Нұрланбек Ұлпан
Рахимжан Рудава
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
6B11102 Мәдени-тынығу жұмысы БББ 3- курс студенттері
Ғылыми жетекшісі: Аға оқытушы Дүйсенбай Жамиля Ахмет-Алиқызы
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
(Алматы қ. Қазақстан)
Аңдатпа: Мәдени іс-шаралардың, соның ішінде театр, концерт, фестиваль, опера және музейлердің адамның психологиялық және эмоциялық жағдайына әсерін зерттейміз. Зерттеу мәдени тәжірибе мен адамның психологиялық реакциясын түсінуге бағытталған когнитивтік және әлеуметтік-психологиялық теорияларға сүйенеді. Сауалнама және салыстырмалы талдау әдістері қатысушылардың эмоциялық, әлеуметтік және психологиялық тәжірибесін бағалауға мүмкіндік берді. Мәдени іс-шараларға қатысу стрессті төмендету, эмоциялық релаксация, шабыт алу және әлеуметтік байланыстарды нығайту сияқты әсерлерге әкеледі. COVID-19 пандемиясы кезінде мәдени ортаға қол жеткізудің шектеулі болуы қатысушылардың психологиялық күйіне негативті әсер етті. Шетелдік тәжірибелер мен Қазақстандағы мәдени практикаларды салыстыра отырып, мақала интерактивті және психологиялық қолдау технологияларын қолдану арқылы мәдени іс-шараларды тиімдірек ұйымдастыру мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл зерттеу мәдени іс-шаралардың психологиялық, әлеуметтік және мәдени игілігін көрсетуге бағытталған.
Кілт сөздер: мәдени іс-шара, психология,, терапия, эмоциялық әл-ауқат, психологиялық әсер, әлеуметтік байланыс
Аннотация: Статья исследует влияние культурных мероприятий, включая театр, концерты, фестивали, оперу и музеи, на психологическое и эмоциональное состояние человека. Исследование опирается на когнитивные и социально-психологические теории, направленные на понимание культурного опыта и психологической реакции человека. Методы опроса и сравнительного анализа позволили оценить эмоциональный, социальный и психологический опыт участников. Участие в культурных мероприятиях способствует снижению стресса, эмоциональной релаксации, вдохновению и укреплению социальных связей. Ограниченный доступ к культурной среде во время пандемии COVID-19 оказал негативное влияние на психологическое состояние участников. Сравнивая зарубежный опыт и культурные практики в Казахстане, статья предлагает возможности для более эффективной организации мероприятий с использованием интерактивных и психологических технологий поддержки. Исследование направлено на демонстрацию психологической, социальной и культурной ценности участия в культурных мероприятиях.
Ключевые слова: культурные мероприятия, психология,, терапия, эмоциональное благополучие, психологическое влияние, социальные связи
Abstract:The article explores the impact of cultural events, including theatre, concerts, festivals, opera, and museums, on individuals’ psychological and emotional well-being. The study is based on cognitive and social-psychological theories aimed at understanding cultural experiences and human psychological responses. Survey and comparative analysis methods allowed for the assessment of participants’ emotional, social, and psychological experiences. Participation in cultural events contributes to stress reduction, emotional relaxation, inspiration, and strengthening of social bonds. Limited access to cultural environments during the COVID-19 pandemic negatively affected participants’ psychological state. By comparing international experiences with cultural practices in Kazakhstan, the article suggests opportunities to organize cultural events more effectively using interactive and psychological support technologies. This research highlights the psychological, social, and cultural benefits of engaging in cultural activities.
Keywords: cultural events, psychology, arts participation, therapy, emotional well-being, psychological impact, social connections
Кіріспе
Қазіргі жаһандану дәуірінде мәдениет адамның танымдық, эмоционалдық және әлеуметтік дамуына ықпал ететін негізгі факторлардың біріне айналды. Мәдени құндылықтар мен дәстүрлер жеке тұлғаның дүниетанымын қалыптастырып қана қоймай, оның мінез-құлқына, шешім қабылдау ерекшеліктеріне, қоршаған ортаны қабылдау тәсілдеріне тікелей әсер етеді [1, 235б]. Соңғы жылдары мәдени психология бағытында жүргізілген зерттеулер мәдени ортаның адамның когнитивтік процестерін, эмоцияларды реттеу қабілетін және тұлғалық қалыптасуын айқындауда маңызды рөл атқаратынын дәлелдеп отыр [2, 400б].
Сонымен бірге мәдени іс-шаралардың — фестивальдер, өнер шаралары, ұлттық мерекелер мен қоғамдық мәдени жобалардың адамның психологиялық саулығын нығайтудағы маңызы ерекше. Мұндай іс-шаралар адамның әлеуметтік байланыстарын күшейтіп, эмоционалдық тұрақтылықты арттырып, ұжымдық сәйкестік сезімін қалыптастырады [3, 244б]. Осы мақалада мәдени әсердің адам психологиясында қалай қабылданатыны және мәдени іс-шаралардың адам өміріндегі психологиялық маңыздылығы жан-жақты талданады.
Өзектілігі — жаһандану жағдайында мәдени ортаның, құндылықтар мен мәдени іс-шаралардың адамның мінез-құлқы, ойлау жүйесі, эмоцияларды реттеу ерекшеліктері және жалпы психологиялық саулығына тигізетін ықпалын ғылыми тұрғыдан дәлелдеудің қажеттілігінде.
Мақсаты — адам психологиясының мәдени әсерді қабылдауын зеріттеу.
Міндеттері:
- Мәдениеттің адам психологиясына әсер етудің ғылыми негіздерін талдау;
- Мәдени іс-шараларға қатысудың психологиялық маңызы: сауалнама нәтижелері арқылы анықтау;
- Мәдени іс-шаралардың психологиялық әсері: халықаралық тәжірибе және Қазақстандағы практикалық мүмкіндіктерін салыстыру.
1.1. Мәдениеттің адам психологиясына әсер етуінің ғылыми негіздері
Мәдениет — адам санасын, ойлау жүйесін, эмоциясын және мінез-құлқын қалыптастыратын әлеуметтік-психологиялық орта. Мәдениет адамның әлемді түсіндіру тәсілін, ақпаратты өңдеу ерекшелігін және өзіндік “Мен” моделін анықтайды. Мәдениет пен тұлғалық құрылымды зерттеген америкалық әлеуметтік психолог Хэйзел Р. Маркус және жапондық психолог Шинобу Китаяма өздерінің 1991 жылы Psychological Review журналында жарияланған еңбегінде мәдениеттің адам әрекетін, эмоцияларын және мотивациясын қалыптастыратын негізгі механизм ретінде «тәуелсіз» және «өзара тәуелді» өзіндік тұжырымдамаларды ұсынады. Батыс мәдениеттерінде адам көбіне тәуелсіз, автономды субъект ретінде қарастырылса, шығыс мәдениеттерінде ұжымдық сәйкестікке, қарым-қатынастық үйлесімге басымдық беріледі [1, 242б].
Бұл айырмашылықтар адамның когнитивтік процестеріне де ықпал етеді. Америкалық әлеуметтік психолог Ричард Э. Нисбетт өзінің «The Geography of Thought: How Asians and Westerners Think Differently… and Why» (2003) атты еңбегінде Шығыс Азия мәдениетінің өкілдері холистік ойлауға, яғни жағдайды кең контекстпен бірге қабылдауға бейім болатынын, ал Батыс қоғамдарының өкілдері аналитикалық ойлауды жиірек қолданатынын көрсетеді [4, 52б]. Осылайша, мәдени орта адамның ақпаратты қабылдау, сұрыптау және оны интерпретациялау тәсілдерін анықтайтын маңызды фактор екені айқындалады.
Мәдениет адамның дүниені түсіндіруінде “мәдени схема” деп аталатын когнитивтік құрылымдарды қалыптастырады. Бұл схемалар -адамның белгілі бір жағдайды, әлеуметтік рөлді немесе эмоцияны қалай қабылдайтынын анықтайтын тәжірибелік үлгілер [5, 220б]. Мысалы, бір мәдениетте эмоцияны ашық көрсету қалыпты саналса, басқа мәдениетте эмоциялық ұстамдылық маңызды моральдық норма болуы мүмкін.
Мәдени іс-шаралар -адамның әлеуметтік тәжірибесін кеңейтетін, оның эмоциялық және танымдық ресурстарын байытатын ерекше орта. Зерттеулер мәдени іс-шараларға қатысу психологиялық саулықты едәуір жақсартатынын көрсетеді. Бельфиор және Беннетт (2010) өз еңбектерінде мәдени қатысудың адамның шығармашылық әлеуетін дамытуға, өзін-өзі тиімді сезінуін арттыруға және жалпы өмір сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап көрсетеді[6, 282].
Фестивальдер, қоғамдық мерекелер және мәдени жобалар адамдар арасындағы әлеуметтік үйлесімділікті күшейтеді. Америкалық әлеуметтік психолог Коэн (2019) еңбектерінде мәдени іс-шаралардың ұжымдық эмоциялық тәжірибе арқылы “ортақ бірегейлік” сезімін қалыптастыратынын атап өтеді. Бұл адамның жалғыздық сезімін азайтып, психологиялық тұрақтылығын арттырады. Музыка, театр, көркем өнер секілді мәдени белсенділіктер стресс гормоны деңгейін төмендетіп, релаксация тудырады [3,221б]. Мәдениет адамға эмоцияларды символдық формада шығару мүмкіндігін береді, бұл -психологиялық детоксикацияның табиғи механизмі.
Мәдени тәжірибенің адам психологиясына әсерін терең түсіну үшін оның тек қалыпты жағдайда емес, ерекше әлеуметтік өзгерістер кезеңінде қалай көрініс бергенін де қарастыру маңызды. Әсіресе пандемия уақыты мәдени белсенділіктің психологиялық рөлін айқын көрсеткен табиғи «эксперимент» іспетті болды.
Пандемия кезеңінде жаппай мәдени іс-шаралардың тоқтауы (карантин, локдаундар) адамдардың психикалық саулығына айтарлықтай теріс әсер етті. Зерттеулер көрсеткендей, ұзақ әлеуметтік оқшаулану, концерттерге, театрларға, фестивальдерге бара алмау мазасыздықтың, депрессияның және жалғыздық сезімінің өсуіне алып келді. 2020 жылдың маусымындағы әлеуметтік сауалнамаларда қазақстандықтардың үштен бірінде клиникалық депрессия белгілері, ал әр төртінші респондентте мазасыздық байқалған; жалпы алғанда, көптеген елдерде стресс пен депрессия деңгейі ковидтік кезеңге дейінгімен салыстырғанда 3–4 есе өсті. Мамандар мұны таныс әлеуметтік байланыстардың үзілуінен туындаған «психологиялық соққымен» түсіндіреді: адамдар эмоционалдық қолдаудан, жақындарымен физикалық қарым-қатынастан, қалыпты мәдени ортасынан айырылды [7, 5б].
Соған қарамастан, көптеген адамдар осы тапшылықтың орнын толтырудың балама жолдарын тапты. Изоляция кезеңінде шығармашылыққа және өнерге бағытталған белсенділіктер ерекше күшейді. Австралиядағы зерттеулер көпшілік үшін музыка тыңдау, сурет салу, қолөнер, би секілді шығармашылық іс-әрекеттер локдаун кезінде психологиялық жағдайды жақсартудың негізгі тәсілдерінің бірі болғанын көрсетті. Қытайлық зерттеуде карантин кезіндегі респонденттердің 96%-ы музыка тыңдағаны анықталды, әрі бұл дағды әлеуметтік байланыстың символикалық сезімін күшейтіп, психикалық денсаулыққа оң әсер еткені байқалды. Яғни шығармашылық белсенділік, әсіресе музыкалық тәжірибе, стресске қарсы буфер болып, виртуалды болса да, адамдарға әлеуметтік ортаға тиесілі екенін сезінуге мүмкіндік берді [8].
Осылайша, жоғарыда көрсетілген деректер мәдени іс-шаралар мен әлеуметтік байланыстардың жоқтығы психикалық саулыққа қалай әсер еткенін, ал музыка, шығармашылық, онлайн мәдени белсенділік, керісінше, стресс пен депрессияны жеңілдетуде маңызды рөл атқарғанын нақты көрсетеді. Демек, мәдени белсенділік -жеке адамның эмоционалдық әрі әлеуметтік жағдайын қолдаудың тиімді құралы болуы мүмкін.
2.Материалдар мен әдістер
Зерттеу мәдени іс-шаралардың адамның психологиялық жағдайына әсерін зерттеуге бағытталған және сандық және сапалық әдістерді біріктіретін аралас дизайнда жүргізілді. Сонымен қатар, шетелдік авторлардың жұмыстарын қарастырылды.
Зерттеуге 18–45 жас аралығындағы 30 респондент қатысты, іріктеу ерікті қатысу принципімен жүзеге асырылды. Деректерді жинау құралы ретінде онлайн сауалнама қолданылды. Сауалнама жабық (альтернативті, бірнеше таңдаулы, Лайкерт шкаласы) және ашық сұрақтардан тұрды. Жабық сұрақтар қатынасты сандық тұрғыдан бағалауға, ашық сұрақтар субъективті тәжірибені тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
2.1. Мәдени іс-шараларға қатысудың психологиялық маңызы: сауалнама нәтижелері
Мәдени ортаның адам психологиясына әсерін зерттеу тек теориялық талдауды ғана емес, сонымен бірге эмпирикалық деректерге сүйенген нақты әдіснаманы талап етеді. Сондықтан осы зерттеу жұмысында біз адамның мәдени іс-шараларға көзқарасы, эмоциялық тәжірибесі және мәдени белсенділіктің психологиялық маңызы туралы мәліметтерді жүйелі түрде жинау үшін ғылыми негізделген сауалнама әдісін қолдандық.
Жабық сұрақтар нақты жауап нұсқаларын ұсыну арқылы статистикалық талдауды жеңілдетіп, респонденттердің қатынасын сандық форматта бағалауға мүмкіндік берді. Мұндай сұрақтар құрамында альтернативті («иә/жоқ»), бірнеше таңдаулы және Лайкерт шкаласы бойынша берілген бағалау сұрақтары болды. Ашық сұрақтар респонденттерге өз пікірін еркін жеткізуге мүмкіндік беріп, мәдени іс-шараларға қатысты субъективті тәжірибені сапалық тұрғыдан тереңірек түсінуге жағдай жасады.
Кесте 1. Респонденттердің демографиялық сипаттамалары
| Параметр | Категория | Адам саны | Пайыз |
| Жынысы | Әйел | 20 | 67% |
| Ер | 10 | 33% | |
| Жасы | 18-24 | 12 | 40% |
| 25-34 | 10 | 33% | |
| 35-44 | 5 | 17% | |
| 45+ | 3 | 10% |
Сауалнамаға қатысқан 30 адамның 67%-ы әйел, 33%-ы ер адам болған. Жас топтарын қарасақ, ең көп қатысушылар 18–24 жас (40%) және 25–34 жас (33%) санатында екен. Бұл көрсеткіш мәдени іс-шараларға қатысу жасқа байланысты екенін көрсетеді: жастар мен жас ересектер мәдени тәжірибелерге белсенді қатысады.
Респонденттердің басым бөлігі мәдени іс-шаралар эмоциялық жағдайын жақсартатынын атап өткен. Қатысушылардың 52%-ы мұндай іс-шаралар стрессті айтарлықтай азайтатынын, ал 47%-ы олардың «қайта оралу әсерін» күшейтіп, жалпы психологиялық күйге оң ықпал ететінін көрсеткен. Сонымен қатар, 67% респондент шабыт сезімін жиі бастан өткеретінін, ал 60% өзін-өзі бағалаудың жақсарғанын айтқан. Бұл нәтижелер мәдени қатысу адамның эмоционалдық тұрақтылығын, мотивациясын және жалпы әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқаратынын дәлелдейді.
2.2. Мәдени іс-шаралардың психологиялық әсері: халықаралық тәжірибе және Қазақстандағы практикалық мүмкіндіктер
Батыста (Ұлыбритания, АҚШ, Еуропа) мәдени іс-шаралар (концерттер, театр, музейлер) психологиялық денсаулықты қолдаудың жүйелі құралы ретінде институционалданған. Шығыста (Жапония, Оңтүстік Корея, Оңтүстік-Шығыс Азия) шығармашылық терапиялар мен қауымдық өнер жобалары қарқынды дамып келеді. Қазақстанда осы бағыттың кейбір элементтері бар, бірақ оларды медициналық және әлеуметтік бағдарламалармен жүйелі түрде біріктіру әлі толық іске аспаған.
Батыс елдерінде мәдени іс-шараларды психологиялық қолдаудың жүйелі құралы ретінде қолдану тәжірибесі кең таралған. Ұлыбританияда дәрігерлер social prescribing (әлеуметтік тағайындау) әдісін пайдаланып, пациенттерге фармакологиялық емес қолдау ұсынып, оларды қоғамдық өнер топтарына, музейлер мен театр бағдарламаларына бағыттайды. Бұл тәсіл депрессияны жеңілдетуге, жалғыздықты азайтуға және когнитивтік резервті қолдауға тиімділігін дәлелдеген. Осы әдістің бір тармағы -arts-on-prescription (өнер арқылы тағайындау), яғни психологиялық қолдау ретінде пациенттерге арнайы өнерлік іс-шаралар, арт-терапия сессиялары, музыкалық немесе шығармашылық тренингтер ұсынылады. Сонымен қатар, АҚШ пен Еуропада музыка-терапия, драматерапия және өнер-терапия клиникалық әдіс ретінде қолданылады, meta-талдаулар бұл тәсілдердің депрессия мен стресс деңгейін төмендетуде статистикалық тұрғыдан сенімді әсер көрсететінін дәлелдеген. Соңғы жылдары технологиялық инновациялар да маңызды рөл атқара бастады: виртуалды шынайылық (VR) арт-терапиясы, иммерсивті инсталляциялар және онлайн платформалар (виртуалды музей турлары, стриминг) пандемия кезінде психологиялық қолдау құралы ретінде кеңінен пайдаланылып, қатысушыларға эстетикалық тәжірибе мен эмоционалды серпін сыйлады [9].
Шығыс елдерінде мәдениет пен психологиялық әл‑ауқат арасындағы байланысқа ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, Жапонияда музейлер мен мәдени ұйымдар «денсаулық пен әл‑ауқат» бағытында арнайы бағдарламалар жүргізіп, арт-воркшоптар мен қоғамдық өнер жобалары арқылы адамдарға психосоциальдық қолдау ұсынады, мұнда өнер мен қатысу арқылы эмоционалды демеу мен әлеуметтік байланыс орнатылады. Сонымен қатар, «Art & Wellbeing aa‑tomo» сияқты жобалар музейлер мен мәдени ресурстарды медицина және әлеуметтік сала ұйымдарымен біріктіріп, адамдарға «өнер + әлеуметтік қолдау» форматын ұсынады, бұл жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулануды азайтуға бағытталған. Оңтүстік Корея мен басқа Оңтүстік‑Шығыс Азия елдерінде шығармашылық терапиялар -музыка, сурет, би, кеңістік‑арт және мәдениет негізіндегі интервенциялар жоғары оқу орындары мен медициналық жүйеге енгізіліп, мемлекеттік немесе коммерциялық бағдарламалар арқылы қаржыландырылады. Мысалы, «Busan Cultural Foundation» арқылы «Hospital Art» жобасы науқастар мен суретшілерді біріктіріп, шығармашылық арқылы психосоциальдық қолдау көрсетеді. Бұл тәсілдер ұлттық мәдени контекстті -дәстүрлі музыка, қолөнер, жергілікті өнер формаларын терапевтік мақсатта пайдалана отырып, әлеуметтік бірлік пен мәдени сәйкестік арқылы адамның психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған [10].
Қазақстанда мәдени іс-шараларды психологиялық қолдаудың тәжірибесі әлі даму үстінде. Қазіргі таңда университеттер мен өнер мекемелерінде арт-терапия бағытындағы бастамалар бар: студенттік арт-терапия клубтары (мысалы, KazNMU Leonardo Da Vinci), театр және музыкалық факультеттерде шығармашылық дайындық жүргізіледі, ал музейлерде (Ұлттық орталық музей, Almaty Museum of Arts) музей-педагогика бағдарламалары мен балаларға арналған воркшоптар ұйымдастырылады. Сонымен қатар жеке арт-терапия студиялары мен шағын жобалар да бар. Дегенмен, бұл бастамалар әлі жүйелі интеграцияланбаған: медицина мен психология жүйесі мен мәдени институттар арасында формальды social prescribing немесе arts-on-prescription сияқты бағдарламалар жоқ немесе тек пилоттық сипатта жүргізіледі. Кәсіби кадрлардың шектеулігі: арт-терапевттер мен музыка-терапевттерді даярлау бағдарламалары аз, оқу-әдістемелік және аккредитациялық талаптар әлі дамып жатыр. Қазақстан үшін Ұлыбританиядағы әлеуметтік тағайындау, АҚШ пен Еуропадағы клиникалық музыка-терапия, виртуалды арт-терапия және онлайн мәдени платформалар тиімді үлгі бола алады. Мысалы, университеттер мен емдеу мекемелерінде 8–12 аптаға арналған арт-направление пилоттарын ұйымдастырып, қатысушылардың психологиялық саулығын PHQ-9, GAD-7 немесе wellbeing шкалалары арқылы бағалау, музей-педагогика мен VR-арт сессияларын енгізу арқылы психологиялық қолдауды кеңейтуге болады. Сонымен қатар, музыка-терапия курстарын мектептер мен стационарларда тарату, мәдени мекеме қызметкерлеріне психологиялық алғашқы көмек пен инклюзивті дизайн бойынша тренингтер өткізу — Қазақстандағы мәдени іс-шараларды психологиялық қолдаудың жүйелі әрі тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қорытынды
Мәдени іс-шаралар – театр, концерт, фестиваль, музей, көрме сияқты іс-шаралар – адамның психологиялық жағдайы, эмоциялық тұрақтылығы және әлеуметтік байланыстары үшін маңызды рөл атқарады. Зерттеулер көрсеткендей, мұндай тәжірибелер стрессті төмендетіп, эмоционалды разряд береді, когнитивтік функцияларды жақсартады және адамдар арасындағы әлеуметтік байланысты нығайтады.
Шетелдік тәжірибелер (Батыс пен Шығыс елдері) мәдени іс-шараларды психологиялық қолдау, арт-терапия, VR-платформалар және арнайы әлеуметтік бағдарламалар арқылы жүйелі түрде қолданады. Қазақстанда бұл бағыттар негізінен пилоттық деңгейде дамып келеді: университеттік жобалар, жекеменшік арт-студиялар, музейлік воркшоптар бар, бірақ жүйелі интеграция мен кең көлемді зерттеулер әлі шектеулі.
Осылайша, мәдени іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру және қоғам өміріне интеграциялау арқылы Қазақстанда азаматтардың психологиялық әл-ауқатын арттыруға, эмоционалды тұрақтылықты нығайтуға және әлеуметтік байланыстарды күшейтуге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Markus, H. R., & Kitayama, S. (1991). Culture and the self: Implications for cognition, emotion, and motivation. Psychological Review, 98(2), 224–253
- Heine S. J. Cultural Psychology / S. J. Heine. — 3rd ed. -New York: W. W. Norton & Company, 2016. — 400 p.
- Cohen, R., Rahimi, I. D., & Zilka, G. C. (2019). Self-efficacy, challenge, threat and motivation in virtual and blended courses on multicultural campuses. Issues in Informing Science and Information Technology, 16, 71-95.
- Richard E. Nisbett (2003) — The Geography of Thought: How Asians and Westerners Think Differently—and Why. (p. 241-252)
- D’Andrade RG. The Development of Cognitive Anthropology. Cambridge University Press; 1995.
- Belfiore E., Bennett O. The Social Impact of the Arts: An Intellectual History / E. Belfiore, O. Bennett. – London : Palgrave Macmillan, (2010) -248 p.
- Syed Sheriff R.J., Adams H., Riga E. и др. Use of online cultural content for mental health and wellbeing during COVID19 restrictions: crosssectional survey // BJPsych Bulletin. 2022. Vol. 46, № 5. P. 278287. -[Электрондық ресурс]. -URL: https://pmc.ncbi.nlm.nih.gov/articles/PMC9768522/ (дата обращения: 09.12.2025).
- Stevenson H., Alzyood M. Healing through art: a thematic synthesis within a quasi‑systematic review of art’s impact on adult mental well‑being during the COVID‑19 pandemic // BMC Public Health. Vol. 25. Article no. 1641. [Электрондық ресурс]. URL: https://bmcpublichealth.biomedcentral.com/articles/10.1186/s12889-025-22741-0 (дата обращения: 09.12.2025).
- Creative Health: The Arts for Health and Wellbeing // APPG / UK. -[Электрондық ресурс]. — URL: https://www.ncch.org.uk/creative-health (дата обращения: 09.12.2025)
- 国立アートリサーチセンター. Art & Wellbeing Programs in Japan. -[Электрондық ресурс]. -URL: https://www.arc.jp/programs (дата обращения: 09.12.2025)