Іргебай Алуа Айдосқызы
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университеті
Филология факультеті
6B01701-«Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасы
Жетекші: Рүстемова Жанар Айдарбековна
Аңдатпа. Бұл мақалада Абай Құнанбайұлының қара сөздеріндегі ғылым-білім мәселесі жан-жақты қарастырылады. Ұлы ойшыл білімді адамзат дамуының тірегі, өркениетті қоғам қалыптастырудың басты шарты деп біледі. Зерттеу барысында Абай дүниетанымының Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи еңбектерімен сабақтастығы, сондай-ақ оның кейінгі қазақ ағартушыларына ықпалы талданады. Сонымен қатар, ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдері мен оныншы, он жетінші, отыз екінші қарасөздеріндегі ғылым-білімнің рөлі сараланып, олардың негізгі идеялары зерделенеді.
Зерттеу барысында биографиялық, салыстырмалы-тарихи, құрылымдық (структуралистік) әдістер қолданылып, Абай мұрасының тарихи, әдеби және философиялық негіздері ашылады. Сонымен қатар, Абай шығармаларының қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызы мен оны оқытудағы инновациялық әдістер қарастырылады. Бұл зерттеу ғұламаның ағартушылық мұрасының терең мәнін аша отырып, оның бүгінгі күнгі өзектілігін көрсетеді.
Кілт сөздер: Абай Құнанбайұлы, қарасөздер, ғылым, білім.
Кіріспе
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани және мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан ойшыл, ақын және ағартушы. Оның шығармашылығы адамзаттық құндылықтарды, білім мен ғылымның маңыздылығын дәріптеуге негізделген. Абайдың «Қара сөздері» – қазақ әдебиетінің ғана емес, жалпы әлемдік философиялық ойдың көрнекті үлгілерінің бірі. Бұл еңбектерінде Абай қоғамның рухани кемелденуіне, білім мен ғылым арқылы өркениетті қоғам қалыптастыруға шақырады. Ол надандық пен жалқаулықты қоғамның кері кетуінің басты себептері ретінде қарастырып, жастарды оқу мен ізденіске ұмтылуға үндейді.
Бүгінгі таңда да Абайдың ғылым мен білім туралы ойлары өзекті болып отыр. Ақпараттық технологиялар дамыған заманда білім қоғамның ең басты капиталына айналды. Экономикалық, технологиялық және әлеуметтік прогрестің негізі – ғылым мен білім. Сондықтан Абайдың ағартушылық мұрасын терең зерделеу, оның қара сөздеріндегі ғылым мен білімге қатысты ойларын саралау – қазіргі заманғы білім беру жүйесінің дамуы үшін маңызды.
Ғылыми зерттеудің мақсаты — Абайдың қара сөздеріндегі ғылым мен білімге қатысты ой-пікірлерін жүйелеп, олардың қазіргі заманғы маңыздылығын ашу. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылды:
- Абайдың қара сөздерінде ғылым мен білімге қатысты айтылған негізгі идеяларын жүйелеу;
- Бұл идеялардың қазіргі білім беру жүйесімен және қоғаммен байланысын анықтау;
- Ғылым мен білімнің қоғам дамуындағы рөлін Абай ілімдері негізінде талдау.
Зерттеу материалдары мен әдістері – мақалада Абай Құнанбайұлының қарасөздеріндегі ғылым мен білім мәселесі жан-жақты қарастырылды. Зерттеу барысында ұлы ойшылдың дүниетанымын, көзқарастар жүйесін және педагогикалық-гуманистік идеяларын ашу үшін әртүрлі ғылыми әдістер пайдаланылды. Атап айтқанда, биографиялық, салыстырмалы-тарихи және герменевтикалық әдістер қолданылды.
Әдебиетке шолу – Абай шығармашылығын зерттеу тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлемдік деңгейде де жалғасып келеді. Қазақ ғалымдары оның ағартушылық мұрасын философиялық, педагогикалық және әдеби тұрғыдан терең талдаса, шетелдік зерттеушілер оның ойларын жалпыадамзаттық өркениет тұрғысынан қарастыруда. М. Әуезов Абайдың ойшылдық қырын ашса, Қ. Жарықбаев оның педагогикалық көзқарастарын талдады. Абайдың ағартушылық идеялары әлемдік ғылыми ойдың, әсіресе Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи еңбектерімен тығыз байланыста дамыған. Сонымен қатар, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» атты еңбегі, Құдайберген Жұбановтың «Абай қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласы қарастырылады.
Осылайша, Абайдың ғылым мен білімге қатысты көзқарастарын зерттеу – оның мұрасын тереңірек түсінуге, қазіргі білім беру жүйесімен сабақтастығын анықтауға және оның идеяларының уақыт талабына сай өзектілігін көрсетуге жол ашады. Бұл зерттеу арқылы біз ұлы ойшылдың қара сөздеріндегі ғылым мен білім туралы ойларын жаңа қырынан зерделеп, олардың бүгінгі қоғамдағы рөлін бағамдаймыз.
Нәтижелер және талқылау. Абай Құнанбайұлының қара сөздеріндегі ғылым мен білім мәселесі қазақ әдебиеттану ғылымында терең зерттелген күрделі тақырыптардың бірі болып табылады. Абайдың қара сөздеріндегі білім мен ғылым мәселесі адамның рухани кемелденуі, қоғамның дамуы және ұлттық сананың қалыптасуы тұрғысынан маңызды орын алады. Жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, Абайдың қара сөздеріндегі ғылым мен білім мәселесін зерттеу жұмысымызды әрі қарай жалғастырамыз. Бұл зерттеу Абайдың ағартушылық идеяларын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және оларды Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи сынды даналардың гуманистік дүниетанымымен сабақтастыра қарастыруға жол ашады.
Абайдың қара сөздеріндегі ғылым мен білім мәселесі қазіргі заманғы білім беру мен тәрбиелеу жүйелеріне де өзекті. Оның адам болмысына үңілуі, ғылым мен білімнің адам өміріндегі рөлі туралы ойлары бүгінгі күннің талаптарына сай келеді. Абайдың мұрасын зерттеу арқылы біз оның адамзаттық құндылықтар мен рухани байлыққа қосқан үлесін тереңірек түсіне аламыз.
Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған баға жетпес мұра болып табылады. Оның бұл шығармасы шығыстық «нама» жанрының қазақ топырағындағы жаңғыруы ретінде қарастырылып, Абайдың ағартушылық қызметінің маңызды бөлігі ретінде бағаланады.
Абайдың қара сөздерінің жазылу жанры әлі күнге дейін толық анықталмаған. Ғалымдар оны бірде «дидактикалық трактат», бірде «философиялық трактат», кейде «Қара сөз», «Ғақлия» деп атап жүр. Бұл жағдай Абайдың қара сөздерінің жанрлық ерекшеліктерінің көпқырлылығын көрсетеді.
Білім мен ғылым мәселесінің Абай шығармаларында қалай көрініс тапқанын талдамас бұрын жазушының өмір жолына қысқаша шолу жасап өтейік.
Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Семей облысының Шыңғыс тауларында дүниеге келген. Оның әкесі Құнанбай — беделді би, ел басқарған тұлға болған. Құнанбай Абайды жас кезінен бастап қоғамдық істерге тартқан, оны билікке дайындаған. Анасы Ұлжан мен әжесі Зере Абайдың тәрбиесінде маңызды рөл атқарған. Олар оның рухани дамуына, әдебиетке және білімге деген қызығушылығын оятқан. Абай алғашқы білімін ауыл молдасынан алғаннан кейін, Семей қаласындағы Ахмет-Риза медресесінде оқыды. Бұл медреседе ол араб, парсы және шағатай тілдерін меңгеріп, шығыс әдебиеті мен ислам философиясын терең зерттеді. Сонымен қатар, Абай медреседе оқып жүрген кезінде орыс мектебіне де қатысып, орыс тілі мен әдебиетін үйренді. Бұл қосымша білім оның дүниетанымының кеңеюіне, орыс және еуропалық мәдениетпен танысуына мүмкіндік берді.
Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, профессор Құдайберген Жұбановтың «Абай қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласы ұлы ақынның әдеби мұрасын терең зерттеуге арналған маңызды еңбектердің бірі болып табылады. Жұбановтың пікірінше, Абай өз заманының ғана емес, көршілес елдердің де әдебиетінде үздік деп танылған тұлға болып табылады. Ол өз шығармашылығында Шағатай әдебиетімен танысып, оны меңгергенімен, тек сол үлгімен шектелмей, қазақ әдебиетінің өзіндік ерекшеліктерін қалыптастыруға ұмтылған. Абай қазақтың халық әдебиетін жақсы біле отырып, оның айдын жолымен жүріп кетуге шамасы келе тұра, оны да өзіне баянды жол деп есептемеген, одан да шетке шыққан. Ол жер жүзінің классикалық әдебиетінің үлгісін таңдап ұстап, қазақ әдебиетін Байрон, Шиллер, Гете, Пушкин, Лермонтов, Толстой ізімен Батысқа жетелеген. [3]
Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен шығыстың ұлы ойшылы Қайқабус жазған «Қабуснама» арасындағы үндестік қазақ әдебиеттануында маңызды зерттеу нысанына айналған. Екі туындының жанрлық ерекшеліктері мен мазмұндық сабақтастығы Абайдың шығыстық дәстүрлерді терең меңгергенін және оларды қазақ қоғамына бейімдеп жеткізгенін көрсетеді.
«Қабуснама» 11 ғасырда өмір сүрген Қайқаус әмірдің ұлына арнап жазған дидактикалық трактаты. Онда адамгершілік, білім, әділет, ұят, қайырымдылық сияқты құндылықтар кеңінен қарастырылады. Қайқабус өзінің ұлына өмірлік кеңестерін беріп, оны адамгершілікке, білімге, әділеттілікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан. Абайдың қара сөздерінде де осы құндылықтар терең талданады. Мысалы, Абайдың 36-шы қара сөзінде ұяттың иманмен байланысы туралы айтылады: «Ұят иманға тән» деген екен. Бірақ көп жағдайда шамадан тыс ұяңдық өзіңе зиян келтіреді. Әдеттен тыс ұялшақ болмағын. Ұялшақтық әр кез қателесуіңе себепкер болып, бастаған ісіңе нұқсан келтіретін» [2] Бұл ой Қайқабустың «Ұят иманға тән» деген пікіріне үндес келеді. [8]
Сонымен қатар, Абайдың 33-ші қара сөзінде өнер мен еңбек туралы айтылады: «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі қазақтың әулиесі сол» [2] Бұл ой Қайқабустың «Өнердің абзалдығы, қадір-құрметі және өнегелі болу туралы» айтқан пікірімен үндеседі. [8]
Абайдың қара сөздері мен «Қабуснама» арасындағы үндестік екі ойшылдың адамгершілік, білім, әділет, ұят, қайырымдылық сияқты құндылықтарды жоғары бағалағанын көрсетеді. Бұл үндестік Абайдың шығыстық дәстүрлерді терең меңгергенін және оларды қазақ қоғамына бейімдеп жеткізгенін айғақтайды. Абайдың қара сөздері мен «Қабуснама» арасындағы сабақтастық қазақ әдебиетінің бай мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Абайдың «Ғақлия» сөздері де осы бағытта, әрбір мәселені жеке тарау ретінде талдап, терең философиялық ойлар мен өмірлік тәжірибелерді ұсынады. Мысалы, Қайқабус «Ақындық өнер туралы» тарауында: «Ей перзенттерім, егер ақын болғың келсе, ақылды бол. Сөзге жеңіл, көңілге қонымды болсын. Түсінуге қиын қисынсыз сөздерді қолданудан сақтан…» дейді. Бұл кеңес Абайдың «Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы» өлеңіндегі «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» деген жолдарымен үндеседі. Осылайша, Абай мен Кейқаус шығармалары арасында тақырыптық және мазмұндық ұқсастықтар байқалады. Бұл ұқсастықтар екі ұлы ойшылдың да адамзаттың рухани кемелденуіне қосқан үлесін көрсетеді.
«Қабуснама» 44 тараудан тұрып, әрбір тарауда өмірлік маңызды мәселелерге тоқталады: Алланы тану, астрономия, медицина, соғыс өнері, сауда-саттық, адамгершілік, мораль, құлықтылық, спорт, махаббат және т.б. Әр тарау жеке тақырыпқа арналған. Абайдың қарасөздері де 45 бөлімнен тұрып, әрқайсысында белгілі бір мәселе талқыланады. Бұл құрылымдық ұқсастық кездейсоқтық емес, екі еңбектің де адамзаттың рухани дамуына бағытталғанын көрсетеді.
Қайқабус «Қабуснамада» баласына: «Ей, перзентім, мен қартайдым… Білген ақыл кеңесімді кітапқа жазғым келеді… Сен ғибрат алғайсың, ал мен аталық парызымды өтейін» десе, Абай бірінші қара сөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік… Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін… кімде-кім ішінен кезекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім» деп жазады. Екі автор да өз тәжірибесін кейінгі ұрпаққа қалдыруды мақсат етеді. [2,8]
«Қабуснамада» Қайқабус: «Ей перзентім, қанша дана болсаң да, сен өзіңді халықтан данамын деп есептеме… Өзін қарапайым ұстап, білімсіз дейтін білімдар -нағыз дана сол» десе, Абай он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескере дүниедегі жақсы, жаманды таниды… Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп жазады. Екі ойшыл да білім мен даналыққа қарапайымдылық пен тәжірибе арқылы жетуге болатынын айтады. [2,8]
Қайкабус пен Абайдың даналыққа қатысты тұжырымдары терең философиялық үндестікпен өрілген. Қайкабус «дана адам» ұғымын қолданса, Абай «есті адам» терминін пайдаланады. Екеуінің де негізгі мақсаты адамды өзін-өзі тануға, кемелдікке жетелеу. Олар өздерінің ойларын білдіруде хакімдердің пікірлеріне жиі сілтеме жасайды, бұл олардың даналықтың сабақтастығын көрсетеді.
Мысалы, Кейкаус өзінің «Кабуснама» еңбегінде:
«Ей, перзентім, қанша дана болсаң да, сен өзіңді халықтан данамын деп есептеме, сен өзіңді кіші санасаң, ұлық боласың, надан санасаң, дана боласың.» Ал Абай өзінің он тоғызыншы қара сөзінде: «Есті адам орынды іске қызығып, жоқ іске қызықпайды.» Бұл үзінділерден көрініп тұрғандай, екі ойшыл да адамды қарапайымдылыққа, өзін-өзі тануға, даналыққа ұмтылуға шақырады. Олардың даналыққа қатысты көзқарастары уақыт пен кеңістіктен тыс, адамзаттың ортақ құндылықтарына негізделген. [2,8]
Абай шығармашылығында ғылым мен білім мәселесі ерекше орын алады. Оның бұл саладағы ойлары Шығыс пен Батыстың озық идеяларымен тығыз байланысты. Әсіресе, оның қарасөздеріндегі ғылым мен ақылға қатысты пікірлері Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұд Қашқари сынды түркі-ислам ойшылдарының еңбектерімен үндеседі.
Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегінде адамның кемелдікке жету жолын біліммен байланыстырады. Абайдың он жетінші қарасөзіндегі «ақыл, қайрат, жүрек» концепциясы Әл-Фарабидің адам бойындағы интеллектуалды және моральдық қасиеттердің үйлесімін сақтау туралы идеяларымен ұштасады. Философиялық тұрғыдан қарағанда, Абай мен Әл-Фараби рухани кемелдену мен ақылдың рөлі туралы ортақ көзқарас ұстанған.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанында білімді адамның қоғам үшін маңызды екенін көрсетеді. Абайдың жиырма алтыншы қарасөзіндегі «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады» деген сөзі Баласағұнның «Білімсіздің қолына билік тисе, ол зұлымдық жасайды» деген ойымен мазмұндас. Екі ойшыл да адамның өзін жетілдіруі үшін білімнің шешуші рөл атқаратынын айтады.
Ясауи ғылымды тек теориялық білім емес, адамның өзін-өзі тану құралы ретінде қарастырады. Абайдың қырық бесінші қарасөзіндегі «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаділет, сезім» деген пікірі Ясауидің «хикметтерімен» үндеседі. Екі ойшыл да адамның рухани жетілуін, білім арқылы кемелденуін маңызды санайды.
Қашқари түркі халықтарының тіл байлығын жинақтай отырып, білім мен тілдің ұлттың болашағына әсерін зерттеді. Абай өз қарасөздерінде қазақ халқының мәдениетін, ұлттық санасын дамытуда білімнің маңызын ерекше атап өтті. Екі тұлға да тіл мен ғылымның халықтың дамуы үшін маңызды екенін көрсетті.
Мұхтар Әуезовтің Абай Құнанбайұлының мұрасына қосқан үлесі қазақ әдебиеттану ғылымында айрықша орын алады. Ғалымның Абайдың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеуі, оның шығармаларының идеялық мазмұнын терең талдауы, ақынның әдеби тілін қалыптастырудағы жаңашылдығын көрсетуі абайтану ғылымының негізін қалаған маңызды қадам болды.
Ғабит Мүсіреповтің Абай мұрасына қатысты ой-толғамдары қазақ әдебиеттану ғылымында маңызды орын алады. Жазушының «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» атты еңбегінде Абайдың әдебиеттегі өсиетін шындық, шеберлік, адам баласына ортақ гуманизм, еліңді, Отаныңды сүю деп саралайды. Ғ.Мүсірепов Абайды ғалым әрі ұлы, әрі ұлттық ақын деп түйіндейді.
XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Ресей империясының құрамында болды. Бұл кезеңде қазақ қоғамы отарлық саясаттың әсерінен әлеуметтік және мәдени өзгерістерге ұшырады. Абай осы өзгерістерді байқап, қазақ халқының рухани дамуына ерекше көңіл бөлді. Ол ғылым мен білімнің маңызын түсініп, оларды адам болмысының негізі ретінде қарастырды.
Абай жиырма бесінші қарасөзінде: «Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен,» – деп атап өтеді. [2] Бұл ой арқылы ол адамның негізгі қажеттіліктері қамтамасыз етілгеннен кейін ғана ғылым мен өнерге ұмтылу мүмкін болатынын көрсетеді. Ол қазақ халқының білімге деген құштарлығын оятуға тырысты.
Абай өз қарасөздерінде орыс тілін үйренудің маңыздылығын атап өтеді. Ол орыс тілі арқылы әлемдік ғылым мен мәдениетке қол жеткізуге болатынын түсінді. Бұл көзқарас сол кезеңдегі қазақ зиялыларының арасында кең тарады және кейінгі ұрпаққа үлкен әсер етті.
Ақыл, қайрат, жүрек — адам болмысының үш тағаны. Абай он жетінші қарасөзінде ақыл, қайрат және жүрек үшеуінің өзара таласын сипаттайды. Әрқайсысы өз артықшылығын дәлелдеуге тырысады, бірақ соңында ғылымға жүгінеді. Ғылым олардың әрқайсысының маңызын мойындай отырып, жүректі басшылыққа алуды ұсынады. Бұл жерде ғылым — әділ төреші ретінде көрінеді, ал жүрек — адамгершілік пен мейірімділіктің қайнары.
Абай ғылымды тек білім жинау құралы емес, сонымен қатар адамгершілік пен рухани дамудың негізі ретінде қарастырды. Ол ғылымның көмегімен адам ақыл, қайрат және жүрек қасиеттерін үйлестіріп, кемелдікке жетеді деп сенді. Бұл көзқарас сол кезеңдегі қазақ зиялыларының арасында кең тарады және кейінгі ұрпаққа үлкен әсер етті.
Абайдың 38-қарасөзінен үзінді: «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады.» [2] Абайдың 38-қарасөзі қазақ қоғамының сол кезеңдегі шынайы бейнесін көрсететін терең философиялық шығарма. Ол ғылым мен білімнің маңыздылығын, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың білімге әсерін және ұлттық болмыстың сақталуын терең талдайды. Абайдың бұл ойлары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Абайдың оныншы қарасөзінен үзінді: «Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі — бір тез қартайтатұғын күйік.» [2] Бұл үзіндіде Абай ғылым мен білімге ұмтылған адамның қоғамда жалғыз қалып, өз білімін бөлісетін немесе кеңес сұрайтын адам таба алмайтынын айтып, мұндай жағдайда ғылымның өзі адамға күйік әкелетінін білдіреді. Ол білімге деген құштарлықтың қоғамда қолдау таппауы адамның рухани күйзелісіне себеп болатынын көрсетеді.
Абайдың 32-қарасөзінен үзінді: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас.», «Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады.», «Әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады?», «Білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі мұлахаза қылу, екіншісі — берік мұхафаза қылу. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.» [2]
Отыз екінші қарасөзінде Абай білім мен ғылымды үйренудің негізгі шарттарын атап көрсетеді. Ол білімді тек пайда табу немесе даңқ үшін емес, ақиқатты тану мақсатында үйрену қажет екенін айтады. Ғылымды тек пікірталас немесе жеңіс үшін емес, шынайы түсінік пен даму үшін үйрену керек. Ақиқатты таныған соң, оны берік ұстану және одан айрылмау маңызды. Сондай-ақ, ойлану және есте сақтау қабілеттерін дамыту арқылы білімді терең меңгеруге болады.
Абай қарасөздеріндегі ғылым-білім мәселесін зерттеуге арналған әдістемені білім беру процесіне тиімді енгізу үшін келесі ұсыныстарды ұсынамыз: Оқушылардың қарасөздерді ғылыми тұрғыдан талдау қабілетін арттыру үшін интерактивті әдістерді (пікірталас, жобалық жұмыс, шағын зерттеулер) енгізу ұсынылады. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі идеяларын STEM-білім беру жүйесімен интеграциялау ұсынылады. Қарасөздерді оқыту барысында интерактивті әдістерді, сахналық қойылымдарды, дебаттар мен шығармашылық жобаларды қолдану олардың мазмұнын меңгеру процесін жандандырып, оқушылардың қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, қарасөздердегі негізгі ойларды заманауи контексте қарастыру арқылы олардың өзектілігін көрсетуге болады.Осылайша, Абайдың қарасөздерін оқыту әдістемесі – білім мен тәрбие берудегі маңызды құрал, әрі рухани жаңғырудың іргетасы.
Абай Құнанбайұлының білім мен ғылымға қатысты терең ойлары кейінгі қазақ ағартушыларының шығармаларында жалғасын тапты. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев және Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды зиялылар Абайдың идеяларын дамытып, ұлттың рухани жаңғыруына үлес қосты. Шәкәрім Абайдың рухани-адамгершілік ілімін жалғастырып, білім мен ғылымды адам болмысының негізі ретінде қарастырды. Ол «ұждан» ұғымын алға тартып, оны «ынсап, мейірім, әділет» деп сипаттады. Бұл қасиеттер адамның рухани дамуы мен қоғамдағы үйлесімділіктің негізі болып табылады. Ал Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалап, «Тіл – құрал» оқулығын жазды. Ол білім беру жүйесін ана тілі арқылы дамыту қажеттігін атап өтті. Оның әдістемелік еңбектері қазіргі бастауыш білім беру саласында кеңінен қолданылады. Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде бала тәрбиесінің маңыздылығын, ойлау қабілетін дамыту жолдарын қарастырды. Ол дедукция, индукция, аналогия әдістерін пайдаланып, баланың саналы азамат болып өсуіне ықпал ететін тәсілдерді ұсынды.Сұлтанмахмұт Торайғыров Абайдың ағартушылық идеясын жалғастырып, білім мен ғылымды ұлттың болашағы ретінде қарастырды. Ол өз шығармаларында халықты білімге, ғылымға ұмтылуға шақырды, бұл арқылы ұлттың өркендеуіне жол ашуға тырысты. Бұл ойшылдардың еңбектері қазіргі білім беру жүйесінде де өзектілігін жоғалтпай, ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқаруда.
Қорытынды
Жүргізілген зерттеу нәтижелері Абай Құнанбайұлының ғылым мен білім туралы ойларының терең философиялық, әлеуметтік және ағартушылық мәнге ие екенін көрсетті. Ақынның қарасөздері мен поэзиясында білімді адамзат өркениетінің іргетасы ретінде қарастырып, оның моральдық-этикалық құндылықтармен сабақтастығы айқындалды.
Абайдың ғылым мен білімге шақырудағы басты идеялары төмендегідей түйінделеді:
- Білім – кемел адам болудың негізі. Абайдың «Толық адам» концепциясы бойынша, ақыл, қайрат, жүрек тең үйлесім тапқанда ғана адам шынайы білімді меңгере алады.
- Надандық пен жалқаулық – дамудың басты кедергілері. Ақын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде адамның дамуына кедергі келтіретін бес түрлі қасиетті (өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақ) сынға алады.
- Ғылым – адамды рухани және материалдық дамудың шыңына шығаратын күш. Абай «Интернатта оқып жүр» өлеңінде білімді тек байлық үшін емес, халыққа қызмет ету мақсатында игеру қажеттігін түсіндіреді.
- Шығыс пен Батыс ойшылдарының синтезі. Абай Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи еңбектеріндегі моральдық-этикалық қағидаларды еуропалық білім мен ғылымның рационалдық принциптерімен ұштастыра отырып, қазақ қоғамына жаңа ағартушылық жолын ұсынды.
Зерттеу барысында Абайдан кейінгі қазақ ойшылдарының оның идеяларын жалғастырғаны анықталды. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты ағартушылар білімнің ұлт болашағындағы рөлін айқындап, Абайдың ғылыми ойларын дамытты.
Әдебиеттер тізімі:
- Мырзахметов М. Абайтану тарихы, Алматы, 1994, 191 6.
- Абай Құнанбайұлы. Қарасөздер – 2005.
- Жұбанов І. Шығармалар мен естеліктер, Алматы, 1990, 206 6.
- Мүсірепов қ. Әдебиет Алматы, 1987
- Сүйіншәлиев Х.Ж. Абайдың қарасөздері, Алматы, 1956, 150 6.
- Әл-Фараби. Ғылым мен білім туралы трактаттар – 1993.
- Қасқабасов С. Қазақ әдебиетінің тарихы – 1999.
- Кабуснаме. Алматы, 1992, 157 6.
- Смағұлова Г. Абай шығармаларындағы білім мен ғылым мәселесі – 2011.
- Өмірәлиев Қ.. Абай афоризмі — 1993