Жоба әдісі оқушылардың өздік жұмысын ұйымдастыру тәсілдерінің бірі ретінде

Темиргалиева Сания Тулеуовна

 XXI ғасырда әлемдік білім беру жүйесінің дамуындағы негізгі басымдықтарының бірі – мектеп білімін жаңарту. Ол оқушылардың неғұрлым өз бетінше білім алып, оны іс жүзінде  қолдана білу қажеттілігін тәрбиелеуге бағытталған.

Оқушылардың зерттеу  жұмысын ұйымдастыру және жоба жұмысын жасауға мақсатты әрі жүйелі түрде бағыттау керек екені – бүгінгі күн талабы. Сондықтан да жобалау технологиясының тиімділігі күннен күнге артуда.

Бұл технология әлемдік педагогикада жаңалық емес. Ағылшын тілінен аударғанда «cooperative learning» – бірге үйрену деген мағынаны білдіреді.[1]

Түсіндірме  сөздікте оған төмендегідей анықтама беріледі: Жобалау технологиясы – оқушылардың жоспарлау және күрделене беретін тапсырмаларды орындау арқылы меңгеретін білімі.

Жобалау технологиясын қолданудағы негізгі мақсат – оқушылардың қызығушылық ынтасын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы оқушыны болашақта әр түрлі жағдаяттарда, әр түрлі қоғамдық ортада өзін-өзі көрсете білуге бейімдеу.

Егер оқушы жобасы тақырыбын дұрыс таңдай отырып, жоспарлай білсе, оны дұрыс орындай алса- ол болашаққа дұрыс бейімделген тұлға болып қалыптасады. Әр түрлі жағдаяттарда дұрыс шешім қабылдай отырып, әр түрлі адамдармен тіл табыса отырып, әр ортада дұрыс бағыт – бағдар бере алады.

Сонымен, жобаның тиімділігі – көзбен көріп, құлақпен естіп,есте сақтай отырып, оқушыны ізденіске, іскерлік пен танымдық ынтаға, шығармашылық қабілетті жетілдіру арқылы түрлі мәселелерді шеше білуге, тапқырлыққа, жаңа ғылыми ізденіске  жетелеуде.

Жобалаудың жалпы құрылымы :

1) алдымен жобаның тақырыбын, типін таңдау;

2) зерттеудің маңыздылығы;

3) міндеттерді топтарға бөлу, зерттеу әдістерін талқылау, ақпарат іздеу,     шығармашылық шешімдер қабылдау;

4) зерттеулердің, шығармашылдық міндеттері бойынша өздік жұмысы, бақылау;

5) алған ақпараттары бойынша талқыға салу;

6) қорғау.

 

Жобалау әдісіне қойылатын талаптар:

-зерттеудегі шығармашылық жоспардың проблемалары мен міндеттерін кіріктірілген білімді, оны шешу үшін ізденушілігін талап ету;

-практикалық , теориялық , танымдық нәтижелердің көрсеткіштері;

-оқушылардың өздігінен іс-әрекет етуі;

-жобалаудың мазмұнының құрылымы.

 

Жобалау әдісінің алгоритмі:

1.Проблема

2.Жобалау

3.Ақпарат көздерін іздестіру

4.Нәтижені қорытындылау

5.Презентация.

 

Жобалай оқыту технологиясы арқылы орындалатын жұмыстарды өз деңгейінде дұрыс ұйымдастыру үшін олардың типтерін білу – басты талап. Жоба түрлері: 1) әрекет түріне қарай: зерттеушілік, шығармашылық, рөлдік, қолданбалы, моножоба, пәнаралық; 2) пәндік-мазмұндық сипатына қарай: моножоба және пәнаралық; 3) қарым-қатынас тәсіліне қарай: тікелей қарым-қатынас; коммуникациялық технология; 4) үйлестіру сипатына қарай: тікелей, жанама; 5) байланыс сипатына қарай: аймақтық, оқу орнында орындалатын және халықаралық;  6) қатысатындардың санына қарай: жекелік, жұптық, топтық; 7) орындалу уақытына қарай: қысқа мерзімдік, орта мерзімдік, ұзақ мерзімдік деп іштей топтастырылады. Бұл жобалар мазмұндық сипаты жағынан іштей екі үлкен топқа: ғылыми-ізденіс және қолданбалы-практикалық болып біріктіріледі.[2]

Жобада оқытушы сарапшы, үйлестіруші немесе қосымша мәліметтерді беруші рөлін атқарады. Өз күшімен жоба-тапсырманы орындауда тіл үйренушілер өз жұмыстарын жоспарлау, оның нәтижесін болжау, бірігіп жұмыс істеу сияқты өз бетінше жұмыс істеу тәсілдерін меңгереді.

Өздік жұмыстарды ұйымдастыруда оқытушы  оқу үдерісін сабақ  беру логикасына бағындырмайды,  керісінше, оқушының білімді өздігінен игеру логикасына бағыттайды. Тәжірибеде жобалай оқыту технологиясы арқылы ұйымдастырылатын өздік жұмыстарында оқытушы мынадай педагогикалық шарттарды ұстанса, табысты нәтижеге қол жеткізілетіні анықталды:

  • оқушыларға қызықты және өзекті тақырыпты таңдау мүмкіндігін беру;
  • оқушыларға жобаны іске асыруға қажетті әдістерді өз еркімен пайдалануын жүзеге асыру;
  • топтық жұмыста рөлдерді өздеріне таңдату;
  • оқушылардың зерттеу қызметінде олардың ізденісін қолдау, демеу жасау;
  • сағаттар кестесін қатаң сақтай отырып кеңес беру;
  • кезеңаралық жұмыстарды қорытындылауды ұйымдастыру;
  • оқушылардың жасаған жоба жұмыстарын өзара, өзін-өзі бағалау жүйесін енгізу;
  • жобаның тұсаукесерін салтанатты түрде ұйымдастыру.[3]

Жоба әдісін қолдануда оқушылар өз бетімен қажетті хабарды  жинауға дағдыланып, өздік шығармашылық қабілеттерін арттырады. Жоба әдісінің басты мақсаты – тәжірибе жүзінде орындауға бағытталған белгілі бір міндеттерді немесе әр сала бойынша білімдерін толықтыруды талап ететін маңызды тапсырмаларды орындау барысында оқушының өздігінен білім алуына жағдай жасау.

Жобалау әдісі арқылы ұсынылатын тапсырмаларды орындау барысында оқушылар шығармашылықпен ойлауға, өз әрекетін өз бетінше жоспарлауға, жоба бойынша алдына қойған міндеттерді шешуге алдын ала болжам жасай білуге, басқаша айтқанда, жұмыс істеу мәдениетіне үйренеді.[4]

Қазіргі таңда оқытудың елуден астам технологиясы бар екенін ғалымдарымыз айтып, осылардың кейбіреуі біздің білім беру жүйемізге еніп, тәжірибемізден орын алуда. Қазіргі ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен мақсат-өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу. Өмірдегі сан алуан қиындықтарды шеше білу тек шығармашыл адамның қолынан келеді.[5]

Қандай технологияны пайдаланған кезде де оқушының белсенділігі, мақсатқа ұмтылуы, ақпаратты өзі іздеп табуы, шапшағаңдығы мен еркіндігі, шығармашылдығы, көңіл-күйінің көтеріңкі болуы қамтамасыз етіледі.
Оқушылардың шығармашылығын, танымдық белсенділігін арттыруда шығармашылық сабақтарды өткізудің, оқушының өз бетімен ізденіп, шығармашылық ой-өрісін арттыруда алатын маңызы ерекше.

Қорытындылай келе, білім беруді аталған жобалай оқыту технология негізінде ұйымдастыру – оқушының өзінің дербес мүмкіндіктерін ескере отырып, белсенді іс-әрекет жасауына , оқушының тұлға ретінде үнемі дамуына, өзін-өзі тәрбиелеп дамытуына, жеке ерекшеліктерін ескеруге жағдай туғыза алуымен маңызды екенін ерекше атап өтпекпін.

 

 

Қолданылған әдебиеттер

 

  1. Пидкасистый П.И., Коротяев Б.И. Организация деятельности ученика на уроке. Москва «Знание», 1985
  2. Гершунский Б.С. Теоретика – методологические основы компьютеризации в сфере образования: прогностический аспект. Москва 1995
  3. Бөрібаев Б, Балапанов Е. Жаңа ақпараттық технологиялар. – Алматы, 2001.
  4. 4.  Информационные технологии. – Москва, 2005.
  5. Педагогтың кәсіби құзіреттілігі – білім сапасын көтерудің фактілері бұл баяндамалар жинағы – 28.03.2014
 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *