиғи және жеңіл етеді. Көркемдік-эстетикалық тапсырмалар мен театрландырылған іс-әрекеттер олардың эмоционалды, мәдени және коммуникативтік тәжірибесін кеңейтеді. Ал ертегі терапиясы мен бейнелеу-әңгімелеу әдістері баланың ішкі әлемін аша отырып, өзін еркін білдіруге мүмкіндік береді.Шығармашылыққа бағытталған әдістерді кешенді қолдану 6–10 жас аралығындағы балалардың мәдени-тынығу процесін тереңдетіп, тұлғалық дамуына ықпал етеді
6–10 жас аралығындағы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселесін түсіну үшін ең алдымен классикалық педагог-психологтардың еңбектерін теориялық тұрғыдан талдап, оларды қазіргі мектеп тәжірибесіне қалай интеграциялауға болатынын айқындау қажет. Ғалымдар шығармашылықты әр қырынан қарастырғанымен, барлығын біріктіретін ортақ ой – балаға еркін әрекет ететін, өз ойын қауіпсіз жеткізе алатын кеңістік керек, ал мұғалімнің міндеті сол кеңістікті саналы түрде ұйымдастыру. Сондықтан төменде қарастырылатын еңбектер тек теория ретінде ғана емес, нақты сабақ, сыныптан тыс жұмыс, мәдени-тынығу іс-шараларын жобалауда қолданылатын практикалық бағдар ретінде қарастырылады.
Л.С. Выготский баланың шығармашылығын түсіндіруде ойынды орталық құбылыс ретінде қарастырады. Ол ойынды баланың өмірлік тәжірибесін шығармашылық тұрғыдан қайта құру формасы деп сипаттап, бала ойын кезінде шынайы өмірде іске асыра алмайтын тілектерін “орындалғандай” етіп сезінетінін айтады. Сондай-ақ ғалым ойын барысында бала көрген-білгенін жай қайталамай, жаңа жағдайлар ойлап тауып, әртүрлі рөлдерді бейімдеп, қиялын дамытатынын көрсетеді [1, 17–21 б.]. Осы идеяларды қысқаша түйіндесек, біріншіден, ойын – баланың ішкі тілегі мен қиялын шығармашылық түрде жүзеге асыратын кеңістік; екіншіден, ойын – тәжірибені жаңа формада қайта жасап, ойлау мен елестетуді дамытатын әрекет.
Бұл тұжырымдарды практикада қолдану үшін ойын элементтерін оқу үдерісіне мақсатты түрде енгізу қажет. Мысалы, 6–10 жастағы балаларға арналған әдебиеттік оқу сабағында ертегіні жай ғана оқып талқылаудың орнына, оны рольдік ойынға немесе шағын қойылымға айналдыруға болады: оқушылар кейіпкерлерді бөлісіп алып, оқиғаны сахналап, диалогтарды өздері құрастырады. Мұнда бала мәтінді тек есте сақтамай, оны өз тәжірибесі арқылы қайта жасайды, кейіпкердің мінезін өз қиялына сай өзгертіп, оқиғаның басқа нұсқасын ұсынуы мүмкін. Дүниетану немесе жаратылыстану сабақтарында да ойындық ситуациялар құру тиімді: мысалы, “зертханашы”, “журналист”, “эколог” рөлдерін беріп, балаларға сұхбат құрастыру, тәжірибе нәтижесін көрнекі тілмен түсіндіру тапсырмаларын ұсынуға болады. Осылайша Выготский сипаттаған “тәжірибені шығармашылық қайта өңдеу” оқу мазмұнымен тікелей байланысады, ал бала сабақ үстінде де өзін еркін ойын кеңістігінде сезінеді.
Сонымен қатар, Выготский шығармашылық элементтерді оқу үдерісіне қосуды баланың танымдық белсенділігін арттырудың негізгі жолы деп қарастырады: оқушы тек дайын білімді қабылдаушы емес, оны қайта құрастырушы, түрлендіруші субъект болуы тиіс. Бұл ойды бүгінгі бастауыш мектеп тәжірибесінде интеграциялау үшін әр пәнде ашық типтегі тапсырмалар – бірнеше дұрыс шешімі бар, оқушының жеке көзқарасын талап ететін жұмыстар қолданылуы керек. Мысалы, математикада стандартты есептен кейін “өзің осындай есеп ойлап тап”, “басқа сюжет ойлап тап” деген тапсырма беру; ана тілі сабағында дайын сұрақтарға жауап жазумен шектелмей, “кейіпкерге хат жаз”, “оқиғаның басқа финалын ұсын” деген шығармашылық жұмыс ұсыну – Выготскийдің идеяларын тікелей практикаға енгізудің нақты жолдары.
Балалар ойынын терең зерттеген тағы бір ғалым – Д.Б. Эльконин. Ол ойынды баланың шындықты игерудің негізгі формасы және әлеуметтік рөлдерді меңгерудің құралы деп бағалайды. Эльконин ойын барысында бала ересектер әлеміндегі қатынастарды өз тәжірибесіне “салып көреді”, яғни өзін дәрігер, мұғалім, сатушы, жүргізуші ретінде елестетіп, сол рөлге тән мінез-құлық үлгілерін орындауға тырысады; осылайша ойын оның әлеуметтік дамуының бастауына айналады [2, 118–122 б.]. Сонымен бірге ол мектеп жасына жақындаған сайын ойынның мағынасы да өзгере түсетінін атап өтеді: ойын енді тек көңіл көтеру емес, баланың танымдық белсенділігін, қиялын, ерік-жігерін дамытатын күрделі әрекетке айналады.
Эльконин көзқарасын практикада жүзеге асыру үшін тәрбиелік және мәдени-тынығу бағдарламаларында рөлдік ойындарды жүйелі қолдану маңызды. Мысалы, сынып сағатында “сыныптық кеңес”, “шағын парламент”, “қала мәслихаты” үлгісінде ойын ұйымдастыруға болады: балалар төраға, хатшы, баяндамашы, бақылаушы рөлдерін алып, нақты мәселені талқылайды, ұсыныс айтады, дауыс береді. Бұл жерде олар бір жағынан әлеуметтік рөлдерді меңгереді, екінші жағынан, өз пікірін дәлелдеп айту, тыңдай білу, келісе білу дағдыларын дамытады. Мәдени-тынығу саласында да Эльконин теориясын негізге алып, театр үйірмесін, “көлеңке театры”, қуыршақ театры сияқты формаларды жиі қолдануға болады. Балалар сценарий жазуға, декорация дайындауға, рөл бөлуге қатысқанда, ойын шынайы шығармашылық лабораториясына айналады: олар сөздік қорын, қимыл мәдениетін, эмоциялық экспрессиясын дамытады, өзіне сенімді бола түседі.
Шығармашылық қабілеттерді дамыту мәселесіне арнайы тоқталған Ю.З. Гильбух бұл процесті ең алдымен қиялды, елестетуді және ой ұшқырлығын белсендіру үдерісі ретінде түсіндіреді. Ол баланың “өз ойын бейнелеу, суреттеу, қимылмен көрсету арқылы ішкі дүниесін ашып, қиялын нақты әрекетке айналдыратынын” ерекше атап өтеді [3, 42–47 б.]. Қысқаша айтқанда, Гильбух үшін шығармашылық – баланың ішкі әлемі мен сыртқы әрекетінің байланысқан жері: бала сезінгенін, ойлағанын сурет, қимыл, сөз, музыка арқылы сыртқа шығарады, ал осы процесті дұрыс ұйымдастыру – мұғалімнің кәсіби міндеті.
Гильбух көзқарасын интеграциялау үшін бастауыш сыныптағы жұмысқа көп-modalды тапсырмалар енгізу қажет: бір тапсырмада сурет салу, әңгіме жазу және қимыл арқылы көрсету қатар берілсе, бала түрлі арналар арқылы өз қиялын іске қосады. Мысалы, “сиқырлы ағаш”, “қиялдағы қала”, “болашақ мектеп” тақырыптарында алдымен сурет салдырып, кейін сол сурет бойынша шағын әңгіме құрастыруды ұсынуға болады; соңында балалар өз кейіпкерлерінің қимылын сахналық миниатюра түрінде көрсетеді. Мұндай интеграцияланған тапсырмалар балалардың тілін, ойлауын, қиялын және эмоциялық интеллектісін бір уақытта дамытады. Бұдан бөлек, Гильбух “мұғалімнің міндеті – дайын білімді беріп қою емес, шығармашылық әрекетке жетелейтін жағдай жасау” деп көрсетеді; сондықтан практикалық деңгейде мұғалімнің сабақты ұйымдастыру стилі де өзгеруі тиіс: ол “қалай дұрыс істеу керек” деп көрсетуге ғана емес, “қалай әртүрлі істеуге болады?” деген сұраққа балалармен бірге жауап іздеуді үйренуі керек.
Қазақ ағартушылары еңбектерінде шығармашылық идеясының ұлттық-педагогикалық мазмұны айқын көрінеді. Мағжан Жұмабаев “баланың жүрегін ұстай білмеген ұстаз – тәрбие ісінде табысқа жете алмайды” дей отырып, шығармашылық дамудың негізін эмоциялық байланыстан көреді: бала өзін түсінетін, қолдайтын, сенетін мұғалімнің жанында ғана еркін ойлап, ішкі әлемін ашық көрсете алады [4, 25–28 б.]. Сондай-ақ ол “тәрбиеші баланың ішкі жан дүниесін көре білуге, оның сезімін түсінуге тырысуы керек” деп жазады; бұл – қазіргі тілмен айтқанда, эмпатиялық педагогика қағидасы.
Мағжанның бұл пікірлерін практикада интеграциялау үшін мұғалім мен тәрбиеші ең алдымен сыныптағы психологиялық климатқа назар аударуы қажет. Шығармашылық тапсырма бергенде, “қате жауап” ұғымын жұмсартып, кез келген ерекше ойды құнды идея ретінде қабылдау, балаларды бір-бірінің жұмысына құрметпен қарауға үйрету өте маңызды. Мысалы, сурет сабағында барлық балаға “ағашты бірдей салдырудың” орнына, “саған ерекше көрінетін ағашты сал” деп, әртүрлі нәтиже шыққанда, ешкімді стандартқа сай келмегені үшін сынамау керек. Ана тілі немесе дүниетану сабақтарында пікірталас, эссе, еркін әңгіме кезінде оқушылардың ойын бөліп тастамай, соңына дейін тыңдау, олардың айтқанына сүйеніп сұрақ қою – Мағжан айтқан “жүрекке жол табудың” нақты педагогикалық көрінісі.
Жұмабаев шығармашылықты баланың табиғи қасиеті ретінде бағалай отырып, ұстаздың ең басты міндеттерінің бірі – осы табиғи дарынды уақытында байқап, оны дамытуға жағдай жасау екенін айтады. Бұл ой да бүгінгі практикада өзекті: мұғалім қолында бақылау парақтары, диагностикалық карталар ғана емес, әр баланың қызығушылығы мен күшті жақтарын белгілеуге арналған “шығармашылық портфолио” болуы пайдалы. Онда бала қандай үйірмеге қатысатыны, қай сабақта ерекше белсенді болатыны, қандай жанрда жақсы жаза немесе сурет сала алатыны, қандай рөлді сүйіп орындайтыны жөнінде қысқаша жазбалар жинақталады. Осындай жүйелі бақылау арқылы мұғалім жеке бағдарламалар құрып, кейбір балаларға күрделірек, зерттеу элементі бар шығармашылық тапсырмалар, ал кейбіреулеріне қолдаушы, сенім қалыптастыратын жеңіл тапсырмалар бере алады.
Ж. Аймауытов еңбектерінде баланың шығармашылық дамуы үздіксіз жүретін тұлғалық процесс ретінде қарастырылады. Ол баланы тәрбиелеу бір күнмен немесе белгілі бір кезеңмен шектелмейтінін, керісінше өмір бойы жалғасатын жүйелі іс екенін атап өтеді. Сонымен қатар Аймауытов тәрбиенің негізі ретінде баланың табиғатын, мінезін және қабілетін терең тануды алдыңғы орынға қояды [5, 14–29 б.]. Бұл идеяларды қысқаша түйіндегенде: біріншіден, шығармашылық бір сәттік нәтиже емес, ұзақ мерзімді даму жемісі; екіншіден, әр баланың дара табиғатын ескермей ұйымдастырылған жұмыс тиімді болмайды.
Практикада бұл қағиданы жүзеге асыру үшін мұғалім шығармашылық тапсырмаларды барлық балаға бірдей үлгіде емес, деңгейлеп және баланың қызығушылығына сай ұсынуы қажет. Мысалы, бір оқушы сурет салуға бейім болса, оған визуалды жобалар ұсыну, ал екіншісі сөйлеу немесе сахналық әрекетке икемді болса, шағын қойылымдар мен әңгімелеу тапсырмаларын беру – Аймауытовтың бала табиғатын тану идеясын нақты іске асырады.
Н.К. Крупская тәрбиелік жұмыстың білім беру үдерісімен тығыз байланыста ұйымдастырылғанда ғана нәтижелі болатынын көрсетеді. Ол баланың қоғамдық өмірге белсенді араласуын тұлғалық дамудың маңызды көрсеткіші деп санайды. Өнер мен ұжымдық мәдени іс-шаралардың тәрбиедегі рөлін ерекше атап өтеді [6, 57–91 б.]. Бұл ойлардан шығатын негізгі тұжырым – шығармашылық пен әлеуметтену бір-бірінен ажырамайды.
Бұл қағиданы практикада қолдану үшін сыныптан тыс мәдени-тынығу іс-шараларын (мерекелік қойылымдар, көрмелер, концерттер) барлық баланы қамтитын ұжымдық формада ұйымдастыру тиімді. Мұндай ортада бала өз қабілетін көрсетіп қана қоймай, топ ішінде әрекет етуді, жауапкершілікті сезінуді, өзгені қабылдауды үйренеді.
Әбенбаев С. шығармашылық әрекетті тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруының жоғары формасы ретінде қарастырып, тәрбиеде эмоциялық тәжірибеге ерекше мән беру қажеттігін көрсетеді [7, 17–89 б.]. Оның пікірінше, мәдени іс-шаралар баланың рухани дамуы мен қоғамдық белсенділігін бір мезетте арттырады.
Практикалық тұрғыдан бұл көзқарас мәдени-тынығу жұмыстарын тек көркем нәтиже үшін емес, эмоциялық қолдау құралы ретінде қолдануды талап етеді. Мысалы, арт-терапия, музыка терапиясы, еркін сурет салу сабақтары баланың ішкі күйін тұрақтандырып, шығармашылыққа деген сенімін арттырады.
К.Д. Ушинский тәрбиені адамның табиғи және рухани күштерін дамытуға бағытталған мақсатты процесс деп сипаттайды. Ол өнер мен еңбектің баланың қиялын дамытудағы ерекше рөлін атап өтеді, сондай-ақ педагогтың махаббаты мен шыдамдылығын тәрбиенің табысты факторы ретінде көрсетеді [8, 23–95 б.].
Бұл идеяларды мектеп тәжірибесіне енгізу үшін педагогтың шығармашылық әрекетті бақылаушы емес, қолдаушы ретінде қатысуы маңызды. Мұғалім баламен бірге ізденіп, бірге ойлап, бірге қателесу арқылы оның шығармашылық белсенділігін арттыра алады.
П.П. Блонский шығармашылық әрекетті баланың ойлау жүйесін дамытудың ең табиғи жолы деп бағалайды және эмоциялық дамуды психологиялық жетілудің негізі ретінде қарастырады [9, 33–88 б.]. Оның ойынша, баланың қызығушылығын қолдау – шығармашылық дамудың басты алғышарты.
Сабақ барысында бұл қағиданы жүзеге асыру үшін баланың қызығушылығын оятатын проблемалық сұрақтар, зерттеушілік тапсырмалар мен жобалық жұмыстар қолдану тиімді. Мұндай тапсырмалар баланы белсенді ойлауға және өз шешімін ұсынуға жетелейді.
Н.Ә. Назарбаев еңбектерінде шығармашылық ойлау ұлттың рухани жаңғыруымен тығыз байланыста қарастырылады. Ол шығармашыл ұрпақ тәрбиелеуді ел дамуының стратегиялық факторы ретінде көрсетеді [10, 5–21 б.].
Бұл көзқарас бастауыш мектептегі шығармашылық тәрбиенің маңызын одан әрі арттырады. Баланың бойындағы бастамашылдық пен қиялды дамыту – болашақта қоғамның белсенді, жауапты мүшесін қалыптастырудың негізі болып табылады.
Жүргізілген теориялық-әдістемелік талдау 6–10 жас аралығындағы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда ойын, қиял және мәдени-тынығу іс-әрекеттерінің шешуші рөл атқаратынын көрсетті. Ғалымдардың еңбектері шығармашылықтың баланың табиғи дамуының ажырамас бөлігі екенін және оны оқу процесімен интеграциялау қажеттігін дәлелдейді. Практикада шығармашылыққа бағытталған тапсырмалар мен еркін әрекет ортасын қалыптастыру баланың эмоционалдық тұрақтылығын, өзіндік ойлауын және әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз етеді. Сондықтан шығармашылықты дамыту бастауыш мектептегі білім беру мазмұнының негізгі құрамдас бөлігі болуы тиіс.
Әдебиеттер тізімі
- Выготский Л.С. Воображение и творчество в детском возрасте. — Москва : Педагогика, 1991. — 96 с. — С. 17–25, 64–70.
- Эльконин Д.Б. Психология игры. — Москва : Педагогика, 1978. — 304 с. — С. 118–122, 136–140.
- Гильбух Ю.З. Как развивать творческие способности у детей. — Киев : Радянська школа, 1985. — 160 с. — С. 42–47, 83–87.
- Жұмабаев М. Педагогика. — Қызылорда : Тұран, 1923. — 112 б. — 25–28, 42–54 бб.
- Аймауытов Ж. Тәрбиеге жетекші. — Орынбор : Қызыл Қазақстан, 1924. — 92 б. — 14–29, 36–41 бб.
- Крупская Н.К. Вопросы воспитания и образования. — Москва : Педагогика, 1955. — 256 с. — С. 57–62, 84–91.
- Әбенбаев С. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. — Алматы : Дарын, 2004. — 240 б. — 17–46, 65–89 бб.
- Ушинский К.Д. Человек как предмет воспитания. — Москва : Просвещение, 1988. — 320 с. — С. 23–47, 69–95.
- Блонский П.П. Психология образования. — Москва : Педагогика, 1979. — 256 с. — С. 33–44, 72–88.
- Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру. — Астана : Егемен Қазақстан, 2017. — 48 б. — 5–21 бб.