Холдарова Севинч
“Тұран” университеті журналистика мамандығының 1-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: Жадыра Әлміш
Қазіргі цифрлық қоғамда ақпарат көлемі геометриялық прогрессиямен өсіп келеді. Әсіресе жастар күнделікті уақыттың көп бөлігін интернет пен әлеуметтік желілерде өткізіп, жаңалықтарды дәл осы платформалар арқылы қабылдайды. Бұл жағдай медиасауаттылық дағдыларының маңызын күшейтіп отыр. Дүниежүзілік БАҚ зерттеулері жастардың шамамен 60–70%-ы жаңалықты әлеуметтік желілерден алатынын көрсетеді, алайда осы ақпараттың қаншалықты шынайы екеніне көп жағдайда күмән тудырады. Фейк жаңалықтар — қоғамдық пікірге әсер ететін, манипуляцияны күшейтетін, жастардың танымдық бағытын өзгертуі мүмкін қауіпті құрал. Сондықтан фейк ақпаратты ерте тану және оның таралу механизмдерін түсіну қазіргі жастар үшін негізгі компетенцияның бірі болып отыр.
Фейк жаңалықтар — әдейі адастыру немесе қоғамдық пікірді өзгерту мақсатында жасалған жалған ақпараттар. Оның таралу жолдары бірнеше арналар арқылы жүзеге асады: әлеуметтік желілердегі жоғары жылдамдықтағы контент алмасу, дереккөзі белгісіз аноним парақшалар, манипулятивті тақырыптар мен эмоционалды заголовоктар, сондай-ақ әлеуметтік желі алгоритмдерінің эмоциялық контентті алға шығару ықпалы. Зерттеулер көрсеткендей, жалған ақпарат шынайы жаңалыққа қарағанда 6 есе жылдам таралады, себебі ол адамның эмоциясына әсер етуге бағытталған.
Медиасауаттылық — ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау, талдау және бағалау қабілеті. Ғалымдар медиасауаттылықты үш компонентке бөледі: когнитивтік (ақпаратты түсіну мен талдау), эмоциялық (манипуляцияға берілмеу, эмоцияны ақпараттан ажырату) және әлеуметтік (ақпаратты жауапкершілікпен тарату). Жастар медиасауаттылығы — қоғам үшін стратегиялық маңызға ие, себебі жастар ақпараттық ағынға ең көп ұшырап, ақпаратты ең көп тарататын аудитория саналады.
Фейк жаңалықты анықтаудың бірнеше ғылыми негізделген әдістері бар. Біріншісі — дереккөзді тексеру. Ақпарат қай парақшадан шыққанын, оның ресми сайт немесе верификацияланған аккаунт екенін анықтау маңызды. Сонымен қатар жаңалықты кем дегенде екі тәуелсіз медиа бекітетініне назар аудару қажет. Екінші әдіс — авторлық талдау: автор туралы мәліметтің болуы, оның журналист не сарапшы екендігі, материалдың аноним емес екендігі. Үшінші тәсіл — мәтіннің құрылымдық талдауы, себебі фейк жаңалықтарда эмоцияға толы айқайлап жазылған заголовоктар, нақты дерек пен фактінің жоқтығы, «Сенсация!», «Шұғыл!», «Сенесіз бе?» сияқты шақыру сөздер жиі кездеседі. Төртінші тәсіл — фактчекинг құралдарын қолдану: Factcheck.kz, Stopfake.kz, Google Reverse Image Search, TinEye сияқты платформалар ақпараттың рас-өтірігін тексеруге мүмкіндік береді. Бесінші әдіс — визуалды контентті тексеру. Жалған суреттер жиі контекстен алынған немесе басқа жылдардан алынған болуы мүмкін, сондықтан кері іздеу технологиялары арқылы суреттің түпнұсқасын салыстыру қажет. Сонымен бірге ақпарат көзіне ықпал ететін саяси немесе коммерциялық мүддені бағалау да маңызды.
Жастардың фейк жаңалықты қабылдауына әсер ететін факторлар өте көп. Соның ішінде ақпараттық тездікке тәуелділік — жастардың жаңалықты тез қабылдап, тексеруге уақыт бөлмеуі; ақпараттың шамадан тыс көптігі — когнитивтік шаршауға әкеліп, дұрыс бағалау қабілетін төмендетеді; әлеуметтік ықпал — достар немесе таныстар жіберген ақпаратқа сенім арту; цифрлық платформаларға артық сенім — әлеуметтік желіні ресми дереккөз деп қабылдау. Эмоциялық реакция деңгейі жоғары болған сайын, фейк жаңалықты шынайы деп қабылдау ықтималдығы да арта түседі.
Жастар медиасауаттылығын арттыру үшін бірнеше бағыт ұсынылады: білім беру жүйесіне медиасауаттылық курстарын енгізу; университеттерде фактчекинг клубтарын ашу; жасөспірімдерге арналған тренингтер мен семинарларды көбейту; отбасы деңгейінде ақпараттық мәдениетті қалыптастыру; мемлекет пен медиа ұйымдарының фейкпен күрес бағдарламаларын кеңейту. Финляндия мен Эстония сияқты елдер бұл бағытта әлем көшбасшысы саналады, себебі медиасауаттылықты мектеп бағдарламасына енгізу жалған ақпаратпен күресуде тиімді нәтиже көрсеткен.
Қорытындылай келе, жастар медиасауаттылығы — ақпараттық қоғамда қауіпсіз өмір сүрудің басты шарты. Фейк жаңалықтардың жылдам таралуы, олардың қоғамдық пікірге әсер етуі және жастардың психологиялық ерекшеліктері бұл мәселенің өзектілігін арттыра түседі. Жалған ақпаратты анықтау дағдыларын қалыптастыру — тек білім беру жүйесінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Медиасауаттылық деңгейінің жоғарылауы қоғамның саналы, тұрақты және ақпараттық тұрғыдан қауіпсіз болуына ықпал етеді.