Қорқыт ата жыры және Алпамыс батыр жырларындағы үндестік (тарихи сабақтастық, дәстүр жалғастығы)

Кампит Аяулым Қанатқызы
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті

Филология факультеті В016 Қазақ тілі және әдебиеті мұғалімдерін даярлау Ко-23-5к


Аннотация

Бұл мақалада «Қорқыт ата жыры» мен «Алпамыс батыр» жырлары арасындағы тарихи сабақтастық пен дәстүр жалғастығы қарастырылады. Екі жырдың мазмұны, кейіпкерлер жүйесі және тақырыптық өзегі ортақ түркілік танымға негізделген. Жырлардағы эпикалық құндылықтар, батырлық дәстүр, ру-тайпалық бірлік пен отансүйгіштік сияқты тақырыптар зерттеледі. Сонымен қатар, бұл туындылардың қазақ халқының рухани-мәдени мұрасындағы орны мен маңыздылығы айқындалады.

Кілт сөздер

Қорқыт ата, Алпамыс батыр, эпостық жырлар, батырлық дәстүр, тарихи сабақтастық, дәстүр жалғастығы, түркі халықтары, рухани мұра, ұлттық құндылықтар, батырлық эпос, ел қорғау, отансүйгіштік.

Кіріспе

“Қорқыт ата кітабы”- түркі тектес халықтардың ежелгі түп-тамырын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрып, салт-санасын, ақындық дәстүрі мен тарихын танытатын эпикалық әрі тарихи мұра. Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары  арасында туып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тарап, рухани қазына ретінде күні бүгінге дейін өзінің тарихи, әдеби, этнографиялық, т.б. мәнін  жоймаған аса құнды да көркем туынды.  Ежелгі түркі ауыз әдебиетіне тән бұл мұра,  көркемдік дәстүр жазба әдебиетінде өз жалғасын тапты. Оның айқын көрінісі батырлық эпостың мұрасы- “Алпамыс батыр жыры”. Алпамыс батыр” — қазақ халқының қаһармандық эпосы, құнды мұрасы.. Алпамыс батырда” халықтың басынан өткен қаһармандық оқиғалары “Қорқыт ата кітабының” жалғасы, ерекше дәстүр сабақтастығының көрінісі ретінде сипатталады. «Қорқыт ата жыры» оғыз дәуірінің тарихи-мәдени болмысын бейнелесе, «Алпамыс батыр» жырының мазмұны қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Бұл жырлардан біз ру-тайпалық құрылымның сақталғанын, батырлық идеалдың уақыт өте келе дамығанын көреміз. Екі жыр да ел бірлігі мен жер қорғау мәселелерін эпикалық тұрғыда бейнелей отырып, ұрпаққа ортақ құндылықтарды жеткізеді.

Әдісі

Мақалада тарихи қолжазба “Қорқыт ата жыры” мен батырлық эпос “Алпамыс батыр” жырының арасындағы байланыс пен тарихи сабақтастықты анықтағандықтан, салыстыру, тарихи-салыстырмалы, салыстыра-талдау сынды әдістерді қолданамын.

Нәтижесі мен талқылануы

Түркі халықтарының ежелгі эпостары – олардың рухани болмысы мен дүниетанымының айнасы. «Қорқыт ата жыры» мен «Алпамыс батыр» жырлары сол ежелгі эпикалық дәстүрдің ең жарқын үлгілері болып табылады. Қос жырдың да негізгі мақсаты – батырлықты дәріптеу, ұрпаққа елді қорғау мен бірлік ұғымдарын аманат ету. Бұл жырларда ежелгі түркілік танымның жалпы желісі сақталғанымен, әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерге ие. 1815 жылы фон Диц тапқан он екі жырды қамтитын “Қорқыт ата” кітабының Дрезден нұсқасына арқау болған ежелгі жырдың бірі- “Байбөрі баласы Бәмсі-Байрақ туралы жыр”. Бұл жыр бертін келе қоғамдық өмірдегі сан қилы тарихи құбылыстарға сәйкес бірқатар өзгерістерге ұшыраған тәрізді. Соған сәйкес Бәмсі-Байрақ туралы жыр күні бүгінгі “Алпамыс батыр” жырына айналған сынды. Бір топ ғалымдар ғұндар дәуіріндегі Бәмсі-Байрақтың толық есімін Алып-Бамсы деп санайды. “Алып” әскери титулын ғұндар шайқаста ерең ерлік көрсеткен батырлардың атына қосып айтатын болған. “Алып-Бамсы” сөзі бірте-бірте келіп “Алпамса”, “Алпамша” және “Алпамыс” атанып кеткен.

Қорқыттың бұл жыры композициялық құрылысы жағынан “Алпамыс батыр” жырымен пара-пар келеді. Ал сюжеттік тұрғыдан айтылған екі жырдың алғашқы және кейінгі бөлімдері бірін-бірі қайталайды. Яғни, қос батырдың дүниеге келуі, сүйген жарына үйленуі, жау қолына қапылыста тұтқынға түсіп,ұзақ уақыт көлемінде зынданда жатуы, сүйген жұбайының басқа біреулермен үйлену тойының үстінен шығуы, жыр қаһармандарының көздеген мұрат-мақсатына жетуі және т.б. екі жырда да бір-біріне ұқсас, үндес болып келеді. Алпамыс жырындағы сақау əйел Бадамша мен Қамбура ұлы Бамсы Бейректегі кекеш əйел Қысырша да бір-бірін мінез-құлық пен жүріс-тұрыс жағынан қайталайды, бейнелер арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ деуге де болады. Сонымен қатар, екі жырдағы өзге де кейіпкерлер обаразы өзара үндес. Алпамыс –Бәмсі-Байрақ; Байбөрі – Байбурабек (Қамбөрі, Байбөрі); Байсары – Бәйбіжанбек; Гүлбаршын (Баршын)– Бану–Шешек; Ұлтан таз – Жарташық т.б. Көрсетілген соңғы кейіпкер

Алпамыстың құлы да, асыранды баласы да емес, Бәмсі – Байрақтың өте жақын досы. Байрақ қалыңдығы өз қолымен тігіп, сыйлаған көйлегін Жарташыққа сыйға тартады. Кейін өзі жаудың қолына түсіп, зынданда тұтқында отырғанда оның «өлгендігін» дәлелдеу үшін сол көйлекті Бану-Шешекке көрсетіп, алдап, некелеспекші болады. Қорқыттың “Бамсы Байрақ” жыры қазақтың өзге де жырларымен сарындас. “Қозы Көрпеш- Баян Сұлудағы” Қарабай мен Сарыбай да, “Алпамыстағы” Байбөрі мен Сарыбай да перзентке әбден зарығып жетеді, кейінірек бесік құда атанады. Бұдан бөлек, Бамсы мен Алпамыстың тамырлас, бір екендігіне дәлелдер жетерлік. Алпамыс батыр Гүлбаршын сұлуды алуға кеткенде, қалмақ ханы Тайшық Байбөрінің елін шауып кетеді. Елін, мал-мүлкін азат еткелі барған батыр қалмақтың қолына тұтқынға түседі. Ал гәуірлер, Байрақты Бану-шешекпен отауласқан түні қапылыста тұтқындап әкетеді. Екі кейіпкерді де жаулары жер асты зыңданға тастайды. Екі жырды ортақтастыратын дәйек мұнымен шектелмейді. Алпамысқа қалмақ ханының қызы Қаракөзайым ғашық болатын болса, Байраққа гәуір бегінің қызы ынтық болады; екі кейіпкер қыздардың өздерінің ғашық болған батыр тұтқындарын көру үшін күн сайын зынданға келіп тұруының өзі жырдың байланысын айқындайды. Алпамыс мен “Қорқыт ата “жырындағы Бамсы-Байрақты тұтқыннан құтқаратын жандар жау ханының қыздары. Екі кейіпкер зыңданға қырық құлаш қыл арқан тастап, батырдың қайтып келем деген уәдесін алып қалады. “Алпамыс”, “Байбөрі баласы Бамсы-Байрақ” жырларында тұтқыннан азат етілген батырдың елімен қауышуы да, баз кешкен ауыр тағдырлары да өте ұқсас суреттеледі. Ел халін көру мақсатында екі кейіпкер де диуана бейнесінде келеді. “Алпамыс батыр” жырында елге келген Алпамыс батыр Ұлтан құлдың күллі қоңырат еліне бек болып, Құлтай бабасын- қойға, әкесін- түйеге, шешесін, қарындасын- күндікке, Жәдігерін қозыға салып, сүйген жары Гүлбаршынды қалыңдық етіп алғалы жатқанын Тортайдан біледі. Ал Қорқыттың Бамсы-Байрағында, ел шетіне келген Байрақтың қарт әке-шешесінің жылай-жылай көр болып, қарындастарының қасырет шегіп, елінің әбігерге түскенің және жары Банушешекті Ярташұқтың алғалы жатқанын қарт жыраудан еститіні берілген. Берілген екі жырдың да бас кейіпкерлері той үстінде диуана болып айтысып, ерлікке тән өнер көрсетіп, халқын жаудан азат етіп, қазақ батырлық жырларына тән мотив, яғни отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, сүйген жарларына қайта қосылады.

Бәмсі-Байрақ жайлы жырды оқи отырып, қазақ әдебиетіндегі жоқтау жырларының қайнар бастауын көреміз. Жырда ағасы  Бәмсіні соғыста өлді деп ойлап, батырдың қарындасы мынадай монолог айтады. … Менің көз алдымда тұрған Қаратауым құлағалы қашан, бақсым? Ол сенің құлағыңа қалай жетпеген- Есік алдындағы бәйтерегім кесілгелі не заман — Ол сенің құлағыңа қалай тимеген? Дүниедегі тірегім, жалғыз ағамнан айрылдым. Ол сенің құлағыңа қалай жетпеген, бақсым? Мендей бақытсыз қызға дүние деген әлдеқашан адыра қалды емес пе, бақсым?”

Түпнұсқада поэзия түрінде берілген бұл монолог қазақтың жоқтау үлгісін айқара етеді. Осындай үндес жолдар “Алпамыс батыр” жырында да кездеседі. Жырдан үзінді, Онда халық Ұлтанға барып, көкпар сұрады. Онда Ұлтан айтты: «Сендерге адам көрмеген қызық көрсетейін, анау жүрген жеті жасар Жәдігерді көкпар қылып шабыңыздар!» — деді. Алпамыстың қадірін білетіндер бармады. Қадірін білетін көз көргендер: «Кешегі Алпамыс ердің көзі емес пе?» — деді. Қадірін білмейтіндер барып көкпарға шауып, баланы шырқыратып тартып жатты, сондағы Жәдігердің жігіттерге жалынып айтқаны:

Енді бала секірді,

«Көкежан» деп өкірді,

Өксіп-өксіп жылады,

Қайғымен көзін бұлады.

«Жан сауға,— деп,— көкелер!»

Әркімге мойын бұрады.

Осы тұста Жәдігердің Алпамысты жоқтап,оның көмегіне зәру болуы, Бамсы-Байрақтағы қарындасының ағасын жоқтап, елінің батырды аңсауы өзара ұқсас әрі байланысты. Жырдың тағы бір байланысының айқын көрінісі – Қорқыт ата есіміне байланысты ел арасында көп тараған сиқырлы шаһар- Баршынкент. Баршынкент- сұлудың қаласы деген мағына береді.  Күні бүгінге дейін халқымыз бұл шаһарды “Қыз қала” деп атап келеді.” Алпамыс батыр” жырындағы батырдың сүйген жары Гүлбаршын(Баршын сұлу) осында тұрған. Қорқыт ата жыры мен Алпамыс батыр жырының байланысын осы дәйектер байқатады. Одан бөлек, Қорқыт ата жырында күні бүгінгі Түркияның ақ шаһары, өзегі, астанасы атанып отырған Стамбул қаласы айқын көрініс табады. Жырға арқау болып отырған басты кейіпкер “Қазанның” 1930-жылға дейін Константинополь атауын сақтап тұрған Стамбул қаласына баруы жырдың тарихи салмағын көрсетеді.

 “Қорқыт ата кітабының” бірінші хикаясы- “Дирсеханұлы Бұқашжан” туралы жыры да “Алпамыс” батыр жырымен үндес. Қорқыттың бұл жырында батыр Бұқаш әкесінің жауларын түгел қырып салып, Дирсеханды жау қолынан босатады. Дәл осы секілді “Алпамыс батыр жырында Алпамыс батыр өзінің әке-шешесін, сүйген жары Гүлбаршынды Ұлтан ханның құлдығынан құтқарып алып, жауларынан кек алады.

Жырда ол былай келтірілген, Тез өлтірмей Ұлтанды, қорлықпенен өлтірді. Ғалым Е. М. Мелетинскийдің айтуы бойынша қаһармандық эпостарда әкесі үшін кек алу рулық-тайпалық өмірдің заңы, батыр өзінің алғашқы ерлігін әкесін жаудан құтқарудан бастайды. Екі жырдың ұқсастығынан бөлек, өзгешелеп тұратын айырмашылық тұстары бар. “Қорқыт ата кітабының” бірінші жырында балаға ие болу үшін, әйелінің кеңесі арқылы Дирсе хан аш-жалаңаштарға қыруар көп қайыр-садақа беріп, ата-баба аруағына сиына отырып тәңірден бала тілейді. Ал “Алпамыс батыр жырында” Байбөрі мен Аналық сапарға шығып, Әзіреті сұлтанға табынады. Отырарда Арыстан бап,

Сайрамда бар сансыз бап,—

Бәріне бір түнеді.

Әзіреті Қаратау

Әулиенің кені еді.

Өзен, сайын тастамай,

Бәріне бір түнеді…

Ол уақытта Бабата

Томпайып жатқан жер еді.

Атбесік салып басына,

Қабырын бұлар түзеді.

Қалған малын сарып қып,

Бұған да үш күн түнеді.

Екі жырдың тағы бір ерекшелігі, Қорқыт ата жырында тойға жиылға бектерді отауларға бөліп орналастыруында. Жырда ұл баласы барларды *ақ отауға*, ұлы жоқ, бірақ қызы бар кісілерді *қызыл отауға*, ұлы да жоқ, қызы да жоқ кісілерді *қара отауға* кіргізді. Түркі халықтарының дүниетанымында қара түс түнмен, жермен, бақытсыздық, сүреңсіздік және теріс бастамамен байланыстырылады. Батырдың әкесі үшін бұл -алапат қорлық. Жырда Дирсе хан бұл озбырлыққа шыдамай, қара отаудан шығып, қайғымен қан жұта жылайды. Ал Алпамыс батыр жырында бұндай отау тігіп, түстердің құдіреттілігі көрінбейді.Жырда  ол “Байбөрі қубас» деген сөз

Сүйегімнен өтеді, деген жолдармен берілген. Екі жырдың ең басты айырмашылғы- олардың соңында. “Қорқыт ата кітабының” ең соңғы он екінші жырында- оғыздардың қырғиқабақ соғыстары баяндалады. Жырдың басты кейіпкері Қазан өз үйін тонауға береді.(Өз үйін өзі тонауға беру- соғыстан жиналған олжаны бөліп алудың бір тәсілі немес ежелден қалыптасып келе жатқан салт). Бұл тонауға барша оғыз елі, яғни “үш оқ” (ішкі оғыз), “боз оқ” (сыртқы оғыз) қатысуы керек. Алайда бұл салтанатқа ішкі оғыздар ғана келіп, Аруз-қожа бастаған сыртқы оғыздап өкпелеп, Қазанға қастандық жасамақ болады. Ішкі оғыздардың беделді бегі, жырдағы Бәмсі батыр осы шайқаста өлім құшуымен жыр аяқталады. Ал “Алпамыс батыр” жырында  батыр Алпамыс ерлікке жетіп, ғұмырлы өмір сүреді.

Ерлікпен жетті мұратқа,
Еңбектің болып баяны.
Тыңлаған халық, риза бол,
Осымен бітті аяғы.

Екі жыр өзара ұқсас болғанымен де, айтарлықтай өзгешеліктерге де ие. Екі жыр да қазақ халқының рухани мұрасының бір бөлігі. Олар арқылы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің даму тарихын көруге болады. Батырлық эпостардың тәрбиелік маңызы зор, себебі олар арқылы ұрпаққа ерлік, елдік, бірлік сияқты құндылықтар аманатталады.

Қорытынды

«Қорқыт ата жыры» мен «Алпамыс батыр» жырларының мазмұнында тарихи сабақтастық пен дәстүр жалғастығы анық көрінеді. Бұл екі эпос – түркі әлемінің мәдени мұрасының алтын қазынасы. Жырлардағы батырлық идеалдар, отансүйгіштік идеялары мен ерлік дәстүрі қазақ халқының ұлттық болмысын терең түсінуге мүмкіндік береді. «Қорқыт ата жыры» мен «Алпамыс батыр» жырлары – қазақ халқының рухани мұрасының алтын діңгегі. Екі жырда да түркі халықтарының батырлық дәстүрі мен өмірлік философиясы айқын көрініс тапқан. Бұл жырлар тек көркем әдебиет туындылары ғана емес, сонымен бірге ұрпаққа өсиет ретінде қалдырылған мәдени-тарихи дереккөздер. Батырлардың ел қорғаудағы ерлігі, отбасына деген адалдығы, халықтың бірлігі мен ынтымағы – осы жырлардың басты мазмұны.

Жырлардағы тарихи сабақтастық пен дәстүр жалғастығы қазақ халқының мәдени тұтастығын, рухани байлығын сақтауға ықпал етті. «Қорқыт ата жырында» оғыз тайпаларының өмір сүру салты, тұрмыс-тіршілігі сипатталса, «Алпамыс батырда» қазақ халқының батырлық қасиеттері, елді жаудан қорғау жолындағы күресі кеңінен бейнеленеді.

Осы жырлардан тәлім алып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – қазіргі және келер ұрпақтың міндеті. Эпостардың мазмұны мен идеялары қазақ халқының ұлт болып қалыптасу тарихындағы маңызды кезеңдерді қамтып, рухани сабақтастықты жалғастырушы құрал ретінде қызмет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қорқыт ата. «Қорқыт ата кітабы». Алматы: «Жазушы», 2005.
  2. «Алпамыс батыр» жыры. Алматы: «Атамұра», 2003.
  3. Сейдімбек, А. «Қазақтың ауызша тарихы». Алматы: «Жазушы», 1997.
  4. Әуезов, М. «Қазақ халқының эпостық мұрасы». Алматы: «Ғылым», 1968.
  5. Жұмалиев, Қ. «Қазақ әдебиеті тарихы». Алматы: «Білім», 1996.
  6. Келімбетов, Н. «Көркемдік дәстүр жалғастығы». Астана: «Елорда», 2000.
  7. Жолдасбеков, М. «Қорқыт ата кітабы». Нұр-Сұлтан: «Күлтегін», 2019.
  8. Ыбыраев, Ш. «Бастау». Алматы: «Баспалар үйі», 2009.
  9. Келімбетов, Н. «Tүркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері”. Алматы: «Раритет», 2011.
  10. Әбжет, Б. «Сыр бойындағы жыршылық дәстүрдің Қорқыт дәуірінде қалыптасу кезеңдері». https://dergipark.org.tr/en/download/article-file/2394682
  11. Әлбеков, Т. «”Алпамыс батыр “ эпосының оғыз версиясы және оның тарихи негіздері». https://keruenjournal.kz/main/article/download/80/69
  12. https://search.app/FkkCDDNWVD5jTpab9

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх