Әмір Альмира Саматқызы
Әльнорқызы Әселім
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
6В11102 Мәдени-тынығу жұмысы БББ 3-курс студенттері.
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Дүйсенбай Жамиля Ахмет-Алиқызы
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
( Алматы қ, Қазақстан )
Аңдатпа: Бұл мақалада кино өнерінің мәдени-тынығу жұмысындағы рөлі, тәрбиелік және рухани маңызы қарастырылады. Қазақ және шетел киносының ерекшеліктері салыстырылып, киноның жастардың дүниетанымы мен сыни ойлауына әсері талданады. Студенттер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері киноның мәдени тәрбие мен бос уақытты тиімді ұйымдастырудағы маңызын көрсетеді. Зерттеу кино өнерін білім беру және мәдени іс-шараларда кеңінен пайдалануды ұсынады.
Кілт сөздер: кино, мәдениет, қазақ киносы, жастар, кино өнері, кино талдау, өнер.
Значение киноискусство в культурно-досуговой деятельнести
Аннотация: В статье рассматривается роль кинематографа в культурно-досуговой деятельности, а также его воспитательное и духовное значение. Проводится сравнительный анализ казахского и зарубежного кино, подчеркивается влияние фильмов на формирование мировоззрения и критического мышления молодежи. Результаты опроса студентов подтверждают важность использования кино в образовательных и культурных мероприятиях. В работе предлагаются пути эффективного применения киноискусства для развития личности и организации содержательного досуга.
Ключевые слова: кино, культура, казахское кино, молодежь, киноискусство, анализ кино, искусство.
The importance of cinema art in cultural and recreational activities
Abstract: This article explores the role of cinema in cultural and recreational activities, emphasizing its educational and spiritual significance. A comparative analysis of Kazakh and foreign cinema highlights their differences and their impact on youth’s worldview and critical thinking skills. A student survey demonstrates the importance of integrating cinema into educational and cultural programs. The study proposes effective ways to use cinema as a tool for personal development and meaningful leisure organization.
Keywords: cinema, culture, Kazakh cinema, youth, film art, film analysis, art.
Кіріспе
Кино – өнердің бір бөлшегі. Кино тек көрерменге ләззат сыйлап қана қоймай, танымдық және тәрбиелік қызметті көрсетеді. Кино арқылы адамның ойлау қабілеті де, қабылдауы да артады. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, алғашқы кино 1895 жылы пайда болған. Ағайынды Люмьерлердің «Пойыздың келуі» («Прибытие поезда») деректі фильмі жарыққа шықты. Бұл бүкіл әлем бойынша ресми түрде тіркелген әрі көрсетілген бірінші кино. Содан соң, XX ғасыр басында кино — өнерге айналып, актерлік ойын мен монтаж қалыптасты. Ғасырға жуық мерзімді кері шегерсек, қазақ киносының кино әлеміне әупірімдеп қадам басқан кезеңіне табан тірейді. Әлбетте, кино әлеміне нық қадамдар жасап, сол әлемде таңба қалдыру осы сала ұшынан ұстағандар үшін өте қиын болды. Өнердің алтын сандығы іспеттес қазақтың кино өнері өз жеңісін Қазан төңкерісінен кейін бастады.
Алғаш рет 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясында түсірілген «Амангелді» фильмі көгілдір экранға жол тартты. Фильм көрермен арасында жоғары бағаланды. Осылайша, XXI ғасырдың айнасы кино өнеріне айналып отыр. «Әдебиетке, музыкаға, кескіндеме мен сәулет өнеріне мыңдаған жыл болды, бірақ олар жоғалып кетуді ойламайды да. Кино — өнердің ең жасы. Ол өлмек түгілі, енді ғана жүріп, сөйлеп үйреніп келеді» (А. Долин, 2020: 150) [1]. Кино — жас болса да, мәдениет пен тәрбиенің құралына айналған өнер. Қазіргі таңда кино өнері қоғамның дамуымен тығыз байланысты. Заманауи технологиялар кино өндірісін жаңа деңгейге көтеріп, режиссерлер мен актерлерге шығармашылық еркіндік берді. Кино тек өнер емес, ол – идеология, мәдени саясаттың бір бөлігі. Сондықтан әр елдің киносы өз халқының тарихын, мінезін, болмысын айқындайды. Сонымен қатар, кино түсіруге өте көп адам атсалысады, әрқайсысының өзіне жүктелген міндеті бар. Мысалы, Режиссер – киноларда қойылатын шығармалардың көркемдік тұтастағын қалыптастыратын негізгі автор. Осымен қатар, сценарист, продюсер, актер, оператор және көптеген мамандар қатысады. Енді кино жанрларына тоқталсақ: драма, комедия, мелодрама, фантастика, мюзикл, тарихи, деректі фильмдер және т.д.б болып бөлінеді.
Теория жүзінде кино қөру — қарапайым іс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, шын мәнінде кино көрерменге терең ой салатын, мәдени және рухани дамуға әсер ететін үрдіс. Кино барлық жастағы адамдар үшін қолжетімді: сәбилерден бастап қарттарға дейін. Бос уақытты кино арқылы пайдаланатын адамдар саны да өте көп. Киноны түсіну мен қабылдап алу — бұл белгілі бір мәдени және психологиялық дайындықты қажет ететін күрделі процесс.
Мақаланың мақсаты – Кино өнерінің мәдени-тынығу жұмысында зерттелуі.
Зерттеу әдістері
Зерттеу барысында кино мен мәдени-тынығу жұмысының өзара байланысы туралы әдебиеттер, сауалнама, сұхбат және талқылау подкаст жүргізілді. Зерттеудің бірінші кезеңінде сауалнама жүргізіліп, 35 респонденттен жауап алынды. Сонымен қатар, 5 респондентпен сұхбат жүргізілді. Зерттеудің екінші кезеңінде XXI ғасырдағы қазақ киносы мен шет ел киносы салыстыра отырылып, өзара кино талқылау подкасты ұйымдастырылды.
Талқылау
Кино тек өнер емес, әлемдік деңгейде талқыланатын, пікір қалыптастыратын және идеологияны таратып, мәдени құндылықтарды көрсететін мықты құрал. Фильмдер арқылы қарағанда, шетел киносы – жаһандық аудиторияға бағытталған, жанрлық әртүрлілігі жоғары, техникалық жағынан дамыған индустрия. Ал, қазақ киносы – ұлттық мәдениетке, тарихқа, дәстүрге, қоғамның ішкі мәселелеріне көп көңіл бөледі. «Бүгінде “фильм” атты сөз “кітап” деген сөзбен қатар айтылады, кино әдебиет және театрмен қоса аталады. Ұзақ тарихы бар әдебиет пен театр, музыка мен сурет өнері тундыларын ләззаттана көрумен, тындаумен бірге әркім сол туындылардың туу тарихын, тағдырын, ой-замыселдің пайда болуынан даяр шығарманы тууына дейінгі процестің сырларын, жолдарын да білгісі, ұсынғысы келеді» (К.Смайлов, 1981: 4) [2]. Кино расымен де тек көңіл көтеру үшін емес рухани баюы үшінде қажет. Киноны түсіну арқылы білім және түсінік қалыптастырамыз. Бұрын кино жәй ғана көрерменге арналған көңіл көтеру құралы болса, бүгінде ол әдебиет пен театр сияқты терең ой мен идеяны жеткізетін өнер түріне айналды. Адамдар енді тек дайын шығарманы көрумен шектелмейді, оның қалай пайда болғанын, қандай ой мен сезімнен туғанын білгісі келеді. Бұл – адамның өнерге деген көзқарасының өскенін көрсетеді. Себебі кез-келген туындының артында үлкен еңбек, ізденіс, шығармашылық шабыт тұрады.Қазірде мәдени құралдардың бірі ол кино болып есептеледі. Бос уақытта рухани тынығуға арнасақ бірінші сатыда кино өнерін аламыз, көріп қана қоймай талқылау арқылы терең түсінік пайда болады. Заманауи жане де тиімді тұрғыдан алсақта кино бізде бірінші орында. Қазақ киносы да соңғы жылдары жаңаша серпін алып, ұлттық құндылықтар мен заманауи тақырыптарды ұштастырып келеді. Тәуелсіздік дәуірінде түсірілген фильмдер ел руханиятын көтеріп, жастардың патриоттық сезімін оятуға бағытталуда. «Қазақ киноөнері өзге өнер түрлері секілді мемлекетіміздің алғашқы қадамынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолынан біте қайнасып келе жатыр. Кандай да бір құбылыстың өзінен-өзі пайда болмайтыны және оған міндетті түрде алдындағы құбылыстардың ықпалы болатыны белгілі. Ең алдымен, қазақ киносының кеңес үкіметінің келмеске кетіп, тәуелсіздікке қол жеткізуімізге тигізген рухани ықпалы мол болғанын айтуымыз керек.
Кино әлемінде кеңес үкіметі мен идеологиясына деген қарсылық КСРО ыдырауы алдындағы онжылдықта-ақ басталып кеткен еді» (Рахманкызы.Н, 2017: 412) [3]. Расымен де, Кеңес дәуірінде кино көбіне идеологиялық құрал ретінде қолданылғаны белгілі. Дегенмен, сол кезеңнің өзінде-ақ қазақ режиссерлері мен сценаристері ұлттық болмыс пен еркін ойды сақтап қалуға тырысты. Кино арқылы халықтың жадында ұлттық сана, тіл мен мәдениетке деген сүйіспеншілік жойылмады. Бұл тұрғыда кино өнері тәуелсіздікке рухани дайындық жасаған маңызды алаң деуге болады. КСРО-ның соңғы жылдарында идеологиялық қысымның әлсіреуімен бірге режиссерлер еркін тақырыптарға бет бұра бастады. Сол кезде түсірілген кейбір фильмдер қоғамдағы өзгерістердің, адамдардың ішкі арпалысының айнасы іспеттес болды. Бұл үрдіс тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ киносының жаңа тынысын ашты, енді кино тек үгіт құралы емес, ұлттың өзін-өзі тану, тарихын қайта қарау, болашағын бейнелеу кеңістігіне айналды.
Зерттеу нәтижесі
Кино өнерінің мәдени-тынығу жұмысында маңызын анықтау мақсатында жүргізілген сауалнамаға 35 респондент қатысты. Сауалнама Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті студенттерінен алынды. Студенттерге төменде көрсетілген 10 сұрақ қойылды:
1.Сіз қаншалықты жиі кино көресіз?
2.Көбіне қандай жанрдағы фильмдерді көресіз?
3.Кино көру сіздің мәдени талғамыңызға әсер етеді деп ойлайсыз ба?
4.Кино жастардың рухани және адамгершілік тәрбиесіне әсер етеді ме?
5.Мәдени іс-шаралар кезінде (мектепте, колледжде, клубта, кітапханада) фильм көрсетілімдеріне қатысып көрдіңіз бе?
6.Осындай кинокөрсетілімдер мен киноклубтар жиі ұйымдастырылса, қатысар ма едіңіз?
7.Кино көрсетілімнен кейін пікірталас немесе талдау өткізудің маңызы бар ма?
8.Қазақ фильмдерін қаншалықты жиі көресіз?
9.Сідің ойыңызша, жастарға арналған фильмдер көбірек қандай тақырыптарда түсірілу керек.
10.Мәдениет мекемелері мен оқу орындарында киноны пайдалану жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі ме?

Нәтижелер бойынша: 1-зерттеу ,барысында:
-40% — айына бір-екі рет кино көреді;
-28,6% — аптасына бірнеше рет көреді;
-22,9% — күн сайын көреді;
-8,6% — сирек немесе мүлде көрмейді.
(40%) киноны айына бір-екі рет көретінін атап өткен. Бұл көрсеткіш респонденттердің кино көруді ұнататынын, бірақ оны күнделікті емес, уақыт тауып көретінін білдіреді. Сонымен қатар, едәуір бөлігі (шамамен 29%) аптасына бірнеше рет көреді, бұл киноға қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Ал сирек немесе мүлде көрмейтіндердің үлесі аз (8,6%), сондықтан жалпы алғанда қатысушылардың басым бөлігі киноны жүйелі түрде тамашалайды деуге болады.

2-ші зерттеу бойынша «Көбіне қандай жанрдағы фильмдерді көресіз?» деген сұраққа Респонденттердің жартысына жуығы (48,6%) комедия жанрын жиі таңдайтынын көрсеткен, бұл олардың көңілді, жеңіл мазмұндағы фильмдерді көруге бейім екенін білдіреді. Сондай-ақ экшн фильмдері де танымал (22,9%), яғни көрермендер арасында қызықты оқиға мен динамиканы ұнататындар аз емес. Ал драма мен отбасылық фильмдерді көрушілердің үлесі біршама төмен болса да, бұл жанрлар да өз аудиториясына ие. Тарихи фильмдер ең аз қаралатын жанр болып шыққан. Жалпы алғанда, комедия мен экшн — көрермендердің ең сүйікті бағыттары екені байқалады. Себебі, комедия мен экшн фильмдері көрерменге тез эмоция, көңіл көтеру және визуалды қызық ұсынады, сондықтан олар әртүрлі жастағы адамдарға бірдей тартымды. Бұл жанрлар көп жарнамаланады және түсінігі қарапайым, нәтижесінде кең аудиторияға оңай жетеді. Ал драма, тарихи немесе отбасылық фильмдер тереңірек көңіл-күйді талап етеді, сондықтан оларды көруге бәрі бірдей дайын бола бермейді. Сол себепті комедия мен экшн ең танымал бағыттар болып қалып отыр.
| Салыстыру түрі | Қазақ киносы | Шетел киносы |
| Тақырып | Ұлт,дәстүр,отбасы, тарих | Ғарыш, супер қаһарман, махаббат, соғыс, фантастика |
| Актер ойыны | Табиғи, шынайы | Кәсіби, ерекше |
| Көрермен саны | Қазақстан, ТМД | Бүкіл әлем |
| Жанр | Драма, комедия, тарихи | Барлық жанр: фантастика,
хоррор, боевик, анмация және т.б. |
| Мақсаты | Тәрбие, ұлттық құндылық | Көбіне табыс табу және шоу |
| Артықшылығы | Ұлттық рух, өмірге жақын | Әсерлі, сапалы, қызықты |
| Кемшілігі | Қаржы орташа, жарнама аз | Кейде мағынасыз |
Қорытындылай келе, кино — заманауи мәдениеттің маңызды әрі ықпалды салаларының бірі. Ол тек көркем өнер түрі ғана емес, қоғамның рухани және интеллектуалдық даму көрсеткіші болып табылады. Кино арқылы адам шынайы өмір мен қиял әлемін қатар танып, өзінің дүниетанымын, эстетикалық талғамын қалыптастырады.
Зерттелген әдебиеттер мен талданған ойларға сүйенсек, қазақ киносы — ұлттық рухтың айнасы және тарихи жадтың сақтаушысы. Кеңес дәуіріндегі идеологиялық шектеулерге қарамастан, қазақ режиссерлері ұлттық болмыс пен тіл, мәдениетті сақтап қалуға зор үлес қосты. Бұл үрдіс тәуелсіздік кезеңінде одан әрі дамып, кино өнерінің жаңа бағыттарының қалыптасуына негіз болды. Салыстырмалы талдау көрсеткендей, шетел киносы техникалық жағынан дамыған, жанрлық тұрғыдан кең ауқымды болса, қазақ киносы өмір шындығына жақын, тәрбиелік мәні терең, ұлттық құндылыққа негізделген мазмұнды ұсынады. Бұл — екі киноиндустрияның да өзіндік ерекшелігі мен құндылығын айқындайды.
Жалпы алғанда, кино өнерінің мәдени-тынығу ісіндегі орны ерекше. Ол:
1.Жастардың мәдени талғамын қалыптастырады;
2.Заманауи ақпараттық ағымдарда дұрыс бағдар табуға көмектеседі;
3.Ұлттық тарих пен мәдени мұраны насихаттайды;
4.Болашақ мамандардың сыни ойлау және талдау қабілетін дамытады;
5.Бос уақытты тиімді ұйымдастырудың қолжетімді әрі әсерлі формасы ретінде қызмет етеді.
Осыған орай, білім беру мекемелері мен мәдени ұйымдарда кино өнерін жүйелі қолдану — жастарды жан-жақты дамытудың тиімді және заманауи жолы. Кино көрсетілімдері, киноклубтар, талқылау отырыстары мәдени-тынығу жұмысын жандандырып қана қоймай, аудиторияның қызығушылығын арттырады және олардың рухани көкжиегін кеңейтеді.
Сонымен қатар, кино тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, тәрбиелік, танымдық және мәдени қызметтерді де атқарады. Ол жастардың ойлау қабілетін, талдау және сыни тұрғыда қабылдау дағдыларын дамыта отырып, тұлғаның рухани өсуіне ықпал етеді. Сондықтан киноны мәдени және білім беру кеңістігінде тиімді пайдалану — заманауи қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Кино — ұлттың өткені мен бүгінінің арасын жалғайтын, келешекке жол көрсететін рухани көпір. Сондықтан бұл өнерді мәдени-тәжірибелік жұмыстың негізгі құралдарының бірі ретінде дамыту — уақыт талабы. Кино — жас болса да, терең мазмұнды, рухани әлеуеті зор өнер түрі. Ол ұлттың өткенін ұмыттырмай, бүгінін бейнелеп, болашағына жол көрсететін мәдени көпір ретінде маңызын жоймайды.
Ұсыныс:
Мұғалімдерге, мәдени және тәрбиелік іс-шаралар, сабақ барысында кино өнерін кеңінен қолдануды ұсынамыз. Әсіресе, Долин Антонның еңбегіндегі әдістемелік тәсілдер мен талдау үлгілерін пайдалану жастардың киноға деген қызығушылығын арттырып, олардың сыни ойлау қабілетін дамытады.
Әдебиеттер тізімі
- Смайлов Камал. Фильм осылай туады.— Алматы: Онер, 1981.— 120 бет.
- Рахманкызы Н. Қазақ киносы: кеше жене бүгін. Зерттеулер, мақалалар,рецензиялар, сұхбаттар. — Астана: Фолиант, 2017. — 464 бет.
- Долин, Антон. : Как смотреть кино. Москва : Альпина Паблишер, 2020. — 150стр.