Серикова Куралай Сериковна
Шыңғысбай Зейнеп Жумабекқызы
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Алматы, Қазақстан
6В11102-мәдени-тынығу жұмысы
Жетекші: Коспагарова Асем Кабидолдаевна, магистр, аға-оқытушы
Аңдатпа
Бұл мақалада балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы мәдени тынығу жұмысының вариативті формалары қарастырылады. Яғни, басты мәселе-жазғы лагерьлердегі мәдени тынығу жұмысының жолдары. Жазғы лагерьлердің тәрбиелік, дамытушылық және әлеуметтік маңызы ашылып, мәдени-ағартушылық қызметтің негізгі бағыттары сипатталады. Балалардың бос уақытын тиімді өткізу арқылы олардың шығармашылық және рухани дамуы жолдарын талдау. Мақалада мәдени тынығу жұмысының түрлі формалары–театрландырылған ойындар, концерттер, спорттық жарыстар, экологиялық акциялар, патриоттық және цифрлық жобалар мысалға келтіріледі. Сондай-ақ лагерьдегі вожатыйлардың кәсіби шеберлігі, интерактивті әдістердің, заманауи технологиялардың тиімділігі атап өтіледі. Зерттеу нәтижесінде жазғы лагерьдегі мәдени тынығу жұмысы балалардың тұлғалық қалыптасуына, өз-өзіне сенімділігі пен шығармашылық қабілетінің дамуына ықпал ететіні анықталды.
Аннотация
В данной статье рассматриваются различные формы культурно-досуговой работы при организации летнего отдыха детей. То есть основным вопросом являются способы культурно-досуговой работы в летних лагерях. Раскрывается образовательное, развивающее и социальное значение летних лагерей, описываются основные направления культурно-просветительской деятельности. Анализируются пути творческого и духовного развития детей через эффективное проведение ими свободного времени. В статье приводятся примеры различных форм культурно-досуговой работы-театрализованные игры, концерты, спортивные соревнования, экологические акции, патриотические и цифровые проекты. Также отмечается профессионализм вожатых, эффективность интерактивных методов, современных технологий. В ходе исследования установлено, что культурно-досуговая работа в летних лагерях способствует формированию личности детей, развитию уверенности в себе и творческих способностей.
Annotation
This article considers the various forms of cultural leisure work in organizing children’s summer vacation. That is, the main issue is the ways of cultural leisure work in summer camps. The educational, developmental and social significance of summer camps is revealed, and the main directions of cultural and educational activities are described. The ways of creative and spiritual development of children through effective spending of their free time are analyzed. The article gives examples of various forms of cultural leisure work-theatrical games, concerts, sports competitions, environmental actions, patriotic and digital projects. The professionalism of camp leaders, the effectiveness of interactive methods, modern technologies are also noted. The study found that cultural leisure work in summer camps contributes to the formation of children’s personality, the development of self-confidence and creative abilities.
Кіріспе
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қазіргі педагогика саласында маңызды болып табылады. Жазғы демалыс–баланың оқу процесінен кейінгі бос уақытын тиімді өткізуге, физикалық және психологиялық тұрғыдан қалпына келуіне мүмкіндік беретін уақыт. Осы уақытта ұйымдастырылатын мәдени тынығу жұмыстары балалардың шығармашылық қабілетін, адамдармен қарым-қатынасын және әлеуметтік белсенділігін дамытуға бағытталады. Оның негізгі міндеті- тұлғаның шығармашылық ойлауына, мәдени және рухани дамуына жағдай жасау мен өзіне деген жауапкершілікті қалыптастыру. Мәдени тынығу іс-шаралары арқылы бала ұжыммен жұмыс істеуді, өз ойын еркін жеткізуді және жаңа білім мен тәжірибе алуды үйренеді. Жазғы лагерьлер осы бағыттағы мәдени-ағартушылық орталық ретінде ерекше рөл атқарады. Мұнда балалардың жас ерекшелігіне, қызығушылығына және қабілетіне сай түрлі формаларда іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы: қандай-да бір қызықты эстафеталар, театрландырылған ойындар, спорттық жарыстар, шығармашылық шеберханалар, экологиялық және патриоттық іс-шаралар сияқты мәдени іс-шаралар балалардың тұлғалық дамуына ықпал етеді.
Вариативтілік туралы
1.1.Вариативті формалардың мәні және оның педагогикалық маңызын бағалау
Балалардың жазғы демалысында қолданылатын мәдени тынығу жұмысының вариативті формалары бүгінгі педагогикалық тәжірибеде демалысты мәнді ұйымдастырудың негізгі басты құралы деп есептелінеді. Дегенмен айта кететінжайт, бұл формалардың көптігі автоматты түрде олардың тиімділігін білдірмейтіні анық. Себебі вариативтілік дұрыс бағытталмаған жағдайда балалардың назарын шашыратып, негізгі мақсаттан айырып, тек көңіл көтеруге негізделген форматтағы іс-шараларға айналып кету қаупін туғызады. Сондықтан вариативтілік- қолданылатын әрекеттердің саны емес, олардың мазмұндық сапасы мен тәрбиелік бағыттағы маңызы арқылы бағалануы тиіс.
1.2.Вариативтіліктің артықшылықтары және оның дұрыс қолданылған кездегі тиімділігі
Түрлі іс-шаралардың болуы әр баланың жеке қызығушылығын ескеріп, олардың шығармашылық, әлеуметтік, коммуникативтік қабілеттерін дамытуға жағдай жасайтыны сөзсіз. Себебі бір бала сахналық өнерге бейім болса, екіншісі спорттық ойындарда өз мүмкіндігін көрсетуді қалайды, ал үшіншісі әдебиетке немесе қолөнерге жақын болуы мүмкін. Дәл осы жеке ерекшеліктерді ескере отырып жасалған вариативтілік лагерьді барлық бала үшін демалысын жақсы өткізуге көмектеседі. Өйткені әр бала өзіне ыңғайлы ортаға түскенде ғана тұлғалық дамуы ашылады. Демек, дұрыс құрастырылған вариативті форма- баланың өзін көрсетуіне, ішкі сенімділігін арттыруына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне ықпал ететін маңызды фактор болып табылады.
1.3.Вариативтіліктің бұрыс қолданылуы және жиі кездесетін проблемалар
Алайда кей лагерьлерде вариативтіліктің мәні дұрыс түсінілмей, іс-шаралар саны шектен тыс көбейіп, бірақ олардың педагогикалық мақсаты анықталмай, бағдарлама «ойын түріндегі шоу-бағдарламаға» айналып кететін жағдайлар кездеседі. Мұндай кезде балалар жай уақытша эмоциялық әсер алумен шектеліп, іс-шаралардан тұлғалық немесе тәрбиелік пайда көрмейді, ал кейде тіпті балалар арасында артық бәсекелестік, өзін көрсетуге деген психологиялық қысым, топта өз орнын таба алмау секілді кері әсерлер де туындауы мүмкін, яғни вариативтілік мақсатсыз әрі ретсіз ұйымдастырылса, пайдалы емес, керісінше зиян келтіруі ықтимал деген тұжырым жасауға болады. Иә, әрине көңіл көтеруге арналған бағдарламалар да баланың көңіл күйінің көтерілуіне жақсы әсер етеді. Бірақ, бірыңғай сондай форматтағы іс-шаралар көбінесе пайда бермейді. Егер мәдени тынығу жұмысының әр формалары тек көңіл көтеруге емес, баланың ой-өрісін кеңейтіп, коммуникативтік қасиетін дамытып, эмоциялық интеллектіні нығайтуға, өзін-өзі басқару мен ұжыммен жұмыс істеуді үйретуге бағытталса, онда вариативтілік дұрыс деп есептеледі. Ал керісінше, іс-шара мақсатсыз, тереңдігі жоқ, тек уақыт өткізу бағытында ұйымдастырылған болса, онда бұл форманың педагогикалық мәні төмендейді. Сондықтан дұрыс тәсіл- формалардың санын емес, сапасын реттеу, әр әрекеттің тәрбиелік мәнін алдын ала анықтау және баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай құрылымдау.
Вожатыйлардың қызметі туралы
Жазғы лагерьлердегі вожатыйлардың қызметі- балалардың демалысын мазмұнды, қауіпсіз және тәрбиелік тұрғыдан пайдалы өткізуге бағытталған аса жауапты міндет. Вожатый тек ұйымдастырушы немесе жетекші емес, сонымен бірге педагог, тәрбиеші, психолог және кей жағдайда дос рөлін атқарады. Оның басты мақсаты-әр баланың жеке қабілетін танып, ұжымда өз орнын табуға көмектесу, сонымен қатар лагерь ішіндегі мәдени-тынығу іс-шараларын тиімді ұйымдастыру. Вожатыйлардың жұмысы бірнеше бағыттан тұрады.
Біріншіден, тәрбиелік қызмет-балалардың бойында адамгершілік қасиеттерді, мейірімділік пен жауапкершілікті және тіпті кейде патриоттық сезімді қалыптастыру. Бұл қызмет аясында вожатый күнделікті тәрбие сағаттарын, әңгімелер мен тренингтер өткізеді.
Екіншіден, мәдени-ұйымдастырушылық қызмет-лагерьдің рухани және шығармашылық өмірін ұйымдастыру. Вожатыйлар балаларға арнап концерт, театрландырылған қойылым, спорттық жарыс, интеллектуалды ойындар, эстафеталар сияқты әртүрлі іс-шараларды жоспарлап, балалардың белсенді қатысуына жағдай жасайды.
Үшіншіден, жауапкершілік қызмет-лагерьдің жалпы тәртібін сақтау, топтық жоспар құру, балалардың күн тәртібін реттеу және әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, вожатый психологиялық қолдау көрсетуші тұлға ретінде де маңызды рөл атқарады. Ол балалар арасындағы қарым-қатынасты бақылап, қиын жағдайда қолдау көрсетеді, ұжымда жылы атмосфера орнатуға тырысады. Әсіресе жасөспірімдермен жұмыс барысында вожатыйдың эмоционалды интеллектісі мен сабырлылығы үлкен рөл атқарады. Балалармен сенімді байланыс орнату үшін вожатый ашық, мейірімді, түсінігі мол болуы қажет.Қазіргі заман талабына сай вожатыйдың қызметі тек дәстүрлі әдістермен шектелмейді. Ол заманауи технологияларды, интерактивті ойындарды, цифрлық платформаларды тиімді қолдана білуі тиіс. Мысалы, әлеуметтік желі арқылы лагерь жаңалықтарын жариялау, балалардың жетістіктерін көрсету немесе онлайн викториналар өткізу-балалардың қызығушылығын арттыратын тәсілдер.
Жалпы, вожатый-лагерьдегі балалар үшін басты тұлға. Ол балалардың көңіл күйін, мінез-құлқын, белсенділігін бақылап, әр күннің босқа өту-өтпеуіне жауап береді. Вожатыйдың кәсіби шеберлігі, коммуникативтік қабілеті және шығармашылық ойлауы- жазғы лагерьдің табысты өтуінің басты кепілі. Сондықтан вожатыйлар арнайы педагогикалық дайындықтан өтіп, балалар психологиясын терең түсінуі қажет.
Мәдени-сауықтыру мекемелерінің негізгі мақсаты мынадай:
- Адамның бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру;
- Мәдени ағарту, көркем шығармашылық;
- Эстетикалық сезімдерін дамыту;
- Мәдени ойын-сауық шараларын өткізу;
- Қойылымдар арқылы адамды демалдыру;
- Спорттық жаттығулар арқылы денені шынықтыру;
- Рухани кештер арқылы адамның жан-дүниесін байыту. [5, 84.].
Сауалнама әдістері
Бұл сауалнамадағы сұрақтар жазғы лагерь бағдарламасының балаларға қаншалықты әсер еткенін жан-жақты көру үшін таңдалды. Негізгі мақсат- мәдени іс-шаралардың қызықтылығы, қолжетімділігі, шығармашылыққа ықпалы және вожатыйлардың жұмысы сияқты лагерьдің ең маңызды тұстарын бағалау. Яғни, осы сұрақтар балалардың лагерьде қалай сезінгенін, қандай іс-шаралардың есте қалғанын және бұл бағдарламаның жалпы тиімділігін анықтауға көмектеседі. Зерттеу нәтижелері қатысушылардың көпшілігі лагерьге оң бағасын бергенін көрсетеді.
Лагерьге бару жиілігі бойынша нәтижелер қызықты. Қатысушылардың 51,5%-ы лагерьге алғаш рет барған, ал 22,7%-ы 2–3 рет, 25,8%-ы 4 және одан да көп рет қатысқан. Бұл көрсеткіш лагерьдің балаларды қайта тарту қабілеті жоғары екенін дәлелдейді: әр төртінші бала бірнеше рет баруға ниет білдірген.
Лагерьде ең ұнаған іс-шараларды анықтау барысында қатысушылардың таңдауы әртүрлі болды, бірақ айқын көшбасшы бар. Би кештері-33,3% нәтижемен бірінші орынға шықты. Одан кейін спорттық эстафеталар-21,2%, ән байқауы-18,2%, театрландырылған қойылымдар-16,7%, және шеберлік сабақтары-10,5% көрсеткіш жинады. Бұл жастардың белсенді, көңілді, қозғалысқа толы іс-шараларға көбірек қызығатынын көрсетеді.
Іс-шаралардың қызықтылық деңгейін бағалау кезінде 78,8% қатысушы оларды “қызықты” деп бағалады. 19,7% -“орташа”, ал “мүлде қызықсыз” деген жауап небәрі 0,1% болды. Бұл көрсеткіш лагерь бағдарламасының жалпы алғанда сәтті құрылғанын аңғартады.
Іс-шаралардың қолжетімділігі де жоғары бағаланған: 77,3% бала “барлық бала қатыса алады” деп жауап берген. Дегенмен 19,7% “әрқашан емес” деп көрсетсе, 0,5% іс-шараларға мүлде қатыса алмағанын айтқан. Бұл бағдарлама көпшілікті қамтығанымен, кей балалардың өздерін шетте қалғандай сезінуі мүмкін екенін көрсетеді.
Балалардың қай іс-шара түрі шығармашылық қабілетін дамытуға көбірек көмектеседі деген сұраққа берген жауаптары мазмұнды болды. 39,4% театр мен сахналық өнерді негізгі шығармашылық бағыт деп санайды. 33,3% музыка мен биді, 19,7% интеллектуалдық ойындарды, тек 6,5% қолөнерді таңдаған. Бұл шығармашылық дамуға ең үлкен үлес сахналық әрекеттер мен өнер бағыттары арқылы келетіні туралы түсініктің басым екенін көрсетеді.
Вожатыйлардың жұмысына қатысты пікірлер өте жағымды: 90,9% оларды “өте белсенді, достық қарым-қатынаста” деп бағалаған. 9,1% тек кейде салғырттық байқалатынын айтқан. Ешбір қатысушы “өте әлсіз” деген баға бермеген. Бұл лагерь персоналының жұмыс сапасының жоғары екенін дәлелдейді.
Лагерьдегі мәдени жұмыстардың баланың жеке дамуына әсеріне келсек, нәтижелер мынадай: 50% қатысушы “көп достар таптым” деп жауап берген, бұл әлеуметтік бейімделудің елеулі дамығанын көрсетеді. 25,5% шығармашылық қабілетінің артқанын айтса, 19,7% өзіне деген сенімділігі мен батылдығы өскенін атап өткен. Тек 4,5% еңбек пен тәртіп дағдысының қалыптасқанын көрсеткен.
Жалпы алғанда, сауалнама нәтижелері лагерьдегі мәдени-танымдық жұмыстардың балалардың әлеуметтік, шығармашылық және психологиялық дамуына айтарлықтай оң әсер қалдырғанын көрсетеді. Қатысушылардың басым бөлігі іс-шараларды қызық деп бағалап, мәдени бағдарламалардың мазмұнына қанағаттанған:
| Қатысушылардың жас ерекшелігі | 10-13ж
14-17ж 18-21ж |
12,1%
18,2% 69,7% |
| Лагерьге неше рет барған | 1 рет
2-3 рет 4 және одан да көп |
51,5%
22,7% 25,8% |
| Лагерьде ең ұнаған іс-шара | Би кештері
Ән байкауы Театрландырылған қойылым Эстефета/спорттық ойындар Шеберлік сабақтары |
33,3%
18,2% 16,7% 21,2% 10,5% |
| Іс-шаралар қаншалықты қызықты болды? | Қызықты
Орташа Мүлде қызықсыз |
78,8%
19,7% 0,9% |
| Іс-шаралар барлық баланың қатысуына мүмкіндік берді ме? | Иә
Әрқашан емес Жоқ |
77,3%
19,7% 0,5% |
| Қай іс-шара шығармашылық дамуға көбірек ықпал етеді? | Театр/сахналық өнер
Музыка және би Қолөнер Интеллектуалды ойындар |
39,4%
33,3% 6,5% 19,7% |
| Вожатыйлардың қызметі | Өте белсенді, достық қарым қатынас
Жақсы, бірақ кейде салғырттық Өте әлсіз |
90,9%
9,1% 0% |
| Лагерьдегі мәдени жұмыстардың әсері | Көп достар, жаңа таныстық
Өзімді сенімді ұстау Шығармашылық қабілет артуы Еңбек пен тәртіп |
50%
19,7% 25,5% 4,5% |
Нәтижелер көрсеткендей, лагерь балалар үшін есте қаларлық орта болған. Респонденттердің көпшілігі лагерьге алғаш рет барса да, бірнеше рет барғандар да аз емес- бұл балалар лагерінің өз уақытында тартымды және қызық болғанын дәлелдейді.Лагерьге барған адамдардың тәжірибелері бойжеткенге дейін де сақталады. Қатысушылар лагерьдегі іс-шаралардың көпшілігі балаларға қызықты ұйымдастырылғанын айтқан. Кей жағдайларда барлық балаға бірдей мүмкіндік берілмеген деген пікір бар, бірақ жалпы бағалау-оң. Шығармашылық дамуға ықпал еткен ең маңызды элемент ретінде театр, музыка, би іс-шаралары аталды. Бұл лагердің тек демалыс емес, балалардың тұлғалық және шығармашылық дамуына да әсер еткенін дәлелдейді.Вожатыйлардың жұмысы жоғары бағаланған: көпшілік оларды белсенді, достық қарым-қатынасқа бейім, балалармен жақсы тіл табысатын мамандар ретінде еске алады. Жалпы әсерлердің ішінде-көп дос табу, сенімділіктің артуы, шығармашылық қабілеттің өсуі жиі кездеседі. Бұл жазғы лагерь балалық шақтағы әлеуметтік және мәдени тәжірибені қалыптастыруда үлкен рөл атқарғанын көрсетеді.
Қорытынды
Зерттелген жұмыстарымыздың нәтижесінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы мәдени тынығу жұмысының вариативті формалары-бүгінгі қоғамдағы тәрбие мен бос уақытты тиімді пайдаланудың маңызды бағыттарының бірі екеніне көз жеткіздік. Жазғы лагерьлер балалардың тек демалатын орны ғана емес, сонымен қатар олардың рухани, шығармашылық және әлеуметтік тұрғыдан дамуына ықпал ететін мәдени орталығына айналды. Мұнда әрбір іс-шара баланың тұлғалық қалыптасуына, өмірге көзқарасының жақсы жаққа өзгеруіне, ұжымдық қарым-қатынас дағдыларының дамуына әсер ететін педагогикалық процесс ретінде қарастырылады.
Мәдени тынығу жұмысының басты құндылығы- оның әр баланың қызығушылығына, жас ерекшелігіне және шығармашылық қабілетіне сай ұйымдастырылуында. Театрландырылған қойылымдар, ойындар, спорттық жарыстар, шығармашылық шеберханалар мен экологиялық акциялар балалардың ішкі қабілетін ашып, өзін-өзі тануға жол ашады. Заманауи лагерьлерде бұл жұмыстар дәстүрлі әдістермен ғана емес, цифрлық технологиялармен де ұштасып, балалардың ақпараттық және коммуникативтік дағдыларын дамытады. Осы үдерістің табысты болуы вожатыйлардың кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне тікелей байланысты. Оның жұмысы арқылы балалардың рухани ойлау қабілеті байып, ұжымда бір-бірін сыйлау, жауапкершілік пен өзара көмек көрсету дағдылары қалыптасады. Вожатый шығармашылықпен жұмыс істей отырып, мәдени тынығу іс-шараларын балалардың дамуына қарай бағыттайды. Мәдени іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылған жағдайда бала өзін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінеді, шығармашылыққа, ізденіске және адамгершілікке ұмтылады. Сондықтан да мәдени тынығу жұмысының формаларын жетілдіру, жаңарту және педагогикалық тұрғыдан зерттеу- заманауи тәрбие жүйесінің басты міндеттерінің бірі болып қала береді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- С. И. Литвинова. «Организация досуга детей и подростков». – Нур-Султан, 2021 л. 1-35 с.
- З. У. Колокольникова. «Методика организации детского досуга». – Кросноярк- Лесосибирск, 2011 л. 1-30 с.
- Мусина, Ж. “Балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың инновациялық тәсілдері”. – Педагогика және психология,2022 ж.
- Қалиев, С. “Тәрбие теориясы және әдістемесі”. – Алматы: Рауан, 2017.
- Белгозиева У. Мәдени-сауықтыру мекемелерінде бос уақытты ұйымдастырудың алғышарттары мен артықшылықтары.-Алматы, 2022 ж. 81-90 б.