Кеңесбаева Меруерт Мадиқызы
Жұмахмет Алтынай Рашидқызы
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті
Жетекші: Төлеубаева Кәмшат Аманбаевна
Аңдатпа. Мақалада Мұхтар Мағауиннің «Əйел махаббаты» жəне «Қуыршақ» əңгімелеріндегі адам тағдыры, махаббат табиғаты, ішкі психологиялық тартыстар, мистикалық жəне əлеуметтік-психологиялық мəселелер талданады. Жазушының психологиялық шеберлігі, фольклорлық жəне реалистік көркемдік əдістерді біріктіруі, кейіпкерлердің рухани күйі мен қоғаммен қарым-қатынасы жан-жақты ашылады. «Əйел махаббатында» нəзік лиризм мен трагизм тоғысса, «Қуыршақ» əңгімесінде мистикалық элементтер мен фольклорлық архетиптер қазіргі заман контексінде жаңаша интерпретацияланады. Екі шығармада да адамның рухани əлсіздігі, жалғыздығы, тылсымнан қорқу мен оған тартылу психологиясы терең көркемдікпен суреттелген.
Кілт сөздер: М.Мағауин, қазақ прозасы, психологиялық талдау, трагизм, мистикалық реализм, махаббат, адам тағдыры, фольклор, архетип.
Аннотация. В статье анализируются произведения Мухтара Мағауина «Əйел махаббаты» и «Куыршак» в контексте человеческой судьбы, природы любви, внутренних психологических конфликтов, мистических и социально- психологических проблем. Особое внимание уделяется мастерству автора в создании психологически глубоких образов, соединению фольклорных элементов с реалистическим повествованием и раскрытию духовного состояния персонажей. В первой новелле доминируют лиризм и трагизм, тогда как во второй — мистические мотивы, постфольклорные символы и драматизм. Оба произведения демонстрируют хрупкость человеческой души, борьбу чувств и разума, влияние неизвестных сил на судьбу личности.
Ключевые слова: М.Магауин, казахская проза, психологизм, трагизм, мистика, любовь, человеческая судьба, фольклорные мотивы.
Abstract. This article examines Mukhtar Magauin’s short stories “Aiel Makhabbaty” (“A Woman’s Love”) and “Kuırshaq” (“The Doll”), focusing on themes of human destiny, the nature of love, inner psychological conflict, mystical elements, and socio-psychological issues. The analysis highlights the author’s mastery in merging psychological depth with folklore-inspired imagery and realistic narration. “A Woman’s Love” blends lyrical romanticism with tragic outcomes, while “The Doll” introduces mystical symbolism and post-folkloric elements that emphasize spiritual vulnerability and the duality of human emotions. Both stories reveal the fragility of the human soul, the tension between fear and desire, and the complex relationship between individuals and external forces that influence their fate.
Keywords: Mukhtar Magauin, Kazakh prose, psychological analysis, tragedy, mystical realism, love, human destiny, folklore, archetypes.
Кіріспе. Мұхтар Мағауиннің «Əйел махаббаты» əңгімесі — қазақ прозасындағы адам тағдыры, махаббат табиғаты, жастар психологиясы, өнер мен қоғам арасындағы қатынастар, сондай-ақ əйел сезімінің күрделілігі көрініс табатын көркем туынды. Əңгімеде негізгі оқиға желісі жас қыздың консерваторияда оқитын, талантты композитор Төлегенмен танысуы, оған деген ішкі қызығуы, махаббатты қабылдау мен қабылдамау арасындағы ішкі психологиялық тартысы жəне сол махаббаттың трагедиялық аяқталуымен түйінделетін адам тағдырының ащы шындығына құрылған. Жазушы адам өмірінің күтпеген сəттерін, тағдырдың құбылмалы мінезін, махаббаттың бірде лирикалық, бірде ауыр, бірде романтикалық, бірде трагедиялық күйін көркем түрде көрсетеді.
Баяндаушы қыз бастапқыда Төлегенге қызығады. Оның даусы, өнері, мінезі, ерекше табиғи тартымдылығы қыздың жанына жылы сезім ұялатады. Шығармада қыздың «бəрі сияқты емес», «шын да махаббат керек пе?» деген ішкі ойлары оның мінезін айқындайды. Ол өмірге жеңіл-желпі қарамайтын, сезімді бірден ашып көрсетпейтін, өзін сақтай білетін бейне ретінде суреттеледі. Қыздың Төлегенге бірден беріле қоймауы — оның рухани тазалығы, парасат сезімі жəне махаббатты терең ұғынуға тырысатын табиғатын көрсетеді. Жазушы осылайша əйел сезімінің нəзіктігін, ішкі толғанысын, оның өзін-өзі қадағалайтын жан əлемін нанымды бейнелейді. Төлегеннің тұлғасы əңгімеде ерекше романтикалық реңкпен беріледі. Ол
— консерваторияда оқитын, табиғи дарыны бар, болашағынан үміт күттіретін өнер иесі. Оның əндері, дауыс мəнері, ішкі рухы қыздың да, өз айналасының да назарын аударады. Бірақ бұл романтизмнің артында үлкен əлеуметтік ауыртпалық жатыр: Төлегеннің жетімдігі, материалдық тапшылығы, жалғыздығы, тірек болатын отбасылық ортаның жоқтығы оның тағдырын қиындатады. Автор осы деталь арқылы өнер адамының өзін қоршаған қоғаммен, əлеуметтік жағдаймен, тұрмыс шындығымен бетпе-бет келетінін, шынайы таланттың да өмірлік ауыртпалықтан құтыла алмайтынын көрсетеді. Əңгімеде лиризм айрықша орын алады. Жазушы қыз бен Төлегеннің бірге қыдырған сəттерін, түнгі қаланың көріністерін, қыздың алақанына құлаған қар түйіршіктерінің бейнесін, алғашқы романтикалық толғанысын өте нəзік поэтикалық тілмен суреттейді. Мұндай суреттер кейіпкерлердің көңіл күйін, жүрек лүпілін, ішкі сезімнің оянуын дəл береді. Бұл — романтикалық, таза, мөлдір сезімдердің шынайы көрінісі. Сонымен бірге, шығармада трагизм де қатар жүреді. Алғашқы романтизмнен кейінгі оқиғалар кейіпкерлердің үмітін үзіп, тағдырдың қаталдығын көрсетеді. Төлегеннің өмірі бірте-бірте күйзеліске, торығуға ұласады. Оның рухани дағдарыстары, мазасыздануы, киімдерінің жүдеу тартып, жан дүниесінің күйреуі — оның трагедиялық тағдырын алдын ала сездіреді. Əңгіме барысында Төлегеннің талантты, бірақ əлсіз, жанын қорғай алмайтын, қоғаммен күресе алмайтын бейнесі айқындалады. Соңында оның жындыханаға түсіп, адам ретінде күйреп, қайғылы аяқтауы — махаббаттың да, арманның да трагедияға ұласатынын көрсететін шешуші деталь. Бұл — шығарманың ең ауыр, ең шынайы трагедиялық түйіні.
Қыздың Төлегенге деген сезімін жасырын түрде өткізуі, өзін-өзі тежеп отыруы да адам психологиясын ашатын деталь. Ол Төлегенге шынайы жақын болғанымен, өз абыройын, ішкі қадірін сақтауды да ойлайды. Оның «мен өмірді білмейтін, парықсыз əйелмін» деп өзін сипаттауы — ішкі толғаныс пен күдік, өзін-өзі бақылау мен тəжірибесіз қорқыныштың көрінісі. Бұл детальдар арқылы жазушы əйел табиғатының əлсіздігін емес, керісінше тереңдігін, сезімнің шынайы салмағын көрсетеді.
Төлегеннің əлеуметтік жағдайы мен тағдыры да шығарманың проблематикасын толықтырады. Жетімдік, тіренетін ешкімнің жоқтығы, қарапайым студенттік өмірдің ауыртпалығы — бəрі оның талантын ашуға емес, оны тұншықтыруға əкеледі. Жазушы қоғамның өнер адамын түсінбеуін, оған қолдау көрсете алмауын, таланттың жалғыздығын ауыр көркем суретпен береді. Осы тұрғыдан алғанда, шығармада əлеуметтік-психологиялық проблема да айқын көрінеді: қоғамға етене сіңе алмаған талант пен тірек іздеген жастың қасіреті. Əңгімеде махаббат табиғаты да кеңінен ашылады. Жазушы махаббатты тек романтика немесе сезім күйінде бермейді; ол оны өмірдің ауыр, кейде өткір, кейде жаралайтын шындығымен байланыстыра көрсетеді. Қыздың Төлегенге деген шынайы сезімі трагедияға ұласып, адамның жүрегінде өшпес із қалдырады. Осы арқылы автор махаббаттың нəзік əрі қауіпті табиғатын, шынайы сүйіспеншіліктің қуанып қана қоймай, күйзелтіп те жіберетінін көрсетеді. Бұл туынды əйелдің ішкі сезім əлемін терең, нəзік, шынайы түрде беретін шығарма. Жазушы жалпы адам тағдырын — жалғыздық, өнер, қоғам, махаббат, үміт пен үмітсіздік, сезім мен тағдыр күресін бір арнада тоғыстырады. Əңгіме тек екі жастың махаббаты емес, үлкен əлеуметтік астары бар, адам болмысының қалың қатпарларын ашатын күрделі дүние. Мұнда өткен мен болашақ, арман мен шындық, үміт пен трагедия, əйелдің нəзік сезімі мен ер адамның күйрегіш тағдыры — бəрі бір көркем кеңістікке бірігеді.
«Əйел махаббаты» — мөлдір махаббатты да, ауыр тағдырды да, романтикалық сезімдердің отты сəтін де, қоғамның қаталдығын да, адамның жан əлемінің психологиялық тереңдігін де қатар суреттейтін шығарма. Махаббаттың өзі — лиризммен басталып, трагедиямен аяқталатын күрделі құбылыс екенін көрсететін бұл əңгіме қазақ прозасының нəзік психологизмге құрылған көркем үлгісінің бірі болып табылады. Мұхтар Мағауиннің «Қуыршақ» əңгімесі – қазақ прозасындағы мистикалық жəне фольклорлық сарындарды жаңаша эстетикада бейнелеген бірегей туынды. Шығармада адам тағдыры, оның рухани əлемі, сенім мен күмəн арасындағы күрес, махаббат пен қорқыныштың алмасуы, мистикалық күштердің адам өміріне ықпалы терең көркемдікпен беріледі. Автор дəстүрлі фольклордың архаикалық элементтерін қазіргі заман өмірімен шебер ұштастырып, оқырманды реализм мен мистиканың аралығындағы ерекше кеңістікке енгізеді. Əңгімеде адам өмірінің нəзіктігі мен тағдырдың белгісіздігі, адамның ішкі күйзелісі мен психологиялық қайшылығы, махаббаттың жарық сəулесі мен оның қараңғы тылсым күштермен талқандалуы суреттеледі. Шығарма алғашқы махаббат, жастық романтика сияқты өміршең сезімдермен басталып, біртіндеп адамның жаны мен тəнін əлсірететін, еркіндігін тартып алатын тылсым күштің ықпалына ауысады. Бұл өзгеріс – Мағауин шығармаларына тəн драматизм мен терең психологиялық талдаудың бірігуі. Əңгімедегі басты кейіпкер Құрманның тағдыры кездейсоқ, сырттай қарағанда жай ғана ғашықтық оқиғасынан басталғанымен, уақыт өте келе мистикалық сипатқа ие болады. Қыздың сыртқы көркі, мейірімді жүзді болып көрінуі, оның жұмбақ мінезі мен түсініксіз əрекеттері Құрманды баурап алады. Алғашында бұл сезім таза, жаңғырықты, романтикалық күйде берілген. Алайда уақыт өте келе қыздың адамдық табиғаттан тыс, тіпті залым күш иесі екені аңғарылады. Құрман қызды əдемілігі, нəзіктігі, жұмсақтығы үшін сүйеді, бірақ оның өзіне түсініксіз түрде əлсірей бастауы, күннен күнге қуатының сарқылуы, ұйқысыздық, қорқыныш, əлсіздік сезімінің артуы
- автордың адам тағдырын зұлым күшпен байланыста көрсетуінің негізгі желісі. Бұл
- адамның махаббат деп сенген нəрсесі өз түбінде оның жандай күрескер рухын да, физикалық энергиясын да жойып жіберуі мүмкін деген ойды меңзейтін трагедиялық шешім. Шығармадағы адам тағдыры ең алдымен адамның өз сезімі мен сенімінен қашып құтыла алмауы арқылы бейнеленеді. Құрман қыздан алыстағысы келеді, бірақ оған қайта тартылады; оны сүйгісі келеді, бірақ қорқады; қыздың тылсым табиғатын сезеді, бірақ одан ажырай алмайды. Бұл – адам рухының екіұдайлығы, сезім мен ақылдың күресі, адам жанының əлсіздігі. Тағдыр иірімдері белгісіз бағытқа бұрылып отыратын табиғи күш екенін Мағауин осы психологиялық қайшылық арқылы көрсетеді. Құрманның тағдыры адам еркіндігін шектеумен ғана емес, адамның өз таңдауының салдарымен де байланысып тұр. Ол түсіне тұра, сезіне тұра, қыздың соңынан еріп отырады. Жазушының мақсаты – адамның тағдыры алдын ала анықталмағанымен, оның кей тұстарында ішкі əлсіздік пен сыртқы тылсым күштің араласуы шешуші рөл атқаратынын көрсету.
«Қуыршақ» əңгімесінің негізгі идеясы – адамның рухани жəне психологиялық еркіндігі туралы ой. Адам кейде өзі сенген, өзі сүйген нəрсеге құл болып кетеді; ал махаббат кейде адамның жанын жарыққа емес, қараңғылыққа алып барады. Сыртқы сұлулық, нəзіктік, мейірім шын мəнінде зұлымдықтың да маскасы болуы мүмкін. Жазушы адамның сенімге тым тез берілуі, сезімге бой алдыруы, адамның тылсымнан қорқа отырып соған жақындай түсуі сияқты психологиялық процестерді шынайы бейнелейді. Бұл идея шығарманың трагедиялық салмағын күшейтеді. Жазушының айтуынша, адам тағдыры – тек сыртқы жағдайлар мен орта əсерінен ғана емес, оның өз ішіндегі үрейлер мен сенімдерден де құралады. Шығармадағы детальдар – ерекше мəнге ие. Автордың мистикалық əлемді құруда қолданған əрбір бөлшегі – символдық қызмет атқарады. Қыздың ақ жүзі, салқын қолы, жұмсақ үні, түнгі кездесулер, түсініксіз шаршау мен əлсіздік, түстер, елестер – мұның бəрі жансорғыш, тылсым əйел образын ашуға бағытталған. Құрманның күннен күнге əлсіреуі, ұйқыдан бұрынғы қорқынышы, қызды көрген сайын денесіндегі салқындық – оқырманды мистикалық атмосфераға енгізетін детальдар. Автор фольклорлық дəстүрдегі
«албасты», «жын-пері», «елес əйел», «жансорғыш» сияқты образдарды жаңаша интерпретациялайды. Міне, осы фольклор элементтері шығарманың реалистік желісімен қатар өріліп, оны постфольклорлық деңгейге көтереді. Мағауин халық мифологиясын заманауи қала өмірімен табыстырады. Бұл тəсіл кейіпкердің нəзік психологиялық күйін ашуға мүмкіндік береді. Əңгімеде көтерілген проблематика бірнеше қабаттан тұрады. Ең алдымен – адамның рухани əлсіздігі жəне сенімнің психологиясы. Құрманның қызға тəуелді болып қалуы – тек махаббаттың күші емес, адамның ішкі əлеміндегі бос кеңістіктің, жалғыздықтың, əлсіздіктің көрінісі. Екінші мəселе – мифологияның қазіргі заман өмірінде де өз орнын жоғалтпауы. Қазіргі заман адамы өзіне рационалды көрінетін санаға сенгенімен, ішкі дүниесі əлі де мифтік образдарды қабылдайды. Үшінші мəселе – адам мен зұлым күштің арасындағы күрес, жалпы «жақсылық – жамандық» диалектикасы. Құрман бұл күресте жеңіледі, өйткені ол қыздың шынайы табиғатын түсінсе де, оның сұлулығы мен жұмбақтылығына қарсы тұра алмайды. Бұл – адамның өз құмарлығына, сезіміне жеңілуінің трагедиясы. Əңгімедегі лиризм мен романтизм алғашқы бөліктерде айқын көрінеді. Автор кейіпкердің қызға деген алғашқы сезімін поэтикалық тілмен жырлап, жастық шақтың мөлдірлігін, қала түнінің романтикасын, музыка мен вальс сарынын суреттейді. Жарық, əдемі, жүрекке жылы сезімдерге толы бұл эпизодтар шығарманың эмоционалдық реңін жұмсартып тұрады. Алайда осы лиризмнің астында бірте-бірте көрініс беретін қараңғылық пен қорқыныш романтизмнің тез арада трагизмге ауысуына себеп болады. Құрман сезімінің тазалығын сақтағысы келсе де, қыздың табиғатында бар тылсым күш оны өзіне тартып, соңында тұтас психикалық күйзеліс пен физикалық əлсіздікке əкеледі. Бұл лирикалық бастама – шығарманың трагедиясын тереңдететін контраст ретінде қолданылған көркемдік тəсіл. Трагизм – əңгіменің басты эстетикалық өзегі. Құрманның тағдыры – романтикалық сезімнің қара күшке жеңілуінің, адамның рухани еркіндіктен айырылуының трагедиясы. Оның қызға деген сүйіспеншілігі – оны өлімге немесе рухани құлдыққа апарады. Мағауин бұл трагедияны сырттай емес, ішкі күйзеліс деңгейінде көрсетеді. Адам өз сезімін түсінсе де, одан бас тарта алмайды; адам зұлымдықты сезсе де, оған қарсы тұра алмайды; адам өмірді сүйсе де, өмірден алыстай береді. Шығармадағы трагизм – отандық прозаның ең күрделі психологиялық бағыттарының бірі.
«Қуыршақ» əңгімесі қазақ əдебиетіндегі ерекше құбылыс болып табылады. Мұнда фольклорлық дəстүр, мистикалық элементтер, заманауи психологиялық талдау, реалистік баяндау, романтикалық сезімдер жəне трагедиялық шешім бір арнада тоғысады. Жазушы адам тағдырын мистикалық күшпен байланыстыра отырып, адамның сезімдік əлеміндегі əлсіз тұстарын, оның рухани күресін, сенім мен күмəн арасындағы ішкі шайқасын көркемдік тереңдікпен көрсетеді. Шығарма романтикалық бастауымен оқырманды баурап алып, трагедиялық шешімімен ойландырады. «Қуыршақ» – адам жүрегінің тылсымдарын, тағдырдың құбылмалы табиғатын, өмір мен өлім арасындағы нəзік байланысты бейнелейтін эстетикалық құндылығы жоғары туынды.
Қорытындылай келе, Мұхтар Мағауиннің «Əйел махаббаты» жəне «Қуыршақ» шығармалары — қазақ прозасындағы адам болмысының ең күрделі қабаттарын ашатын көркемдік деңгейі жоғары шығармалар. Екі туындыны біріктіретін басты өзек
- адам тағдырының терең психологиялық, əлеуметтік жəне рухани қырларын суреттеу, сондай-ақ махаббат, жалғыздық, сенім, үрей жəне тылсым күштердің адам өміріне ықпалы. Екі шығарманы салыстыра қарағанда, Мағауин адам болмысына тəн əлсіздік, сезімдік тəуелділік, жалғыздық, рухани күйзеліс, тағдыршешті шешімдер сияқты ортақ тақырыптарды əртүрлі көркемдік əдістермен береді. «Əйел махаббаты»
- лирикалық жəне əлеуметтік-психологиялық бағытта құрылған реалистік туынды болса, «Қуыршақ» — мистикалық-психологиялық бағыттағы көркем проза үлгісі. Бұл жазушының шығармашылық диапазонының кеңдігін, стильдік шеберлігін, адамның ішкі əлемін сезіне білу қабілетін дəлелдейді.
Əдебиеттер тізімі:
- Мағауин М. Əйел махаббаты // Таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, – 256 б.
- Мағауин М. Қуыршақ // Қаралы үй. – Алматы: Қазығұрт, – 312 б.
- Нұрғали Р. Қазақ романы жəне бүгінгі дəуір. – Алматы: Қазақ университеті, 2001. – 384 б.
- Есенғұлова А. Қазақ прозасындағы психологизм мəселелері. – Алматы: Білім, 2015. – 240 б.
- Тұрсынов Қ. Қазақ əдебиетіндегі мифологиялық негіздер. – Алматы: Ғылым, 1998. – 214 б.
- Əдебиеттану. Терминдер сөздігі. – Алматы: Арыс, – 544 б.
