Қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетіндегі әйел образының көрінісі

Қусаин Айым Арсенқызы
Қалдыбаева Айжан Райымбекқызы
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Филология  факультеті, 6B01701-«Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасы

Жетекші: Бабашов Азат Мақсұтбекұлы
Филология ғылымдарының кандидаты


Аңдатпа

Бұл мақалада қазақ және шетел әдебиетіндегі әйел образдарының қалыптасу ерекшеліктері қарастырылады. Қазақ әдебиетіндегі әйел кейіпкерлерінің көркемдік табиғаты мен әдебиеттегі орны талданып, олардың бейнесінің уақыт өте келе қалай өзгергені зерттеледі. Сондай-ақ, шетел әдебиетіндегі әйел бейнелерімен салыстырылып, олардың негізгі сипаттары айқындалады.

Қазақ әдебиетіндегі әйел тұлғасы көбінесе ұлттық дәстүрлер мен отбасы құндылықтары негізінде бейнеленеді. Қазақ және шетел әдебиетіндегі әйел бейнесінің өзгеру динамикасы суреттеліп, оның көркемдік және идеялық маңызы қорытындыланады. Бұл зерттеу қазақ және шетел әдебиетіндегі әйел кейіпкерлерінің көркемдік табиғатын айқындап, олардың әдебиеттегі орны мен эволюциясын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Мақала нәтижелері баяндалып, болашақ зерттеулерге ұсыныстар келтіріледі.

Кілт сөздер: әйел бейнесі, қазақ әдебиеті, шетел әдебиеті, әдебиеттегі әйел эволюциясы.

Аннотация

В данной статье рассматриваются особенности формирования женского образа в казахской и зарубежной литературе. Анализируется художественная природа женских персонажей в казахской литературе, их роль в литературном процессе и эволюция образа во временной динамике. Также проводится сопоставление с женскими образами зарубежной литературы, выявляются их основные характеристики. Описывается динамика изменения женского образа в казахской и зарубежной литературе, обобщается его художественное и идейное значение. Данное исследование позволяет глубже определить художественную природу женских персонажей, их место и эволюцию в литературе. В статье представлены результаты исследования и предложены рекомендации для дальнейших научных работ.

Ключевые слова: женский образ, казахская литература, зарубежная литература, эволюция женского образа в литературе.

Abstract

        This article examines the specific features of the formation of the female image in Kazakh and foreign literature. It analyzes the artistic nature of female characters in Kazakh literature, their role within the literary tradition, and the evolution of their representation over time. The study also compares these portrayals with female images found in world literature and identifies their key characteristics.

In Kazakh literature, the female figure is predominantly depicted through the lens of national traditions and family values. The research outlines the dynamics of changes in the female image in both Kazakh and foreign literary contexts, highlighting its artistic and ideological significance. This study contributes to a deeper understanding of the artistic essence, literary role, and evolution of female characters. The article presents the main findings and offers recommendations for further research.

Keywords: female image, Kazakh literature, foreign literature, evolution of female characters in literature.

Кіріспе

Зерттеудің мақсаты – қазақ әдебиетіндегі әйел кейіпкерлерінің әдеби, мәдени және әлеуметтік қырларын талдау, олардың даму үдерісін зерттеу және шетел әдебиетіндегі әйел бейнелерімен салыстыру арқылы негізгі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды анықтау.

  Зерттеу барысында анализ жасау, салыстырмалы-тарихи, социологиялық және әдеби герменевтика әдістері қолданылды. Қазақ әдебиетіндегі әйел тұлғасы көбінесе ұлттық дәстүрлер мен отбасы құндылықтары негізінде бейнеленсе, шетел әдебиетінде ол әлеуметтік теңдік, ішкі жан дүниесінің күрделілігі және еркіндікке ұмтылыс тұрғысынан сипатталады.

Әдебиет –  қоғамның әлеуметтік құрылымын, тарихи даму үрдістерін бейнелейтін ғылым саласы болып табылады. Қазақ әдебиеті де осы тұрғыда өзіне тән ерекшеліктер мен ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, дәстүр мен жаңалықты үйлестіре отырып дамыды. Осы әдебиет аясында әйел бейнесі ерекше маңызға ие, себебі ол тек жеке тұлға ретінде емес, сонымен қатар қоғамның моральдық, рухани және әлеуметтік негізін құрайтын маңызды элемент ретінде қарастырылады.

Қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесі ғасырлар бойы өзгеріп, эволюцияға ұшырады. Ауыз әдебиеті дәуірінен бастап, эпостар мен аңыздарда әйел кейіпкерлері халықтың салт-дәстүрін, ұлттық руханиятын және моральдық нормаларын бейнелеген. Дәстүрлі шығармаларда әйелдер көбінесе отбасының, қауымның сақтаушысы, моральдық үлгі ретінде сипатталып, ұлттық идеалдардың жүзеге асырылуына ықпал еткен. Бұл кезеңдегі әдеби мұраларда әйелдің бейнесі ұлттық құндылықтардың, ата-әке мен ұрпақ арасындағы байланыстардың беріктігін көрсеткен.

XX ғасырдан бастап қазақ әдебиеті мен заманауи шығармаларда әйел бейнесі жаңа мазмұнға ие бола бастады. Қазіргі әдебиетте әйел кейіпкерлері тек отбасылық немесе аналық функциялармен шектелмей, әлеуметтік, саяси және экономикалық өзгерістер аясында күрделі, көпқырлы тұлға ретінде көрініс табады. Сонымен қатар, шетел әдебиетімен салыстырғанда, қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесі ұлттық спецификаны айқындап, оның қалыптасуына тарихи, әлеуметтік және мәдени факторлар ерекше әсер еткен.

Зерттеудің өзектілігі – қазіргі таңда гендерлік зерттеулер мен мәдениетаралық салыстырмалы әдебиеттанудың маңызды мәселелерінің бірі болып табылатын әйел бейнесін жан-жақты зерттеу қажеттілігінде жатыр. Бұл салада қазақ әдебиеті мен шетел әдебиетіндегі әйел кейіпкерлерінің ортақ ерекшеліктерін анықтау, әдеби шығармашылықтың дамуын, қоғамның әлеуметтік құрылымын және мәдени өзгерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Мақаланың негізгі мақсаты – қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесінің қалыптасуын, дамуын және шетел әдебиетіндегі көріністерімен салыстырмалы түрде талдау арқылы әдебиеттегі әйел рөлінің эволюциясын айқындау болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін зерттеу пәні мен объектісі, ғылыми әдістер мен теориялық негіздер жан-жақты қарастырылып, әдеби көзқарастардың жүйелі талдауы жүргізіледі.

Материалдар мен зерттеу әдістері

   Зерттеудің материалдық базасы ретінде қазақ және шетел әдебиетіндегі әйел бейнесін сипаттайтын классикалық және қазіргі заман әдеби шығармалары алынды. Қазақ әдебиетінен С. Торайғыровтың «Қамар сұлу», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», С.Мұқановтың «Ботагөз», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», С.Сәдуақасұлы «Күлпәш»  шығармалары зерттелді. Бұл шығармаларда қазақ қоғамындағы әйел бейнесінің эволюциясы, әлеуметтік жағдайы және әйелдің рөлі көрініс тапқан.

Шетел әдебиетінен Л.Толстойдың «Анна Каренина», Г.Флобердің «Госпожа Бовари», В.Вулфтың «Миссис Дэллоуэй», Стиг Ларссонның «Айдаһар татуировкасы бар қыз», Джиллиан Флиннің «Жоғалған қыз» шығармалары қарастырылды. Бұл шығармалардағы әйел кейіпкерлері гендерлік рөлдер, әлеуметтік шектеулер, әйелдің өзіндік ізденісі мен бостандығы тұрғысынан талданды.

Зерттеу барысында социологиялық, салыстырмалы-тарихи, әдеби герменевтика, активті сауалнама әдістері қолданылды. Осы әдістерді қолдану арқылы қазақ және шетел әдебиетіндегі әйел бейнесінің ерекшеліктері, олардың тарихи дамуы мен әдеби шығармалардағы көрінісі жан-жақты қарастырылды.

Зерттеу нәтижесі мен талқылануы

Зерттеу барысында қазақ және шетел әдебиетіндегі әйел бейнесінің қалыптасуы мен даму ерекшеліктері салыстырылып, олардың өзгеруіне ықпал еткен негізгі факторлар анықталды. XX ғасырдың қазақ әдебиетінде әйелдер патриархалды дәстүрлердің құрбаны ретінде суреттеліп, олардың тағдыры әлеуметтік нормаларға тәуелді болды. «Қамар сұлу» (С.Торайғыров), «Бақытсыз Жамал» (М.Дулатов) шығармаларында әйелдер теңсіздіктің символы ретінде бейнеленді. Ал шетел әдебиетінде әйел кейіпкерлер еркіндікке ұмтылғанымен, қоғамның шектеулеріне қарсы тұруда сәтсіздікке ұшырады. «Анна Каренина» (Л.Толстой), «Бовари ханымы» (Г.Флобер), шығармаларында әйелдің ішкі жан дүниесі мен қоғаммен қақтығысы сипатталды. Уақыт өте  қазақ әдебиетінде әйелдер қоғамдық өмірге белсенді араласып, ұлттық және әлеуметтік өзгерістердің қатысушысына айналды. «Ақбілек» (Ж.Аймауытов), «Ботагөз» (С.Мұқанов), «Ұлпан» (Ғ.Мүсірепов) шығармаларында әйел образы жаңа заманның талаптарына сәйкес бейімделе бастады. Шетел әдебиетінде әйел кейіпкерлер психологиялық, әлеуметтік және гендерлік теңдік мәселелеріне баса назар аудара отырып суреттелді. XXI ғасыр қазақ әдебиетінде әйел кейіпкерлер интеллектуалды, дербес, заман талабына сай тұлғалар ретінде көрініс тапты. Шетел әдебиетінде әйелдер әлеуметтік әділетсіздікке қарсы тұрып, өз құқықтары үшін күресуші тұлға ретінде бейнеленді. Қазақ әдебиетінде әйел бейнесі ұлттық дәстүрлер мен тарихи оқиғаларға негізделсе, шетел әдебиетінде олар индивидуализм мен гендерлік теңдік идеяларымен ұштасқан.

Бұл зерттеу әйел бейнесінің көркем әдебиеттегі рөлін талдап, оның қоғамдық даму үдерістеріне тікелей байланысты өзгеріп отырғанын көрсетеді.

Қазақ әдебиетінде әйел бейнесі әр дәуірде әртүрлі сипатталып, ұлттық таным мен қоғамның құндылықтарына сай дамып отырды. Қазақ әдебиетіндегі әйел теңсіздігі жайлы жазылған алғашқы шығарма ретінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романын қарастырамыз. Қ.Жанұзақованың пікірінше, Махаббат пен зұлымдық тақырыбындағы С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы – қазақ прозасындағы алғашқы романтикалық сипаттағы шығармалардың бірі. Және де Қамар тұрмыстық күйбеңнен гөрі адамның асқақ рухын ардақтаған романтизм үлгісіндегі кейіпкер  [9, 14 б]. Жалпы, Қамар сұлу – қазақ әдебиетіндегі әйел теңсіздігі мен ескі қоғамның әділетсіздігін көрсеткен өзекті шығармалардың бірі. Қамар – бойындағы сұлулық пен ақылдың үйлесімі арқылы қазақ қызының жаңа типін бейнелейтін кейіпкер. Ол – білімді, сұлу, еркін ойлы, бірақ тағдыры қатыгез дәстүрдің құрбаны болған жан. Қамар – жай ғана көрікті қыз емес, оның ең басты артықшылығы –  білімге деген құштарлығы және өз еркіндігі үшін күресуге талпынысында еді. Ол жастайынан білім алып, заман ағымына сай бейімделген қыз ретінде сипатталады:

Жасынан оқып, көзі ашылған,
Алысқа қиялымен қадам басқан.
Еркіндік, теңдік іздеп шарқ ұрған жан,
Тар қапас тағдырына мойын ұсынған. [1]

Қамардың еркіндікке деген ұмтылысы оның өзінің ұнатқан жігіті Ахметпен хат арқылы сырласуынан көрінеді. Бірақ қазақ қоғамында әйелдің өз қалауымен сүйгеніне қосылуы мүмкін емес еді. Қамардың басты трагедиясы – оның тағдырына таңдау жасауға мүмкіндік берілмегендігі. Әкесі Омар оны өзінен бірнеше жас үлкен, дәулетті, бірақ мінезі ұсқынсыз Жорға Нұрым молдаға зорлап ұзатады. Бұл оқиға қазақ қоғамындағы әйел теңсіздігінің көріністерінің бірі еді. Осы тұста қазақ қыздарында таңдау еркіндігінің болмағандығын және олардың  жеке басының құқықтарын қорғай алмағандығын байқаймыз.

Жылай-жылай әбден жасын құрғатты,
Жалынып көрді, бірақ оны тыңдамады... [1]

Қамардың жан айқайы қоғамның әділетсіздігі мен қалыптасып қалған дәстүрдің құрбаны болған көптеген қазақ қыздарының тағдырын көрсетеді. Ол еркін ойлы, өз пікірін ашық айтатын жан болғанымен, сол дәуірдегі әлеуметтік құрылым, дәстүрлі түсінік оның бақытты болуына мүмкіндік бермеді. Қамар сұлу тағдырының ең ауыр кезеңі – оның Жорға Нұрымға амалсыз тұрмысқа шығып, азапқа толы өмір сүруі. Жас қызды молданың күнделікті қорлауы , әділетсіздік пен мазақтауы оны қайғыға батырады. Соңында ол ауыр науқасқа шалдығып, өмірден ерте өтеді.

Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрген бұрын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыз өлді бүгін, көрдің бе мұны?[1]

Қамардың өлімі – қазақ қоғамындағы әйелдердің бас бостандығы үшін күрес жолындағы құрбандықтың бір символы. Ол тек жеке трагедия емес, тұтас қазақ қыздарының сол кезеңдегі аянышты тағдырын бейнелейді. Ежелгі эпостарда асыл жар мен адал ана образы кейінгі дәуір әдебиетінде әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрескен, өз бақыты үшін жан аямай еңбек еткен, рухани кемелденуге ұмтылған қайсар тұлғаға айналды. Солардың бастамасы ретінде  Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын жатқызамыз. Г.Әбдиман: Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы қазақ прозасын үлкен бір белеске көтерген күр- делі шығарма. Автор қазақ қызы киліккен қасі- ретті көрсету арқылы аласапыран тұстың озбыр- лық бейнесін ашады. Оны сол нəубеттен, тағдыр талқысынан құтқарған жаңа өмір салтымен бірге кейіпкер бойына жинақталған ерік-жігер құдіре- ті екендігі романда айрықша ақындалған. Ұлан- ғайыр уақыт пен жалпақ кеңістікте тағдырдың тар қапасына қамалған Ақбілек қасіретін оның өзін қоршаған ортаның қыспағына іштей қарсы- лығы мен адами күресін автор психологиялық талдау арқылы кейпкер жан дүниесіне бойлай отырып ашады. [10, 334 б].  «Ақбілек» романы — қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесінің өзгеру процесін айқын көрсететін шығармалардың бірі. Ақбілек – қазақ қызының нәзіктігі мен адалдығын сақтай отырып, тағдырдың ауыр сынағынан өтіп, өзіндік орнын таба білген қайсар әйелдің бейнесі. Романның басында Ақбілек ата-анасына еркелеп өскен  бойжеткен ретінде суреттеледі. Оның өмірі ақ әскерлердің қолына түскен сәттен бастап күрт өзгереді. Тұтқынға түсіп, зорлық-зомбылыққа ұшырағаннан кейін, туған ауылына оралғанымен, ол бұрынғы өміріне қайта орала алмайды. Себебі қоғам оның кінәсіз екеніне мән бермей, өткенін ұмытуға мүмкіндік бермейді. Бұл сол кездегі қалыптасыпқан дәстүрлі стреотиптер бойынша қандай жағдай болса да, қыз баласының кінәлі екендігін көрсетеді.

Кім біледі, оның жазығы не? Ақбілек кінәлі емес еді, бірақ ел оған күдікпен қарады, оның өткенін ұмытуға асықпады…[2]

Бұл тұста Ақбілек бейнесі қазақ қоғамындағы әйелге деген көзқарасты, оның қоғамдық пікірге деген тәуелділігі арқылыкөрсетеді. Ол – тек қана нәзіктік пен адалдықтың символы емес, сонымен қатар сол кезеңдегі  әділетсіздіктің құрбаны. Сонымен қатар, Ақбілек өз тағдырын өзі қалыптастырған әйел. Ақбілек қиындықтарға мойымайды. Өзінің жаңа өмірін бастауға ұмтылады. Білім алып, өзін жетілдіру арқылы тағдырын өзгертуге тырысты. Бұл оның тек жеке басының ғана емес, қазақ әйелінің рухани жаңғыруының да көрінісі еді.

Ақбілек басынан кешкен азаптарын еске түсіргісі келмеді. Ол енді жаңа өмір бастағысы келді. Өткеннің көлеңкесінде қалып қоймай, алға ұмтылуды ойлады…[2]

Осылайша, Ақбілек – қазақ әдебиетіндегі жаңаша сипаттағы әйел бейнесінің бірі. Ол тек тұрмыстық қиындықтарға қарсы тұрып қана қоймай, өзіндік дамуға, рухани кемелденуге, қоғамда өз орнын табуға ұмтылады. Бұл кейіпкер қазақ әйелінің ішкі жан дүниесін, оның мықтылығын, ерік-жігерін айқын көрсетеді. Ал Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпан» романы қазақ әдебиетінде әйел бейнесінің жарқын образы ретінде сипатталады. Н.А.Йылдыз: «Ұлпан» романында бас кейіпкердің де, басқа қаһармандардың да некесінде болған оқиға ағымынан немесе диалогтар аясында Қазақ түріктерінің некедегі әдет ғұрыптарын көруге болады.

Алдымен, Ұлпан қазақ дәстүрінде тыйым салынған жеті ата ағайынға үйленбеу қағидасын бұзбайтын неке құрады. Өзінің руынан тыс адамға тұрмысқа шығады.Ұлпан – тек бір отбасының ғана емес, тұтас елдің анасына айналған тұлға. Оның бейнесі арқылы жазушы қазақ даласындағы әйелдің тек  адал жар,  мейірімді ана ғана емес, ақыл-парасаты биік, ел басқаруға қабілетті тұлға бола алатынын көрсетеді.[11, 155 б].

Ұлпан – ер мінезді болғанымен  бірақ жүрегі жұмсақ, әділдігімен елге ұнаған әйел. Әкесінен ерте айырылғаннан кейін Ұлпан тағдырдың қиындығына мойымай, керісінше, өзін шыңдай түседі. Оның ерекше ақылдылығы мен батылдығы жас кезінде-ақ байқалған.

Ұлпан өзіне айтылған сөздің астарын бірден түсінетін. Ойын жасырмай, шындықты тура айтатын. Бірақ оның шындығы жүректі жараламайтын, қайта емдейтін еді...[3]

Ол жастайынан өз ортасында беделді, ақылымен ерекшеленген жан ретінде танылады. Қыз кезінде-ақ өз тағдырын өзі шешуге үнемі  талпынатын. Қыз бола тұра, ел басқару ісіне араласып, қиын кезеңдерде  дұрыс шешім қабылдай біледі. Ұлпанның тағдыры  Есенейге тұрмысқа шығуымен күрделі өзгеріске ұшырайды. Қария жасындағы, бірақ елге сыйлы, дәулетті Есенейге тұрмысқа шығу – Ұлпан үшін бір жағынан үлкен жауапкершілік еді. Алайда ол мұны халықтың ойына тәуелді болғандықтан емес, елдің қамын ойлаған дана шешім ретінде қабылдайды.

Ұлпан Есенейдің әйелі болғанымен, ол осы үйдің ғана емес, бүкіл елдің анасы сияқты еді. Оның бір ауыз сөзі талай даудың шешімін табатын. Ол әділдігімен, адамгершілігімен, қайсарлығымен айналасындағылардың бәрін баурап алатын...[3]

Ұлпанның бейнесі – қазақ әдебиетіндегі әйелдердің жаңа образын қалыптастырды. Ол – қоғамдық дәстүрлі стреотиптерге тәуелді жар емес, өзіндік ойы бар, шешім қабылдай алатын, халқын ойлайтын тұлға.

Ұлпанның бойындағы ақыл, мейірім мен батылдық оны жай ғана әйел емес, ел анасына айналдырды. Ол қазақ даласында алғаш билікке араласқан әйелдердің бірі болды. Оның әрбір шешімі – елдің игілігі үшін жасалған батыл қадам еді…[3]

Ұлпан бейнесі арқылы Ғабит Мүсірепов әйелдің қоғамдағы орнын, оның ерекше миссиясын терең ашып көрсетті.

Екі шығарманы салыстыра келіп, мынандай қорытындыға келдік:

Ақбілек Ұлпан Ортақ белгілер
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы ауқатты отбасынан шыққан жас қыз. Оның тағдыры ауыр сынақтарға толы: Азамат соғысы кезінде ақ әскерлердің тұтқынына түсіп, әділетсіздіктің құрбаны болады. Бастапқыда қорғансыз, нәзік болып көрінгенімен, өмірдің ауыр соққыларын еңсеріп, рухани өсіп, жаңа өмір бастайды. Ол өз тағдыры үшін күресіп, өзгере алатын мықты тұлғаға айналады.

 

Бала кезінен қайсар, көшбасшы мінезді болып өседі. Ол – ел басқарған, халыққа сөзі өткен, батырлық пен даналықты қатар ұстанған әйел. Ұлпанның тағдыры жеке басының амандығынан гөрі, халқының қамымен байланысты. Ол ер мінезді, дана, әділдігімен ерекшеленеді. Оның басты мақсаты – елдің бірлігі мен тұрақтылығын сақтау, халыққа пайдасын тигізу. Екеуі де тағдыр тәлкегіне түскен, өз ортасына сыйлы, рухани жағынан мықты әйелдер. Ақбілек өмірдің қиындықтарын жеке басының күресі арқылы жеңсе, Ұлпан қоғамға ықпал етіп, халықтың тағдырына әсер ететін тұлғаға айналады. Ақбілек – қазақ әйелінің нәзіктігі мен төзімділігінің символы болса, Ұлпан – қайсарлық пен даналықтың үлгісі. Осылайша, бұл екі бейне қазақ әдебиетінде әйелдің әртүрлі қырларын көрсетеді.

Ал қазіргі әдеби шығармаларға назар аударар болсақ, Сәкен Сәдуақасұлының «Күлпаш» әңгімесіндегі әйел бейнесі бұрынғы әдеби туындылардағы әйел кейіпкерлерінен бірқатар ерекшеліктерімен дараланады. Егер классикалық үлгідегі шығармаларда әйел бейнесі сабырлы, тағдырға мойынсұнған, тәуелді кейіпте суреттелсе, «Күлпаш» әңгімесіндегі әйел бейнесі өз таңдауын жасай алатын, еркін бейнеде көрсетіледі.

Мысалы, қазақ әдебиетінің ертеректегі туындыларында әйел көбінесе дәстүрлі стреотиптерге көнетін, ер адамға бағынышты тұлға ретінде сипатталса, ал Күлпаш қала өміріне қызығып, батыстық үлгідегі еркіндікке еліктеген жас қыз және ол белгілі бір стереотиптің аясында қалып қоймай, өз өмір жолын таңдауға ұмтылған кейіпкер. Бірақ оның бұл таңдауы әрдайым сәтті бола бермейтінін көреміз. Ол махаббат пен дәстүр, қала мен ауыл, арман мен шындық арасында тартысқа түсіп, ақырында шынайы құндылықтардың ауылда екенін түсінеді.

Сондай-ақ, «Күлпаш» әңгімесіндегі әйел бейнесі қазақ прозасындағы реализм бағытының дамығанын көрсетеді. Бұрынғы әдебиеттерде әйел көбінесе екінші орындағы кейіпкер болса, бұл шығармада оның тағдыры, ішкі күйзелісі, жасаған таңдаулары негізгі сюжетке айналған. Автор әйелді тәуелді бейне ретінде емес, өзіндік ойы бар, қателік жасай алатын, бірақ одан сабақ ала білетін тұлға ретінде бейнелейді.

Осы тұрғыдан алғанда, «Күлпаш» әңгімесіндегі әйел бейнесі қазақ әдебиетіндегі әйел образының эволюциясын айқын көрсетеді. Салыстырмалы тұрғыда бұрын әйел бейнесі – Ұлпан, Ақбілек, Қамар сұлу образдары көбіне этнографиялық сипатта болса, яғни оның сыртқы болмысы, дәстүрлік рөлі басым бейнеленсе, бұл шығармада оның ішкі психологиясына терең бойлау бар. Бұл – қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесін жаңа деңгейге көтерген маңызды қадамдардың бірі.

Енді шетел әдебиеттерімен салыстыру мақсатында, Лев Толстойдың «Анна Каренина» еңбегі қарастырылады. Анна Каренина – XIX ғасырдағы әйел бейнесінің жарқын мысалы. Ол өз бақыты үшін күрескен, бірақ қоғам талаптарына қайшы келген әйел образы ретінде суреттеледі. Толстой бұл кейіпкер арқылы сол дәуірдегі әйелдің еркіндікке деген ұмтылысын және патриархалды қоғамның шектеулерін көрсетті. Анна өз сезімдерін бірінші орынға қояды, бірақ бұл оның трагедиялық тағдырына әкеледі. Әлеуметтік-социологиялық тұрғыдан қарағанда, Аннаның бейнесі Ресей қоғамындағы әйелдердің құқықсыздығын және олардың жеке өмірін өз бетінше басқару мүмкіндігінің шектеулігін көрсетеді. Анна Каренина – қоғамның қатаң ережелері мен жеке бақыт арасындағы қайшылықтың символы. Ол сүйіспеншілікті таңдағанымен, қоғамның қысымына төтеп бере алмайды.

Ол Вронскийге қарап тұрды да, жүрегі толқығанын сезді. Бірақ бұл толқу қуаныш емес еді. Қорқыныш пен белгісіздікке толы махаббат оның жанын жаулап алғанын түсінді. [5]

Салыстыру критерийлері «Ақбілек» «Анна Каренина»
Өмірлік жағдайы Ақтардың тұтқынына түсіп, зорлық-зомбылық көреді. Бұл оқиға оның өміріне ауыр соқы болып тиеді, бірақ ол өзін қайта табуға тырысады. Сүймейтін күйеуімен өмір сүріп, шынайы махаббат аңсайды. Вронскиймен махаббат хикаясы үшін бәрін тәрк етеді. Бірақ оны қоғам қабылдамайды.
Психологиялық жағдайы Басында өзін кінәлі сезініп, қатты күйзеледі. Ауылына қайтқанда қоғамның қатал көзқарасына тап болады. Қоғамның қыспағы мен өзін кінәлі сезіну оны терең күйзеліске ұшыратады. Ол өзін бақытсыз әрі жалғыз сезінеді
Қоғаммен қарым-қатынасы Ауыл адамдары оны «арамданған» деп кінә тағады. Ата-анасы да салқын қараған. Бірақ ол білім алып, жаңа өмір бастауға күш табады. Дворяндық орта оны опасыз әйел деп қабылдайды. Қоғамда оған орын жоқ екенін түсінеді, бұл оны тығырыққа тірейді.
Еркіндікке ұмтылысы Өмірін өзі басқаруға талпынады. Еркіндікке ұмтылғанымен өз сезімінің тұтқынына айналады.
Махаббат пен тағдыр Өмірдегі қиындыққа қарамастан махаббатты таза күйінде қабылдайды. Махаббатты бәрінен жоғары қояды, бірақ сүйген адамы да оны бақытты ете алмайды.
Өзін табу жолы Өткенін артқа тастап, өз болашағын құруға тырысады. Білім алып, өзін дамытады. Өзіне жол таба алмайды, ішкі күйзелістен шыға алмай, ақырында өзін-өзі өлтіреді.
Тағдырдың шешімі Өткеннің ауырлығына қарамастан, жаңа өмір бастайды. Білімді әйел ретінде қалыптасып, өз орнын табады. Өзін қоғамнан шеттетілген адам ретінде сезінеді, тығырықтан шығатын жол таппай, пойыз астына түсіп өледі.

Ал, Гюстав Флобердің Эмма Бовариі – өзінің ішкі қанағаттанбаушылығы мен романтикалық армандарының құрбаны болған кейіпкер. Флобер бұл шығармасында әйелдің әлеуметтік жағдайының шектеулігін және оның жеке тұлғалық қақтығыстарын суреттейді. Эмма қоғамның қатаң моральдық нормалары мен өз армандары арасындағы күресте жеңіліс табады. Бұл роман социологиялық әдіс арқылы талданғанда, әйелдің отбасы мен қоғам арасындағы орнын іздеуі оның трагедиялық тағдырына әкелетінін көрсетеді.

Ол махаббат туралы романдарды оқып, өз өмірін солармен салыстыратын. Бірақ күйеуінің қарапайымдылығы, күнделікті өмірдің сұрғылттығы оны жалықтыратын. Ол басқа әлемді аңсады, бірақ ол әлем тек кітаптарда ғана бар еді. [6]

Салыстыру критерийлері Эмма Бовари Күлпаш
Өмірге көзқарасы Романтикалық қиялдарға берілген, шынайы өмірден гөрі қиялдағы әдемі әлемді аңсайды. Өмірін ертегідегідей бақытты, құмарлыққа толы қылғысы келеді. Өмірді шынайы қабылдайды, бірақ ауылдың тар шеңберінен шығуды аңсайды. Білім алып, өзіндік жолын табуға талпынады.
Еркіндікке ұмтылуы Қоғамның шектеулерінен қашқысы келеді, бірақ еркіндікке жету жолын дұрыс таңдамайды. Басқа еркектермен қарым-қатынас арқылы өзін бақытты сезінуге тырысады. Өзін еркін сезінгісі келеді, қала өмірін аңсайды, өз ойын ашық жеткізе алады.
Қоғаммен күресі Қоғамның моральдық нормаларын қабылдай алмайды, бірақ оларға қарсы тұруға күші жетпейді. Ол өзін қорғауға қабілетсіз Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел рөліне қарсы шығады, теңдікке ұмтылады. Өз ойын ашық айтып, әділетсіздікке қарсылық білдіреді.
Махаббат пен отбасына көзқарасы Неке мен сүйіспеншілікті идеализациялайды, бірақ күйеуімен қарым-қатынасынан бақыт таппайды. Құмарлықты нағыз махаббатпен шатастырады. Неке мен махаббатқа саналы түрде қарайды, өз сезімдеріне сенеді.

Ал XXI ғасырда жаһандану, феминистік қозғалыстар мен цифрландыру әйел бейнесін жаңа деңгейге шығарды. Қазіргі заманғы әдебиетте әйел кейіпкерлері дербестікке ие, қоғамның шектеулеріне қарсы тұруға дайын және өзін-өзі дамытуға ұмтылатын тұлғалар ретінде суреттеледі. Мысалы, Стиг Ларссонның – «The Girl with the Dragon Tattoo» шығармасы. Мұндағы Лисбет Саландер – XXI ғасыр әдебиетіндегі ең мықты әйел кейіпкерлерінің бірі. Ол хакер, әділет үшін күресетін тұлға және өзін қорғай алатын әйел ретінде бейнеленген. Социологиялық тұрғыдан алғанда, Лисбет – заманауи әйелдердің тәуелсіздікке, өзін-өзі қорғауға және әділеттілікке деген ұмтылысының символы. Лисбет Саландер – ақылдылығымен, күшті мінезімен ерекшеленетін, әділетсіздікке қарсы күресуші әйел.

 Ол өзінің осалдығын ешкімге көрсеткісі келмеді. Адамдарға сенбейтін. Бірақ оның санасы – ақпараттың үлкен қоймасы еді, ал әділетсіздікке төтеп беру – оның өмірлік ұстанымы болды. [7]

Салыстыру критерийлері Лисбет Саландер Қамар сұлу
Өмірлік жағдайы Балалық шағында зорлық-зомбылық көрген, қоғамнан шеттетілген, психологиялық жарақаты бар, бірақ өте ақылды және дарынды хакер. Қазақ қоғамының дәстүрлі нормаларына бағынышты, бірақ ақылды, білімді, еркіндікке ұмтылған қыз.
Психологиялық  ерекшеліктері Өте тұйық, өзіне сенімсіз, бірақ күшті мінезді. Өмірге сын көзбен қарайды, адамдарға сенбейді. Ашық, сезімтал, адал. Өз сезімі мен бостандығы үшін күресуге дайын
Қоғаммен қарым-қатынасы Қоғамнан алыстап, өз ережелерімен өмір сүреді және кек алады. Қоғамның әділетсіздігіне қарсы тұруға тырысады, бірақ ақырында дәстүрлі нормалар оны құрбан етеді.
Еркіндікке ұмтылысы Еркін, тәуелсіз, өзіне сенімді. Әділетсіздікті жоюға тырысады. Еркіндікке ұмтылады, сүйгеніне қосылғысы келеді, бірақ дәстүр оған қарсы тұрады.
Махаббат Сезімдерін білдіруге құлықсыз, адамдарға сенімсіздікпен қарайды. Нағыз махаббатты жоғары бағалайды, бірақ қоғам оның сезіміне қарсы шығады.

 Сонымен қатар,  Джиллиан Флинннің – «Жоғалған қыз» шығармасындағы Эми Данн – XXI ғасыр әйелінің манипуляция, күш пен интеллект арқылы өзінің мақсаттарына жетуге ұмтылатынын көрсететін образ. Бұл роман әйел мен еркек рөлдерінің жаңаша қарастырылуы тұрғысынан маңызды. Эми Данн – манипуляция мен интеллектуалды айла жасаудың символы.

 Мен адамдарды әрдайым бақылап келдім. Менің ойынымды олар білмейді. Бірақ мен бәрін сеземін, бәрін жоспарлаймын. Мен әлсіз емеспін. Мен өз тарихымды өзім жазамын. [8]

Салыстыру критерийлері Эми Данн Ұлпан
Өмірлік жағдайы Ақылды, айлакер, өз мақсатына жету үшін манипуляцияны қолданатын әйел. Ақылды, қайратты, ел басқарған ер азаматтарымен тең тұрып, дана шешімдер қабылдаған әйел.
Психологиялық ерекшеліктері Өте күрделі тұлға: эгоцентризм, манипуляция, қулық пен есеп бар. Өзін ерекше санайды, басқаларды өз ойынына қатыстырудан ләзәт алады. Ішкі рухы мықты, әділетті, ақылды. Қоғамдағы өзгерістерді жақсы түсініп, оларды өз мүддесіне бейімдей алады.
Қоғаммен қарым-қатынасы Қоғамнан алыстап, өз ережелерімен өмір сүреді. Өз мүддесін бәрінен жоғары қояды. Қоғамда беделді, өз орны бар. Ақылымен, мінезімен мойындалған
Еркіндікке ұмтылысы Еркіндікке ұмтылады, бірақ оны өзгенің өмірін бақылау арқылы жүзеге асырады. Еркіндікке ұмтылады, бірақ ол жеке басын ғана емес, барлық ел мүддесі үшін күреседі. Ел анасы атануға лайықты тұлға.
Махаббат пен қарыс-қатынасы Махаббатты да айлакерлікпен басқарады. Манипуляция арқылы қалаған адамына өз шарттарын орындата алады. Махаббатты шынайы ақылымен бағалайды.

Әдеби герменевтика әдісі арқылы талдағанда, Эми бейнесі әйелдің өзін-өзі танытуына кедергі келтіретін әлеуметтік құрылымдарды сынға алу құралы ретінде көрінеді.

Қазіргі таңдағы қоғамның бұл мәселеге қатысты көзқарасын анықтау мақсатында студенттер арасында арнайы сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, респонденттердің 80%-ы қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесін шетел әдебиетіндегі әйел бейнесіне қарағанда тәуелді, теңсіздікке ұшыраған, көбіне бақытсыз кейіпте көрінеді деп бағалаған. Ал 20%-ы екі әдебиеттегі әйел образдарының ұсынылуы жағынан айтарлықтай айырмашылық жоқ, олар бір-бірімен ұқсас деген пікір білдірді.

Бұл деректер қазіргі жас буынның әдебиеттегі әйел образын қабылдауында әлеуметтік-мәдени факторлардың ықпалы басым екенін байқатады.

Қорытынды

Қорыта келе, зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазақ және шетел әдебиетіндегі әйел бейнесі қоғамның әлеуметтік, мәдени және тарихи даму үдерістеріне сәйкес өзгеріп отырған. Әйел кейіпкерлерінің әдебиеттегі рөлі дәстүрлі отбасылық, әлеуметтік шектеулерге тәуелді бейнеден бастап, өзіндік еркіндікке ұмтылған, қоғамның маңызды өзгерістеріне ықпал ететін тұлғаға дейін күрделене түсті. Жалпы алғанда, қазақ және шетел әдебиетінде әйел образы тарихи және әлеуметтік факторлардың әсерімен өзгеріп отырған. Қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесі ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, қоғамдық өзгерістерге бейімделсе, шетел әдебиетінде әйелдер жеке тұлғалық еркіндік, гендерлік теңдік мәселелерімен тығыз байланысты дамыды. Бұл зерттеу қазақ және шетел әдебиетіндегі әйел бейнесінің тарихи эволюциясын талдап, олардың даму заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік берді. Әдебиеттегі әйел образы – қоғамдағы әлеуметтік өзгерістердің көрінісі, сондықтан бұл тақырып болашақта қоғамдық үрдістер мен мәдени трансформацияларды зерттеуде маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

Зерттеу нәтижесінде мынадай тұжырымдамалар жасалды:

  1. Әдебиеттегі әйел бейнесі стереотиптерден алыстап келеді. Егер бұрын әйел кейіпкерлер көбіне «құрбан» немесе «жарының қолдаушысы» ретінде суреттелсе, қазір олар өз өмірін өзі басқаратын, шешім қабылдай алатын тұлғалар ретінде көрінеді.
  2. Қазақ әдебиетінде дәстүрлі әйел бейнесі жаңаша сипат алуда. Ұлпан сияқты ел басқарған әйелдер аз болғанымен, қазіргі әдеби шығармаларда әйел кейіпкерлер қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге атсалысатын қайраткер ретінде суреттеледі.
  3. Шетел әдебиетінде әйел кейіпкерлері күрделі психологиялық тұлғаға айналды. Олар тек махаббат, отбасы мәселелерімен шектелмей, философиялық, саяси, әлеуметтік тақырыптарда ой қозғайтын кейіпкерлерге айналды.
  4. Заманауи әдебиетте «Әмбебап әйел бейнесі» қалыптасуда. Бұл бейне – дәстүр мен жаңашылдықты, нәзіктік пен қайсарлықты, отбасылық құндылық пен қоғамдық белсенділікті қатар алып жүретін кейіпкер.
  5. Активті сауалнама нәтижесінде, қазақ және шетел әдебиетіндегі әйел бейнесінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігі анықталды. Қазақ әдебиетінде әйел образы төзімді, тәуелді, ақылды бейнеде суреттелді, ал шетел әдебиетіндегі әйел образы еркін, өзіндік ойы бар әйел ретінде сипатталды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Торайғыров С. Қамар сұлу. – Астана: Елорда, 1999. – 208 б.
  2. Аймауытов Ж. Ақбілек. – Алматы: Атамұра, 2003. – 320 б.
  3. Мүсірепов Ғ. Ұлпан. – Алматы: Раритет, 2006. – 240 б.
  4. Сәдуақасұлы С. Күлпаш. – Алматы: Нұрлы Әлем, 2022. – 150 б.
  5. Толстой Л. Анна Каренина. – Москва: Эксмо, 1878. – 864 с.
  6. Флобер Г. Госпожа Бовари. – Москва: ФТМ, 2016. – 480 с.
  7. Larsson S. The Girl with the Dragon Tattoo. – New York: Alfred A. Knopf, 2005. – 590 p.
  8. Flynn G. Gone Girl. – New York: Crown Publishing Group, 2012. – 432 p.
  9. https://dergipark.org.tr/en/download/article-file/496096
  10. ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. No4-5 (150-151). 2014
  11. https://doi.org/10.26577/EJPh.2023.v190.i2.ph15

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх