Фактчекинг пен медиасауаттылықтың қоғамдағы рөлі: қазақстан тәжірибесі

Бағыбай Балжан Жақсылыққызы
Туран университеті
Журналистика тобы


Аннотация

          Қазіргі ақпарат тасқыны дәуірінде жалған ақпарат пен оны тану мәселесі өте өзекті проблемаға айналды. Жалпы мұндай жағдай ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіріп, азаматтардың санасын манипуляциялауға жол ашады. Бұл мақалада жалған ақпараттың қоғамға тигізетін әсері туралы мәліметтер келтіріліп, фактчекинг пен медиасауаттылықтың ақпараттық қауіпсіздік, азаматтық сана мен медиамәдениетке ықпалы қарастырылады.

          ХХІ ғасыр – жаһандану мен цифрландыру дәуірі. Бұл кезеңде білім мен ақпарат ағынының кеңеюі, олардың қолжетімділігінің артуы адамзат баласын білім алуға, еркін пікір алмасуға итермелесе, екінші жағынан жалған ақпараттың таралу қаупін де едәуір күшейтті. Әсіресе соңғы жылдары әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы фейк жаңалықтардың таралуын шектен тыс жылдамдатты. Мұндай жалған ақпараттар, көп жағдайда, қоғамды шатастыру немесе манипуляциялау мақсатында әдейі таратылады. Оның артында белгілі бір топтардың мүддесі жататыны да жасырын емес – олар қоғамдық назарды белгілі бір бағытқа бұруды немесе жай ғана қаралым мен оқырман санын арттыруды көздейді.

          Мысалы, бұған дейін желіде «Төреғали Төрәлі көз жұмды», «Банан жеген адам коронавируске шалдығады» деген секілді шындыққа жанаспайтын ақпараттар жарияланып, халық арасында дүрбелең тудырған еді. Мұндай жағдайлар қазіргі қоғамда адамдардың ақпараттың шынайылығын бағамдауда қиналатынын, тіпті кейде ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырата алмай қалатынын көрсетеді. Соның салдарынан, жұрт арасында «журналистер не айтқысы келсе, соны жазады», «ақпарат құралдарына сенуге болмайды» деген теріс түсінік қалыптасуда.

          Осы мәселені еңсеру үшін, ең алдымен, халықты ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауға үйрету қажет. Әрбір жаңалықты сүзгіден өткізіп, дереккөзіне, мазмұнына, логикалық дәйектілігіне мән беру – бүгінгі заманның басты қажеттілігіне айналды. Бұл үрдістер, түптеп келгенде, цифрлық медианың, соның ішінде әлеуметтік желілердің қоғамдық пікірге әсер етуде аса ықпалды күшке айналғанын көрсетеді.

          Осы орайда, мұндай ақпараттық қауіп-қатерлермен күресте 2017 жылдан бастап қазақ тіліне енген «фактчекинг» ұғымы алдыңғы қатарға шығады. Фактчекинг – бұл таралған ақпараттың шынайылығын тексеруге мүмкіндік беретін тиімді құрал ғана емес, сонымен бірге қоғамды сапалы, сенімді дерекпен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды алаң. Ол азаматтардың ақпараттық мәдениетін қалыптастырып, жалған деректердің жолын кесуде шешуші рөл атқарады [1, 5б.].

          Қазіргі заман оқырманы немесе тыңдаушы ақпаратты ең алдымен тақырыбы арқылы қабылдайды. Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда «ШОК!», «Сұмдық жағдай болды», «Масқара!», «Сынға қалды», «Халықты дүрліктірді» сияқты назар аударуға бағытталған айқайлы тақырыптар жиі кездеседі. Мұндай сенсациялық айдарлар, бір жағынан, материалдың қаралым санын арттырса, екінші жағынан дезинформацияның қарқынды таралуына жол ашып отыр.

          Әсіресе WhatsApp секілді мессенжерлерде «Алматыда балалар ұрланып жатыр», «Әуежайға бомба қойылды» деген секілді шындыққа жанаспайтын фейк ақпараттар қоғамда дүрбелең туғызып, халық арасында үрей тудырғаны белгілі. Бұл фактілер әлеуметтік желілер мен мессенжерлер жалған ақпараттың басты тарату арнасына айналғанын дәлелдейді.

          ХХІ ғасырда жаңа технологиялардың пайда болуы ақпараттық кеңістікте бұрын-соңды болмаған өзгерістерге алып келді. Бүгінде кез келген адам әлеуметтік желі арқылы ақпарат тарата алатын мүмкіндікке ие. Бұл – бір жағынан, демократиялық еркіндік болса, екінші жағынан, манипуляциялық контенттің таралуын күрт көбейтті.

          Зерттеулерге сүйенсек, интернет қолданушыларының шамамен 70%-ы жаңалықтарды ең алдымен әлеуметтік желілер арқылы қабылдайды [2, 10-11бб.]. Мұндай ортада дезинформацияны қоғамға қажет бағытта бағыттап тарату – оңай іс. Әлеуметтік желінің алгоритмдері эмоциялық реакция тудыратын мазмұндарды алға шығаратынын ескерсек, жалған ақпараттың кең таралуы түсінікті жағдай.

          Қазақстанда фактчекинг саласында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан негізгі платформалар қатарында Factcheck.kz пен Stopfake.kz жобаларын ерекше атап өтуге болады. Бұл екі сайт та еліміздегі фактчекинг мәдениетінің қалыптасуына айтарлықтай үлес қосып, осы саланың жетекші ойыншыларына айналды.

          Factcheck.kz платформасы өзінің қызметін ақпараттық гигиена мен медиамәдениетті арттыру миссиясымен жүзеге асырады. Жобаның басты мақсаты – қоғамда тарайтын жалған мәліметтерге, ақпараттық манипуляция мен дезинформацияға тосқауыл қою. Платформа редакциясы күнделікті негізде қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерге, саяси және әлеуметтік сипаттағы мәлімдемелерге, қаржы саласына қатысты деректерге, сонымен қатар танымал тұлғалардың дау тудырған пікірлеріне талдау жүргізіп, олардың мазмұнын тексеруге бағытталған. Материалдарды сараптау нәтижесінде әрбір ақпараттың шындыққа сәйкестігі – «ақиқат», «жалған» немесе «жартылай шындық» секілді мәртебемен бағаланады.

          Ал Stopfake.kz платформасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отырған мемлекеттік жоба болып табылады. Оның негізгі мақсаты – әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде таралатын дезинформацияға жедел жауап беріп, азаматтарды сенімді және ресми ақпарат көздеріне бағыттау. Бұл сайт әлеуметтік желіде кең таралған ақпараттардың мазмұнын мұқият тексеріп, мәлімдемелер мен хабарламаларда аталған адамдар мен мекемелер туралы нақты деректерге сүйене отырып қорытынды жасайды. Сонымен бірге, Stopfake.kz тек мәтіндік контентті емес, фото және бейнематериалдардың да түпнұсқалығын зерттеп, визуалды манипуляцияларға қарсы талдау жүргізеді.

          Аталған екі платформаның іс-тәжірибесі Қазақстанда фактчекинг институтының біртіндеп дамып келе жатқанын көрсетеді. Зерттеуіміз барысында осы жобалардың жұмыс тәсілдеріне талдау жүргізіп, олардың жариялаған бірқатар материалдарын сараптадық. Мысалы, 2023 жылы әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдарда «Қазақстанда мобильді аударым арқылы тауар сатып алуға тыйым салынды» деген мазмұндағы жаңалық кеңінен тараған болатын. Бұл ақпаратқа Factcheck.kz платформасы тексеру жүргізіп, тараған мәліметтің негізсіз екенін анықтады. Аталған хабарламада Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің Жарлығы негізге алынғаны айтылғанымен, іс жүзінде бұл құжатта мұндай тыйым салу туралы нақты тармақ болмаған. Кейіннен Мемлекеттік кірістер комитеті де бұл мәліметті терістеді [3].

          Іс жүзінде аталған Жарлық 2022 жылдың наурыз айында қабылданған және оның мазмұнында жеке тұлғалардың банктік операциялары арқылы кәсіпкерлік қызметтен табыс табу белгілері байқалған жағдайларға қатысты нормалар көрсетілген. Алайда, бұл құжатта тауарға мобильді аударыммен төлеуге тыйым салу туралы нақты ереже жоқ. Яғни, әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында таралған мәлімет шынайы ақпаратты бұрмалап көрсеткен. Осылайша, қоғамда жалған түсінік қалыптасып, көпшілік негізсіз үрей мен шатасуға тап болды.

          БАҚ пен әлеуметтік желілерде бастапқыда тараған ақпарат мынадай сипатта болды: «Қазақстанда тауарды мобильді аударым арқылы төлеуге тыйым салынды. Қаржы министрі тиісті Жарлыққа қол қойды. Салық кодексіне сәйкес, барлық төлемдер бақылау-кассалық машиналар (БКМ) арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Мобильді төлемдер тек банктік қосымшалардағы QR-код арқылы рұқсат етіледі. Егер төлем POS-терминал арқылы жүргізілмесе, азаматтар Мемлекеттік кірістер комитетіне шағымдана алады, әрі мұндай жағдай үшін айыппұл салынады» [4].

          Алайда аталған мәлімет кейіннен тексеру нәтижесінде дезинформация екені анықталды. Бұл жағдай – ақпаратты тексермей тарату салдарынан халық арасында негізсіз түсінбеушілік пен сенімсіздік туындауының нақты мысалы. Сондықтан мұндай ақпараттық алаңдаушылықтың алдын алу үшін фактчекингтің маңызы зор.

          Танымал ресейлік журналист Владимир Познер журналистиканың басты миссиясын былайша сипаттаған еді: «Журналисттің міндеті – өз аудиториясына шынайы әрі нақты ақпарат жеткізу. Ол биліктің немесе оны қаржыландыратын партиялардың насихатына еріп кетпеуі тиіс. Яғни, журналист тек шындықты айтуға дағдылануы керек. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Мен үнемі осы бағытта болдым». Бұл ой – шындықты ту еткен адал журналистиканың үлгісі.

          Отандық журналистиканың абыз тұлғаларының бірі, медиа саласына ғұмырын арнаған Нұртілеу Иманғалиұлы да осы сарында пікір білдірген: «Журналистикаға еш қатысы жоқ, бірақ оның қуатын білетіндер бұл киелі мамандықты кәсіпке айналдыруға тырысуда. Біз ‘журналистиканы өзіміз таңдаймыз’ деп ойлаймыз, шын мәнінде, бұл мамандық бізді таңдайды. Журналистика – ұлттық санаға ықпал ететін күш. Ол не сол сананы биіктетеді, не құрдымға кетіреді». Бұл тұжырым журналистиканың ел болашағына әсер ететін рухани жауапкершілігін айқындайды.

          Ал қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, жазушы және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза журналист болудың қиын да, қадірлі жол екенін бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген: «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын». Бұл теңеу – журналистика саласындағы миссия мен мұраттың көркем әрі шынайы сипаттамасы.

          Жалпы алғанда, цифрлық медиадағы жалған ақпаратпен күресу – тек бір саланың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс. Бұл мәселені еңсеру үшін кешенді әрі көп деңгейлі тәсілді қолдану қажет. Ақпараттық кеңістікті сапалы ету жолында қоғам, билік және цифрлық платформалар арасындағы өзара ынтымақтастық пен үйлесімді әрекет шешуші рөл атқарады.

          Әрине, бұл бағыттағы табыс бір сәтте келмейді. Ол жүйелі стратегияны, ұзақ мерзімді жоспарды және нақты іс-шараларды қажет етеді. Осы ғылыми жұмыста жүргізілген салыстырмалы талдаулар мен қорытындылар негізінде ұсынылған тәсілдерді нақты жүзеге асыру арқылы ғана біз қоғамдық сананы жалған ақпараттың деструктивті ықпалынан қорғауға мүмкіндік аламыз. Бұл – ұлттық ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың кепілі.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Шайкенова А.Ж. Медиа және ақпараттық сауаттылық: оқу құралы – Петропавл: М.Қозыбаев атындағы СҚУ, 2023. – 112 б.
  2. Б.Ж. Каpимова , А.Ә. Рамазан, А.М. Жумагулова, Ж.Б. Есенбек. Қазақ журналистикасындағы фактчекинг жобаларының тиімділігі мен ерекшелігі // Хабаршы. Журналистика сериясы // №1. – (67) 2023. 10 б.
  3. КГД напоминает: в Казахстане запрещено принимать оплату мобильными переводами [Электронный ресурс]. // Kazakhstan Today. 26 июль, 2023. URL: https://www.kt.kz/rus/state/kgd_napominaet_v_kazahstane_zaprescheno_prinimat_oplatu_1377953344.html
  4. Опёнкова К. Правда ли, что в Казахстане запретили принимать оплату за товар мобильными переводами? [Электронный ресурс]. // Factcheck. URL:https://factcheck.kz/fastchesk/pravda-li-chto-v-kazahstane-zapretili-prinimat-oplatu-za-tovar-mobilnymi-perevodami/

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх