Тәкен Әлімқұлов әңгімелеріндегі ұлттық болмыс

ӘӨЖ:  821.512.122

Кунгратбай Арайлым Мұсақызы
Илесбай Перизат Кусанқызы
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университеті

Филология факультеті

Жетекші: Бабашов  Азат Мақсұтбекұлы
Филология ғылымдарының кандидаты


Аңдатпа: Бұл ғылыми мақалада Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» және «Саржайлау» әңгімелеріндегі ұлттық болмыстың көркемдік бейнесі талданады. Жазушының шығармаларында қазақ халқының дүниетанымы, тұрмыс салты, табиғатқа, адамға және рухани құндылықтарға қатынасы көркем детальдар арқылы беріледі. «Қараой» әңгімесінде ақын тағдыры, қазақ даласының кеңдігі, көшпелі болмысқа тән сабыр мен ар-намыс концептілері ерекше көрінсе, «Саржайлау» әңгімесінде жаз маусымындағы жайлау тіршілігі, қымыз, қыдырма, салт-дәстүр, жылқы культі және табиғатты адаммен тұтастықта қабылдау жүйесі айқын байқалады. Мақалада екі шығармадағы нақты эпизодтар, көркемдік детальдар, метафоралар, этнографиялық элементтер ұлттық болмыстың құрамдас бөліктері ретінде қарастырылып, ғылыми әдебиеттер негізінде талданады. Туындыдағы ұлттық психология, уақыт пен кеңістік философиясы, табиғат пен адамның байланысы, салт-дәстүр көріністері ұлттық кодтың көркемдік модельдері ретінде қарастырылады.

Кілт сөздер: ұлттық болмыс, көркем деталь, этнография, Тәкен Әлімқұлов, Қараой, Саржайлау, поэтикалық әлем.

Тәкен Әлімқұлов – ұлттық прозада тарихи тұлғаны да, өнер адамын да терең психологиялық талдаумен бейнелеген жазушы. Тәкен шығармаларын зерттеу – әдеби құбылыс қана емес, мәдени құндылықтарды қайта тануға бағытталған ғылыми міндет. Мақаланың мақсаты – «Қараой» және «Саржайлау» әңгімелеріндегі ұлттық болмыстың көркем бейнесін анықтау, детальдық, этнографиялық және психологиялық элементтер арқылы қазақ дүниетанымын айқындау. Мақаланың міндеттері – шығармалардағы ұлттық мінез, дәстүр, кеңістік-уақыт ұғымдары, табиғат пен адам қатынасы, салттық-рәсімдік көріністерді талдау; ғылыми еңбектердегі ұлттық болмыс жөніндегі тұжырымдарды шығармамен байланыстыра дәлелдеу. Жаңалығы – Әлімқұловтың екі әңгімесіндегі ұлттық болмыстың детальдық жүйе арқылы салыстырмалы талдануы және ұлттық кодты көркемдік модель ретінде қарастыру. Қазақ әдебиетіндегі ұлттық поэтика жөнінде Қирабаев С. «Ұлттық мінез көркем әдебиетте адам образымен ашылады» деді [1,62]. Демек, жазушының әңгімелеріндегі кейіпкер психологиясы – ұлттық болмыстың негізгі кілті. Оның «Қараой» мен «Саржайлау» әңгімелері – ұлттық болмысты тек этнографиялық деталь арқылы емес, тарихи тағдыр мен рухани күйзеліс арқылы ашатын көркем туындылар. Сондықтан бұл екі шығарманы ұлттық болмыстың көрінуі тұрғысынан талдағанда, ең алдымен олардың нақты сюжеттік желісіне, кейіпкерлер тағдырына сүйену қажет. «Қараой» әңгімесінде Тәкен Махамбет Өтемісұлының қуғын-сүргінде, елден оқшау Қараойда жалғыз үй болып отырған соңғы күндерін бейнелейді; ал «Саржайлауда» – күйшi Тәттімбеттің Сарыжайлауға деген сағынышы, тартып алынған атамекенге, өткен жастық шағына деген іштей наласы суреттеледі. Екі әңгімеде де ұлттық болмыс – кең дала, жайлау, қоныс, сол кеңістіктегі еркін өмір мен әділет жолында күйзеліске түскен ерлердің ішкі монологы арқылы ашылады.

«Қараой» әңгімесінің басында Махамбеттің күзгі таңды тамашалап, Қараой табиғатына бұрынғыдан өзгеше күйде қарауы – оның ішкі мазасыздығы мен жалғыздығының көркем кілті. Автор шөлейт, шөбі сиреген, «үстінен құс ұшпайтын» ойпаң Қараойды Махамбеттің тағдырымен астастыра суреттейді: бір кезде бала кезінде тайпа елдің күздік жайлауы болған жер енді қуғынға түскен батырдың пана тапқан, бірақ толық қауіпсіз де емес, «жатырқап тұрған» мекеніне айналған. Махамбеттің көз алдына балалық шағындағы Қараой мен бүгінгі сүреңсіз күйі қатар түсуі – ұлттық болмыстың бір қыры ретінде жер мен адамның тағдырлас екенін аңғартады. Жазушы бұлақтардың тартылуын, үңгірлердің жабайы аңның ініне айналуын, қалың шөптің сиреуін суреттей отырып, халық басынан өткен тар жол, тайғақ кешуді де ишаралайды: елсізденген Қараой – жеңілген көтеріліс пен күйзелген халықтың символы.

Махамбеттің ой ағыны арқылы ұлттық мінез бен тарихи тәжірибесі мол ердің ішкі әлемі ашылады. Ол Исатайдың қазасын, хан-сұлтанмен соғысты, Баймағамбет сұлтанның басына мың сом тігуін, Хиуаға, орыс әскері жағында болған сапарларын есіне ала отырып, өз дәуірінің саяси жағдайын салмақтайды. Махамбеттің «Исатайсыз бастаған ереуілі, көтерілісі жеңіліс тауып, сергелдеңге түскелі бері бармаған жері, баспаған тауы жоқ» деп өз тағдырын ой елегінен өткізуі – ұлттық болмыстағы қайсарлықпен бірге өкініш пен жауапкершілік сезімін көрсетеді. Ол өткен жолына сын көзбен қарайды, «Баймағамбеттен ханның кегін толық қайта алмадым» деген іштей күйік бар; бұл – қазақ ерінің ел алдындағы парызын орындай алмай қалғандай күйзелісіне құрылған психологиялық коллизия. Мұнда ұлттық болмыс ерлікті романтикалау емес, тарихи жеңілістен кейінгі «өзін-өзі сұраққа алу» арқылы берілген.

Әңгімеде ұлттық болмыстың маңызды құрамдас бөлігі – отбасы, әйел, ұрпақ мәселесі. Махамбеттің зайыбы Әуес – найза ұстаған батырдың қасында үнсіз, бірақ берік тірек. Ол күйеуінің мазасыздануын, түс көруін, баласына деген алаңын – барлығын жүрегімен сезеді. Жазушы Әуес бейнесі арқылы қазақ әйелінің сабыры мен тұрмысқа төзімділігін көрсетеді: ол «қолы күйіп тұрған» саяси істің мәніне араласпайды, бірақ үй ішін, баласын, Махамбеттің көңілін ұстап отыруға тырысады. Ұлдарының соғыста қаза табуы, Нұрсұлтанның жалғыз қалуы – Махамбеттің іші удай ашитын тұс. Ол «Өтемістен туған ондай түгел атқа қонып жасақты қолға айнала алмады-ау» деп өкінгенде, бір әулеттің ғана емес, тұтас ұрпақтың үзілген жалғастығына налиды. Бұл жерде ұлттық болмыс «қазақтың ер азаматы – ел қорғаны, ұрпақ – рух жалғасы» деген түсінікпен сабақтас. Әдебиеттанушы Т.Жұртбай «далалық рух – адамның ішкі әлемінің кеңдігімен өлшенеді» дейді [2,74], ал бұл пікір «Қараойда» табиғат пен адам күйінің бір арнада тоғысуымен нақты дәлелденеді. «Бұл күнде бұлақ, бастаулары тартылған жайлау – жатырқау түз. Бала ойнайтын баяғы үңгірлер борсықтың ініне, ешкі жайылатын беткейлер қарақұйрықтың өрісіне айналған.» деген үзіндіде қазақ даласының өзгеруі, табиғаттың тозуы ұлттың басынан өткен қайғылы кезеңдерді бейнеленеді. Бұрын ел жайлаған жайлау қазір қаңырап бос қалғанын көрсетеді. Бұл – қазақ халқының хан-сұлтандарына сеніп, кейін патшалық үкімет отаршылдарының қысымында қалған күйінің символы десекте болады. Сондай-ақ, шығарманың соңында ботаның боздауы, енесінің аңырауы – отаршылдық саясаттың кесірінен қазақ жерінен айырылған елдің мұңы ретінде беріледі: «Үй маңынан бота боздады. Өрістен енесі аңырады.» Осы орайда Мақамбеттің елі үшін күрескен, соңына дейін барған ұлы тұлға деп қарастырсақ қате емес. Ол хан-сұлтандардың езгісіне қарсы шығып, халықты азаттыққа шақырған тарихи тұлға. Шығарманың басында-ақ оның жалғыздық күйі беріліп, бұл бүкіл ұлттың азаттық жолындағы ауыр жағдайымен үндесетінін көрсек болады. Шығармада ұлттық салт-дәстүр, наным-сенім, ырым, қонақжайлылық секілді ұлттық болмысты көрсететін мысалдар нақты әрі анық көрсетілген. Мысалы: «Жас бала шырылдап, үй айнала берді» – біздің қазақта үй айналу – жамандықтың белгісі деп саналады. Бұл көрініс трагедияның, жаманшылықтың жақындап келе жатқанын сездіреді. Яғни автор осы деталь арқылы жақындап келе жатқан қасіретті меңзеді десекте болады.

Шығармадағы шешуші эпизод – Ықылас пен Жаңабергеннің келуі, Махамбеттің сенім мен күдік ортасында қалуы. Ықылас бұрын сенімді серік болғанымен, хан-сұлтан тарапынан күндеуі мүмкін. Жаңаберген би бір жағынан ел атынан «бітімге шақырғандай» сөйлесе, екінші жағынан Махамбетті билікке мойынсұнуға итермелейді. Махамбеттің қара қанжарын керегеге ілуі – сырттай қарағанда мәмілеге келу белгісі болғанымен, іштей мойынсынбаған, еріксіз жасалған қадам. Кейін осы үйге келген «дос» қонақтардың қолынан қаза табуы – дәстүрлі «қонаққа сенетін» қазақы болмыстың трагедиялық қыры. Ұлттық болмыс мұнда тек ерлік пен мәрттік емес, опасыздық пен сатқындыққа ұшыраған сенім арқылы ашылады: Махамбет үшін қонақжайлық, дастарқан, ауыл-аймақ – бұрын қауіпсіз орта болса, енді сол ортадан ажал келеді деп қарастырсақ болады. Тәкен Әлімқұловтың келесі бір әңгімесі «Саржайлау» әңгімесі. Бұл әңгіме  ұлттық болмысты мүлде басқа қырынан зерделейді. Мұнда басты кейіпкер – әйгілі күйші Тәттімбет. Шығарманың басында оның Қарашоқы-Қособаға жаяу шығып, астындағы ауылына, алыстағы Жосалы мен Сарыжайлау жаққа көз тастауы – жәй серуен емес, өткен өмірге, жастыққа жасалған рухани сапар. Жазушы Тәттімбетті «баяғы тартымды, шымыр жігіттен» қартайып, дімкәс болып қалған күйінде көрсетіп, оның бойындағы дерті мен жан дүниесіндегі «Сарыжайлауға деген сағынышты» қатар суреттейді. «Мөшеке бұлақ басындағы тозған тамдар», балалар ғана ойнап жүрген қыстау көрінісі – бұрынғы сән-салтанаты мол Сарыжайлаумен қарама-қарсы қойылған. Осылайша ұлттық болмыс – бір кезеңнің күйреуі, қоныстан айырылған елдің көңіл күйі арқылы ашылады.  Ғалым Ә.Қоңыратбаев «жайлау – қазақ өмірінің ең қуанышты кезеңі» дейді [3,88]. Яғни Тәттімбеттің жадындада Сарыжайлау – жастықтың, еркіндіктің, қазақтың жайлаудағы ең бақуатты, шат-шадыман өмірінің символы. Ол бетегесі мен селеуі белден келетін, мыңғырған жылқыны күзге дейін семіртіп ұстайтын құйқалы жер. Жазушы жайлауды «Сарықыздың сыңғырлаған күлкісі, бозбалалардың қымызға мас болып, жарысып ойнауы, қыз-келіншектің әдемі киімдері» арқылы сипаттайды. Тәттімбет Сарықызға ғашық болған, бірақ төре әулетінің «қараға қыз бермейтін» ескі салтына байланысты оған қосыла алмай, кейін қыздың ерте өліміне күйініп, зарлы күй шығарған. Мұнда ұлттық болмыс махаббат пен әлеуметтік шектеулердің тоғысында ашылады: феодалдық касталық жүйе – қарадан шыққан талантты күйші мен төре қызының арасын бөліп тұрған кедергі. Бұл трагедиялық жағдай Тәттімбеттің жүрегіне жазылмас із қалдырады, ал Сарыжайлау осы бақытты да, қасіретті де сәттердің кеңістігіне айналады.

Әңгіменің тарихи-әлеуметтік желісі – Сарыжайлаудың тартып алынуы. Дуанбасы Құсбек орыс әкімшілігінің күші мен заңын пайдаланып, елдің шұрайлы жайлауын әскери бекет, мұжық қонысы деген сылтаумен төрелерге қарай икемдейді. Шаншарлар мен басқа ру адамдары шөлейт жаққа ығысады, ал Тәттімбет «кедейленіп, қара табанға» айналады. Жазушы бұл өзгерісті тек факт ретінде ғана емес, ұлттық болмыстың босаңсуы ретінде көрсетеді: бұрын еркін көшіп-қонып жүрген жұрт енді тар жерге қамалып, қыстаудағы тамдарға ерте кіреді, жайлаудың орны бос, «желдің ғана ермегі қалған». Осы көріністер арқылы Тәкен қазақтың жермен біте қайнасқан тіршілігінің қалай үзіліп отырғанын бейнелейді. Жерден айырылу – ұлттық рухтың да жаралануы.

Сарыжайлау Тәттімбет санасында тек табиғи кеңістік емес, тұтас өмірдің метафорасы. Ол «Сарыжайлауға қайтып бара алмайтынын» түсінген сайын, өзінің де өмірінің күзге айналғанын сезінеді. Қарашоқы басында тұрып, төмендегі қыстауға, алыстағы жайлауға көз салып: «Қазақтың жаннаты жайлау екен, бұрын неге байқа- май жүрдім?» деп таңғалады. Бұл – кеше ғана «өздігінен» бар сияқты көрінген ұлттық игіліктің бір күнде қолдан сусып шығып кеткенін кейін түсіну, тарихи рефлексия. Тәттімбет Сарыжайлауды кейінгі ұрпаққа жеткізудің жалғыз жолы – күй екенін сезінеді де, соған «Сарыжайлау» деген жаңа күй арнауға бел буады. Мұнда ұлттық болмыс өнер арқылы қорғалатын рухани кеңістікке айналады: жерді тартып алуға болады, бірақ сол жердің сарынын, иісін, үнін күй арқылы сақтап қалуға болады деген идея алға шығады.

Соңғы бөлімде Тәттімбет үйіне келіп, шам жарығында домбыра шерткен сәт ерекше маңызды. Ол бұрынғы «Қосбасар», «Көкейкесті» сияқты күйлерін шалып көріп, жаңа күйдің бұлардан өзгеше, «сағыныш пен мұңды қатар арқалаған» әуен болуын қалайды. Сарыжайлауды еске түсірген сайын, көз алдына жайлаудың жазығы, қымыз ішіп жүрген жұрт, Сарықыздың келбеті, бұлақтың сылдыры, желдің лебі қатар келеді; бірақ қазір ол бейнелер «қайта оралмас» өткен шақ ретінде сезіледі. Тәттімбет өзі де Сарыжайлаумен бірге «елден айырылған», енді тек домбыра шанағында ғана сол кеңістіктің сәулесін сақтай алады. Яғни, күй шығару – ұлттық болмысты, халықтың жадын сақтап қалудың ішкі қарсылығы ретінде көрінеді.

Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» және «Саржайлау» әңгімелеріндегі көркемдік жүйе ұлттық болмысты тек идеялық мазмұн арқылы емес, ең алдымен тілдік өрнек, деталь, метафора, символ, эпитет, дыбыстық өрнек сияқты көркемдік құралдар арқылы танытады. Жазушының стиліндегі ең ерекше құбылыстардың бірі – табиғатты адам психологиясына параллель беретін метафоралық ойлау жүйесі. «Қараой» әңгімесінде табиғат кейіпкердің көңіл күйіне ілесіп, оның ішкі әлемін айна секілді бейнелейді. Шығармада кездесетін «Қараойдың қарасы қоюланып барады» деген сөйлемдік құрылым – қара түстің қоюлануы арқылы кеңістіктің ауырлағанын ғана емес, өмірдің соңына жақындаған кейіпкердің жан дүниесіндегі қара мұңның қоюлана түсуін білдіретін метафоралық бейне. Мұндағы «қара» тек түс атауы емес, символдық мәнге ие. Қазақ дүниетанымында қара түс қайғы, қуат, жер, тереңдік, негіз ұғымдарымен байланысты, сондықтан мұндағы қара түстің өсу динамикасы оқиғаның психологиялық қалыңдауын меңзейді.

Шығармада жиі кездесетін табиғи дыбыстар да ­— желдің ызыңы, қыраттың тынысы, дыбыстың бәсеңдеуі — адам рухының қозғалысын білдіретін көркемдік амалға айналады. Мысалы, мәтіндегі «әлсіз самалдың алыстан талығып жетуі» деген жол табиғаттың ғана емес, кейіпкердің де қажыған, әлсіреген күйін көрсететін поэтикалық деталь. Желдің «талығып жетуі» — жанның талып жетуімен үндес метафоралық теңеу. Бұл тәсіл жазушының ішкі психологиялық процесті сыртқы табиғат кескіндерімен біріктіре сипаттайтын стилін нақты анықтайды. «Қараой» әңгімесінде символдық детальдер ерекше маңызды. Мәселен, шығарманың басынан аяғына дейін қайталанып отыратын кеңістік — адырлар, мұнар, қия қыраттар — бәрі де қазақ тарихи жадының символикасына толы. Мұнарланған кеңістік — уақыттың белгісіздігін, тағдырдың тұманданғанын көрсететін көркемдік түйін, ал ұзақ созылған қыраттар — қазақ даласының, сонымен бірге қазақ рухының үзілмейтіндігін меңзейді. Бұл символика кейіпкердің ішкі әлемін ұлттық болмыспен тұтастыра көрсетеді.

Әңгімедегі тағы бір көркемдік тәсіл — антропоморфизм, яғни табиғатты адам бейнесінде беру. Мысалы, «Қараойдың желі қоюланып барады» деген сөйлем табиғатты адамға тән әрекетпен сипаттайды. Бұл — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы «табиғат тірі» деген фәлсафалық танымның әдеби көркем көрінісі. Дала қазақ үшін сыртқы орта емес, жаны бар кеңістік. Сондықтан табиғат қозғалысы кейіпкердің эмоциялық халін толықтыратын көркемдік қызмет атқарады. Ал «Саржайлау» әңгімесінде көркемдік құралдар мүлдем өзгеше эмоционалдық фонға құрылып, өмірдің жарқын сәттерін бейнелеуге бағытталады. Мұнда жазушы жайлауды «кең тыныс», «мөлдір самал», «құмайт иіс» сияқты эпитеттермен суреттей отырып, қазақтың жазғы тұрмысының эстетикалық табиғатын ашады. Жайлаудың «кеудеңді кеңейтетін самалы» деген тіркес — метафора ғана емес, ұлттық санадағы жайлаудың өмірді кеңейтетін, рухани тынысты арттыратын кеңістік ретіндегі танымын танытады. Бұл суреттеме тек табиғи мекеннің көркем сипаттамасы емес, қазақтың табиғатқа эмоционалды-рухани байланысының көркемдік мағынасы.

Жазушының «Саржайлауда» жиі қолданатын тәсілі — дыбыстық бейнелеу. Малдың маңырауы, желдің сыбыры, жылқы дүбірі — бәрі де этнографиялық нақышты күшейтетін акустикалық детальдар. «Жылқының дүбірі Саржайлаудың тынысын толтырғандай» деген сөйлем — жылқыны адамның рухымен теңестіретін символдық метафора. Қазақ үшін жылқы — еркіндік, серілік пен рухтың тірегі, сондықтан жылқы дүбірінің кеңістік тынысын «толтыруы» ұлттық рухтың кеңістікті толық игеруін білдіреді. «Саржайлаудағы» ұлттық болмыс көркемдік деталь арқылы айшықталады: күбі, піспек, боз үй, кереге, уық, шаңырақ — бұлар жай зат атауы емес, қазақтың тұрмыс әлемінің көркемдік кілті. Жазушы күбіні «сар басқан», қымызды «қатты пісілген» деп беру арқылы ұлттық сусын мәдениетінің иісін, дәмін, тіршілігін сөз арқылы сездіреді. Бұл — Әлімқұлов стилінің маңызды белгілерінің бірі: ол заттарды тек көрсетпейді, олардың артындағы рухани әлемді сезіндіреді. Әңгімеде көрінетін балалар бейнесі, олардың «далада еркін жүгіріп ойнауы» — ұлттық болмыстағы еркіндік ұғымының көркемдік моделі. Қазақ мәдениетінде бала — еркін, табиғатпен біте қайнасқан, кеңдікті игеруге бейім тәрбиеленеді. Жазушы осыны қарапайым көрініс арқылы асқан талғаммен жеткізеді.

«Саржайлаудағы» музыка көрінісі — жазушының ең терең көркемдік табыстарының бірі. Домбыра үніне қатысты: «Күй сарыны жайлаудың өзі сияқты тынысы кең, жарық еді» деген сөйлем — музыка мен кеңістіктің үйлесімін білдіретін метафоралық образ. Күйдің «тыныс алу» қасиеті — оның тірі организмге теңестірілгенін көрсетеді. Бұл қазақтың күйді жанның тілі, рухтың үні деп қабылдайтын түсінігімен толық үйлеседі. Екі әңгімеде де көрінетін көркемдік ерекшеліктің тағы бірі — контраст тәсілі. «Қараойдағы» қоюланған қара түс, ауыр тыныштық, мұңды кеңістік «Саржайлаудағы» жарық күн, таза ауа, қымыздың иісі, жылқы дүбірі сияқты позитив детальдармен қарама-қарсы қойылады. Осы контраст арқылы жазушы қазақ болмысының екі арнасын — трагедиялық және лирикалық, ауыр және жарқын, мұңлы және үмітті табиғатын көрсетеді. Бұл тәсіл жазушының ұлттық болмысты біржақты емес, көпқырлы құбылыс ретінде түсіндіретінін дәлелдейді. Әлімқұлов тіліндегі синтаксистік құрылымдар да ерекше назар аударарлық. Оның сөйлемдері көбіне тыныш, баяу ырғаққа құрылған, бұл қазақтың кең тынысты, сабырлы сөйлеу мәдениетін модельдейді. «Қараойда» сөйлемдер ұзақ, тынысы кең, ішкі психологиялық толғанысты жеткізуге лайықталып құрылады. Ал «Саржайлауда» керісінше, сөйлемдер жеңіл, ширақ, табиғаттың әуенімен үндес. Жазушының деталь таңдауы да ерекше. Мысалы, «Саржайлауда» қымыздың «сар басуы» — уақыт, еңбек, тәжірибе, дәстүр символы. Қазақ түсінігінде сар басқан қымыз — шыңдалған, дайын болған сусын. Сондықтан бұл деталь ұлттық болмыстың мәдени-кодтық деңгейін ашады. «Қараойда» ауыр кеңістік, қою түстер, сәл бұлыңғыр суреттер — трагедиялық поэтиканы күшейтетін көркемдік амалдар.

Осылайша «Қараой» мен «Саржайлау» ұлттық болмысты екі түрлі тарихи жағдаятта ашады. «Қараойда» ұлт азаттығы жолында күрескен Махамбеттің жалғыздықта, қуғын-сүргінде сүрген соңғы күндері, сенім мен сатқындық, ерлік пен трагедия тоғысқан сәті суреттеледі. Мұнда ұлттық болмыс – күрескер мінез, еркіндікке құштарлық, батырдың ел алдындағы жауапкершілігі, отбасына деген мейірімі, алыс дала мен қу медиен Қараойдың символдық бейнесі арқылы көрінеді. Махамбеттің ішкі монологы – қазақтың XIX ғасырдағы тарихи драма-сының көркем шежіресі. Ал «Саржайлауда» ұлттық болмыс еркін көшіп-қонған дәуірдің біртіндеп шектелуі, атамекеннен айырылған жұрттың көңіл күйі, өнер адамының (күйшінің) өз тағдыры арқылы көрсетіледі. Мұнда арқауы – Сарыжайлау, Сарықыз, Құсбек дуанбасының зорлығы, Тәттімбеттің күй арқылы қарсылық білдіруі. Ұлттық болмыс – жерге, жайлауға, табиғатқа, махаббатқа, күйге байланған тұтас дүниетаным. Тәкен Әлімқұлов екі әңгімеде де қазақтың рухани-тарихи тәжірибесін жеке адамның жан драмасымен шебер астастырады: Махамбеттің «Қараойдағы» ой толғанысы мен Тәттімбеттің Сарыжайлауды күйге айналдыруы – ұлттың өткенін ұмытпай, рухын сақтаудың көркем модельдері.

Қорыта айтқанда, Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» мен «Саржайлау» әңгімелеріндегі ұлттық болмыс көрінісі – тек дәстүрді тізіп шығу емес, тарихи әділетсіздікке ұшыраған, қуғын-сүргін мен жерден айырылу қасіретін басынан өткерген қазақ қоғамының ішкі күйін көркем жеткізу. «Қараой» – еркіндік үшін күресте жеңілген батырдың рухы сөнбегенін дәлелдейтін, кең даламен сырласқан ұлттық мінездің әңгімесі; «Саржайлау» – тартып алынған жайлау мен өткен жастықтың ащы сағынышын күй тілімен сөйлететін, өнер арқылы ұлт жадын сақтаудың әңгімесі. Екі шығарма да қазақтың тарихи жадын, жерге, еркіндікке, өнерге деген қатынасын терең танытып, ұлттық болмысты философиялық деңгейде пайымдауға мүмкіндік береді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Қирабаев С. Қазақ әдебиеті. – Алматы: Білім, 2011. – 320 б.
  2. ​Жұртбай Т. Абай жолы – қазақ рухының жолы. – Алматы: Раритет, 2015. – 288 б.
  3. ​Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. – Алматы: Ғылым, 1991. – 350 б.
  4. ​Әлімқұлов Т. Қараой. // adebiportal.kz – https://adebiportal.kz/kz
  5. ​Әлімқұлов Т. Саржайлау. // kitaphana.kz – https://kitaphana.kz

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх