Эссе «Кәсіптік тілдің кепілі – үштілділік»
Бозова Сакып Узибековна
Үш тілде оқыту – заман талабы. Негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік анықтауға қабілетті мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Бірнеше тілді меңгеру арқылы жас ұрпақ білім кеңістігінде еркін самғап, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік алады. Мектептердің үш тілде оқытуды қолға алудағы негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті, мәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
«Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті.
Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: «Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі» деген салиқалы үндеуінде айтқандай, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор.
Елбасының үштұғырлы саясаты аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. Алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан да «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл — заман талабы», – деген елбасының қағидасына сүйене отырып, қазіргі таңда балабақшадан бастап мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда. Осы орайда ауыр жүк артылып отырған мұғалімдер мен тәрбиеші-ұстаздардың бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеудегі еңбегі зор.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2050» стратегиясында мұғалімдерге сенім арта отырып, жастарымыздан үміттенеді. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – делінгендей, жастарды сауатты баулысақ болашағымыздың жарқын болатыны белгілі.
Мектепте қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бірлікте алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Алайда дәстүрлі оқытуда тек аударма жасатумен ғана шектеліп отырсақ, қазіргі оқыту технологиясында түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, оқушы – субьектінің ізденісіне, яғни, жеке тұлғаның әрекетін дамытуды мақсат етудеміз.
Қоғамға біздің тіл саясатымыздың мәнін тереңірек түсіндіру керек.
Қазақ тілі – мемлекеттік тіл.
Орыс тілі – ұлтаралық қарым — қатынас тілі.
Ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.
Мемлекеттік тілді – дамытамыз.
Орыс тілін – қолдаймыз.
Ағылшын тілін – үйренеміз.
Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай. Тарихи деректерге жүгінсек, осыдан 12 ғасырдың алдында жасаған энциклопедик ғалым, әлемде Аристотелден кейін екінші аға ұстаз аталған ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70 ке жуық ұлттың тілін жеттік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалтырып кеткендігі анық.
Көптілді меңгерген адам әуелі өз тілінде ой қортып, туған халқына өнеге болып, өзге жүртпен бәсекеде ырықты орынды иелеп, сан мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалайда мағыналы өткізетін айтулы тұлға болып жетілері қақ.
«Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында дайындалған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы – білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адам капиталын дамыту үшін білім мазмұнын түбегейлі жаңғырта отырып, білім саласында кезек күттірмей тұрған мәселелерді шешуге бағытталған.
Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының әлеуметтік – экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі факторларының бірі – мектепте көптілді білім беруді жолға қою болып табылады.
Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мен шетел тілдерінің бірін білу тұлғаның ой – өрісін кеңейтеді, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашады, ұлтаралық қатынас мәдениетін, толлеранттілігін және планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жылдағы дәстүрлі Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдету тиістігіне ерекше мән береді. Сонымен қатар бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады. Сондықтан қазақ тілін тереңдетіп оқыту, сонымен қатар көптілділікті меңгеруді жолға қою – бүгінгі таңдағы орта білім жүйесінде педагогикалық үрдістің негізгі бағыттарының бірі.
Көптілді білім беру ісінде атқарылып жатқан жұмыстардан шығатын қорытынды менің ойымша мынадай:
– көптілді білім беру- бұл мектепте оқу пәндерін екі немесе одан да көптілде аудармасыз оқыту;
– әрбір мектеп бітірген Қазақстан Республикасының азаматы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік біліп шығады;
– көптілді меңгерген оқушылар өзгермелі кезеңде еркін әрекеттер жасауға бейім болады;
– көптілді меңгеру еңбек нарығында да жоғары бағаланады;
– алыс және жақын шетелдерде тілдік көмекті керек етпейді.
Қазіргі балалар өте ақылды, алғыр. Олардың бұған шамасы жетеді. Білімдік база нақ балалық жаста қалыптасады. Ата – аналар өз балаларының қабілетіне, болашағына сенсе, олардың өмірде табысты болуын қаласа, үштілділік тұғырына түсіністікпен қарауы керек. Сенің балаң Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, барлық әлемде бәсекеге қабілетті боларын білсең, жақсы жұмысқа орналасып, бақ қуатты өмір кешетініне кәміл сенсең, одан артық не керек.
Демек, «Тілі бірдің – тілегі бір», «Тіл тағдыры – ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі – тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету қазақстандықтардың ортақ парызы. Ендеше жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығулары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббаттарын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу мақсатына өз үлесімнің бар екендігін мақтан тұтамын!