Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) мен Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті (СБПУ) бірігіп әзірлеген «Қазақстан – Қытай» наноспутнигі 13 желтоқсанда Бейжің уақытымен сағат 09:08-де 530 км биіктіктегі орбитаға сәтті орналастырылды.

Орбитаға қалай жеткізілді?
Ғарыштық зерттеулерге арналған аппарат Ziwei Aerospace компаниясының «Диэр-5» (Яо-8 миссиясы) ғарыш аппараты арқылы «Куайчжоу-11» зымыран тасығышымен орбитаға шығарылды.
Ынтымақтастық туралы
Еске сала кетейік, 2024 жылы ҚазҰУ мен СБПУ микроспутниктерді зерттеу бағыты бойынша бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізуге қатысты келісімге қол қойған. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ресми сапары кезінде келісілген болатын.
Наноспутниктің негізгі міндеттері
Жоба аясындағы наноспутник бірнеше маңызды функцияны атқарады. Атап айтқанда:
- нысандарды жоғары тұрақтылықпен маневр арқылы бақылау;
- икемді сенсорларға сүйенген платформа бағытын динамикалық түрде қабылдап, өтемдеу;
- OpenHarmony ашық бастапқы коды бар операциялық жүйесіне негізделген қашықтан зондтау кескіндерін автономды тану.
Әзірлеменің 4 басты артықшылығы
Жобаның ерекшелігі төмендегі төрт көрсеткішпен айқындалады:
- коммерциялық компоненттер мен жаңашыл дизайн арқасында шығынды тиімді оңтайландыру;
- жоғары тұрақтылық және дәл бағдарлау;
- ориентациялық қателерді бейімделген түрде компенсациялауға мүмкіндік беретін қуатты есептеу ресурсы;
- деректерді Жерге жедел жеткізуге арналған жоғары оперативті өзара әрекеттестік.
Жобаны кімдер қолдады?
Бұл бастама ҚазҰУ базасындағы СБПУ филиалының, «Бір белдеу – бір жол» аясындағы ұлттық бірлескен зерттеу лабораториясының, Әуе-ғарыш институтының және Икемді электроника ұлттық негізгі зертханасының қолдауымен жүзеге асырылды.
Жобаның консультанты – академик Хуан Вэй, жалпы жетекшісі – профессор Юэ Сяокуй, жетекшінің орынбасары – ҚазҰУ профессоры Зәуре Рақышева. Бірлескен зерттеу құрамына Қазақстан мен Қытайдан 20-дан астам маман мен жас зерттеуші қатысқан.
Маңызы қандай?
Бұл ынтымақтастық ғарышты зерттеуді ілгерілетуге, білікті кадрлар даярлауға, ортақ спутниктерді әзірлеуге және микроспутник арқылы Жерді қашықтан бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
https://www.gov.kz

